Сәрсенбі, 11 Қараша 2026
120 0 пікір 11 Қараша, 2026 сағат 16:27

Алматыда киіз басудың венгр дәстүрі таныстырылды

Алматыда венгр халықтық киіз басу өнерінің шебері Карой Мартон-Сёньегидің шеберлік дәрісі өтті. Іс-шараны Венгрияның Алматыдағы Бас консулдығы Qazaq-Oner ұлттық қауымдастығымен бірлесіп, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Карой Мартон-Сёньеги – Junior Prima сыйлығының лауреаты және «Халық өнерінің жас шебері» құрметті атағының иегері. Ол шығармашылығында венгр халқының дәстүрлі қолөнер әдістерін қолдана отырып, тарихи мұраны заманауи көркемдік шешімдермен ұштастырады.

Шебердің сабағы барысында қатысушылар венгр халқының киіз басу өнерінің ерекшеліктерімен, табиғи жүнді өңдеудің дәстүрлі тәсілдерімен және оларды заманауи өнерде қолдану жолдарымен танысты. Сонымен қатар Қазақстан мен Венгрия арасындағы мәдени байланысқа ерекше назар аударылды. Өйткені екі елде де киіз басу өнері тарихи және көркемдік мұраның ажырамас бөлігі саналады.

Мұндай бастамалар халықаралық мәдениет алмасу мүмкіндіктерін кеңейтіп, кәсіби тәжірибе алмасуға жол ашады. Сондай-ақ дәстүрлі қолөнер түрлерін сақтауға және олардың жаңа бағытта дамуына ықпал етеді.

Алматының Туризм басқармасы креативті индустрияны дамытуға, мәдени мұраны дәріптеуге және халықаралық байланысты нығайтуға бағытталған жобаларды қолдайды. Осындай іс-шаралардың өткізілуі Алматының халықаралық мәдени диалог алаңы ретіндегі беделін арттыруға да септігін тигізеді.

Abai.kz

0 пікір