Тұрғын үй кешені жайлы фейктер Борейконы 43 миллион теңге шығынға батырды
Алматы қаласының Бостандық аудандық соты «Т» ЖШС-нің Б.-ға қатысты іскерлік беделін қорғау және шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты тарату салдарынан келтірілген залалды өндіру туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі қарады.
Сотқа жүгінуге Б.-ның YouTube желісіндегі «Г» арнасында және Instagram әлеуметтік желісіндегі «V» парақшасында жариялаған жазбалары мен бейнематериалдары негіз болған. Аталған материалдарда жауапкер белгісіз тұлғалардың кең ауқымына тұрғын үй кешенінің құрылысы заңсыз жүргізіліп жатқаны және құрылыс салушыда қажетті рұқсат құжаттарының жоқтығы туралы мәліметтер таратқан.
Сот тараптар ұсынған дәлелдемелер мен сот сараптамаларының қорытындыларын зерттей келе, Б. таратқан мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды.
Сот-экономикалық сараптаманың қорытындысына сәйкес, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді тарату нәтижесінде «Т» ЖШС-не келтірілген залалдың мөлшері 43 млн теңгеден астам соманы құрады.
Сот талап қоюды ішінара қанағаттандырды:
Б.-ның YouTube желісіндегі «Г» арнасында және Instagram әлеуметтік желісіндегі «V» парақшасында таратқан мәліметтері шындыққа сәйкес келмейді және «Т» ЖШС-нің іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деп танылды;
Б.-ға сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде өз есебінен аталған интернет-ресурстарда теріске шығару жариялау, сондай-ақ даулы жарияланымдар мен бейнематериалдардың үзінділерін жою міндеті жүктелді;
«Т» ЖШС-нің пайдасына Б.-дан 43 млн теңгеден астам залал, сондай-ақ сот шығындары өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Abai.kz