Дүйсенбі, 16 Қараша 2026
Жаңалықтар 113 0 пікір 16 Қараша, 2026 сағат 13:27

Отансүйгіштік сөзбен емес, іспен дәлелденуі керек!

Сурет: kisi.kz сайтынан алынды.

Кез келген мемлекеттің  дамуы мен өркендеуі қоғамдағы бірлікке, ел ішіндегі тұрақтылыққа, азаматтардың отансүйгіштік сезіміне және ұлттық құндылықтарды құрметтеуіне тікелей байланысты.

Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Қазақстан халқына арнаған Жолдауында патриотизм, қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық және мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету мәселелеріне ерекше мән берілген.

Жалпы, патриотизм – туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілік қана емес, сонымен қатар елінің болашағына жауапкершілікпен қарау, оның дамуына өз үлесін қосу, ұлттық мүддені жоғары қою дегенді білдіретін болса керек. Нағыз патриот өз елінің тарихын, мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін құрметтеп, қоғам игілігі үшін адал еңбек етеді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы азаматтардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру, әсіресе жас ұрпақты елжандылық рухында тәрбиелеу маңызды міндеттердің бірі екенін тынбай айтып келеді. Өйткені елдің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Жастардың сапалы білім алуы, еңбекқор болуы, заңды құрметтеуі және қоғамдық өмірге белсенді араласуы – патриотизмнің нақты көрінісі.

Отансүйгіштік қашанда сөзбен емес, іспен дәлелденуі керек. Өз мамандығын жетік меңгеріп, адал еңбек ету, мемлекеттік тілді құрметтеу, бүгінгі күні үнемі айтылып жүрген қоғамдық тәртіпті сақтау, қоршаған ортаны қорғау және ел жетістіктеріне үлес қосу – әрбір азаматтың Отан алдындағы борышы болса керек. Сондықтан патриоттық тәрбие отбасыдан басталып, білім беру ұйымдарында, еңбек ұжымдарында және жалпы қоғамда жалғасын табуы тиіс.

Мемлекет басшысы биылғы жолдауында бірлік пен тұрақтылық – мемлекет дамуының кепілі екенін тағы бір назарға салды.Тарихи қалыптасулардың нәтижесінде Қазақстан – түрлі этнос пен мәдениеттер бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан көпұлтты мемлекет атанды. Біздің басты байлығымыздың бірі – халықтар арасындағы татулық пен өзара сыйластық болатыны да сондықтан. Қоғамдағы бірлік пен келісім елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуына қолайлы жағдай қалыптастырады.

Президент Жолдауында қоғамдық келісімді сақтау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және тұрақты даму мәселелерін  басты назарға алды. Себебі тұрақтылық бар жерде даму болады, ал ынтымақ пен бірлік бар жерде ортақ мақсатқа жету мүмкіндігі артады.

«Бірлік болмай – тірлік болмайды» деген халық даналығының мәні бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ел ішіндегі татулықты сақтау тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі. Қоғамда өзара құрмет, түсіністік, төзімділік пен сенім қалыптасқан жағдайда ғана мемлекет қуатты әрі бәсекеге қабілетті бола алатынын айқындайды.

Бірлік дегеніміз ең алдымен барша қазақстандықтардың ортақ Отанға деген құрметі мен ел болашағына деген жауапкершілігі . Сондықтан қоғамдағы әртүрлі көзқарастарға түсіністікпен қарап, өзара диалог пен сыйластық мәдениетін дамыту маңызды.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Ту, Елтаңба және Әнұран – еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігінің айқын нышандары. Олар халқымыздың тарихын, ұлттық болмысын, арман-мұратын және жарқын болашаққа деген сенімін бейнелейді. Осы орайда, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – баршамыздың  азаматтық борышымыз болмақ.

Президент Жолдауында ұлттық бірегейлікті нығайту, тарихи сананы қалыптастыру және мемлекеттік құндылықтарды дәріптеу мәселелерінің көтерілуі мемлекеттік рәміздердің тәрбиелік маңызын арттыра түседі. Әсіресе жас ұрпаққа рәміздердің тарихы мен мағынасын түсіндіру, оларға құрметпен қарауды үйрету – маңызды міндет.

Мемлекеттік рәміздерге құрмет тек ресми мерекелерде немесе салтанатты іс-шараларда ғана көрініс таппауы керек. Ол күнделікті өмірде, қоғамдық орындарда, білім беру мекемелерінде және әрбір азаматтың іс-әрекетінде байқалуы тиіс. Себебі, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – ел тәуелсіздігін, ұлттық намыс пен мемлекеттік тұтастықты құрметтеу деген сөз.

Мемлекет басшысының  Жолдауында айтылған патриотизм, бірлік пен тұрақтылық, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау қағидаттары – Қазақстанның болашағын айқындайтын маңызды құндылықтар. Бұл ұстанымдар бір-бірімен тығыз байланысты және ел дамуының рухани-адамгершілік негізін қалыптастырады.

Отанды сүю – туған жерді қадірлеуден, ел тарихын құрметтеуден, мемлекеттік тіл мен рәміздерге жанашырлық танытудан, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуден басталады. Ал бірлік пен тұрақтылықты сақтау – ортақ мақсат жолында жұмыла еңбек етудің нәтижесі.

Сырым Әбіл, заңгер

Abai.kz

0 пікір