Путиннің миллиардтары желге ұшты: Қырым көпірі қирады...
Украина Қарулы күштері кешелі-бүгін Қырым көпірін соққылады. Көз куәгерлердің айтуынша, Қырымда жарылыс даусы дүркін-дүркін естіліп жатты.
Екі күн қатарынан жасалған соққылардан Ресей миллиардтаған қаржы жұмсап салған көпір опырылып түсті. Көпірдің бір аркасы арбиып, қисайып қалған (теміржол өтетін бөлігі). Ал жеңіл көлік өтетін жолы опырылып түскен. Керч бұғазында кеме қатынасы да толық тоқтатылды…
Ресейдің Көлік министрлігі бүгін: «Ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылынан кейін Қырым көпірі арқылы пойыздар мен жеңіл және жүк көліктерінің қозғалысы уақытша тоқтатылды», - деп мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, қазір мамандар келтірілген шығын көлемін есептеп жатыр. Өз кезегінде, аннексияланған Қырымның Мәскеу тағайындаған басшысы Сергей Аксеновтың кеңсесі түбек тұрғындарын Краснодар өлкесіне барудан уақытша бас тарта тұруға шақырды.
Керчь бұғазы арқылы өтетін көпірдің ұзындығы 19 шақырым. Құрылысы 2016 жылы басталып, автомобиль қозғалысы 2018 жылы, ал теміржол қатынасы 2019 жылы ашылды. Көпір Ресей мен Қырым арасындағы тікелей құрлық қатынасын қамтамасыз етуде.
Украина соғыс басталғалы бұл көпірді бірнеше мәрте соққылаған. Әуелі 2022 жылдың қазанында соқты. Жүк көлігін жарып, жанында өтіп бара жатқан жанармай тасығыш пойыз жарылып, азан-қазан болған. Онан соң 2023 жылдың жазында Украина «Sea Baby» дейтін теңіз дроны арқылы көпірдің өзін соқты. Ал 2025 жылдың жазында көпірдің бағанасын жарып жібермек болып, операция ұйымдастырды. Кеше, 16-қарашада Қырым көпіріне тағы соққы жасалды. Бүгінгісі тіпті жойқын болды.
Ресей Қырым көпірінің құрылысына 227 млрд рубль, долларға сап айтсақ - 3,6 млрд доллар, теңгелей айтсақ 1,6 трлн теңге жұмсаған…
Abai.kz