Сейсенбі, 17 Қараша 2026
Әдебиет 112 0 пікір 17 Қараша, 2026 сағат 14:14

Ұлт мұраты - ұрпақ қамы...

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Қазақ көші заманның ағымына, халықаралық геосаясаттың өзгерістеріне және алып елдер арасындағы ойын тәртіптерінің құбылуына байланысты іркілістер мен кідірістерге ұшырап, ұлт жанашырлары мен қарапайым халық арасында түсінбеушілік тудыруда.

Қазақ билігі «өгіз өлмейтін, арба да сынбайтын» шығар жол іздеуде. Жыл басында үш министрлік басшылары қол қойған «пилоттық жоба» да мәресіне жетейін деп қалды. Тәуелсіздік қарсаңында басталып, ТМД елдері бойынша бірегей, ерекше қарқынмен жүргізілген еліміздің ұлттық біртұтастану үдерісі сәл саябырлады. Бағыт өзгерді. Бұрынғы бірізділік нормасынан жаңылып, әкімшілік талаптар мен бюрократиялық кедергілердің аражігі ажыратылмай, қандастар арасында түсінбеушілік туындауда. Әсіресе, Қытай, Иран, Ауғанстан қатарлы елдерден келген қандастар жасаған қоғамдық формацияның өзгешелігіне, жазу, кейбір әдет-ғұрыпқа қатысты шектеулерге байланысты либералды қоғамның талабы мен үдесінен шыға алмай қиналуда. Осының бәрі де қазақ көшінің жақсы бағытта дамуына әсер етуде. Әр мәселенің екі жағы бар екенін осы арада билік те, қандастар да назарға ұстағаны жөн. Дегенмен мемлекеттің жастарға немесе қандастардың ұрпағына қаратқан қамқорлық саясатында еш өзгеріс жоқ. Төрт пайыздық мемлекеттік грант әлі де жалғасуда.

2026 жылғы қолжетімді ресми және салалық ақпарат бойынша, шетелден келген этникалық қазақтарға (қандастарға) арналған мемлекеттік дайындық бөлімдері 20 жоғары оқу орнында жұмыс істейді. 2026 жылы осы бағдарламаға 1300 мемлекеттік орын бөлінген. Биыл осы қатарға Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті жиырмасыншы болып қосылды.

Атап айтсақ:

  1. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ;

  2. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ;

  3. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті;

  4. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті;

  5. Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті;

  6. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті;

  7. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті;

  8. Торайғыров университеті;

  9. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті;

  10. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті;

  11. Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ;

  12. Шәкәрім университеті;

  13. Абай атындағы ҚазҰПУ;

  14. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті тағы басқа ЖОО бар.

Ал жалпы Қазақстандағы барлық ақылы ҰБТ-ға дайындық курстарын қоссақ, олардың нақты бірыңғай санына жету қиын. Өйткені университеттер өздерінің ақылы дайындық курстарын жеке ұйымдастырады. Мысалы, Қостанай өңірлік университетінде мектеп оқушыларына арналған дайындық курсы мен колледж түлектеріне арналған дайындық бөлімі бөлек көрсетілген.

Қандастарға арналған дайындық бөлімінің жағдайы қандай?

Бұл жүйе ең алғаш тәуелсіздік алғаннан кейін Кентау, Түркістан қалаларында дүниеге келген. 2011 жылдан кейін уақыт сұранысына орай Алматы, Астана қатарлы ірі қалаларда жұмыс істей бастады. Негізгі мақсаты — шетелден келген қазақ жастарын Қазақстанның білім беру жүйесіне бейімдеу, қазақ тілін жетілдіру және ЖОО-ға түсуге дайындау.

Оқу мерзімі — 9 ай, әдетте қазаннан мамырға дейін. Бағдарламада қазақ тілі, Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы және ҰБТ-да таңдалатын пәндер қамтылады.

2026 жылғы мәлімет бойынша тыңдаушыларға ай сайын 41 мың теңге көлемінде шәкіртақы беріледі, ал кейбір ЖОО жатақханамен қамтамасыз етеді.

Ең маңызды мәселе — орын бар, бірақ толық игерілмей келеді

Мұнда бір қызық қайшылық бар. 2019 жылдан бастап мемлекеттік дайындық орындарының саны 1000-нан 1300-ге көбейтілген. 2019–2025 жылдары қандастарға дайындық бөлімдері бойынша 9100 грант бөлінгенімен, оның бір бөлігі игерілмей қалған. 2024 және 2025 жылдары ғана 1300 орын толық игерілген.

Ал 2019–2025 жылдары дайындық бөлімдері арқылы 7982 қандас білім алған. Осы кезеңде дайындық бөлімі, 4 пайыздық квота және стипендиялық бағдарлама арқылы барлығы 16 571 қандас Қазақстанда жоғары білім алған.

Сондықтан мәселе қазір «дайындық бөлімдері жеткіліксіз» дегеннен гөрі, бөлінген мүмкіндікті толық пайдалану, жастарды ақпараттандыру және дайындық сапасын арттыру жағына ауысып отыр. Қорытындылай айтсақ:

  • Біріншісі — қамту деңгейі. 20 ЖОО-дағы 1300 орын әлемнің әр еліндегі қазақ жастарының сұранысымен салыстырғанда көп емес.

  • Екіншісі — географиялық орналасуы. Дайындық бөлімдерінің басым бөлігі ірі қалаларда және облыс орталықтарында орналасқан. Бұл Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Иран сияқты елдердегі қазақ жастары үшін ақпараттық және логистикалық тұрғыдан қосымша кедергі болуы мүмкін.

  • Үшіншісі — дайындықтың мазмұны. Қандас жастарға тек ҰБТ-ға дайындық жеткіліксіз. Оларға қазақ тілінің академиялық деңгейі, Қазақстан тарихы, құқықтық сауат, университеттік оқу мәдениеті, цифрлық дағдылар және Қазақстан қоғамына әлеуметтік бейімделу қатар берілсе тиімді болар еді.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті қандас және шетелдік үміткерлерді бейімдеу жағынан мол тәжірибеге ие. Университеттің инфрақұрылымы заманауи халықаралық талаптарға сай дамып келеді. Сонау 2000 жылдары-ақ Қыздар педагогикалық университеті қоғам және мемлекет қайраткерлері Қалдарбек Найманбаев, Шәмші Беркімбаева, Гүлше Тәңірбергенова қатарлы кісілердің бастамасымен (ол кезде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты) осы бағдарламаны жүзеге асырушы бірден-бір орталық болды. Университетте қандастарды елге тарту және олардың отандық білім беру жүйесіне бейімделуі қамтамасыз етілді. Тілдік кедергілерді жою, ҰБТ-ға дайындық жұмыстары өз нәтижесін беріп, сол жылдары оқыған түлектер қазір еліміздің әр облысында отанға өз үлестерін қосуда.

ҚХР-ды құрушылардың бірі әрі сол кездегі Премьер-министр Чжоу Эньлай: «Кім жастарға ие болса, болашақ солардың қолында», — деген. Біздің қазіргі Президентіміздің атқарып жатқан көптеген шаралары осы пікірмен үндесіп жатыр. Ой-санасы таза, жаман әдет-ғұрып жұқтырмаған, жан дүниесі жат менталитетпен шырмалмаған жастар келіп, елімізге көптеп сіңісе берсе, артында тілеуін тілеп отырған елі қайда барады дейсіз?! Еліміз тыныш, бақуатты болып дамыса, қазақ көші де өз арнасын табады. Қарашаның 7 күні Астанада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінде «Отандастар қоры» КеАҚ-ның ұйымдастыруымен 500-ден артық қандас студент қатысқан «Жастар. Мүмкіндік. Болашақ» атты форум өтті. Шараның негізгі идеясы: «Сен Қазақстанға жай ғана оқуға келген жоқсың, сен — Қазақстанның жаңа толқынысың!», ал форумның ұраны: «Арман ет. Мақсат қой. Әрекет ет. Нәтижеге жет» болды. Осы мақсат пен ұраннан Қазақстанның бүгіні мен болашағын сезініп, көріп тұрмыз. Форумның ашылуын ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілі Ерлан Жетібаев мырза мен «Отандастар қорының» Президенті Ырысқалы Дәуренбек мырза ашып, құттықтау сөз сөйледі. Ұлы ақын Мағжан Жұмабаев жырлағандай: «Біз жастарға сенеміз!»

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

0 пікір