Бейсенбі, 26 Қараша 2026
Жаңалықтар 105 0 пікір 26 Қараша, 2026 сағат 18:01

«ДАТ»-ты сақтап қалайық!

Сурет: Screenshot.

Бүгін біздің газеттің алдында дабыл қағарлық сұрақ тұр: «ДАТ»-ты сақтап қала аламыз ба? Жер-дүние бір қалтафонға сыйып кеткен ақпараттық технология заманында қағаз газеттері, оның ішінде ширек ғасырдан асқан тарихы бар «ДАТ» сияқты тәуелсіз басылым қоғамға керек пе? Осындай уайымы мол сұрақтармен ағайын-елге арналған сөз жолдап отырмыз.

АНОНС:

Құрметті ағайын, егер сіз «Дат» әлі де жалғасын тапсын десеңіз, медиа-жобаның бүгінгі басылымы «Общественная позиция» газетіне жазылуды ұмытпаңыз! Бәріміз бірігіп, «ДАТ»-ты сақтап қалайық!

Газеттің Баспасөз каталогіндегі жазылу индексі – 64258, жеке адамдар үшін алты айға жазылу бағасы – 5 909,88, бір жылға – 11 819,76. Жазылу үшін бірінші беттегі QR-кодты пайдаланыңыз!

Screenshot

Қазіргі ақпарат әлемінде әлеуметтік желілер мен интернет ресурстары үстемдік құрып тұрған дүниеде «газеттің күні өтті ме?» деген сауал жиі қойылады. Алайда ресми өкіметтік және балама қоғамдық ұстанымды «қолға ұстап оқу» арқылы елде болып жатқан оқиғалар мен жағдаяттарды саралау тұрғысынан алғанда, қағаз газеттерінің қоғамдағы миссиясы әлі де құндылығын жойған жоқ.

Қағаз беттерінде жазылған әрбір жарияланым уақыт өте келе сол дәуірдің шежіресіне, халықтың тарихи-рухани құжатына айналады. Электронды онлайн ақпараттар өшіріліп немесе өзгертіліп кетуі мүмкін болса, қағазға басылған сөз өзгеріссіз сақталатын сенімді дереккөз болып қала береді.

Сондай басылымдардың бірі де бірегейі – 28 жылдық тарихы бар, «Дат» медиа-жобасының аясында шығып келе жатқан «Общественная позиция» газеті. Алайда оның оқырмандары негізінен егде жастағы адамдар болғандықтан, олар жыл өткен сайын азайып барады. Оның үстіне капитал билеген дүниеде алыс-беріс пен жүріс-тұрыстың бәрі ақшаға тірелген заманда халықты қылқындырған қымбатшылық тағы бар.

Ашығын айтайық, соның салдарынан редакция ұжымына апта сайын 16 беттік газет шығару оңай соғып тұрған жоқ. Өйткені газетке жазылушылар азайып, көшедегі газет-жорнал саудалау дүңгіршіктері құрып барады. Соның салдарынан газеттің әрбір нөмірі үшін баспахана шығындарын өтеу бізге оңайға соғып тұрған жоқ. Сондықтан газеттің өткен жылдардан қалған тұрақты он мың оқырманынан біз келесі 2027 жылға «Дат» газетіне жазылуды жалына өтініп сұраймыз! Егер олар тек өздері ғана жазылып қоймай, тағы екі-үш адамның жазылуына ықпал етсе – қытымыр қиындықты еңсеруге болар еді! Өз кезегінде бұл редакцияның қаржылық-материалдық жағдайының азды-көпті жақсаруына ықпал етер еді.

«Дат»-тың мерзімді баспасөз ретінде алдына қойған басты мақсаты – қоғамға балама ақпарат беру, бүгінгі күні елдің жегіқұртына айналған, соңғы кездері ресми билік батыл тойтарыс беруге кіріскен жемқорлыққа қарсы күрес, әлеуметтік әділетсіздіктерді әшкерелеу және «Халықтық құрылыс» сияқты мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қадағалау. Сондай-ақ қарапайым азаматтардың мұң-мұқтажын, өңірлердегі өзекті мәселелерді билік органдарына жеткізу арқылы қоғаммен кері байланыс орнату!

Әлеуметтік желілердегі эмоцияға толы, көбіне тексерілмеген пікірлер легінен айырмашылығы – газет журналистикасы фактілерді мұқият тексеруге (фактчекинг) және кәсіби этикаға сүйенеді. Газеттің жаңалықтар тасқынындағы ең басты артықшылығы – жарияланған ақпаратқа деген сенімділік.

Қазіргі интернеттік ақпарат кеңістігінің басты дерті – дабырашылдық пен жалған, даңғаза жаңалықтар (фейктер). Смартфон арқылы күн сайын ағылып жатқан ақпарат тасқынында оқырман оқиғаның түп-төркінін түсініп, түйсініп үлгермейді. Осы тұста газеттің рөлі айқындала түседі. Газет жеделдік жағынан интернетпен жарыса алмайтыны аян. Бірақ газеттер «не болды?» деген сұраққа емес, «неге бұлай болды және мұның салдары қандай?» деген сараптамалық сұрақтарға жауап беретін талдамалы журналистикадан айныған жоқ.

Соңғы жылдары жасампаздыққа жанашыр болуды редакциялық саясатына айналдырған «ДАТ»-тың тағы бір асыл міндеті – билік пен халық арасына алтын көпір болу. Реформалар мен өзгерістерге құштар қоғамды жарқын болашақ жолына жұмылдыруға үлес қосу – газеттің саналы және салиқалы саясатына айналды.

Газет – бұл жай ғана қағаз емес, ол – ұлттық руханияттың тірегі және қоғамдық сананы сауықтыратын сараптамалық алаң, ақыр соңы – кәсіби журналистиканы қалыптастыру мектебі. Ақпараттық былық белең алған заманда оқырманға байыпты бағыт-бағдар беретін, дәлелі мен дәйегі астасқан сөз айтатын сапалы баспасөзге деген сұраныс қашан да жоғары болып қала беруі тиіс!

«ДАТ» медиа-жобасы Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде баламалы пікір қалыптастырудың, сөз бостандығы үшін күрестің және азаматтық қоғамды оятудың, қоғамды саяси сауаттандырудың бірегей үлгісі ретінде тарихқа енді. «ДАТ»-тың мемлекеттік тапсырысқа мұқтаж ресми баспасөзден айырмашылығы – билікке жалтақтамай, қоғамдағы өткір мәселелерді ашық көтеруге мүмкіндігі жоғары. Өйткені олар баламалы ақпарат көзі ретінде ресми арналар үнсіз қалған немесе біржақты баяндаған оқиғалардың екінші қырын көрсетеді. Жоғары лауазымды тұлғалардың шешімдеріне, жемқорлық деректеріне және әлеуметтік әділетсіздікке қоғамдық бақылау орнатуға ықпал етуге үлес қосады. «ДАТ»-тың ұзақ жылдарғы тұрақты оқырманы бұл күндері дайын ақпаратты тұтынушыдан, сыни ойлайтын, саяси сауатты, салиқалы азамат санатына айналды.

Тәуелсіз еліміздің баспасөз тарихында «ДАТ» секілді бірнеше рет қудалаумен жабылып, күлден жаратылғандай, қайта-қайта гүлдеп шыққан газет кемде-кем. Сот процестеріне, миллиондаған сома айыппұлдарға, өрттеу мен қарақшылық тонауға қарамастан, медиа-жоба «СолДАТ», «Жұма-таймс», «Айна плюс», «Тасжарған» тағы басқа және «Общественная позиция» секілді атаулармен ондаған рет түрленіп, өз оқырманына жол тауып отырды.

1990-жылдардың соңы мен 2000-жылдардың басында Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл әлемді жаңғыртқан атышулы «Қазақгейт» жемқорлық шырғалаңын Қазақстанда алғаш рет көтерген «ДАТ» газеті болғанын тұрақты оқырман жатқа білсе керек. «ДАТ» қазақтілді оқырманға күрделі саяси-экономикалық тақырыптарды, жемқорлық схемаларын және билік ішіндегі тартыстарды түсінікті әрі өткір тілмен жеткізе білді. Бұл басылым отандық зерттеу журналистикасы мен саяси публицистиканың дамуына үлкен үлес қосып, батыл ойлайтын кәсіби журналистер буынын тәрбиелеп шығарды.

Әрине, «ДАТ» жобасының қызметіне қатысты қоғамда әртүрлі пікірлер қалыптасты. Қолдаушылары мен тәуелсіз сарапшылар оны сөз бостандығының символы және билікке балама көзқарас білдірген батыл басылым деп бағаласа, ресми билік өкілдері мен кейбір сыншылар басылымды саяси топтардың мүддесін көздейтін, эмоцияға берілген оппозициялық құрал ретінде сынады. Соған қарамастан, «ДАТ» жобасы Қазақстандағы тәуелсіз баспасөздің қандай қиын жағдайда да өмір сүре алатынын дәлелдеген маңызды тарихи құбылыс болып қала береді.

Құрметті ағайын, егер сіз «Дат» әлі де жалғасын тапсын десеңіз, медиа-жобаның бүгінгі басылымы «Общественная позиция» газетіне жазылуды ұмытпаңыз! Бәріміз бірігіп, «ДАТ»-ты сақтап қалайық!

Газеттің Баспасөз каталогіндегі жазылу индексі – 64258, жеке адамдар үшін алты айға жазылу бағасы – 5 909,88, бір жылға – 11 819,76. Жазылу үшін бірінші беттегі QR-кодты пайдаланыңыз!

«ДАТ» медиа-жобасының редакциялық ұжымы

Abai.kz

0 пікір