Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 6365 0 пікір 30 Қараша, 2009 сағат 06:37

Ермек Тұрсынов. Қызғаныш – қозғаушы күш

Кезінде сауданы өркендететін жарнама еді. Қазір біздегі сауданың қозғаушы күші - қызғаныш. «Басқаны да, оның ішінде прогреcті де дамытатын сол ма?» - деп қалам. Бізде бәрі саудаға қойылған. Ар мен ұят та....

Кезінде сауданы өркендететін жарнама еді. Қазір біздегі сауданың қозғаушы күші - қызғаныш. «Басқаны да, оның ішінде прогреcті де дамытатын сол ма?» - деп қалам. Бізде бәрі саудаға қойылған. Ар мен ұят та....

Қызғанышсыз қазақ - кенже қалған қазақ. Нонсенс.  Ол өз бетінше өмір сүре алмайды. Өмірінің өзегі - ішін тырнап,  тыным бермейтін қызыл ит. Көршінің қақпасы сәл биік болса, онымен теңескенше тыным таппайтын өлермендік.
Қызғаныштың бірнеше сатысы бар. Алғашқысы - немқұрайды қызғаныш. Ол табиғатынан  жалқау қазақты қимылдауға итермелейді. Ең құрығанда, шамына тиген нәрсеге еліктейді, ұқсап бағады. Біреу тұқымы сирек ит ұстаса, қазақ  одан асып түсу үшін көз көріп,  құлақ естімеген бір төбетті есігінің алдына абалатып байлап қояды. К өршісі қымбат көлікке отырса, ертеңінде базарға жүгіріп, одан да қымбатырағын алады. Адамның қоры  еместігін дәлелдеу үшін «Сенен кем соқсамға....» басады. Немқұрайды қызғаныш сәлден кейін белсендісімен алмасады. Тыным таптырмайды. Түрлі ойлар келе бастайды кәллаңа. Қарапайым идеялардан бастап,  қиял-ғажайып, күрделі толғаныстар маза бермейді.
Тұрмыстық деңгейде сәл қарапайымдау. Теледидарды мысал ете сөйлесек, түйткіл тарқап сала береді. Өйткені телевизия - өмір айнасы.  Қисық айна тұрса да, көзіңді сығырайта үңіліп, бірдеңе байқауға болады.
Мысалы,  «Казақстан» телеарнасында  «Екі жұлдыз»  деген керемет бағдарлама пайда болды. Керемет дейтінім, көп ақша шашылғаны көрініп тұр. Шамасы, бүгінгі телевизияның көтерілген ең биік шыңы осы хабар болса керек. Оның үстіне, жүргізушілер де: «Ең керемет...Ең ғаламат...» деуден талмауда.
Жаңылмасам, бұл жоба  швед ағайындардан бастау алған. Көп елдерді дүбірлетіп өткен бағдарламаның бізге жеткендегі сықпыты - қазіргі көріп жүргеніміз.  
«Қайдан және не себепті пайда болды?» дейсіз ғой.   «Көршідегі менде неге жоқтың!» буы - бізді алып бара жатқан. Бас қатырудың қажеті қанша?  Рұқсатын сатып алып, керек адамдарды жалда да, сайрай бер.  Бірақ «дайын асқа тік қасық болу» қолымыздан келмеді. Мазмұны, мән-мағынасы  жоқ.  Қыруар қаржы құйып жылтыратып қойған «ыдыстың» ішіндегісі іріп кетіпті.
Бірде осы думанды көзім шалып қалып, күліп жібердім. Ұлттық ТВ дамимын деп далақтап жүріп, жаңа жанрға ұрыныпты. Бағдарлама пародияға негізделгендей әсер қалдырады. Шығармашылық топтың барын салғанына қарамастан, думан «дәмсіз» болғандықтан, дөрекі қолмен жасалған дүмбілез пародияға көбірек ұқсайды. Әділқазылықта отырған әжептеуір азаматтардың абыройы да құтқара алмауда. «Жұлдызды» жұптың әлаулайын тыңдап болған соң, абайлап сынап, ақырын айтып, азапқа түсетін - солар. Жаның ашиды.
Дәл осындай оқиға бұрын да болған. Мен қызғаныштан туындаған бейшара тірлікті айтып отырмын. Осыдан көп жыл бұрын, ресейлік  телеарналарың бірінде Хрюша мен Барбос сынды «тартымды» кейіпкерлер пайда болып еді. Содан екі ай өтпей жатып, олардың қазақы нұсқасы шықты. «Ұлттығымызды ұлықтаудың жолы» деп, қой мен текені «жапсырдық»  теледидарға.  «Салпаң құлақты, күжілдек, сирек жүнді». Сол замандағы  көркемдік кеңестің бір мүшесі хабардың алғашқы санын көре сала, дәл осылай мінеген  еді.  Біздің  алғашқы «қос жұлдыздың»  экранға шығуы осылайша «қатты» сыналған. «Өткір» пікір еленіп, шұғыл түрде қошқар мен текені  балалардың даусымен дыбыстадық.  Бұл хабарды тамашалаған бүлдіршіндердің қандай түс көргенін қазбаламай-ақ қояйын, әңгіме басқада.      
Еліктеу, көшірме болу қанымызға сіңіп кетіпті. Бәріміз «біреуге ұқсауды армандаймыз». Орыста «Наша Раша» дейтін, Ресейде  жүрген Орталық Азияның  мүсәпір-міскіндерін мазақтайтын бағдарлама ашылды. Шұғыл түрде қазақтың өзін қорлайтын «Наша казашаны» шығардық. «Комеди клабты» көре сала, сықақшы клубтарын қаптаттық. Бәрі сылдыр су, «жай клабтар». Ресей арналарындағы қалжыңның да кейде қырсыз болатыны бар. «Бірінші каналдан» да «сарғыш» рең байқалады соңғы жылдары. Алайда қанша нашар десек те, сынауға болады. Өйткені олардың юморында негіз бар. Ал біздегі - бос сөз. Демек,  сынайтын да түк жоқ. Көбік сынды.... көлемі үлкен, салмағы жоқ. Былайша ұқсайды. Тура сол декорациялар, сол стиль. Еркін сөз, жүгенсіз қылжақ... Жыртыңдаған жастар, зордың күшімен  ыржиған езулер. 
Өздігінен ештеңе ойлап таба алмайтынымыз осыдан байқалады. Ерекше ой, қазіргіше айтқанда, креатив жетіспейді. «Тамашадан»  басқа мақтанарлық түгіміз жоқ. Оған да пікір айтпай, тек еске алып қойғанымыз жөн болар.
Бұл тақырыпты неге қозғадым?  Сол хабарларды жасап жүргендерге: «Бауырларым, ойындарың осылып барады, ел көріп отыр ғой, қойсаңдаршы.  Ұрласаңдар да, ұялмайтындай етіп жасасаңдаршы», - деп тіке айтуға болар еді. Бірақ қажеті қанша? Біріншіден, ешкім сөзіңді елемейді. Екіншіден, олардың еш кінәсі жоқ. Еттері өліп кеткендіктен, тірлігінің күлкілі екенін ұға қоймайды. Тіпті «түкке тұрмайтынды сөз етіп қайтесің» деп өзімді  келемеждеулері мүмкін. Үшіншіден, шығармашылық топқа «идеяны»  кәсіби мамандар шайнап беріп отыр. Өзінің деңгейіне сенімді болғандықтан, олар  жұмысының тым сапасыз екеніне ешқашан сенбейді. «Тобыр не берсең де, жей береді» деген ұстанымнан адасқан емес. Рейтинг туралы желіккен сөзді қанат етіп, қияға «самғата» бермек көрерменнің санасын. Бар білгені осы. Осы тұста ешкіммен пікір таластырып, қызыл кеңірдек болуды қаламайтынымды айта кетейін. Мен теледидар арқылы өмір желісін айқындап қана отырмын.  Оның үстіне, депутаты, бишісі, зілтеміршісі бар шуылдаған «әнші», тым көп-ақ. Мақсат - ел көзіне көріну.  Экраннан түспейтін, танымал ТҰЛҒА болу. Мұндай мақсат қуғандар, күй буған  саңырауқұр сынды, ештеңені естімейді. Олар бөтеннің пәленбайыншы көшірмесі екендерін қаперге алмайды, қысылмайды да. Біреудің жалған жетістігінің  сүрлеуіне түсіп кеткенін де түсінгісі келмейді. Шынайы дүниенің  шарасыз көшірмесі. Фанера,  дыбыс жаңғыртатын жасанды ағаш.  Қасіреті сол - экрандағы тонналаған, түкке тұрмайтын дүниені халықтың жиренбей қабылдай бастауы. Ендігі жерде оны жеңуіміз мүмкін емес шығар. Бұзылған астан көк дәмін кетіре алмайсың.
«Мұның  бәріне кешіріммен қарап, өткінші нәрсе ғой», - деп  «даналық» танытуға да  болатын шығар. Бірақ ойнақтап жүріп, орға жақындап қалғанымызды, думанпаздықтың дауасыз дерті ұлттың өзегіне дендеп бара жатқанын  көрген сәтте ондай «кеңдікке» жол бермейді түйсік құрғыр. Жеткен жеріміз осы болғаны ма? Арсыздық қай кезде өміріміздің ережесіне айналып, үстемдігін жүргізетін болған?  Қолтығына ноутбук қыстырған, терминдерді төпелей сөйлейтін, сумақай, «жабайы жандар»  қай уақытта қожайын болып үлгерген?  Гарри Поттердің балаларымыздың сүйікті кейіпкеріне айналуына қалайша жол беріп алдық? Қалай ғана Ван Дамм  Астананың  төрінен бір-ақ шығып,  әлдене туралы өзінше ой айтқансымақ болды?  
Бәрі - бір дерттің залалы. Тым асқынып кеткен. Тірлігі түсініксіз жатжұрттықтарға бас ұруға, жағынуға  даяр тұрамыз.  Осыдан өмірдің жаңа пішіні пайда болды. Жетістік! Бұл не? Елдің бәрін сорлатып, соның үшін мақтау естісең, жетістік деген - сол. Құрық бойламайтын қулығың болса, мансабың биіктей түскені!  Жұлдыз болу? Шаршаған  америкалық актерді қолтығынан сүйемелдеп, ұзындығы Гиннесс кітабына сұранып тұрған астаналық қызыл кілемнің үстімен жүріп өтсең, қазақ көгінде жарқырап жанғаның! Ура-а! Ал бірде табынушы қауым қаумалаған Стивен Сигалдың  Шәкен Айманов ескерткішіне иіліп, гүл шоғын қойғанын көрдім. Денем түршікті: қолдан жасалған қуыршақтың шынайы дарын иесіне тағзым етуін  соншалықты әспеттеп, «мынадай ұлы тұлға біздің Шәкенді біледі екен-ау!» - дегендей,  теріміз сылынып түскенше алақан соқтық. Сұмдық!
Сырттан келген өмір үлгісі кеңірдегімізді қысып тастады. Әуелі киіміне қызығып,  тұтылдық, одан кейін басымызбен жұтылдық. Танымал телеарналардағы ыздиған жүргізушілердің болмысына еліктедік. Ойымызды Голливуд кейіпкерлері жаулап алған, құлағымызды батыстың даңғазасы тұндырған.  Балаларымыз: «Вау!» - деп сөйлейді. Ал SMS-те «Ок» - деп жауап жазамыз. Түгіміз қалмады. Батыстың «жаулап аламын» деген жаман ниетіне қалқан етер ештеңеміз жоқ. Мәдениетіміз үшін майданда ойсырай жеңілуіміз опық жегізуде. «Біздікі. Атадан қалған» деген түсініктерден «тазарып»,  сатқындық жасадық. Ал қарттар ескертпеді. «Сақтап қалайық» деп, аса алқына да қойған жоқ ақсақалдарымыз. Олар әлі күнге өз ойындарымен әлек.
«Қарттық боқтайды, жастық жырлайды» деген сөз бар. Біздің жастардың  «жалған әрі жат дауыспен» әндетіп жүргенін көріп,   замандағы кері ағыстар туралы ойландым. Ал «отандық телеарна» шөкімдей ойымның төбесіндегі  бұлтты күн сайын қоюлата түсуде.
Сонымен, біздің заманның кертолғауы қандай?
Білік жоқ. Жеңіл-желпі естігеніңді көлденең тартып, көсемсу бар. Білім жоқ. Жұлып жиған ақпар бар. Жетістік жоқ. Интернет бар  (ол жалпылама сұрақтардың барлығына жалпылама жауап тауып бере алады). Білім беретін қор жоқ. Дипломның даңғаза атағы бар. Ерек ойлау жоқ. Санамызды қысып қойған қалыптың құлымыз. Жалқы бола алмаймыз. Топтансақ қана батылмыз. Азын-аулақ дүниені аманат ететін шәкірт жоқ. Есесіне, білегі жуандығымен білгенін істеген ағалар бар. Тұтастыратын Идея жоқ. Ұсақ -түйек идеясымақтарды бүркемеленген қитұрқы әрекет бар. Ұлттық намыс жоқ.  Ұлт болып қорлану бар.  Кеудеңді кергізген өрлік жоқ. Оның орнына түйсігіңде кемдік бар. Шынайы қозғалыс, даму жоқ.  Есесіне «бармақ бастымен» епті қимылдағанның көңілі тоқ.  Барша халықты жалпыұлттық негізге ұйыстыратын саясат жоқ. Жымысқы күлкі, жалған науқан (кампания) жан-жағың. Нағыз тұлғалар жоқ.  Алаңдағы жиында ауыз жаппайтындар мен оларды дәріптеп болмайынша, жаны байыз таппайтын жағымпаздар бар. Иманды имамдар жоқ. Соның кесіріне имансыз мысықтілеулілердің қарасы мол. Осынша бошалауымызға кінәліні табу қиын. Кейде біреудің бетіне түкіргім келеді. Бірақ «қарсы  жел жынымды өз бетіме шаша ма?» - деп қорқамын. 
Ақыры не болды?
Ақиқат жоқ, жартыкеш шындық бар. Ал жартыкеш шындықтың жартысы жалғандық екені айтпасам да түсінікті.

 

"Жас Қазақ" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036