КЕДЕНІК ОДАҚ КIМГЕ ТИIМДI?
Қарашаның соңғы күндерiнде Минскiде Кедендiк одақ туралы келiсiмшарттарға нүкте қойылмақ. Сарапшылар Кедендiк одақтың Ресейге ғана тиiмдi болатындығын айтады. Өйткенi, 2010 жылдың 1-қаңтарынан бастап iске қосылатын бұл шара бойынша үш мемлекеттiң де кедендiк баж салығы өзара теңестiрiледi. Мұндай жағдайда шетелден әкелiнетiн тауарларға салынатын салықтар 10-20%-ға дейiн көтерiледi, тиiсiнше баға да осы деңгейде өседi деп жоспарлануда. Кез келген тауарға салынатын кедендiк баж салығы Белоруссияда да, Қазақстанда да Ресейден анағұрлым төмен екен.
Демек, бұл жерде ұтылатын тағы да экономикалық мүкiндiктерi аз, халқының саны Ресейдегi 150 миллионның он пайызына да жетпейтiн, бiр кездерi осы империяның боданында болған екi мемлекет болып отыр. Бұл ретте Белоруссия өздерiнiң саяси және экономикалық мүдделерi тұрғысынан тағы бiр сараптама жасауға белсене кiрiсiп кеттi. Егер де Беларусь үкiметi әлденеден секем алып, бұл жолғы құжаттарға қол қоюдан бас тартатын босла, Кедендiк одақтың болашағына балта шабылуы да мүмкiн.
Қарашаның соңғы күндерiнде Минскiде Кедендiк одақ туралы келiсiмшарттарға нүкте қойылмақ. Сарапшылар Кедендiк одақтың Ресейге ғана тиiмдi болатындығын айтады. Өйткенi, 2010 жылдың 1-қаңтарынан бастап iске қосылатын бұл шара бойынша үш мемлекеттiң де кедендiк баж салығы өзара теңестiрiледi. Мұндай жағдайда шетелден әкелiнетiн тауарларға салынатын салықтар 10-20%-ға дейiн көтерiледi, тиiсiнше баға да осы деңгейде өседi деп жоспарлануда. Кез келген тауарға салынатын кедендiк баж салығы Белоруссияда да, Қазақстанда да Ресейден анағұрлым төмен екен.
Демек, бұл жерде ұтылатын тағы да экономикалық мүкiндiктерi аз, халқының саны Ресейдегi 150 миллионның он пайызына да жетпейтiн, бiр кездерi осы империяның боданында болған екi мемлекет болып отыр. Бұл ретте Белоруссия өздерiнiң саяси және экономикалық мүдделерi тұрғысынан тағы бiр сараптама жасауға белсене кiрiсiп кеттi. Егер де Беларусь үкiметi әлденеден секем алып, бұл жолғы құжаттарға қол қоюдан бас тартатын босла, Кедендiк одақтың болашағына балта шабылуы да мүмкiн.
Оның үстiне Қазақстанның экономикасы диверсификацияланбаған. Қазақстан Кеңес Одағы кезiнде шикiзат елi атанып едi. Әзiрде сол шикiзаттық бағытынан айныған жоқ. Керiсiнше, Кеңес Одағы кезiнде бар болған зауыт-фабрикалардың есiгi бүгiн тарс жабылған. Сарапшылар Ресей мен Белоруссияның экономикасының бiршама алға кеткендiгiн айтады. Ал, өндiрушi секторды тұралатып отырған Қазақстанның бұл мемлекеттермен иық теңестiруi қиынға соғады. Кез келген одақ даму деңгейi мен қоғамдағы тұтынушылардың саны қарайлас болған жағдайда дүниеге келедi. Бұл ретте Ресейдiң алып тиран екендiгiн естен шығармаған абзал. Онда 150 миллион халық тұрады. Ал, Қазақстан мен Белоруссияда 16 және 10 миллион ғана халық бар. Демек, қай жағынан алып қарасаңыз да Ресейдiң үлес салмағы басым түсетiндiгi айқын. Яғни, бұл ретте бiз қайтадан аждаһаның аузына барып түседi екенбiз.
Кедендiк одақ құру iсi БЭК (бiрыңғай экономикалық кеңiстiк) құру туралы келiсiмнен кейiн қолға алынғаны белгiлi. Бұған - Ресей, Украина, Қазақстан және Белоруссия мемлекеттерi бел шеше кiрiскен болатын. Бiрақ, Украинадағы саяси жүйенiң өзгеруiне орай, БЭК-тi жасақтау iсi жүзеге аспайтын болды. Сол кездiң өзiнде тараптар Кедендiк одақты Украинасыз-ақ жасақтау қажеттiгiне тоқталып, өзара келiсiмге келдi. Сөйтiп, келесi жылдан бастап Ресей, Белоруссия және Қазақстан арасында еркiн тауар айналымы және өзге шетелдiк тауарларға бiрдей баж салығы салынатын болады. Бұған өзге ТМД елдерiндегi сарапшылар не дейдi екен?
Александр КЛАСКОВСКИЙ, БелаПАН ақпараттық компаниясының жетекшiсi (Минск):
ХАЛЫҚ КЕДЕНДIК ОДАҚҚА КҮМӘНМЕН ҚАРАЙДЫ
- Беларусьте Кедендiк одаққа байланысты пiкiр қайшылығы туындап отыр. Ресми тұлғалар негiзiнен оптимистiк көзқараста. Олардың ойынша, мұндай одақ бiздiң экономикамызға тиiмдi көрiнедi. Әсiресе, Ресейден мұнайды баж салығынсыз аламыз деген дәме бар. Бұл маңызды да, өйткенi, Новополоцк және Мозырь мұнай өндiру зауыттарында өндiрiлетiн мұнай өнiмдерiн экспорттау Беларусь қазынасына мол пайда әкелiп отыр.
Сондай-ақ, бизнесмендердiң бiразы барлық протекционистiк кедергiлер жойылғаннан кейiн бiздiң тауарларымыз бәсекелестiкке төтеп бере алмай қалады деп қауiптенедi.
Бiрқатар экономистер мен саясаттанушылар (саясаттанушы Валерий Карбалевич) Кедендiк одақ Еуроодақпен еркiн сауда аймағын құру мүмкiндiгiне кедергi келтiредi деп ойлайды. Ондай мүмкiндiк Еуроодақтың Белоруссияны «Шығыс серiктестiк» бағдарламасына қосқаннан кейiн туындап отыр.
Президент Александр Лукашенконың пiкiрiне келер болсақ, ол да екiұшты. Әуелi, осыдан бiр-екi ай бұрын «Минск үшiн Кедендiк одақ тиiмдi ме, әлде Еуропамен еркiн сауда аймағын құру тиiмдi ме?» деген сауал қойған австриялық журналиске «Бiз қай жоба бiрiншi iске қосылады, соған басымдық беремiз» деп жауап берген болатын. Демек, Лукашенко Батыспен де, Ресеймен де жақсы қарым-қатынас ұстауға дайын. Егер, Еуропамен арадағы қарым-қатынастар жолға қойылатын болса, одан да бас тартпайды, ал Ресеймен арадағы өзара шиеленiс күшейе беретiн болса, онда кедендiк үштiкке қатер төнедi деген сөз.
Ал, жақында ғана, президент Лукашенко осы iске байланысты өзiнiң күдiгiн де жасырмай атап өттi. БЕЛТА агенттiгiнiң хабарлауы бойынша: «Турасын айтсам, Кедендiк одақ шарттарын келiсу кезеңiнде Белоруссияның экономикалық және сыртқы саяси мүдделерi толықтай ескерiлдi ме, осы жағы менi алаңдатады» деген мәлiмдеме жасады.
Минскiде осы айдың аяғында ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесi өтпек. Бұл кеңесте Қазақстан, Ресей және Белоруссия арасындағы кедендiк одақтың құрылуын жүзеге асыратын құжаттарына қол қойылатын болады. «Соңғы шешiм қабылдау қарсаңында мен барлықтарыңыздан, бәрiнен бұрын үкiметтен дайындық кезiнде қол жеткiзген нәтижелер жайында толық және жан-жақты есептi талап етемiн. Кедендiк одақ Одақ құру кезiндегi кедергiлер мен проблемаларды шеше ала ма?» деген сауал тастады ол.
Тәуелсiз сарапшылардың пiкiрiне жүгiнсек, 10 жылдан астам уақыт Беларусь Ресеймен кедендiк одақ құруға талпыныс жасады, нәтижесi сауда соғысымен аяқталды. Сонда үштiк одақ құру жеңiл болғаны ма?
Сондай-ақ, экономистер Белоруссия мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы тым қарқынды емес екендiгiн айтады. Демек, бұл екi мемлекет үшiн бiрыңғай кедендiк кеңiстiк тым тиiмдi емес.
«Кедендiк одақ құруға бәрiнен бұрын Ресей мүдделi» дейдi беларусьтiк «Стратегия» сараптама орталығының директоры Леонид Заико. Оның пiкiрiнше, «Қазақстан мен Беларусь үшiн еркiн сауда аймағы жеткiлiктi болатын».
Ал, Ресей мен Беларусь қарым-қатынасының тәжiрибесiне жүгiнетiн болсақ, Минск пен Мәскеу қол қойылған келiсiмшарттардың өзiн өз ыңғайына қарай бұрғысы келiп тұрады. Тараптардың әрқайсысы оны өзiне қарай бейiмдей бастайды. Демек, Кедендiк үштiк одағын құру туралы құжаттарға қол қою - оның тиiмдi жұмыс iстеуiнiң кепiлi бола алмайды.
Сонымен қатар, қарапайым беларусьтiктер жеңiл машиналарды енгiзуде кедендiк баж салығы шарықтап өсiп кетедi деп үрейленедi. Қазiр салықтың бұл түрi Ресеймен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Сол себептi де Еуропадан әкелiнген ескi көлiктер бiзде көп. Егер, Кедендiк одақ аясында баж салығы теңестiрiлетiн болса, ескi шетелдiк көлiктер бiрден 2-3 мың долларға қымбаттайтын болады. Демек, қарапайым тұрғындар Кедендiк одаққа күмәнмен қарайды.
Анна ХРИПУНСКАЯ, украиналық саяси сарапшы:
РЕСЕЙГЕ СЕНIМ ЖОҚ
- Украина билiгi соңғы бес жылда Ресей қатысқан бiрлестiктер мен одақтардан бас тартып отыр. Бұған себеп, Ресей мен Украина арасындағы саяси дағдарыс. Сөз жүзiнде Ресей Украинаны тиiмдi әрiптес дегенiмен, iс жүзiнде екi ел де бiр-бiрiмен араласуға құлықсыз болды. Екiншiден, Ресейдiң мұнда басым рөлге ие бола алатындығы анық. Сондықтан, қосалқы рөлдi ойнағысы келмейтiн Украина өзге мемлекеттер секiлдi мұндай одақтарға енуден бас тартады. Сондай-ақ, Ресей Кедендiк одақ мүшелерiнiң Дүниежүзi сауда ұйымына (ДСҰ) енуi туралы әңгiме болғанда, серiктестерiнiң мүддесiн қаперiне де алмады ғой. Белоруссия мен Қазақстан ДСҰ-ға мүшелiкке бiрге не жеке баратындығын анықтай алмай жатқанда, Ресей олардың атынан Кедендiк одақтың ДСҰ-ға бiр ұйым ретiнде енетiндiгiн мәлiмдеп те жiбердi емес пе... Әрине, бұл ретте өзге мемлекеттер алданып қалған баладай әсерде болғаны рас. Украина дәл осындай күйге түскiсi келмейдi. Өйткенi, Ресейге сенiм жоқ.
Бiздiң ел соңғы жылдары Еуроинтеграцияға бейiмделiп келедi. Сондықтан да, ТМД кеңiстiгiндегi кез келген жобадан автоматты түрде бас тартады. Бәлкiм алдағы президент сайлауынан кейiн бұл стратегия өзгеретiн шығар, ал әзiрге БЭК (бiрыңғай экономикалық кеңiстiк) құру жоспары назардан тыс қалды.
P.S. Кез келген мемлекет бұрынғы метрополиядан басын аулақ ұстауды жөн санайды. Өйткенi, отаршы мен отар болған елдiң арасында бiрiнде өзiн үстем сезiну саясаты басым болса, екiншiсi оның алдында үнемi жалтақ болып келедi. Сондықтан да ТМД кеңiстiгiндегi кез келген интеграция ұзаққа бармай жатыр. Оны жеделдету үшiн Ресей империялық амбицияларынан бас тартуы керек. Өзге елдер Ресей алдында өзiнiң ұлттық және саяси мүддесiн қорғай бiлетiн дәрежеге жетуi керек. Онсыз бұл одақтардың ғұмыры да қысқа болары анық.
Есенгүл Кәпқызы
«Түркістан» апталығы, №47 (801)
26 қараша, 2009 жыл