Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5298 0 пікір 14 Желтоқсан, 2009 сағат 06:34

Бекболат Тілеухан. Өрмек

Қазақ өзін жылқы мінезді дейтіні бар еді. Жылқыны аларда қасқыр алыстан әуелі шоқиып отырады екен. Сосын бір алыстап, бір жақындап, қарға аунап ойнаған кейіп білдіретін көрінеді. Әуелде бөріден тіксініп, танауы шұрылдап, үркектері безе қашып дүрлігіскенімен, артынша тынышталып жайыла береді дейді жылқы сырын білетіндер. Үйірді төңіректеп қасқыр ұзақ жүреді екен. Әрі-беріден соң жылқының көзі үйреніп, қаупі басылып еті өле бастайды екен. Сол кезде табынның ішіне еркін кіріп, қоңдылауын жұқа шаптан бір-ақ орады екен. Сөйтіп желден жүйрік деген жылқыңыздың төрт аяғы аспаннан келеді. Жайрап жатқан жануардың жылы ішек-қарнына танауын көсіп жіберіп, қасекең жалғыз болса әуелі витамин толы бауырын жұтады, Көп болса аузына түскенін қылғыта бермек. Енді қараңыз! Тебінге жарамсыз, өзі тоңғақ, тілі орайтын биік шөп болмаса қыршып жейтін қысқа шөпке қырсыз, төзімсіз, нашар мал деген сиырыңыз қасқырды көргенде бұзауларын ортасына алып ап ешқандай шоқиғанына да, мүләйімсігеніне де алданбастан өкіріп-бақырып қасқырыңызды бездіріп жібереді.

 

*                    *                    *

 

Ел бұзылса құрады шайтан өрмек,

Қазақ өзін жылқы мінезді дейтіні бар еді. Жылқыны аларда қасқыр алыстан әуелі шоқиып отырады екен. Сосын бір алыстап, бір жақындап, қарға аунап ойнаған кейіп білдіретін көрінеді. Әуелде бөріден тіксініп, танауы шұрылдап, үркектері безе қашып дүрлігіскенімен, артынша тынышталып жайыла береді дейді жылқы сырын білетіндер. Үйірді төңіректеп қасқыр ұзақ жүреді екен. Әрі-беріден соң жылқының көзі үйреніп, қаупі басылып еті өле бастайды екен. Сол кезде табынның ішіне еркін кіріп, қоңдылауын жұқа шаптан бір-ақ орады екен. Сөйтіп желден жүйрік деген жылқыңыздың төрт аяғы аспаннан келеді. Жайрап жатқан жануардың жылы ішек-қарнына танауын көсіп жіберіп, қасекең жалғыз болса әуелі витамин толы бауырын жұтады, Көп болса аузына түскенін қылғыта бермек. Енді қараңыз! Тебінге жарамсыз, өзі тоңғақ, тілі орайтын биік шөп болмаса қыршып жейтін қысқа шөпке қырсыз, төзімсіз, нашар мал деген сиырыңыз қасқырды көргенде бұзауларын ортасына алып ап ешқандай шоқиғанына да, мүләйімсігеніне де алданбастан өкіріп-бақырып қасқырыңызды бездіріп жібереді.

 

*                    *                    *

 

Ел бұзылса құрады шайтан өрмек,

Періште төменшікте  қайғы жемек.

Абай

 

Әңгімеге себеп - түнеукүнгі мақала иесі Ермек Тұрсынов. Ермектің сөзі, қылығы, нанымы кәдімгі Абай айтқан өрмек. Яғни, себеп емес, нәтиже!

Мақала ызбарлы жазылған. Астарында бір сұмдық асқақтық, биіктен сөйлеген менсінбеушілік, өзін бекзат танытқысы келген тыраш-тәкәппарлық бар. Әмбе бүкіл қазаққа өкпелі (сонша өкпелейтіндей қазаққа несі өткенін? Алаштың қызын жәлеп, ұлын ұятсыз, ұлтты имансыз көрсеткенін бұлдайтын секілді). Мақаланың өне бойында, «сен кімсің, ал мен  болсам ...» деген ызғар есіп тұр. Тағы бір қызығы, өз ойында әжептәуір келелі дүние тудырған «классиктігіне» бұл бейбақтың зәредей күмәні жоқ. Өзі жайлы пікірі өте жоғары. Ең қиыны да осы болып тұр. Жамыраса мақтаған айтақшысы бар, жарамсағы бар, құлы бар, құтаны бар, наданы бар, арамы бар, жаппай либерал, демократ боп көрінгісі келген толерант-қауым құқ деуге жарамадық. Масқара болғанда Өрмегіміз нанып қалғанға ұқсайды. Құқ демек түгілі әлгі неменің айтпағын сорғалатып тұрып, әдемі тілмен біреу қазақшалап беріпті. Сексенінші жылдардың соңында «Евангелиені» аударған тәржімашының тап өзі ме деп қалдым. Тілі де, ділі сондай екен.

Қазақтың келінінің сәукелесін кейіпкеріне кигізіп тұрып, киномның қазаққа қатысы жоқ деп тана салатын Өрмекжан мақаланы өзім жаздым деп шаттануы мүмкін екен-ау. Оны да анықтаудың жарасы жеңіл. Жалпы анықтайтын дүние көп болып тұр.

 

*          *             *

«Барша өнердің ішіндегі ең маңыздысы - кино»,

Ленин.

«Ел болам десең, экраныңды түзе»

Смағұл Елубаев.

 

Осы қағидаттарды достан бұрын жау ескергені өкінішті-ақ. Біз ел боламыз деп жырғалып жүргенде, ел қылмаудың қамына қаймана жұрт құлшына кірісіп кетті. Ең әуелі ол мұндарлар арсыздыққа елдің көзін бірте-бірте үйретіп алды.

«Ақсуат», «Қыз жылаған» т.б. фильмдерімен ұлт тамырын басып көрді. Басында тіксінгенмен, кейін еті үйрене бастады, сосын селт етуді қойды, сосын, әйда, сүркілдет! Нағыз сорақының басы «Бораттан» басталды. Бірен-саран ұлт зиялыларының күңк-күңк ете қалғаны болмаса, қазақ байғұс қайрат қып жарытпады. Сосын тоғанның аузы ашылғандай «Қарой», «Тюльпан», «Кішкентай адам», «Келін», «Әке қорлығы», «Қайрат чемпион» т.б. шығып,  ұлт руханиятының төбесінен төмен қарай нәжіс құйды.

Жаман киноның екі түрі болады. Біреуі атыс-шабыс, зорлық-зомбылық, кісі өлтіру секілді қатыгездіктерді көрсету арқылы қанішерлікке етті үйретуге бағытталады. Екіншісі, жалаңаш-жалпы, ашық-тесік, ыңырсу-қыңсылау секілді арсыздықты жалаулату арқылы адамның, әсіресе, жас ұрпақтың хайуани инстинктілерін оятып, қоғамда зинақорлықтың салтанат құруына бағытталмақ.

Қазақы көрерменге екінші бағыт таңдалыпты. Бірінші бағыттағы зорлық-зомбылығы көп киноны емес. Ондайын көбірек шығарса кім біледі, генетикалық жадындағы жаугершілік рухын, агрессиясын оятып алып ие бола алмай қаламыз ба деп қауіп алса керек. Жұдырықтасудан миллиард жарым қытайдан, миллиардтан астам үндіден шықпаған олимпиада чемпионы ат төбеліндей болса да қазақтан қайта-қайта шығады. Қуаты ерен, қаны сапалы, жілік майы бүтін ел, бұл - қазақ! Бұл немелерді аздырып, азғындатып, тілінен, дінінен бездіріп барып мәңгүрт, милау қылып, сідігін басына шаптырып, қызын арсыз, ұлын ұятсыз етіп бірдеңе істемесең, бетпе-бет қасарысуға қолайсыздау қайсар жұрт. Қазақтың осындай екенін сырт ел, сыйлық үлестіргіш жұрт өте жақсы біледі. Сондықтан сорақылық пен арсыздыққа бейім дүниеге басымдылық беріп, азғынды арқадан қақпақ. Біздің «сабаздар» соған мәз.

 

*                    *                    *

 

Надан қуанар, арсаңдар,

Таңырқап тұра қалсаңдар.

Татымды ештеме болмас,

Адамсып босқа талтаңдар.

Абай.

Әй, Өрмек! Сен өтірік айттың, жала жаптың қазаққа! Сен тарихшыл болсаң, «тұлпарына доңыздың басқан шөбін жегізбеген» кірпияз, азаттық жолында аттан түспеген асқақ Кенесары жайлы неге түсірмейсің?! Кір-қоқыстың арасында ыңырсыған жәлләптан басқа тақырып таусылып қалып па?

Киносының арқасында еуропалықтардың атасы викинглер жайында қалыптасқан пікір қандай? Олар - баһадүр, олар - қайсар, олар - парасатты! Ал өлген ата-анасын жіліктеп бөліп, қазанға асып балаларының жеп алатыны жайында түртінектеп оқыған бірен-саран адам болмаса кім біледі! Еуропалық режиссерлер соны білмей қалды дейсің бе? Біледі. Сенен артық білетіні айдан анық, Өрмек. Бірақ ұлтымен санасады. Көкірегінде намыс, жүректе ар бар.

Киносымағыңдағы жас кейіпкерге ешкіні «істетіп» қойыпсың. «Іріген ауыздан шіреген сөз шығады». «Сілімтік сүмелектің сілекейі сідік татыр» деуі де осындайдан-ау. Қазақ бейшара намыстанып еді. «Кино қазаққа қатысы жоқ» деп жалтарыпсың. Тағы да өтірік. Ендеше, ана сәукеле, ана бір көріністі неге бүгінгі қазақтан алғансың?!

Әй, Өрмек! Сен үшін «нормальный» шығар. Бірақ есі дұрыс текті қазақ үшін «ойнастан туған шата болудан» асқан қорлық жоқ. Қазақ түгіл мұсылман емес елдер де «внебрачный ребенокты» қадірлемейді. Қазақ қызын қорлаған киносымағыңды «қазақ қыздарына арнаған гимнім» депсің. Сарымайдан дәметкен кеудең құрсын, Өрмек! Гимн қайда, сен қайда!

Есіңде болсың, Өрмек! Қазақ әркімнің астында жатқан жәллепті жалаулатпаған. Абайдың әкесі Құнанбай қажы келіні мен атасы ойнас жасағаны үшін (Шәкәрім жазған Қодар мен Қамқа жайындағы нақты тарихи дерек) не істегенің білесің бе? Білмейсің, Өрмек! Сенде ондай өре жоқ! Ендеше біл! Түйеге асып, таудан тастап, тасборан жасатқан. Зинақорға қазақ үкімі осы!

ХХ ғасырда асфальтта өскен имансыз мұндардан гөрі, ХІХ ғасырда құнарлы Шыңғыста туған Құнекеңнің, қазақтың тамырына әлдеқайда жақын екендігін түсіндіріп жату керек те емес шығар.

Енді бір көрінісіңде өлген адамды құзғынға жегізіпсің. Бұның да кезекті жала, шіп-шикі өтірік. Исламға дейін арабтардың тұңғыш қызын тірідей көмгені бар. Бірақ қай араб елі қызын тірідей көмгені жайлы тарихи фильм жасапты.

Өрмек! Біл! Араб жазирасынан бастау алған Ислам кәусары түркі дүниесіне бет алды. Мұсылман болған түркі балаларының бәрі іргелі ел, берік мемлекетке айналды. Түрігің Осман империясы болып алты ғасыр айбынын адамзаттан асырғанын біл. Түркіменнің төрі өзінде, тілі аман дербес ел, Әзірбайжанның - әне, өзбегің өрге беттеді, қырғызың қалысар емес, татардың тартысудан тартынған кезі жоқ. Аллаға шүкір, біз қазақ та ешкімнен қалыспай замана көшіндеміз! Ал Ислам жетпей, мақұрым қалған тамыры бір қандастармыз не болды, Өрмек! Не болды?! Айтшы! Сен ұлықтаған шамандықта шырмалған алтай, хакас, тыва, шор, сахалар қазір қандай ел?! Өрмегі - Олег, Ермегі - Евгений, Бекболаты - Борис, Нұрланы -Николай, Алданы - Алексей болды. Үйіне келген құдайы қонақтың астына адал жарын салып берді. Отарлық саясаттың бір қаққанынан қалды ма? Аты-заты өзгеріп, жаппай араққа салынып, дәстүрі, салты быт-шыт болып, тілінен айрылып, құрдымға беттеді. Сен бұны білесің, Өрмек! Сенің ұмайшылдығыңның астарында алашқа жаулық, қазаққа қастандық жатыр. Саған сыртқа жақсаң болды, қазақпен санасқың жоқ. Сыртқы жаудың айтағы алаштан абзал болды саған. Сені айдап салушылар, сырттың «сыйлық бергіштері» біледі, түгін тартсаң майы аққан қазыналы Қазақияның тарихи иесі қазақ екендігін. Тастүйін жұрт, тіліне, дініне берік ел берекесін қашырмайтынын да біледі сыйлық бергіш сырт ел! Мұнайына мұқият, теміріне тиянақты ел албаты алдырмайтынын біледі олар. Қазақияның қазынасына қол салып, үлес қармаудың жолы - іргесін сөгу! Іргесін сөгу үшін - рухын жаншы. Рухын жаншу үшін иманын ал. Иманы кеткеннің жиғаны кетеді. Жиғанынды талан-таражға салған кезде берген «Оскар» сыйлығынан он миллион есе, Канн сыйлығынан квадратиллион есе боп салған қаражаты қайтатынын біледі. Сол жолда сыртқы ел өзің секілді «сырттандарды» табады. Көп етіп табады. Неше ғасыр құлдықта жаншылған жұртта құлдық сана салтанат құратынын біледі. Тілі мен дінінен жерігендерге жел беріп желіктіріп қояды.

 

*                    *                    *

«Алашқа іші жау боп, сырты күлмек».

Абай

Басқыншы жұрт Кенесарының заманында Қоңырқұлжаны тапқан. Исатай мен Махамбетке Баймағамбет пен Ықыласты сайлаған. Сырым заманында Нұралылар табылған. Ахметтерге Әлібилерді салған. Желтоқсан оқиғасынан соң Есілбаевтарды атқа қондырған. Тоқсаныншы жылдардың басында Бутя-Сутя сынды младотюрктерге қазақстандық ұлт деген бәлені бастатқан. Сосын Масановтар ойқастаған. Тілге қарсы Қанағат Жүкешевтер, дінге қарсы Досым Омаров секілділер, кино саласында бүгінде Өрмектер өрнек салуда.

 

*                    *                    *

Жаһандану аждаһасы алаш даласына келгелі біраз болды. Өмірдің барлық саласына азуын салды. Бір жұпыны ғана мысал, бүгінде спорттың жекпе-жек түрінен әлемдік жарыстарға қыздар командасын апармаған елдің дәрежесін жермен-жексен ететін болды. Сонымен талшыбықтай нәзік жанды аруларымыз әлемдік додада алысып-жұлысып, тұмсықтары бұзылып, тепкілесіп, кескілесіп жатыр. Тура сол секілді әлемдік кинофестивальдарға апарған киноңыздың сюжетінде арсыздық көріністері болмаса, қадірлі қонағыңа қазысыз табақ тартқандайсыз.

 

*                    *                    *

Күнде жақсы бола ма,

Бір қылығы жаққанға?

Оқалы тон тола ма,

Ар-ұятын сатқанға.

Абай

 

Ындыны кепкен құл-қауым сырттың марапатына емешесі үзіліп өлетін. «Оскар» алсақ - ақ түйенің қарны жарылған қуаныш деп салды тағы біреуісі. Бұл кино сыйлық алады. Әрине, бұратана елдің баласына бас сыйлық жоқ. Сыралғы жұртты сылқ еткізер мыңға берген бір жылтыр қағазды қолына ұстатар. Өкініштісі, біз бейбақты бұқтыруға сол да жетіп жатыр.

 

*                    *                    *

 

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек.

Абай

 

Әнеукүні теледидардан көзіміз шалып қалыпты. Шетелдік шоу- телебағдарлама жүріп жатыр. Шоу жүргізушісі залда отырған көпшілік әйелдерге сауал тастады. «У кого есть мужчина жигало по вызову?» (Кімнің жалдамалы ойнасы бар?) деп. Масқара болғанда арасында бар дегендері табылды (бәлки, дайындап қойғандары болуы керек). Ал «менде ондай жоқ» дегендеріне  «Вы - ненормальная, вы - фригидная, вы - отсталая женщина» деп жүргізушінің жатып кеп шүйлігіп, кейімесі бар ма? Әлгі жерде ұяты бар әйелдер пұшайман болды. Ал ойнас иемденген зинақорлары заманауи (современный), озыңқы (цивильный) танылып, мерейі үстем болып бір көтеріліп қалды. Бұл жәйтке қазір сіз де жағаңызды ұстап түршігесіз. Ол -заңды. Осындай сұмдықтың шайтан-жәшіктен уағызын күнде тыңдай берсеңіз, біраздан соң қалыпты жағдай ретінде қабылдайтыныңызға күмәніңіз болмасын. Әрі беріден соң жаһандану заманындағы әлемдік руханият майданындағы ахуал осы, ағайын. Біздің Өрмек осындай майданның сарбаздарының бірі.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисі бар. «Ақырзаманның бір белгісі -әділетсіздік нормаға айналып, зинақорлық жаппай етек алады».

Осындай арсыздықпен арпалыста аят пен хадисті көлденең тартқанның еншісіне тиетін атау - исламист, қала берді - террорист. Отызыншы жылдардағы ұлт үшін күрескендерді «халық жауы» деген. Сәкен, Ілияс, Тұрарлар жапонның жансызы, Ахмет, Міржақыптарды ағылшынның шпионы деген жаламен жусатып салған. Бүгінде халық жауы жай дүние. Қазір исламист адамзатқа жау, әлемге - қауіпті.

 

*                    *                    *

 

Қазақияның суын ішіп, дәмін татып, біздің елде атын жайған бауырлас жұрттан шыққан бір атақты қарындастан сұхбат алып отырған аңқылдаған байғұс қандасым:

-         Сіз - сондай әдемісіз. Қазақ емессіз бе? (Вы очень симпатичная. Вы не

казашка?) - дегенінде, әлгі қыздың:

-         Упаси Аллах! (Алла сақтасын!) - деп ыршып түспесі бар ма? Уақыт

өте онысынан танды. Оған да шүкір. Бірақ факт сақтаулы. Көңілде терең сызат, сұмдық өкпе қалды. Себебін іздедім. Түсінуге тырыстым. О заманда бұ заман, унитарлық мемлекеттегі титулды ұлттың өкілі болу қашан ар болып еді? Әлгі қарындастың сонша ыршығаны несі? Кейінгі жылдардағы ұлт жайлы жазған мақалалар, кинолар легін сараптай келе түсінікті болды. Жас қызға бекер өкпелеппін.

Өзін толерантты, мәдениетті, озыңқы (цивильный), түсінігі кең,

заманауи (современный) көрсеткісі келген намысы кем мәңгүрт-қандас

әлгі «Келін» секілді сорақылыққа наразылық танытпақ түгілі айтаққа еріп

мақтауға бейім. Алайда «Келіндегі» бас кейіпкердің орнында әйелі,

қарындасы, қызы, я өз келіні болғанын қалар ма еді? Әрине, қаламайды! Егер намыс деген ұғымның иісі болса, көкірегінде! Аңыз негізіндегі бейнебір тарихи форматта түсірілген киноның айтайын дегені - «ей, қазақтар, сендер әлгіндегідей жәллептен тарағансыңдар. Әкең - белгісіз. Көрінген ит сарып кететін аналарың анау!» Менің кинодан түсінгенім сол! Әрине, осыдан соң кімнің қазақ болғысы келеді дейсің. Онсыз да тілі мен дінінен мақұрым қалт-құлт етіп қалай бұрылып, қайда безерін білмей тұрған дүбәра ұрпақтың қазақ емес қазақстандық ұлт бола салуы сосын оп-оңай!

*                    *                    *

Ер Науан (Кенесарының інісі Наурызбай батыр) жау қолына түскенде қанының сапасын, ұрығының асылдығын білетін дұшпан небір сұлуларын көзінен тізіп әкеліп, қойнына салмақ болады. Қуатты да жас батыр пысқырып та қарамайды. Жарамағандығынан емес, нәпсіге берік, намысына иелігінен! Ертең өз еліне шабатын ұрпақ қалдырмау үшін. Әйтпесе, Наурызбайда мың Өрмек, миллион қызтекенің күші бары белгілі ғой! Міне, кино! Міне ұлықтайтын деталь! Бірақ оны білетін Өрмек қайда!

 

 

*                    *                    *

«Кәрі түйе құтырса жұт болады»

Халық мақалы.

 

Керемет әнші әпкеміздің анасы жат дінге өтіп кетіп, сол сектаның сойылын соғып жүргеніне таңқала қиналушы ем. Табылмаған кейбір жұмбақтың түйіні уақыт өте келе өзінен өзі шешіледі.  Жақында кезекті жантүршігерлік кино шықты («Қайрат - чемпион»). Сол кинода тайрандап әлгі әпкеміз жүр. Рөлі сондай жағымсыз. Қайтесіз енді. Бір кезде патриоттық әндерін салғанда елді тамсантқан өнерпаз еді. Дін сатылған жерде, адамның азғын кейіпке түсе салуы қасқағым сәт екен ғой!

 

*                    *                    *

 

Құр айғай, бақырған құлаққа ән бе екен,

Өнерсіз шатылған кісіге сән бе екен.

Абай

 

Әй, кино түсіргіштер, мысалды өнерден келтірейін. Консерваторияда сабақ бергенім бар еді әннен. Сонда табиғатынан дауыс бояуы солғын, тынысы тар, кенеуі кем балалар келетін. Түскісі келеді-ақ байғұстың, амал не - түк жоқ. Аяйсың. Құдай бермегенді пенде беруші ме еді? Дәрмені болмаған соң әлгі жазған назар аудармаққа көзі бадырайып, тамыры адырайып, айдары қалшылдап, тізесі дірілдеп, балапан әтеш құсап дарылдап бағады. Сөйтеді де ешкімге зияны тиместен ауылына қайтады. Сол секілді не болды сендерге? Әне бір режиссер әйел туғалы жатқан әйелді зорлатады, анасын тұншықтыртып өлтіртеді. Әне біреуісі кіш еткен балаға пленканы қор қылған. Туған қызын зорлаған әкені түсіргеннің есінің дұрыстығына күмәнім бар. Құзғын, қодас, ешкімен ерекшеленемін деп Өрмек байғұс жүр. Назар тарту үшін соншама төмендеп, арларыңды сатып, не көрінді бейбақтар-ау? Іштеріңдегі дүние сол ма? «Қазанда не болса шөмішке сол ілінеді» деуші еді. Кекілі дірілдеп ән салған талапкер еске түседі. Дарын - жоқ. Ал назарға іліктіңдер. Жер өртеп шығарған аттың несі мұрат?!

Жезтаңдай ән салғанда, жүзі нұрланып, тыңдаушысының жанын ләззатқа бөлейді. Маржандай тісінің арасы ашылғанда сұлу үн өзі төгіледі. Мұны қазақ дарын дейді. Дарынсыз байғұс дәрменсіз келеді. Дәмесі зоры -мүсіркеуге ғана лайық.

 

 

*                 *                 *

Ақсақал айтты бай айтты

Кім болса мейлі сол айтты.

Ақыл сенбей сенбеңіз,

Аят, хадис емес қой

Күпір болдым демес қой.

Қанша қарсы келсеңіз,

Надандарға бой берме

Шын сөзбенен өлсеңіз.

Абай.

 

Өрмек-шаман көп құдайшылмын деп жар салады. «Менің құдайым - әйел» деп екіленеді байғұс. Келесі құдайы - Ұмай, сосын шетелдіктердің пікірі. «Джипке» мінген қазаққа қырбай, коттеджбен де арасы нашар. «Подкаблучник» еркекті құрметтейді екен (өз сөзі). Өрмек - селекционер. Оның киносындағы сәбиде үш еркектің қаны бар. Ал керек болса!  Македонскийдің әскері бір отар ешкімен ойнас болғандығы - кинодағы ешкі көрініске себеп болған көрінеді. Рухқа бас игіш мүшрік-Өрмек өмірден өткен әйгілі актер Әнуар Молдабековке сұмдық жиіркенішті ғайбат айтқан. Куәға Құман Тастанбековті тартады. Мына Өрмек ешкі деген сұмдыққа қалдырды! Өзі козел (орыс тілділігін айтқаным) болған соң, елдің бәрін теке еткісі келген. Мастурбация деген бірдеңесін және ақтайды. Не деген көргенсіздік! Тексіздіктің шыңы. Неткен ластық! Франциялық Катрин Денев киносымағын мақтапты. «Таймс» журналында америкалық Джей Кокс деген біреу көріп, есі кетіпті. Голливудтық басылымда тәнті боп таңырқап жатқан көрінеді. Құлды қожаның бәрекелдісі өлтіреді. Кино түкке тұрғысыз екені бесенеден белгілі. Неге осынша мақтайды деп ойланбайды екен-ау? Міне, құлдық сананың айқын көрінісі осы!

Құлдық сана сондай қиын нәрсе, суреттеп болмайды. Құл әр қадамын қожаның назарына лайықтап басады. Қожаның көңілін тануда құлдай сұңғыла ешкім жоқ. Қожа арқасынан қақса, құл тұрғыласына қоқиланып сұмдық қылады. Құл үшін қожасынан алған төрт тиын, тұрғыласынан алған төрт түйеден қымбат. Қожа құлының қалтқысыз қызметін ескеріп, жанынына жақындатып, сәл-пәл жамбасын төрге иіскеттірсе болды (Парижге, Нью-Йорк, Мәскеуге шақырып) құлда ес қалмайды. Бақыттан басы айналады.  Ондай жерде құлдың өңі биязы, жүні жығылыңқы, жымып басып, жымиып жүреді. Өз тұрғыласына көрсететін ызбардың ізі де жоқ жүзінде.

Басқыншы  жұрт өр келеді. Бұратана елдің төменшік һәм бұйығыңқы болғанын қалайды. Жеңімпаз жұрт шамшыл һәм асқақ келеді. Азаттық әніңнің асқақ шыққаны оның жүйкесіне тиеді. Орнын көрсетіп аптығын басудың амалын іздейді. «Борат» - сол амалдың басы.

 

*                    *                    *

«Мен жастарға сенемін...»  Мағжан

Ей, Жас қазақ!

Ағымнан жарылайын. Қоңырайып жүрген едік. Жасыратыны жоқ, қорланып, жасып жүрген едік. Күдері бау шаштай болып үзілуге шақ қалған еді. Серпіліп қалдық. Сергігендейміз. Бар екен. Ең қуаныштысы жастар екен! Тәубе! Намыс деген ұғым нан табудың тасасында қалды-ау деп қамығып жүргенде жарқ еткендерің жанымызға қандай сәуле құйғанын білесіңдер ме, жас қырандарым! Амандықтарыңа тілектеспін, алдаспандарым! Алты басты албастыға ақыра ұмтылған, албырттарым! Алдарыңда үлкен сын барын бағамдап алғайсыңдар. Алашқа жаулардың аяр келетінін білгейсіңдер. Әмбе аямайды. Әуелі жасытқысы келеді. Жасымай қойсаң, іші өртеніп жатса да, елемеген сыңай көрсетеді. Ең соңында есалаң етіп көрсетіп, делқұлы екендігіңе өзге түгілі өзіңді нандырып қоюы мүмкін. Рас олардың арқасүйері алыста болғанымен асқақ. Алайда, иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар деген қазақ. Біз ешкімнің қазанына қасық, қамбасына күрек салғанымыз жоқ. Бар болғаны тапталған намыс, қорланған тарихқа ара түстік. Ендеше біздікі оң! Сіздер ақсыздар! Аққа құдай жақ!

 

P.S. «Борсық ұрған сайын семіреді». «Өрмек - сұңғыла» ұлтқа ұнамаған сайын сыртқа ұнай түсетінін, діні мен тілін қорлай түссе, сырттағы қолпашы қоқырая түсетінін жақсы біледі. Сондықтан сөзім Өрмекке емес! Момын Алашым, намысың оянсын ӨЗІҢЕ арналады!

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383