Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 5323 0 пікір 21 Желтоқсан, 2009 сағат 11:39

Мұхтар ШАХАНОВ. ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВҚА АШЫҚ ХАТ

Жуырда Нұрлан Оразалин басқаратын «Қазақ әдебиеті» газетінің №52-ші санында әдебиетіміздің белгілі тұлғаларының бірі, енді үш жылдан кейін 90-ның тұғырына қонғандардың қатарын толықтыратын қадірменді қариямыз Әзілхан Нұршайықовтың «Мұхтар Шахановқа хат» атты мақаласы жарияланыпты.

Әдебиетіміздің ақсақалы хатында менің 1986 жылғы Желтоқсан шындығын ашуда және қазақ тіліне «мемлекеттік тіл» дәрежесі берілу тұсында жасаған істеріме жоғары баға бере келіп: «Ел үшін, халық үшін ымырасыз әрекетке барып, жалаңтөстік таныту - ердің ерінің ғана қолынан келетін батырлық екенін білеміз», - деп мадақтайды.

Жоқ Әзеке, мен ешқандай ерлік, батырлық жасаған емеспін. Азаматтық борышымды, міндетімді атқаруға ғана талпындым. Менің орнымдағы кез-келген адам осындай мінез көрсетуге тиісті еді. Сондықтан да мен мемлекеттік деңгейдегі марапаттаулардың бәрінен жариялы түрде бас тарттым. Әйтпесе елге, ұлтқа деген адал пейіліңнің өзін арамдыққа бұрып жататын кейбіреулер «осы істердің бәрін Шаханов «халық қаһарманы», немесе «еңбек ері» атағын алу үшін жасады» деуі әбден мүмкін ғой.

Жуырда Нұрлан Оразалин басқаратын «Қазақ әдебиеті» газетінің №52-ші санында әдебиетіміздің белгілі тұлғаларының бірі, енді үш жылдан кейін 90-ның тұғырына қонғандардың қатарын толықтыратын қадірменді қариямыз Әзілхан Нұршайықовтың «Мұхтар Шахановқа хат» атты мақаласы жарияланыпты.

Әдебиетіміздің ақсақалы хатында менің 1986 жылғы Желтоқсан шындығын ашуда және қазақ тіліне «мемлекеттік тіл» дәрежесі берілу тұсында жасаған істеріме жоғары баға бере келіп: «Ел үшін, халық үшін ымырасыз әрекетке барып, жалаңтөстік таныту - ердің ерінің ғана қолынан келетін батырлық екенін білеміз», - деп мадақтайды.

Жоқ Әзеке, мен ешқандай ерлік, батырлық жасаған емеспін. Азаматтық борышымды, міндетімді атқаруға ғана талпындым. Менің орнымдағы кез-келген адам осындай мінез көрсетуге тиісті еді. Сондықтан да мен мемлекеттік деңгейдегі марапаттаулардың бәрінен жариялы түрде бас тарттым. Әйтпесе елге, ұлтқа деген адал пейіліңнің өзін арамдыққа бұрып жататын кейбіреулер «осы істердің бәрін Шаханов «халық қаһарманы», немесе «еңбек ері» атағын алу үшін жасады» деуі әбден мүмкін ғой.

Жақында теледидардан Мемлекеттік марапат алып жатқандарды және сол оқиғаның алдында ғана әдебиетіміздің классиктері арасынан суырыла шығып, билікті көзсіз мадақтаудағы сан жылдық ерен еңбегі үшін, көзіне жас ала тұрып, көсемнің қолын сүю бақытына ие болған бір ағамызға қарап, өзімнің әлгі топтан әлдеқайда тәуелсіз, әлдеқайда шыншыл, биліктің туфлиін мұртымен шөткелеуге бейім пенделіктен мүлде ада, өзгеше сезімнің, өзгеше бақыттың адамы екенімді сезіндім.

Әрине, мен әдебиет, өнер қайраткерлері арасында әзірге өзім ғана ұстанған бұл бағытты ешкімге таңбаймын. Биліктің ерекше дараланған адамдарды марапаттап отыруы қажеттігін де жоққа шығармаймын. Бірақ биліктің қолдауымен, еліміздің бір кезгі ортақ байлығын туған әкесінің мүлкіндей иеленуге мүмкіндік алған, кез-келген заңдастырылған алаяқ ұрының кем дегенде екі орден, үш медалі бар екенін, солардың қатарында жүргім келмейтінін, бұл саладағы әділеттіліктің тым әлсіреп кеткеніне қарсы екенімді ғана ұғындырдым...

Әзілхан аға маған жолдаған хатында былай дейді:

«Ал аяқ астынан елді елеңдетіп, қоғамды дүрліктірген «Қазақстанның ел бірлігі» доктринасының жобасы әңгіме арқауына айналғаннан бері, сенің нілдей бұзылғаныңа алаңдай бастағанымыз жасырын емес. Біріншіден, «Ел бірлігі» деген ұғымның соншалықты оғаш көретіндей не әбестігі бар еді?»

Әзеке, Сіз «Ел бірлігі» доктринасының «американдық ұлттан» бастау алатынын білмейтін бе едіңіз? Әлде білсеңіз де билікке шексіз сенгендіктен біздің пікірімізбен санасқыңыз келмей тұр ма? Рас, «Ел бірлігі» доктринасында жұртты шатастыру мақсатында «американдық ұлт» пен «қазақстандық ұлт» тіркестері алынып тасталған. Кейбір депутаттар: «Ел бірлігі» доктринасында «қазақстандық ұлт» деген атымен жоқ. Белгілі бір топтар маңызды құжатқа жала жабуда» деді беттері бүлк етпестен. Халықты көзін бақырайтып қойып алдауға көшкен кім сонда? «Ел бірлігінің» басты мақсаты көп ұлттан бір ұлт жасау екендігі айдан анық. Сондықтан онда жазылған «Мемлекеттік тілді және өзге ұлт өкілдерінің тілін дамытамыз» дегеннің бәрі бос сөз, жұртты алдарқату үшін енгізілгенін талай рет айттық. Өйткені тілдерді дамытуға «американдық ұлттың» табиғаты мүлде жібермейді. Бұл туралы Елбасы «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс өткен ХІ съезінің баспасөз мәслихатында тайға таңба басқандай былай деп шегелеп айтты:

«...мы идем к самоидентификации - быть единым народом Казахстана. Вот, например, американцы состоят из сотни народов и наций, но называются американцами. Никто там не называет друг друга китайцем или корейцем. А твоя нацилональность - это твое дело... И это правильно. Потому что одна страна должна жить одним народом».

Бұл аз десеңіз сол «Ел бірлігі» доктринасының талқылауға ұсынылған нұсқасында: «Этностық емес, азаматтық қауымдастық құруға бағытталған бастапқы таңдау - келісім мен тұрақтылықтың іргетасы болып қаланады. Этностық ерекшелігіне қарамастан елдегі барлық азаматтардың мүдделерін тоғыстыру ең дұрыс жол екенін уақыт көрсетіп берді» делінген.

Сіз тағы да былай депсіз: «Аттан!», «Аттан!» деп айғай көтермей-ақ, доктрина жобасын жасаушыларды келелі диалогқа шақыруға сенің беделің де, парасатың да, азаматтық ерік-жігерің де жетеді. Іргеміз бекіп, ел болып санатқа толық ілігіп келе жатқан шақта іргеден су жіберуге ұқсайтын мына мінезің көңілімізге сыймай тұр, Мұхтар-жан! Қара қылды қақ жарып әділетін айтатын болмысыңды білсек те, аяқ астынан ахуал туындатып, елді екіұдай халге түсіргеніңді құптамаймын, қалқам!..

Қазір елді беталды әбігерге салудың жөні де, жосығы да жоқ. Сондықтан аштық жариялап, ата-бабамыздың қанында жоқ салттан бойымызды аулақ ұстайық. «Құл қашамын деп қорқытады» дегендей, мұның не, шырағым-ау?»

Егер біз айқай көтеріп, аштық жариялауға бел бумағанымызда бұл доктрина Тәуелсіздік күніне дейін, немесе осы жылдың аяғына дейін қабылданып кетер еді. Өйткені Президент әкімшілігі басшыларының бірі Астанада өткен дөңгелек үстелде бұл құжаттың ЕҚЫҰ-ға үлгі ретінде ұсынылатынын сездірген болатын. Құжат қабылданып кеткенде «мен - қазақпын», «мен - орыспын», «мен - украинмын», «мен - ұйғырмын» деп айта алмайтын, айтсақ жауапқа тартылатын жағдайға душар болар едік.

Тәуелсіздік туын көтерген - 16 желтоқсан күнгі сағат 10-ға дейін республика бойынша бізбен бірге аштық жариялаушылардың тізімі 3 мыңнан асып жығылды. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан Б.Сәдуұлы басқаратын «Желтоқсан ақиқаты», Б.Иманқожа басқаратын «Желтоқсан рухы» қоғамдық бірлестіктерімен бірге халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың анасы Дәмеш апай мен Желтоқсан құрбаны Ләззат Асанованың анасы Алтынай Асанова, елімізге белгілі Тұрсынбек Кәкішев, Мекемтас Мырзахметов, Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков, Софы Сматаев, Мақпал Жүнісова, Төлен Әбдік, Ғаббас Қабыш, Бейбіт Қойшыбай, Советхан Ғаббасов, Қазыбек Иса, Нұрғали Нүсіпжанов, Болат Атабаев, Мереке Құлкенов, Қаржаубай Сартқожа, Бақытжан Тобаяқов, Ислам Жеменей, Сахан Әкелей, Серік Тұрғынбеков, Айдос Сарым, Хайролла Ғабжалилов, Өмірзақ Ақжігіт, Арман Қалиев, Аманхан Әлім, Әшірбек Сығай, Аманғазы Кәріпжантегі, Зәкір Асабаев, Ұлықпан Жолдасов, Еркін Рақышев, Сәкен Майғазиев, Саят Медеуов, Уәлибек Әбдірайымов, Бекжан Тұрыс, Бейбіт Қорған және басқалар бастаған ғалымдар, жазушылар, әртістер, әншілер тобы егер билік өзіне қойылған талапты орындауға уәде бермесе бізбен бірге аштық жариялауға отыратынын мәлімдеді.

«Ел бірлігі» доктринасы арқылы жұрт күтпеген тұстан қазақтың ұлттық мүддесінің қыспаққа түсуі кеудесінде оты сөнбеген әр қазақтың намысын оятты деп айтуға толық негіз бар. Бұл - 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін ұзақ жылдар бойынша қалғып кеткен ұлттық намыстың қайтадан бас көтеруі екені даусыз. Тіпті біздің билікпен келісімге келіп, республика халқына тоқтау айтқан сөзімізден кейін де еліміздің түпкір-түкпірінен жолданған хаттар, соғылған телефон қоңыраулары, Атыраудан, Шымкенттен, Қызылордадан, Павлодардан, Ақтөбеден, Жаңаөзеннен, Тараздан, Өскеменнен Алматыға ұлтжанды азаматтардың ұйымдасқан түрде топ-топ боп жиналуы осының айғағы. Билік үшін бұл күтпеген жағдай еді. Олар бүкіл халықтың Желтоқсан көтерілісі кезіндегідей бірлесіп көтеріліп кетуінен қауіптенді. Әйтпесе біздің қойған талаптарымызға және аштық жариялаушылардың атақ-абыройына биліктің пысқырмауы да әбден мүмкін еді. Билік сөзсіз қалың қауымның ояна бастаған ашу-ызасынан қаймықты.

Республика бойынша барлық жоғарғы және арнаулы оқу орындарына, мектептерге, мекемелерге Білім, ғылым министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Қауіпсіздік комитеті және жергілікті әкімшілік тарапынан «арандатушылардың» ықпалына еріп алаңға шықпау қатаң тапсырылыпты. Тапсырманы орындамағандардың «Тасжарған» газетінде Павел Шульц жазғандай, тек оқудан, жұмыстан шығарылып қана қоймай 3 жылдан 5 жылға дейін жауапқа тартылатыны да ескертіліпті. Студенттердің көпшілігін 13-желтоқсаннан бастап үйіне қайтару қолға алынған. Ұлттық мүддеден қызметін биік қойған ректорлар, декандар, кафедра меңгерушілері, мектеп директорлары, мұғалімдер жас өскіндерді, өзге де әртүрлі мамандық иелерін алаңға жібермеуге жанталасып бақса керек. Бірақ билік бізбен келісімге келмегенде бұл істің аяғы үлкен дауға ұласып кетуі әбден мүмкін еді.

Біз билікке мынадай 9 талап қойдық:

1. Бастауын «американдық ұлттан» алатын, қазақ ұлтының мүддесін мансұқ ететін, Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынған «Ел бірлігі» доктринасын Алматы қаласында талқылау уақытша тоқтатылды. Республика көлемінде де осындай қадам жасауды талап етеміз;

2. Қордаланып қалған ұлттық мүдделердің шешімін табу мақсатында Президент Н.Назарбаевпен дербес кездесу мәселесін шешу;

3. «Қазақстандық ұлт» идеясына біржола нүкте қоятын, жаңа ұлттық доктрина жасау үшін үкіметтік, парламенттік және қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдері енгізілген арнайы комиссия құру қажет. Ал ұлттық мүддеге жанашырлықпен қарайтын азаматтардың, қоғамдық-саяси ұйымдар мен зиялы қауым өкілдерінің балама жобасы Қазақстандағы барлық ақпарат құралдарында жариялануы керек деп білеміз;

4. Желтоқсан көтерілісіне тарихи-саяси баға беру және көтеріліске қатысушылардың құқықтық мәртебесін шешу қарастырылуы керек;

5. Осы жылдың 4-желтоқсанында ҚазТАГ агенттігі таратқан мәлімет бойынша Қытай Халық Республикасына 1 миллион гектар жер беруіміз мүмкін деген әңгіме алға шықты. Біз бұған түбегейлі қарсымыз;

6. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына 20 жыл толса да, әлі күнге дейін мемлекеттік тіл туралы арнайы заң жоқ. Мемлекеттік тілге деген мұндай немқұрайдылықты бізден өзге бірде-бір өркениетті елден кездестіре алмайсыз. Сондықтан Қазақстан Парламенті «Мемлекеттік тіл туралы» заңды тез арада қабылдауы тиіс;

7. Мемлекеттік тілді дамытудың инновациялық-технологиялық орталығын құру және қолданбалы тілмен айналысатын арнайы институт ашу да аса қажетті іс. Себебі, ХХІ ғасырда қазақ тілін ғылым-білімнің, экономиканың, банк жүйесінің, салық саласының (т.б.) төл тіліне айналдыру кезек күттірмейтін мәселе. А.Байтұрсынұлы атындағы институт теориялық іргелі ғылыммен айналысудан аса алмай отыр. Мемлекеттік тілді барлық салаға бір жүйемен ендіру үшін онымен арнайы институт айналыспай болмайды;

8. Тәуелсіз ел атанғанымызға 18 жыл, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алғанына 20 жыл толса да мемлекеттік тілде 24 сағат хабар тарататын бір телеарнаның болмауы елдігімізге сын. Тіпті кейбір телеарналардағы қазақ тіліндегі хабарлардың көбі түн жарымына қарай ысырылған, немесе аударма ұзын-сонар кинофильмдер арқылы қазақ тіліне бөлінген уақыт есебінен толықтырылған. Бұл салада да егеменді мемлекеттің рухына сай жаңа көзқарас, жаңа өзгеріс қажет;

9. Бүгінгі таңда Қазақстанның ақпарат кеңістігін Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары он-он бес есе басымдықпен жаулап алғаны ешкімге құпия сыр емес. Кейде көкейде «Осы біз Қазақстанда тұрамыз ба, немесе Ресей Федерациясының қарамағына еніп кеттік пе?» деген сұрақ көлденеңдейді. Халыққа анда-санда елдегі шындықты айтып тұратын «31-телеарна» да Ресей алпауытына сатылып, егеменді ақпараттық тәуелсіздігімізге елеулі деңгейде көлеңке түсірді. Енді Қазақстанға келіп тарайтын мыңдаған Ресей басылымдарына қосылып, бұл арна да Ресей идеологиясын алға тарта бастады. Ақпараттық экспансияның салдарынан мемлекеттік тіл өрісі күрт құлдырады. Сондықтан Қазақстанның ақпарат кеңістігін басқа елдердің идеологиясын насихаттау мақсатында пайдалануға жол берілмесін.

Биліктің атынан Президент әкімшілігі басшысының орынбасары М.Әшімбаев мынадай жауап қайырды:

«1. Келісімге сәйкес, сіздердің ұсыныстарыңыз келгенге дейін «Ел бірлігі» доктринасының жобасын Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы тарапынан республика көлемінде талқылау тоқтатыла тұрады. Сіздер ұсыныстарыңызды келесі жылдың 20-қаңтарына дейін берерсіздер;

2. Сіздің өтінішіңізді Елбасына жеткізуге тырысамыз. Жалпы Елбасы Астана мен Алматы қалаларында жылына бірнеше мәрте шығармашыл зиялы қауымды, ғылым мен мәдениет өкілдерін қабылдап, өзекті проблемаларды талқылап, кездесіп тұрады. Сондықтан жұмыс кестесіне қарай Сізді жеке қабылдау мәселесін Президент өзі дербес шешеді;

3. Сіздердің ұсыныстарыңызды арнайы құрылған жұмыс тобында бірігіп қарап, ортақ шешімге келіп, бірлесіп жоба жасағанды қолдаймыз. Бұлайша ортақ мақсат үшін бірге жұмыс істегеніміз бәрімізге абырой болар еді;

4. Желтоқсан көтерілісіне тарихи-саяси баға беру және көтеріліске қатысушылардың құқықтық мәртебесін шешу ісін заң шығару органы - Парламент арқылы жүзеге асырудың мүмкіндігі бар. Ұсыныс-талаптарыңызды Парламент Мәжілісінің регламентін сақтай отырып, енгізулеріңізге болады.

Ұсыныстарыңыздың бір данасын Президент Әкімшілігіне де жіберіңіздер. Желтоқсан оқиғасының 25 жылдығына дайындық барысында біз де оны қарап, қолдануға тырысамыз;

5. Ел аумағының тұтастығы Конституциямызда нақты жазылған. 1 млн гектар жерді игерсек деген әңгіме ұсыныс қана. Ата-бабамыздың аманат еткен қазақтың жері басқа мемлекеттерге сатылмайды.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 23-бабында тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге және орман өсіруге арналған жер учаскелері шетел азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдік заңды тұлғалардың жеке меншігіне берілмейтіндігі нақты жазылған;

6. «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң қабылдау жайында ұсыныс біраздан бері көтеріліп жүр. Бастамашыл топ тарапынан әзірленген заң жобасы 2008 жылғы 23 маусымда Премьер-министр К.Қ.Мәсімовтың төрағалық етуімен өткізілген «Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі Комиссия» отырысында қаралған болатын.

Отырыстың хаттамасы бойынша заң жобасы Әділет министрлігіне ұсынылған еді.

Қазіргі кезде регламентке сәйкес бұл жобаға жан-жақты заңдық-нормалық сараптама жасалуда.

Бұларға қосымша тағы мынаны айтамыз.

Мемлекеттік тілдің сұраныс аясын мейлінше кеңейту мақсатында қазіргі қолданыстағы бірнеше заңдар мен нормативтік актілерді қайта қарап, мұқият сараптау жөніндегі жұмыстар жүргізуге тапсырма берілді.

Сондай-ақ, «Мемлекеттік тілді білу - қазақстандық әрбір азаматтың міндеті» деген тұжырымды іс жүзінде қалыптастыру үшін «ҚазТЕСТ» жүйесі жасалып жатыр. «Азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау технологиясы» атты мемлекеттік стандарттар бекітілмекші. Осы стандарттарға сәйкес, келешекте мемлекеттік қызметке келетін үміткерлерден мемлекеттік тілді білу талап етілетін болады.

Тілдерді дамытуға қатысты 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу барысында да мемлекеттік тілдің мәртебесі нақты ескерілетін болады;

7. Қазақ тіліндегі түрлі бағдарламаларды орналастыру, жүйелеу, дамыту ісі жаңа технологияларға сай ғылыми тұрғыда сарапталуы қажет.

Соған орай, мемлекеттік тіл саясатын қазіргі заман талабына сәйкес ғылыми сараптай алатын, әлеуметтік-лингвистикалық зерттеулермен айналысатын  Әлеуметтік-лингвистикалық ғылыми-зерттеу орталығын ашу жобаланып отыр.

Алдағы уақытта, осы бағытта тиянақты жұмыстар жүргізілетін болады;

8. Тәуелсіз елдің рухына сай жаңа көзқарас пен жаңа сипаттағы телебағдарламалар әзірлеу - күн тәртібінде тұрған мәселе.

Үстіміздегі жылдың 6-ақпанында Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар осыны көздейді. Яғни, мемлекеттік тілдегі хабардың үлес салмағы тәулік бойында (әрбір 6 сағат сайын) тең дәрежеде тараталып отыруы тиіс.

Сөйтіп, қазіргі таңда телевизиялық және радио бағдарламаларының мемлекеттік тілдегі апталық көлемі уақыты жағынан басқа тілдегі хабарлардың жиынтық көлемінен кем емес. Осыдан былай мемлекеттік тілдің аясын кеңейту мақсатында мемлекеттік тілдегі хабарлардың үлесін арттыруға барынша маңыз берілмек.

Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес БАҚ-тағы тілдік нормаларды сақтау жөніне тұрақты бақылау жүргізіп, тиісті шаралар қолданып отыру Мәдениет және ақпарат министрлігіне міндеттелді.

Елбасының тапсырмасымен Қазақстанда цифрлық телевидениеге көшу аясында тек мемлекеттік тілде хабар тарататын 3 телеарнаның тұжырымдамасы әзірленуде.

Олар ақпараттық-танымдық, әлеуметтік-мәдени, тарихи-патриоттық бағыттағы телеарналар болады деп отырмыз.

Арналардың біреуін - «Мәдениет», келесісін - оқу-ағартушылық бағыттағы «Зерде», ал бүлдіршіндерге арналғанын «Балауса» деп атаған жөн шығар.

Арналардың аттарына байланысты ойларыңызды айтып, олардың тұжырымдамасы туралы ұсыныстар жіберулеріңізге болады;

9. Мемлекетіміздің ақпараттық қауіпсіздігі жайында алаңдауыңыз өте орынды.

Бұл үшін ең алдымен өз еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының сапасын арттыруға ұмтылуымыз қажет. Олардың бәсекелестік қабілетін күшейту керек. Бұл проблеманы қазақ тілді БАҚ-тарға мемлекеттік тапсырысты көбейту арқылы шешуге болады.

Мәдениет және ақпарат министрлігі осы бағытта жұмыстар жасап жатыр. Олар қазақ тіліндегі бұқаралық ақпарат құралдарына берілетін мемлекеттік тапсырыс көлемін жыл сайын ұлғайтуда. Сондай-ақ қазақ тілінде шығарылатын кітаптарға да мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлінуде. Бұл жайында нақты деректерді осы министрлік беретін болады».

Биліктің уәде беруіне орай біз аштық жариялауды доғардық.

Ең бастысы «Американдық ұлт» негізінде құрылған, бүкіл халықтың талқылауға ұсынылған «Ел бірлігі» доктринасының уақытша тоқтатылуы және оған көп жылдан бергі жинақталған ұлттық мүдде төңірегіндегі проблемаларды енгізуге мүмкіндік алуымыз, Қытайға жер беруді тежеуіміз, мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылдауға, қазақ тілінде 3 телеарна ашуға биліктің уәде етуі аз жеңіс пе? Әрине, қазақтың ұлттық мүддесі дегенде нақ бір жылан көргендей жиырылатын биліктің бізді алдап, берген уәдесінен тайқып шығуы да әбден мүмкін. Сондықтан келісілген құжаттардағы елдік, ұлттық мүдделердің дұрыс шешім табуын саралап отыратын Рысбек Сәрсенбайұлы басқаратын аштық жариялау штабы өз жұмысын одан әрі жалғастыра беретін болады.

Соңғы күндері «Азаттық» радиосының сайтында және «Республика» газетінде мәселенің байыбына бара алмағандардың «Шаханов билікке сатылып кетіпті» деген байбаламы жүр.

Әрине, бұл базбіреулердің маған күйе жағу мақсатында ойлап тапқан айла-шарғысы. Құдайдан қорқу керек! Мен ешқашан ұлттық, елдік мүддені өзімнің жеке мүддеме айырбастаған жан емеспін. Маған сатылудан өлу - әлдеқайда жеңіл. Ескертетінім: бұдан былай өзіме негізсіз айып таққандарды сотқа беруге әзірмін. Осы жолы да рухани табиғатыма сенген адамдардың ешқайсысын жерге қаратпайтыным, екі жердегі екінің төрт болатынындай айқын!

17-желтоқсан күні Желтоқсан көтерілісі қанат жайған алаңда, жиналған үш жарым мыңдай халық алдында манадай ой айтып едім. Сол ойымды тағы да қайталағым келіп тұр.

Ұлтты сақтап қалу төңірегіндегі осы соңғы шайқас көп мәселенің бетін ашты. Қызметі мен жеке мүддесі үшін ұлтын қиналмай сатып кете алатын ел ағаларының, зиялыларының, ғалымдардың, әртістердің аз емес екендігі әйгіленді. Солардың бәріне өзгеше алғысымды білдіремін. Замандастарымыздың ұлттық мақсаттан ауытқуы мен сатқындығы қалың көпшіліктің ызасын келтіріп, оянуына себепкер болды. Сатқындықтың да ұлтты біріктіруге қызмет ететініне осы жолы тұңғыш рет көз жеткіздім.

Қадірлі Әзеке, маған арналған хатыңыздың соңында мен туралы түсіріліп жатқан деректі фильмге пікір білдіргеніңізді айта келіп: «Өз сөзімде мен сенің ресми атағы жоқ, ұлттық батыр екеніңді баяндадым. Ұлттың ұлы перзенттерінің бірі екеніңді атадым» депсіз.

Иә, түрік ағайындар шығарғалы жатқан деректі фильм туралы, сценарий авторы Б.Әбіштің өтінішіне орай өзіңізге жолыққан сәтімде әңгіме қозғағаным рас еді. Бірақ биліктегілердің көңілін табу мақсатында, ұлттық мүддеден оқ бойы ауытқып кеткеніңіз үшін мен туралы пікірлеріңізді фильмнен түгел алып тастауға өтініш жасадым. Өйткені ұлттық мүддеге еркін, батыл табан тіреп тұра алмаған көңілде рухани әділеттілік те салтанат құра алмасы белгілі.

Бәлкім, осы мақалаңызды оқыған соң билік басындағылар Сізге «Еңбек Ері» атағын беріп жіберуі де ғажап емес. Ендеше жолыңыз болғай! Дегенмен, маңдайының соры бес елі ұлтымыздың бүгінгі, ертеңгі тағдыры сізге ғана қарап қалмағанына сенімім зор.

Қыспаққа түскен ұлттық арман, ұлттық мақсат жолына кейбіреулердің жеке пенделік мүддесі, қызметінің мүддесі көлденең тұрып алған. Кімнің кім екенін айқындайтын кезең енді келді.

21 желтоқсан 2009 ж.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1528
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3311
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5962