Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2650 0 пікір 15 Қаңтар, 2010 сағат 12:00

КЕТЕ БIЛУ ДЕ – КЕМЕҢГЕРЛIК

Қаңтардың 15-сiнде көзi тiрi болса, қазақтың қара нары,  мемлекет, қоғам қайраткерi Заманбек НҰРҚАДIЛОВ 66 жасқа келер едi. Арманда кеткен арда азамат жөнiнде естелiктердi газет бетiнде жариялау да алдағы күннiң еншiсiнде тұр. Бiрақ Заманбек аға өмiр сүрген қоғамның кейпi бәз-баяғы қалыпта. Көзi тiрiсiнде айтқан өткiр сөзi де әлi күнге өзектiлiгiмен құнды. Тау алыстаған сайын биiктей беретiнi сияқты, азамат-ағаның сөзi де тасқа басылған таңбадай санада сайрап жатыр. Кезiнде «ДАТ» жобасының «Жұма-Таймс» газетiнде Заманбек ағаның сұхбаттары мен мақалалары, саяси мәлiмдемелерi қазақ және орыс тiлдерiнде жарияланып тұрды. Елi-жұрты азаматтың асқақ сөзiн ол туған күнде қайталай оқып, бiр серпiлсiн деген оймен, сол сұхбаттарынан үзiндi жариялағанды жөн көрдiк.

 

Қаңтардың 15-сiнде көзi тiрi болса, қазақтың қара нары,  мемлекет, қоғам қайраткерi Заманбек НҰРҚАДIЛОВ 66 жасқа келер едi. Арманда кеткен арда азамат жөнiнде естелiктердi газет бетiнде жариялау да алдағы күннiң еншiсiнде тұр. Бiрақ Заманбек аға өмiр сүрген қоғамның кейпi бәз-баяғы қалыпта. Көзi тiрiсiнде айтқан өткiр сөзi де әлi күнге өзектiлiгiмен құнды. Тау алыстаған сайын биiктей беретiнi сияқты, азамат-ағаның сөзi де тасқа басылған таңбадай санада сайрап жатыр. Кезiнде «ДАТ» жобасының «Жұма-Таймс» газетiнде Заманбек ағаның сұхбаттары мен мақалалары, саяси мәлiмдемелерi қазақ және орыс тiлдерiнде жарияланып тұрды. Елi-жұрты азаматтың асқақ сөзiн ол туған күнде қайталай оқып, бiр серпiлсiн деген оймен, сол сұхбаттарынан үзiндi жариялағанды жөн көрдiк.

 

Бiз қазақтар ешкiмге ұқсамайтын ерекше ұлтпыз... Ең алдымен қазақтың маңдайына бұйырған шетсiз-шексiз жерiн алып қарашы: жерiнiң ұзындығы - 3,5 мың, енi - 2,5 мың шаршы шақырым екен. Ал сонда тұратын таза қазақтың саны - 8 миллион, басқа ұлттардың саны - 7 миллион адам. Егер осы жердi Қазақстандағы әр отбасына бөлiп-бөлiп берсе, мына жағы бiр шақырым, мына жағы бiр шақырым жерден келедi екен. Мұны айтып отырғаным - қазақтың мiнезiнiң өзi де жерi сияқты, кiм келсе де, тiптi соңғы тышқақ лағына дейiн сойып тастайтын дегендей, бәрiн сыйдыра беретiн соншалықты кең екендiгi. Бұл - қазақ ретiндегi ұлттық менталитетiмiз­дегi ерекше­лiк­тiң бiр-ақ жағы...

Бұл - қазақтың санын азайтып жiберген ең алдымен қазақтың өзi емес, оның басына түскен өлшеусiз қиындықтар. Кешегi 30 жылдары қолдан жасалған ашаршылықтан қанша миллион қазақ қырылды. Өзiмiз «Отан соғысы» деп атап жүрген екiншi дүниежүзiлiк соғыста қанша қазақ құрбан болды. Оған дейiнгi сонау «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деп атап жүрген жоңғар шапқыншылығы тұсында, одан арғы моңғол шапқыншылығы, Ақсақ Темiр шапқыншылығы, орыс шапқыншылығы тұсында бiздiң қанша қазағымыз қырылды. Бiрақ қазақ - ешқашан басқа елдердi жаулап алмаған, керiсiнше, өз жерiн сыртқы жаудан қорғап қалған халық...

 

Қазақстан тәуелсiздiк алған алғашқы кезеңде ұлан-байтақ жерiмiз өзiмiздiң қолымызда сияқты едi. Асты да, үстi де өлшеу­сiз байлыққа толы сонау мәңгiлiк мұз басқан асқар тауларымыз, шөл­­­­дерiмiз, көлдерiмiз, өзен­де­рiмiз, жайлау-қыстауымыз бар. Алтайдан Атырауға, анау Сары Арқаға дейiнгi ұлан-байтақ жерiмiз - тек қана қазақты осы жердiң байырғы иесi қазақты емес, қазiр Қазақстанды мекен етiп жатқан 15 миллион халықты киiндiрiп, iшiндiрiп, асырауға артығымен жететiн едi ғой. Ендi, керiсiнше, соңғы жылдары халқымыз осыншама байлықтың үстiнде отырып-ақ ең кедей халыққа айнал­ғанын бiз ғана емес, әлем бiледi.

 

 

 

Әбiлхан Қастеевтiң 100 жылдығы болды. Жарымағандай, 30 үй тiгiп, жетiм баланың тойы сияқты өткiздi. 1995 жылы Абайды дүркiреттiк келiп, дүркiреттiк. Содан кейiн ең зиялы деп есептейтiн Аба­йымыздың өзi қайда қалды?.. Неге Шәмшi тiрi кезiнде котельныйда жатып жүрдi, сол Шәмшiнiң «Сыған серенадасы» жазылған кiрпiш үй әлi қараусыз тұр. Әсеттiң мына Қарғалыдағы үйiн кiм қамқорлығына алыпты?

Ресейге қарап отырсаң, ұлы адамдарының туған, қайтыс бол­ған күндерiн мемлекеттiк дәрежеде дүркiретiп атап өтiп жатады. Бiзде бәрi керiсiнше.

«Мен Назарбаевқа

неге қарсы шықтым?»,

«Жұма Таймс»,

№ 1 (01), 2004 жыл.

 

Менiң Әкежанмен кездесем деген үш ұйықтасам да түсiме кiрмеген едi. Екеумiздiң бұл кездесуiмiз - Алланың бұйрығы шығар. Бұған дейiн телефон арқылы байланыс болған. Екеумiзде екi жақтан да құлшыныс болды.

Сонымен, кездестiк, жолықтық, пiкiр алыстық. Мен өмiрiмде бiрiншi рет Әкежанмен жүздестiм. Сонау 1994 жылдан берi Әкежанды сыртынан бiлгенiме 11 жыл болыпты. Парижде кездестiк. Әкежан туған жерiне, елiне деген сағынышын, қызметте жүргенде жiберiп алған «әттеген-айын» жасырмай ашық айтты. Өзiн бәлеге ұрындырғандардың кiм екенiн айтты, ештеңенi де бүгiп қалмады.

Мен де адамды танитын жасқа жеттiм ғой. «Болар бала - боғынан» дегендей, Әкежанның ұлтына, Қазақстанның болашағына нағыз жаны ашитын азамат екенiне көзiм жеттi. Керек десеңiз, Қазақстан деген мемлекеттiң болашақтағы президентiн көрдiм оның бойынан. Әкежан нағыз елге тұтқа болатындай тұлға екен.

Мен сол арада: «Әкежан, айналайын, менен де бiраз жас кiшiсiң, бiрақ ақылың толысқан, кемелiңе келген азамат екенсiң. Егер мына сыртыңнан кесiлген жаладан арылып, Қазақстанға келiп, президенттiкке түсетiн болсаң, мен сенi қолдаймын, артыңнан еруге дайынмын», - дедiм.

 

Қазақстанда болып жатқан алақұйын жағдайларға қарап, қазақ халқының болашағын әдейi жойып жiберу саясатынан туындап жатқан жоқ па деген ойға қаламын. Бұл саясаттың астарында қазақ тiлiн ғана емес, қазақ хал­қын, қазақ мемлекетiн жою мақсаты жатқандай көрiнедi маған.

Бұл сөзiм үшiн менi ешкiм: «Нұрқадiлов өз ұлтын сүймейдi, оның патриоты емес екен», - деп айта алмайды. Осы жолы шетел­дер­дегi ресми мекемелерде, қо­ғам­дық ұйымдардағы кездесулерде басып айтқаным - өзiмдi дүние­ге әкелген қазақ елiнiң мүддесi және қазақ жерiнiң мүддесi болды. Мен бұл көзқарасымнан еш уақытта таймаймын және бұл ойымды жасырып, жаппаймын.

 

Бiздiң екi көршiмiз бар. Бiр жағымызда - Қытай, екiншi жағымызда - Ресей. Осы екi көр­шiмiз экономика жағынан да, жерiнiң көлемi мен халқының саны жағынан да мына бiздiң қазақ елiнен күштi екенi дау тудырмаса керек. Батыс елдерiн және Американы қоя тұрғанда, осы екi көршiнi қызықтырып отырған мәселе - Қазақстанның ұланғайыр жерi мен оның жерасты мен үстiндегi мол байлығы. Осы екi мемлекет қазiргi Қазақстан басшылығының әлем алдында беделiнiң жұрдайлығын пайдаланып, бiр жағынан, оны қорқытып, алдап-сулап дегендей, ананы бермесең, анауыңды айтып қоямыз дегендей, қара бұлт үйiрiп, айтқандарына амалсыздан көндi­рiп, елiмiздi, ұлтымызды басынып, неше түрлi қитұрқы саясатты қолдану арқылы бiздiң байлығымызды, керек болса, жерiмiздi алып иемденiп кетiп жатыр. Бұл - ащы болса да, бүгiнгi күннiң таза шындығы.

 

Басты Заңымыз - Конс­-титуциямыз бойынша, пре­зиденттiң жердi басқа мемлекетке беруге ешқандай құқы жоқ. Ондай құқық халықта ғана бар. Егер президентте ондай құқық болмаса, ол шешiм қабылдай алмайды. Ол ондай шешiм қабылдай алмаса, неге Қытайға жер бердiк? Неге бiз тек қана орыстар тұрады екен деген сылтаумен тұтастай бiр ауылды, Батыс Қазақстандағы екi бiрдей мұнай қоры бар жердi, Қостанайда бiр мұнай қоры бар жердi «делимитация» деген өтiрiк сылтаумен Ресейге теп-тегiн берiп жiбердiк?!

Iргедегi Қытай үндемей жүрiп-ақ, Ақтөбенiң мұнайын оп-оңай өздерiне алып алды. Мiне, осының бәрi қазақ халқына қандай пайда әкеледi, ұлтымыз одан қандай жақсылық көредi? Оның зияны бар ма, жоқ па? Оны зерттеп, бас ауыртып жатқан ешкiм жоқ.

 

Бұл тақ мәңгi-бақи ешкiмге жабысып қалмайды. Сен одан бүгiн болмаса, ертең кетесiң. Бiрақ ел-жұртты бұзбай, теңселтпей, тентiретпей кету керек қой. Допты тоқтаусыз үрлей берсең, түбi жарылады. Мен елдегi жағдай осылай созыла берсе, бiр күнi шегiне жетiп, түбi дүрбелеңге ұласа ма деп қорқамын. Бiр жақтан бiр бүлiк шықпай тұрғанда, бiр-бiрiмiзбен тiл табыссақ - бұл да абырой. Назарбаев егер Жармахан­ға сенемiн десе, оны да қолдар едiм. Не болмаса Әкежанды шақырып алып: «Менде өкпе жоқ, сен менiң бауырымсың ғой, ендi бәрiн ұмытайық, сен менi кешiр, елдi басқар», - десе, оған да қуана келiсер едiм. Мiне, менiң айтарым - осы!

«Кете бiлу де - кемеңгерлiк»,

«Жұма-Таймс»,

№ 5, 11 ақпан, 2005 жыл.

(Ықшамдалып алынды)

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 02 (39) от 13 января 2010 г.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377