Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Жаңалықтар 6582 0 пікір 9 Мамыр, 2009 сағат 10:32

Толымбек Әлімбекұлы

Біздің мінбер

«Сатира - әдебиеттегі оппозициялық жанр»

Толымбек Әлімбекұлы, сатирик, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі

Салтанат Әлімқұлова, Ар-Ай

Тілші:- Кезінде өзіңіз жүргізген "Әзілкештер ауылы", "Әзілің жарасса..." сияқты сатиралық бағдарламаларыңызды жұртшылық сүйіп көрді. Бірақ неге екені белгісіз осы тележобалардың ғұмыры қысқа болды.

Біздің мінбер

«Сатира - әдебиеттегі оппозициялық жанр»

Толымбек Әлімбекұлы, сатирик, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі

Салтанат Әлімқұлова, Ар-Ай

Тілші:- Кезінде өзіңіз жүргізген "Әзілкештер ауылы", "Әзілің жарасса..." сияқты сатиралық бағдарламаларыңызды жұртшылық сүйіп көрді. Бірақ неге екені белгісіз осы тележобалардың ғұмыры қысқа болды.

Т.Әлімбекұлы:- Мен алғаш телевидениеге келгенде Тынышбай Рахимов жүргізетін "Кеш жарық" деген хабар болатын. Ол кезде төраға Шерхан Мұртаза ағамыз еді. Мен сол  кісінің тұсында сол жердегі үлкен ........ шығармашылық бірлестігінің бас редакторы болып қызмет атқардым, ал Тынышбай (марқұм) бас редактордың орынбасары. Бір күні Шерхан ағамыз: «Орынбасардың "Кеш жарығы" бар, сен  "Қайырлы таңын" жүргіз» деп қолқа салды. Содан "Қайырлы таң" деген бір сағаттық хабар аштық, ол әр жексенбі сайын таңертең сағат тоғызда эфирге шығып тұрды. Ең алғашқы сатиралық элементтер менің сол хабарымда көрініс тапты. Қазіргі сахнаға шығып жүрген таңдаулы әнші қыз-жігіттердің барлығының алғаш тұсауы сол  таңеретеңгілік хабарда кесілген. Кейіннен Шерағаң кетті де, алыс-беріс, ауыс-түйіс болып, ақыры не керек ол хабар жабылып қалды. Хабар жабылған соң, артынша-ақ мен де кеттім.  Одан соң "Қазақстан" ұлттық телеарнасында ашылған "Әзілкештер ауылы" деген хабарға шақырту алдым. Сөйтіп бұл сатиралық хабар тұтастай менің еншіме тиді. Тағы да сол жаңағы бүкіл сатира мен сатириктерді жинаймыз. сатириктермен бас қосып, әңгіме айтамыз. Бірақ, оның да ғұмыры қысқа болды. Онда мына телевидениеде басшы ауысу деген өте жиі болып тұратын. Біреу келіп, біреу кетеді. Ал хабардың ғұмырының ұзын-қысқалығына оның да әсері бар. Содан кейін бізде мына сатиралық шығармаларын сахнаға, эфирге шығып орындайтын сатириктер аздау. Мұны мен «санаулымыз»  деп айту үшін айтып жатқан жоқпын, шын мәнінде солай. Сондықтан біздің қонақтарымыз, кейіпкеріміз таусылып қалды. Күндердің бір күнінде "Хабар" телеарнасынан продюсер  Серік Аббас Шахтың ұсынысымен "Әзілің жарасса..." деген хабар аштық. Ол хабар екі жылдан аса жүрді. Шын мәнінде рейтингі өте жоғары хабар болды. Кейіннен білмеймін, бәлкім біз босаңсып кеттік пе, әлде жоқ сол хабардың өздерінің алдына қойған мақсаттары орындалды ма, әйтеуір не керек екі жылдан кейін ол  да жабылды. Біз енді оны қайтадан басынан бастап жаңартып, басқа да қосымша бір варианттар қосып эфирге алып шықсақ деп жоспарладық. Жаңа сценарий жазып алып барып, оған ойнайтындарды түгендеп, жаңадан осы ышқынып ұмтылған кезде, тағы да кейінге ысырылып қала берді. Содан бұл хабар ұмытылып кетті. Қазір қайда жүрсем де  халық   ең бірінші осы хабар туралы сұрайды. Анығында мен ол кезде телеарнада қызмет еткен жоқпын. Тек аталмыш арнамен келісімшартқа тұрдық, сол келісімшарттың негізінде сценариін дайындап, жүргізіп жүрдім. Оның иесі "Хабар" Агенттігі болғандықтан, олар өздері шешті, ашам деді ашты, жабам деді жапты. Кейін тағы ашамыз деп алдаусыратып қойды.

Тілші:- Әлі де «сатиралық бағдарлама» ашу   туралы жоғарыдағыдай ұсыныстар түсіп жатса, көгілдір экранға қайта оралып, ойда жүрген жобаларыңызды жүзеге асыру ойыңызда жоқ па?

Т.Әлімбекұлы:- Біраз хабарлар ашайын десең, ашқың-ақ келеді. Бірақ енді жастар секілді жүгіріп барып: "Менің мынадай иедям бар, мынадай жобам бар еді", "Мынаны жүзеге асырсақ қалай болады? " деп ұсынысымызды айтып, әр есікті қаққылап жүруге  бізді жасымыз жібермейді. Өздері ұсынып жатса, бұл хабарларды ашуға және оған мүмкіндігімше көмектесіп, қол ұшын беруге дайынмын. Осы жылдың басында  Алматы облысының "Жетісу" арнасының басшысы Бейсен Құранбек (облыстық телевидениенің директоры) деген азамат келіп, бір хабар ашсақ қалай болады деп ұсыныс айтқан еді.  Сонымен сол арнадан "Қалай болса солай " деген хабар ашылған. Кейде біреу: "Қалың қалай?" десе, "Қалай болса солай " деп қалжыңмен жауап беретін әдетім бар.            Менің алдыңғы жылы жарық көрген сатиралық кітабымның аты да "Қалай болса солай" болатын. Қаңтардан бері қарай  аталмыш хабар "Жетісу" арнасы арқылы Қытай, арғы жағы Моңғолия қазақтарына тарап жатыр.

Тілші:- Сіздің пікіріңізше заманауи сатира қандай тақырыптарға зәру?

Т.Әлімбекұлы:- Меніңше бізде сатириктер  баршылық және де  сатиралық жанр да ешқандай тақырыпқа зәру емес. Халықтың аузында жүрген өзекті мәселелердің барлығы да мүмкіндігінше қамтылып, жазылып  жатыр. Қоғамның дамуымен қатар дамып келе жатыр. Жазатынын жазып, беретінін бердік. Тек кейінгі кездері жарық көріп жатқан сатиралық кітаптардың таралымы аз болғаннан кейін, және баспа бетін көріп жатқан сол кітаптардың өзі өте сирек оқылатындықтан көпшілік біле бермейді. Оның үстіне  ана жеті-сегіз сатиралық театрларымыздағы актерлардың «Бізде жазатын сатирик жоқ"  деген сөздеріне малданып, сатираға сөйтіп қарайды. Анығында олай емес. Ол актерлардан егер мен журналист болсам: (менің мамандығымның өзі журналист) «Сен соңғы рет қай сатириктің кітабын оқыдың?» немесе «Қай сатиралық шығарма қолыңа түсті» деп сұраған болар едім. Сол кезде олар жауап бере алмай, тосылып қалар еді. Болмаса, жалпылама әңгіме айтып, алдаусыратып өте шығады. Олардың білетіні елдің аузында жүрген Асқар Тоқмағанбетов, Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы.

Тілші:- Сатириктер мен актерлардың құдды бір-бірлеріне жұлдыздары қарсы туғандай, сатиралық дүниені саханалауға келгенде  араларында жиі кикілжің туып жататындығы бұрыннан белгілі жай. Бірақ кейінгі уақыттарда бір байқалатыны, біләрман актерларға сатириктердің өкпесі қара қазандай  сияқты....

Т.Әлімбекұлы:- Мен бүкіл театрлардың сценарилеріне қатыстым. Сонда бір байқағаным, қазір олардың барлығында сөзге қарау жоқ. Менің берген сөзімді  жүнін жұлған тауық секілді саханаға шығарады. Өздерінің сөзін қосады, ішінде мен айтпаған анайы сөздер кетеді. Содан кейін сол сөздердің артында автор ретінде Толымбек Әлімбекұлы деп менің атым жазылады, ал мен оның авторы болғым келмейді. Бірақ рас алғашқы келісім бойынша, жазып бергеннен кейін бізге «Авторлық құқығың бар сотқа бермейсің бе? – дейтіндер бар. Енді ондай мінез біздің табиғатымызда жоқ болғандықтан, «Қойшы қуалап жүргім келмейді» дейсің де қолды бір-ақ сілтейсің. Жазған дүниең үшін алатын қаламақың 5-10 мың теңге. Сондықтан, қазір барлығы да шетінен жазғыш. Режиссер да, актер да жазғыш. Театрлардың өздері де сатириктерге онша зәру емес.

Тілші:- Қалай ойлайсыз, біздің сатира оппозициялық қызметін қаншалықты атқарып жатыр?

Т.Әлімбекұлы:- Мен ылғи да  айтамын «Сатира біздің әдебиеттегі оппозициялық жанр» деп. Ол өзінің бұл қызметін толықтай атқарып та жатыр. Көпшілік оппозиция деген ұғымды баррикаданың арғы бетіне шығып алып, бергі бетімен атысу деп ұғады. Олай емес. Қоғамда бар нәрсені жазуға тиіс сатира бар ма,  бар. Жақында ғана мен «Азаттық» радиосына сұхбат бердім. Енді олар маған «саяси сатира» деген бір сайт ашайық деп қолқа салып жатыр. Мен «оның мақсаты не? Біраз ойланайын?..» деген едім.  Ол да бұқаралық ақпарат құралдарының бір тармағы болғандықтан, онда жүріп жатқан хабарларды Қазақстанның түкпір-түкпірі тыңдайды, керек десеңіз жан жақтағы халыққа да интернет арқылы көзді-ашып жұмғанша жетіп барады. Ал, әркімнің өзінің ішкі құпиясы, кез келген жеке адамның ешкімге айтылмайтын ішкі сыры болады. Сол секілді әр мемлекеттің де өзін-өзі іштей  тоқпақтап атысып жатса да, сыртқа жаймайтын сырлары болады. Міне, осы тұрғыдан келгенде саяси   сатираның жөні осы екен деп былапыттап жаза беру жөн емес. Жоғарыда айтып өткен менің «Қалай болса солай» деген  22 баспа табақтық кітабымда, егер іздеп, оқитын болса, соның ішінде бәрі бар. Бірақ мен, таза оппозициялық газеттерге өзімнің дүниелерімді олардың жанталасып алып, басатынын білсем де, бере бермеймін. Себебі олардың позициясы бір жақ та, менің позициям бөлек. Егер, жазған дүниең ертең сол газетке шықса, кім болса да сені  «таза оппозиционер» екен деп қалады. Ал кез-келген газетке берейін десең, кез-келген  бұқаралық ақпарат құралы оны жарияламайды.

Тілші:- Бір айта кетерлігі, соңғы кезде өнерде жүрген жастарымыздың  пародияға ден қоя бастағаны байқалады. Дегенмен , бізде пародия деген бар ма осы?

Т.Әлімбекұлы:- Негізі, ақиқатын айтқанда бізде пародия  деген жоқ. Қазақстандағы пародияның  деңгейін біз әдетте Ресейдің Максим Галкин, Винакурларының деңгейімен  өлшейміз. Оларда бұл жанр бар. Олардың студияларында жанрдың осы түрімен жұмыс жасайды. Бізде пародия үйрететін бір де бір орын, не бір адам жоқ. Мысалға, әнші, актриса  Айгүл Иманбаеваның  әнге пародия салатыны бар. Оның  республикалық конкурстардың бірінде Мақпал Жүнісова, Майра Ілиясова сынды өнер адамдарын салғаны бар. Ол кезде мен қазылар алқасының мүшесімін және пародияның тексін жазып бердім. Содан ол бірінші орын алды. Сонда бұл жай ғана қатарлас әріптестеріне арналған пародия. Енді  қарап тұрсаңыз қатарлас әріптестерінің өзі соны көтере алмады. Ал енді сен оны үлкендерге жазатын болсаң, онда атыс болады. Өйткені біздің табиғатымызда үлкеннің жолын кесіп өтуге, үлкенге қарап қарсы келуге рұқсат жоқ. Қаншалықты бұзып-жарып жасайын десең де, сенің әдебің, оның өкпесі жібермейді. Сен әдеп сақтамасаң, ол өкпелеп қалады. Сол себептен екеуі келеді де ағайынгершіліктен кетіп қалады деп, қазақ бірінші ағайынгершілікті алдыға қояды. Біраз жұрт мені пародия жазады деп ойлайды. Пародия жазғанда, пародия деген не? Біреудің даусын салып, қимыл-әрекетін айнытпай қайталау - ол сатиралық театрлардағы пародия. Ал менің жазатын пародиям, ақындардың өлеңін өзінің өлең үлгісіне салып, соның кемшілігін жазу. Сондықтан мені де шатасып, «пародист» деп ойлайды. Көпеннің пародиясында да осындай. Ол да жаңағы біреудің даусын айнытпай салып, пародия жасай алған жоқ. Қазір Жүрсін Ерманов, Иманғали Тасмағанбетов, Бекболат Тілеухандарды салып жүрген  Олжас деген баладан талмай ізденсе бірдеңе шығуы мүмкін. Сол себептен де пародия деген өте қиын жанр, және бізде ол дамымаған да. Бізде оны әлі де болса кішкене тәрбиелеу керек.

Тілші: - «Шаншар» әзіл-сықақ театрының соңғы мерекелік қойылымдарының бірінде Елбасымызға, бас мүфтиге  пародия жасалды. Дөрекі емес, әдемі әзілге құрылған бұл пародия көпшіліктің көңілінен шықты да...

Т.Әлімбекұлы: - Мен ойлаймын егер, біз президент туралы әзіл-қалжың айтатын болсақ, ол оқыса көнер еді, мойындар еді және күлер еді. Ал бізге оны жібертпейді. Жібертпейтін кімдер? Төңірегіндегі жандайшаптары. Көрсе бітті, бөріктері түсіп, киімдері сыпырылып, қорқып, үркіп кетеді. Әйтпесе біздің Елбасымыздың өзі қай жерде отырса да, әңгімесін бірауыз қалжыңмен бастайды. Қыз-келіншектердің ортасында отырсын, ел-жұрттың арасында болсын, жалпы  қай жерге барса, сол жердің табиғатына лайық анекдотын айтады. Сол себептен де шекарадан асып кетпей, әдемі әзілмен айтсақ, көтерер еді, түсінер еді. Ал бізде түсіндіртпейтін баррикада бар. Анау үлкен ядроға жеткізбейтіндей,  айналасының барлығын 4-5 рет қоршап тастаған. Сол баррикадалар бізді жібермейтін. Баяғыда мен «Тамашаға» шығып жүргенде бір өткірлеу, бірақ әдемі әзіл орындадым. Ол сахнадан өтті. Бірақ эфирде қиып тасталды. «Тамаша»-да қиды және соны берген арна да алып тастады. Өйткені тағы да жаңағыдай әңгіме.

Тілші:-Таяуда ғана 30 жылдық мерейтойын атап өткен «Тамашаның» жай күнгі қойылымдарын былай қойғанда, мерекелік кешінің өзі арзан, жаттанды әзілдерден әріге аса алмады. Сатирик ретінде аталмыш әзіл-оспақ отауының бүгінгі тынысына ненедей баға бересіз?

Т.Әлімбекұлы:- Мен шынымды айтайын, қазір осы сатиралық театрлардың көбісінің  қойылымдарын көрмеймін. Осы тақырыпта қаншама радиоға, телевидениеге де сұхбаттар бердім, айттым. Мен олардың баяғыда ең бірінші досы едім, қазір жауы болып кеттім. Себебі, ол театрлар қосалқы жұмыс істеп, ақша табуды көздейді. Өздерінің негізгі жұмыстарына асығып бара жатады.... Текспен жұмыс істеуді білмейді. Сөйтеді де ертелі-кеш сатирик, сатира жоқ деп сайраудан жақтары талмайды. «Олардың жазған дүниелері бізге жарамайды, біздің сахна қимыл-әрекет, ал ол қимыл-әрекетке құрылмаған, оның көркемдік сөзі сахнаға келген уақытта жоғалып кетеді» дейді. Оның барлығы айналып келгенде  сылтау. Оны көркемдесе, ары қарай ізденсе, оның режиссерлік шешімін тапса кез келген нәрсеге жан бітіріп жіберуге болады. Қазақ емеуріннен күлетін, сөздің астарымен ұғындыратын. Ал бізде дөрекі  анекдоттарды алады да маңдайдан ұрады, шыли болмаса қытықтайды. Күлкілеріміздің барлығы анайы. Ал сен оны   келініңмен, балаңмен қатар отырып көре алмайсың. Міне, қазіргі күлкінің құнының түсуі осында жатыр. Сосын бұрын «Тамашаның» кезінде бір интермедиа 7-8 минуттан, ал тым ары кеткенде жақсы болып бара жатса, 10 минуттан аспайтын. Қазір сол интермедианың біреуі 25-30 минут, шаршатып жібереді, ойларын аяқтай алмайды. Сахнада тұрады да жаңа бір актерлік шеберлік, тапқырлық танытамыз дейді де, сөздерін, ойларын аяқтамай шұбата береді. Шұбатып-шұбатып келеді де, басында айтқан бір құнды сөз өз мәнін жоғалтады, әрі шашырап быт-шыты шығады. Оның үстіне бір-біріне ұқсас театрлар өте көбейіп кетті, бір-бірін қайталайтындар көп. Сосын, жұлдыз деген сөз көп бізде. Мен қазір түнде шығып, көшеде жүруге жұлдыздан ұяламын. Баяғыда шалқамыздан жатып, іздеп жүріп аспандағы жұлдызды зорға көруші едік, қазір аяғымыздың астында сүрініп жүреді деген әңгімені де қазір жиі-жиі айтып жүрмін. Біздің әлгі сатиралық театрларымыздың барлығы болмаса да біразы  жұлдыз ауруына шалдықты. Шеттерінен жұлдыз болғысы келеді. Әйтеуір эфирге бір шықса - жұлдыз, сахнада бір көрінсе-жұлдыз. Сондықтан осы жақын аспанда жұлдыз қалмай, ай бізге қарап «Жұлдыздың жарымын бізге жіберші» деп тамсанатын сияқты Сондай астаң-кестең уақыт болып бара жатқан сияқты.

Тілші:- Қоғамда қандай мәселеге алаңдайсыз?

Т.Әлімбекұлы:- Ең бірінші  қазақтың ұлттық ана тіліне алаңдаймын. Шыным осы. Бұрын әншейін жүре беретінмін. «Үш тұғыр» деген өлең жазғанмын. Оным да қазір еш жерге берілмей тұр. Онда да жаңағы ағылшын, орыс, қазақ тілдерін сынап жазғанмын. Ұлттық мәселе, соның ішінде  тіл мәселесі мен үшін қазір ең бірінші кезекте тұр. Ұлттық намыс төмендеп бара жатқан секілді. Тіпті төмендеп те бара жатқан жоқ, төмендеп кетті. Біз жерді айтамыз, дүниеміз сыртқа кетіп жатыр дейміз. Біз қазақ тілінде сөйлемейміз дейміз. Осының барлығы айналып келгенде адамның кеудесінде ұлттық намыстың жойылып бара жатқандығынан. Мен мысалы өз тілімде сөйлемеуді ар санаймын. Қазір «Ә» деген,  Ә-нің көтерілісін ұйымдастыратын әңгіме жаздым. Алфавиттегі «А» деген әріпті құрту керек деп. «А» жүрген жердің бәрін бүлдіріп жүреді. Орыстың тілі жүреді. «Ә» жүрген жерде, орыстың бір сөзі, не тілі жоқ. Ә дегенде әже, әженің әлдиі жоқ жерде қазақтың тілі жоқ, ә деген жер әке, әке қазақша сөйлемесе, отбасы қазақша сөйлемейді. Ә дегенің әкім әкім қазақша сөйлесе, бүкіл соның аузына қарап отырған ел қазақша сөйлейді. Ә деген сөз әскер, егер әскер қазақша сөйлей бастаса, қару-жарақ қазақша сөйлей бастаса,  онда тіпті  керемет болып кететін еді. Көшеде кетіп бара жатып, шашы бояу-бояу, тырнағы сояу-сояу әжелердің немерелерімен шүлдірлеп орысша сөйлеп бара жатқаны қабырғама батады. Қайбір жиналыста болмасаң да, барлығының орысша сөйлеп жатқаны. Үкімет басшысы Мәсімов қазақша сөйлей бастап еді, қуанып, жүрегіміз жарылып кете жаздады. Ол қуаныш емес. Бізде кей жазушылар, «менің немерем қазақша сөйлейді» деп мақтанады. Мақтаныш емес, ол-қасірет. Ол неге қазақша сөйлемеу керек? Оны мақтаныш етпеуіміз керек, ол заңды түрде болуға тиіс нәрсе.
Біздің жастарымыздың тәрбиесі кетіп бара жатыр. Көшеде кетіп бара жатсаң, ұлдарымыздың аузында былапыт сөз көп. Үлкен келе жатыр-ау деп имену, үлкеннің алдында, қыз баланың жанында артық сөйлеп қойдым-ау деп сескену, тиылу, «ұят болды-ау» дейтін секілді инабат жоғалып бара жатыр. Ал үсті-басын жалаңаштаған қыздарымыздың ұлдармен қатарласып, солардың тілінде сөйлейтіндігі қабырғаңа батады. Қолдарына бір-бір шөлмек сыра алып, бір-бір темекі ұстап тұратындығы жаныңа батады. Мінеки, осының барлығы да ұлттың тәрбиесі, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық намысқа келіп тіреледі.

Тілші:- Әңгімеңізге рахмет.

 

0 пікір