Сәрсенбі, 8 Сәуір 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 697. Жазылғандар — 51. Қайтыс болғандар — 6
Жаңалықтар 1820 0 пікір 23 Ақпан, 2010 сағат 05:35

Дәулет Асау. Ешкім де, ешқашан да қызыл армияның қырғындарын ұмытпауы керек

Әлем елдерінің 61 мемлекеті, дүниежүзі халқының 80%-ы қатысқан Екінші жаһандық соғыс туралы екі түрлі көзқарас тек күні кеше ғана туындап отырған жоқ. Соғыс қимылдары 40 мемлекеттің аумағын шарпып, әскер қатарына 110 млн адам алынған. 50 - 55 млн адам қазаға үшыраған, 4 триллион долл. көлемінде шығын шыққан.

Кеңестер заманында барлық тарихи оқиғалар «ұлыорыстық» идеологиямен жазылғаны ешкімнен жасырын емес. Бұл «стандартқа» сай келмеген халықтардың бәрінің өткені бұрмаланды, әсіресе одан көп зардап шеккен - қазақ. Тәуелсіздік жылдарында талай шындықтардың беті ашылғанын көзіқарақты оқырман біледі. Осы уақыт ішінде өзге «бауырлас» республикалар да тарихи шындықтарды өзіндік ұлттық мүддесі тұрғысынан бағалауды қолға алды. Және оған толық қақысы бар. Ол, әрине, ресми Мәскеуге жақпайды, олар «орыстар бұратана халықтарға мәдениет, әдебиет, өнер, өркениет әкелді, бірақ олар осы «бақытттарды» түсінбей антиорыстық саясат жүргізіп жатыр» деп байбаламдауда. Менің қатарымдағылардың есінде, мектепте оқып жүргенде «Қазақстан тарихы» деген пышақтың қырындай ғана кітап болушы еді. Зерек оқушы бір деммен бір сағат-жарты сағатта-ақ оқып тауысып тастайтын. Мектеп бағдарламасына енген қазақ тарихының бар-жоғы осы-ақ. Қазақта бұдан басқа тарих болмаған көрінеді-мыс.

Әлем елдерінің 61 мемлекеті, дүниежүзі халқының 80%-ы қатысқан Екінші жаһандық соғыс туралы екі түрлі көзқарас тек күні кеше ғана туындап отырған жоқ. Соғыс қимылдары 40 мемлекеттің аумағын шарпып, әскер қатарына 110 млн адам алынған. 50 - 55 млн адам қазаға үшыраған, 4 триллион долл. көлемінде шығын шыққан.

Кеңестер заманында барлық тарихи оқиғалар «ұлыорыстық» идеологиямен жазылғаны ешкімнен жасырын емес. Бұл «стандартқа» сай келмеген халықтардың бәрінің өткені бұрмаланды, әсіресе одан көп зардап шеккен - қазақ. Тәуелсіздік жылдарында талай шындықтардың беті ашылғанын көзіқарақты оқырман біледі. Осы уақыт ішінде өзге «бауырлас» республикалар да тарихи шындықтарды өзіндік ұлттық мүддесі тұрғысынан бағалауды қолға алды. Және оған толық қақысы бар. Ол, әрине, ресми Мәскеуге жақпайды, олар «орыстар бұратана халықтарға мәдениет, әдебиет, өнер, өркениет әкелді, бірақ олар осы «бақытттарды» түсінбей антиорыстық саясат жүргізіп жатыр» деп байбаламдауда. Менің қатарымдағылардың есінде, мектепте оқып жүргенде «Қазақстан тарихы» деген пышақтың қырындай ғана кітап болушы еді. Зерек оқушы бір деммен бір сағат-жарты сағатта-ақ оқып тауысып тастайтын. Мектеп бағдарламасына енген қазақ тарихының бар-жоғы осы-ақ. Қазақта бұдан басқа тарих болмаған көрінеді-мыс.

«Кеңестік хикаяттардың» бірі - Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысты. Кейіннен әшкере болған көптеген фактілер бізді оған жаңаша көзбен қарауға еріксіз мәжбүр етті. Күлбілтелемей ашығын айтсақ, бұған басқа емес, КСРО-ның өзі кінәлі, осы өтірікті одан әрі дамытып отырған оның мұрагері бүгінгі РСФСР кінәлі. Өтірік жүрген жерде сенімсіздік туады. Осыдан барып уақыт өткен сайын  2-Дүниежүзілік соғысқа қатысты дау-дамайдың өршелене түсуі түсінікті. Сондықтан, жұртшылық сан саққа жүгірткен ой-пайымдарды тоқтату үшін Ресей былтыр Жеңістің 64 жылдығын тойлап бітер-бітпестен оның анық-танығын анықтайтын президенттік комиссия құрды. Бір «қызығы», оның құрамында тарихшылар мен ғалымдардан гөрі ФСБ генералдарының саны көп. Яғни комиссия жұмысы таза ғылыми бағытта болады, бұған дейін бүркемеленіп келген жайттардың сыры енді ашылады деп сенуге ерте. Қайта, оның жұмыс бағытына қарасаң, «арты ашылып қалған» өтіріктерді біржолата «заңдастыруға» көшкен сыңайлы.

Екінші жаһандық соғысқа қатысты екі түрлі көзқарас тек бүгін ғана туындап отырған жоқ. Таразының бір басында - Ресей мен оның позициясын қолдайтын, әйтпесе саясаттың аңысын аңдып іштен тынып отырған елдер де, екіші жағында - тұтас Шығыс Еуропа, Балтық жағалауы мемлекеттері тұр. Кезінде түрлі жолдармен Одақтың құрамына енген 15 республиканың ішінде қарсы шығушылар көп. Және уақыт өткен сайын осы пікір кереғарлығы тіпті алшақтап барады. Ресей жағы, әрине Қызыл Армияны фашист агрессиясын тоқтатушы, Шығыс Еуропаны азат етуші деп көрсеткісі келеді. Расы сол, бұған дейін бәріміз солай ойлап келдік. Бірақ, енді қарап отырсақ, шындықтың екінші жағы да бар екен. Мені ең алдымен ойға жетелеген мына жайттар: Егер Қызыл Армия Шығыс Еуропаны фашист басқыншылығынан азат етуші болса, осыны ең алдымен «азат етілген» сол Еуропа мемлекеттерінің өздері неге мойындамайды?, КСРО құрамында болған Балтық жағалауы елдері (Латвия, Литва, Эстония) Кеңестер Одағын ашық басқыншы санаса, Украина, Беларусь, Грузия тағы бірқатар «бауырлас» елдерде ол туралы пікір екі ұдай. Сонда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Бұл тақырыптың қаншалықты «ушығып» тұрғанын және арамызда жүрген ҰОС ардагерлерінің, басқа да жандардың сеніміне ауыр тиетінін ескере отырып, осы мақаладан ой түюді өздеріңізге қалдырдым. Менікі жай фактілерді салыстыру ғана.

Әлбетте, әр нәрсені ақылмен салмақтап алмай жатып 1941-1945 жылдар аралығындағы соғысқа қатысты Ресейдің ұстанған позициясы ғана дұрыс, Шығыс Еуропа мемлекеттері мен жоғарыдағы «бауырлардың» бәрі қате айтып отыр деуіміз керек пе?! Жоқ! Жалпы тарихи оқиғаларға қатысты мұндай даулы мәселелер екіжақты арнайы комиссияның ортақ кеңесінде талқыланып барып шешілуге тиіс емес пе. Ондай практика бар. Мысалы, 2-Дүниежүзілік соғысқа қатысты даулы түйіткілдерді Германия мен Польша мемлекеттері 70-жылдардың басында-ақ екіжақты комиссия құрып, мектеп бағдарламаларында қалай оқыту керектігін шешіп алған. Бір өкініштісі, Ресей мұндай ашық диалогқа мүлдем баспай отыр. Тәуелсіздіктің 18 жылы өтсе де, «менікі дұрыс» деген империялық пиғылы қалмапты. Яғни, мұнда бір гәптің жатқаны анық.

Өткен жылы Қазақстандағы Польша елшілігінің бірінші хатшысы Павел Есса және тағы да бірқатар ресми адамдарымен емін-еркін әңгімелесудің сәті түсіп қалды. Мен олардан Екінші жаһандық соғысқа қатысты ресми Варшаваның қандай пікір ұстанатындығын сұрадым. Олар Еуропа елдері үшін Сталиннің жауыздығы Гитлерден кем болмағандығын, ал Қызыл Армияның басқыншы екендігін жайып салды. Ескерте кетейік, бұл бір немесе бірнеше адамның пікірі емес, Польшаның мемлекеттік ұстанымы. Мектеп оқулықтарында солай деп жазылған. Және бұл пікірдің негізсіз емес екенін, тарихи фактілерге сүйеніп жазылғанын мойындау керек. Ол фактілер «темір перденің» ішінде қалған сіз бен біз ғана кеш жетті. (Осы мақаланы жазу барысында Қазақстандағы Словакияның елшісі Душан Подгорскимен де әңгімелескенім бар. Ол кісінің ұзақ сонар әңгімесін былай түйіндеуге болады - «Еуропа мемлекеттері үшін коммунистік жүйенің фашистік режимнен, Сталиннің жауыздығы Гитлердің жауыздығынан артық болмаса кем емес»).

Тарихтан мәлім, Екінші Дүниежүзілік соғыс алдында Сталин мен Гитлердің өзара келісімі бойынша («Молотов-Риббентроп» пактісі) екі мемлекет жасырын түрде Шығыс Еуропадағы ықпал ету аймақтарын өзара бөліске салған болатын. Сол бойынша Финляндия, Латвия, Литва, Эстония, Бессарабия және Польшаның шығыс жақ бөлігі (Нарва, Висла, Сен өзендерінің шығыс бойы) Кеңес Одағына, қалған бөлік түгелімен Германияға тиді. Одан 10 ай өткен соң, 1939 жылы 17 қыркүйекте Қызыл Армия Германиямен кескілесе соғысып жатқан польяктардың ту сыртынан қақырата соққы беріп, мемлекетін тізе бүктірді. Бір қызығы, КСРО мен Германияның ортақ шекарасы жоқ, олардың арасында екі-екіден мемлекеттер жатыр, ал Польша орналасқан тұс қана жалғыз қабат. Егер «советтер» өз еліне бейбітшілік тілесе фашистермен соғысып жатқан Польшаға не көмектесуі керек те, не жау өз шекарасына жеткенше тас-түйін қамал жасап бекініп алуы керек еді ғой. Бірақ, олар бәрін керсінше жасады, неміспен жанталасып жатқан польяктың желке тұсынан соғып, әскерін күл-талқан етіп, Германияға жол ашып берді. Оны айтасыз, мұнымен қоймай 1939 жылдың қыркүйек-қазан айларының аралығында жалғыз өзі жүріп Литва, Латвия, Эстония сияқты аралық елдерді басып алып, орта «қабырғаларды» құлатты (Гитлер қатыспай, Сталиннің жалғыз өзі). Ары қарай Финляндияға, сосын Румынияға жорыққа аттанды. Бұл сонда қорғанып отырған елдің әрекетіне ұқсай ма? Ал, егер Сталин неміс басқыншылығын пайдаланып, өзі әлемдік үстемдік жүргіземін десе, әңгіме басқа. Онда Қызыл Армияның бұл «жасампаз» жорықтарының сырын ұғуға болады. Сондықтан, Екінші Дүниежүзілік соғыс Кеңестер Одағы үшін ресми оқулықтарда жазылып жүргендей 1941 жылдың 22 маусымында емес, 1939 жылдары-ақ басталып кеткен. Естеріңізде шығар,  «Бүкіл әлемнің жарлы мен жақыбайлары бірігіңдер!» (Пролетарий всех стран соединяетесь») деп ұрандатқан пролетариаттардың басты ұраны - БҮКІЛ ӘЛЕМГЕ СОЦИАЛИЗМ ЖҮЙЕСІН ОРНАТУ Декларациясы болып еді ғой. Міне, осыдан-ақ, қызыл коммунистерге Екінші Дүниежүзілік соғыс не үшін керек болғанын біле беріңіз. «Советтердің» жарты-ақ жылдың ішінде жарты Еуропаны жаулап алып, жарты ғасыр билеп төстегенін де ұмытпайық.

Кеңес тарихшылары көпке дейін осы фактіні айналып өтуге тырысты. Бірақ, қазір ол әлем қауымдастығының алдында әшкере болған соң, ақыры мойындауға мәжбүр. Бірақ, жоғарыда тілге тиек етіп кеткен, Медведевтің тікелей жарлығымен құрылған президенттік комиссия енді мәлім болып қалған осы тарихи жайттарды басқа арнаға бұруға барынша күш салып отыр. Комиссия мүшесінің бірі Андрей Сахаров: «Молотов-Риббентроп» пактісінің болғандығын, Қызыл Армияның Балтық жағалауы елдерін 39-жылдары жаулап алғандығын» мойындай келіп, мұның бәрі сол кезеңдерге сай мемлекеттің қауіпсіздігі үшін жүргізілген саясат деп тырысып бақты. Көрдіңіздер ме, саясат райының қайда аунап түскенін?! Егер бұл Кеңестер Одағының қауіпсіздігі үшін жүргізілген қажетті шара болса, онда бұл жайттар осы күнге дейін неге жасырылып келді? Сондай-ақ, бұған дейін де1936 жылдардан басталып 1944 жылдарға дейін созылған халықтарды тұрғылықты жерлерінен жер аудару (депортация) нәубеті де КСРО тарихында мемлекеттің қауіпсіздігі үшін деп түсіндіріліп келген. Жалпы, «күмәнді» халықтарды бір түн ішінде түп орнымен көшіріп жіберу, түрлі қысым көрсету Сталин өлген 1953 жылға дейін жалғасқаны есімізде. Бір өтірік бір өтірікті шығарады деген, олай болса Сталин 2-Дүниежүзілік соғысқа әзірлікті сонау 36-жылдардан бастап жіберген болды ғой. Түрлі дереккөздерінде ҰОС жылдарында Қазақстанға депортацияланған халық саны 900 мыңнан 1млн.209 мыңға дейін делінген. Ал 1946 жылдың қазан айындағы санақ бойынша КСРО НКВД-ның есебінде жер аударылған 2 436 940 есепте тұрған. Бұл Гитлердің әлемге жасаған басқыншылық жорықтарынан көп бұрын жүргізілген «қауіпсіздік шараларының» бір парасы. Сонда мұның бәрі қандай қажеттіліктерден туған?

Сахаров сөзіне сенсек, бұрындары 15 республикадағы зиялылардың, қара халықтың «советтерге» көзқарасы жақсы болған, оны бұзып жүрген қазіргі тарихшылар көрінеді. Ол былай дейді: «... қалай дегенмен де, менімен бірге партия қатарында жұмыс істеген латыш, эстон достарым болды, олардың Совет үкіметіне деген көзқарасы жақсы еді» деп еміренеді. Бірақ, мұндай да уәж бола ма?! Кеңестер кезінде бәріміз де қалайық-қаламайық партия мен үкіметті «жақсы» көргенбіз. Көсемдерінің атын әнге қосып, би де билегенбіз. Заман солай болды. Қазақтың адам кінәлі ма, заман кінәлі ма деп дағдаратыны содан. Осыған қарағанда Ресей мемлекетінің президенттік комиссиясы Совет тарихына қатысты келеңсіз жайттардың бәрін «үтіктеп» жіберу үшін құрылғанын сезгендейсің.

Көтеріп отырған тақырып толыққанды болуы үшін мынаны да айта кетейік. 1989 жылы Мәскеуде өткен КСРО Халық депутаттарының 2-ші съезінде депутаттар алғаш рет Кеңестер Одағының коммунистік модельді басқа елдерге басқыншылық әдіспен күштеп орнату әрекеттерін айыптаған қаулы қабылдады. Онда  «советтердің» социализмнің ұрығын себу үшін Шығыс Еуропаға жасаған жорықтары ашық айыпталды. Бұл басқа емес, Кеңестер Одағы деген зор империяның «тірі» кезінде Халық депутаттарының өздері мойындаған тарихи шындық. Басқасы басқа, дәл мұнымызға ешкім дау айта алмайтын шығар. Сондықтан, Шығыс Еуропа мемлекеттерінің де, Балтық жағалауы елдерінің де Қызыл Армияны басқыншы санауға толық қақысы бар. Осыдан кейін Ресейдің бірінші президенті Борис Ельцин 1991-1994 жылдар аралығында Жеңіс мерекесін мемлекеттік мерекелер тізімінен шығарып тастап, оны тойлаудан бас тартқан еді. Бұл Қайта құру жылдарының алғашқы екпінімен келген демократиялық қатынастардың жемісі еді. Сөйтіп Борис патша қанша жерден тентек болса да, тарих шындықтарын мойындауға мәжбүр болды. Сондай-ақ, 2-съезд шақырылымының шешімдерімен Кеңестер Армиясының 1978-1988 жылдардағы Ауғаныстан жеріндегі іс-әрекеттері де басқыншылық деп бағаланған. Мұны жұртшылық КСРО-ның сыртқы мемлекеттерге жасаған өктем саясатының бірі екенін түсіністікпен қабылдап отыр. Бірақ, кейіннен, әңгіме 2-Дүниежүзілік соғысқа қатысты айтыла қалса, Ресей қайтадан дүрлігіп шыға келетін мінез шығарды. Неге? Бұл екі қаулыны да 2-ші шақырым депутаттары қабылдаған жоқ па, оның бірін былай, бірін былай деуге не себеп? Өйткені,  Жеңіс күнін мемлекеттік символ ретінде тойлау Ресейге ТМД аумағында «ұлыорыстық» мәртебені қайта жаңғырту үшін қажет. Мұның сыртында тағы да жауды жеңген біз, сендердің Жеңіске қосқан үлестерің тек жанама ғана деген пиғыл жатыр. Әсіресе, Путин заманында әсіреұлтшылдық, әсіреорыстық  мінез өршіп кетті. Оның ісін қазір Медведев те жалғастырып жатыр. Бұл жерде ауғандық жауынгер-интернационалистер де, ҰОС ардагерлері де құрмет пен сыйға лайық екендігі, олар үкімет пен партияның тапсырмасын ғана орындағаны, сол кездегі ортақ Отанға адал қызмет еткендігін де ұмытпау керек. Замана саясаты солай болды. Оған кінәліні іздесек, оны қарапайым солдаттың немесе тыл еңбеккерлерінің арасынан емес, сол кезде үкіметті басқарып отырғандардың ішінен іздеу керек.

P.S. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен Қазақстан жағы Жеңістің 65 жылдығын тойлауға қазірден бастап қызу кірісіп кетті. Ардагерлердің Астанада өтетін бас жиынына қазына қалтасынан 300 миллион теңге бөлінді. Мұнан басқа жер-жерлерде ұйымдастырылатын шараларға мемлекеттік бюджеттен тағы 4,7 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылып отыр. Соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне бір реттік 65 мың теңгенің көмегі беріледі. Медведев Президентімізді Мәскеуде өтетін Жеңіс шеруіне қатысуға да шақырып қойды. Бірақ, ол антұрған қызық қылғанда, дәл былтырғыдай етіп: «Рейхстагқа ту тіккен орыс Егоров пен грузин Кантария» деп беті бүлк етпестен «қойып» қалғанда, жеңіс туын көтерген Рақымжан Қошқарбаевтың бауыры, қазақ басшысы Назарбаевтан  ұят  болды-ау деген жоқ.

Қарағанды.

 

0 пікір