Гүлшара Әбдіхалықова: Елiмiзде 109 мыңнан астам көп балалы ана бар
Халықтың әлеуметтiк жағдайы қандай? Зейнетақы және жәрдемақы төңiрегiнде неге дау-дамай көп? Билiк жұмыссыздықпен күресе алды ма? Көшi-қон мәселесiн реттеуде не тындырды? «Жас Алаштың» осы және басқа да сұрақтарына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара ӘБДIХАЛЫҚОВА (суретте) жауап бердi.
- Гүлшара Наушақызы, Сiздiңше, Қазақстан көшi-қон саясатында ненi ескермей келедi? Қайтсек шетте жүрген қандастарымызды елге қайтарамыз, iшкi көшi-қон мәселесiн қалай реттеймiз?
- Көшi-қон саясаты ұлттық идеологиямен тығыз байланысты. Ал оны дұрыс жолға қою үшiн ең алдымен әлеуметтiк мәселелерге көңiл бөлу керек. Тағдырдың талайымен тарыдай шашылған қазақ баласын елге қайтару, тәуелсiз елiмiздiң басты мұраты. Бүгiнгi таңда қандастарымыз әлемнiң 40 елiнде өмiр сүруде. 32 елiнде мәдени орталықтар жұмыс iстейдi. Шетте 4,5 миллион қазақ жүр. Мәселен, Қытайда - 1,5 миллион, Өзбекстанда - 1,3 миллион, Ресейде - 870 мың, Моңғолияда - 70 мың қазақ өмiр сүруде. Дәл қазiрге дейiн шетте жүрген 201 309 қазақ отбасы өз отанына келiп кереге кердi, 789 339 қазақ елге оралды. Мемлекеттiң көмегiмен және өз бетiмен көшiп келгендердiң саны 1 миллионнан асты.
Халықтың әлеуметтiк жағдайы қандай? Зейнетақы және жәрдемақы төңiрегiнде неге дау-дамай көп? Билiк жұмыссыздықпен күресе алды ма? Көшi-қон мәселесiн реттеуде не тындырды? «Жас Алаштың» осы және басқа да сұрақтарына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара ӘБДIХАЛЫҚОВА (суретте) жауап бердi.
- Гүлшара Наушақызы, Сiздiңше, Қазақстан көшi-қон саясатында ненi ескермей келедi? Қайтсек шетте жүрген қандастарымызды елге қайтарамыз, iшкi көшi-қон мәселесiн қалай реттеймiз?
- Көшi-қон саясаты ұлттық идеологиямен тығыз байланысты. Ал оны дұрыс жолға қою үшiн ең алдымен әлеуметтiк мәселелерге көңiл бөлу керек. Тағдырдың талайымен тарыдай шашылған қазақ баласын елге қайтару, тәуелсiз елiмiздiң басты мұраты. Бүгiнгi таңда қандастарымыз әлемнiң 40 елiнде өмiр сүруде. 32 елiнде мәдени орталықтар жұмыс iстейдi. Шетте 4,5 миллион қазақ жүр. Мәселен, Қытайда - 1,5 миллион, Өзбекстанда - 1,3 миллион, Ресейде - 870 мың, Моңғолияда - 70 мың қазақ өмiр сүруде. Дәл қазiрге дейiн шетте жүрген 201 309 қазақ отбасы өз отанына келiп кереге кердi, 789 339 қазақ елге оралды. Мемлекеттiң көмегiмен және өз бетiмен көшiп келгендердiң саны 1 миллионнан асты.
Тарихи Отанына оралған қазақтардың көшiп келген ортасына тастай батып, судай сiңiп кетуi үшiн 2008 жылдан, бастап Оңтүстiк Қазақстан облысы Шымкент қаласы, Ақсукент елдiмекенiнде және Қарағанды қаласында оралмандарды бейiмдеу және кiрiктiру орталығы жұмыс iстейдi. Биыл наурыз айында Ақтау қаласында да осындай орталық ашылмақ.
Бұл осы күнге дейiн атқарылған жұмыстар. Бiрақ, этникалық саясатты iске асыруда кемшiлiктер бар. Атап айтқанда, бiрiншiден, белгiленген квота мен көшiп келген оралмандардың нақты саны әртүрлi. Екiншiден, Қазақстанға ат басын бұрған қазақтарды өңiрлерге қоныстандыру бiркелкi емес. Олардың жартысынан астамы халқы тығыз орналасқан - Оңтүстiк Қазақстан, Маңғыстау, Алматы және Жамбыл облыстарында тұрады. Солтүстiк аймақтарда керiсiнше. Тiптi, онда жұмыс күшiне сұраныс мол болса да көшiп баратындар аз. Үшiншiден, атажұртқа оралған қандастарымызды жұмыспен қамту деңгейi төмен. Жергiлiктi атқарушы органдардың деректерiне сүйенсек, еңбек жасындағы оралмандардың үштен бiрi - жұмыссыз. Төртiншiден, шетелдердегi қазақ диаспорасы арасындағы ақпараттық-насихат жұмыстарының тиiмдiлiгi төмен.
- Қазақстанның қолайсыз аудандарында тұратын азаматтардың жағдайы бiздi ерекше алаңдатады. Жалпы, Қазақ билiгi, оның iшiнде дәл Сiз басқарып отырған министрлiк болашағы бұлыңғыр ауылдарды, ұмыт қалған елдiмекендердi сақтап қалу, бiр облыстан екiншi облысқа көшкендердi жұмыспен қамту, олардың экономикалық әлеуетiн жасақтау мәселелерiн шешуге келгенде босаңдық танытып отырған сияқтысыздар.
- Жасыратын түгi жоқ, өткенiмiз бен болашағымызды ауылсыз елестету мүмкiн емес. Шындығында, ауыл - қазақтың алтын бесiгi. Ауыл мәселесi- әрбiр қазақстандықтың проблемасы. Дәл қазiр Сiз айтқан болашағы бұлыңғыр ауылдардың мәселесiмен Ауылшаруашылығы министрлiгi айналысуда. Бiлесiздер, қазiргi уақытта ауылдық елдiмекендерде қордаланып қалған, жақын арада шешудi қажет ететiн бiрқатар мәселелер бар. Атап айтқанда, ауыл халқын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, жергiлiктi маңызы бар жолдарды жөндеу, табиғи газ тарту, электр қуатының баламалы көздерiн ашу, әлi күнге жарықсыз, майшаммен отырған ауылдарды электрмен жабдықтау мәселесiн бiрiншi кезекте қолға алу қажет.
Ал ауылдарды мекен еткен азаматтардың әлеуметтiк жағдайын жақсарту жүгi бiздiң министрлiкке артылған. Яғни, зейнетақы, атаулы әлеуметтiк көмек және басым көпшiлiгi ауылдық жерлерде қоныстанған көп балалы аналарға барынша көмек жасау. Әйтсе де, ұмыт қалған елдiмекендердi сақтап қалу үшiн министрлiк үкiметтiң «Жол картасы» бағдарламасы аясында нақты жұмыстар атқаруда. Мәселен, ауылдық жерлердi мекен еткен қаншама азаматтар жұмыспен қамтылды. 2010 жылы және жалпы құны 5 813,6 миллион теңге тұратын 455 жобаны орындау, 8380 жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Iшкi көшi-қон мәселесiн оңтайлы шешу үшiн 2009 жылдың желтоқсан айында ҚР «Халықтың көшi-қоны туралы» Заңының жаңа редакциядағы жобасын жасап, ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына ұсындық. Онда iшкi көшi-қонды реттеуге арнайы квота белгiленген. Егер ұсынған Заң жобасы қабылданса iшкi көшi-қон мәселесiн реттеп, қолайсыз аудандарда тұратын азаматтарды ұтымды қоныстандыру және олардың жайғасуы мен кiрiгуiне жәрдемдесу мәселесi бiр жүйеге келетiнiне үмiт артып отырмыз.
- Солтүстiк Қазақстан облысын басты назарға алу мәселесiне, дәл осы аймаққа қазақтарды көшiруге, оларға үкiмет тарапынан арнайы көмек беруге, немесе квота ажыратуға жеткiлiктi көңiл бөлiнбей жатқаны туралы баспасөзде аз жазылған жоқ. Оған не жауап айтасыздар?
- Қазақтарды бұл өңiрге дұрыс қоныстандыру - бүгiнгi таңдағы ең өзектi мәселе. Мәселен, шеттен көшiп келген қандастарымызды алайық. 2009 жылға республика бойынша шеттен 20 мың қазақ отбасы көшiп келедi деп жоспарланған. Бiрақ, 16 335 отбасынан өтiнiш түсiп, оның 15 534-i көшiп келу квотасына енгiзiлдi. Ал Солтүстiк Қазақстан облысына 550 қазақ отбасының көшiп келуiне квота белгiлендi. Алайда, бар-жоғы 154 отбасы осы өңiрге шаңырақ тiктi. Яғни, бұл аймақта квотаның берiлуi 28 пайызға ғана орындалды.
Асылы, солтүстiк аймаққа көшiп келу квотасы жылдан жылға көбеймесе азайтылған жоқ. Мәселен, 2010 жылы «Нұрлы көш» бағдарламасының аясында Солтүстiк Қазақстан облысы Байтерек ауылына 140 оралман отбасына тұрғын үй салып, жұмыспен қамту көзделiп отыр. Сондай-ақ, оларды ынталандыру мақсатында бiржолғы жәрдемақы 2 есе көбейдi. Таратып айтсам, солтүстiк өңiрлер бойынша бiржолғы жәрдемақы отбасы отағасына - 100, отбасы мүшелерiне - 75 айлық есептiк көрсеткiшпен бекiтiлген. Ал Орталық, Оңтүстiк өңiрлерге көшiп келетiн қандастарымызға бiржолғы жәрдемақы бұдан төмендетiлген коэффициентпен берiлетiн болады.
- "Нұрлы көшке" қатысушылардың бiрi - кезiнде Қазақстаннан көшiп кеткен қазақ емес ұлыстар. Бағдарламаға сәйкес оларды "бiлiктi маман" ретiнде елге шақыртпақсыздар. Ол қай маман, қайда, қандай жұмыс iстейдi? Сiздiңше, Кеңес одағының кешегi "кадрларын" бүгiнгi қазақ елi қажетсiне ме? Оларға қандай зәрулiк бар?
- Бұл ретте айтарым, «Нұрлы көш» бағдарламасы туралы Үкiметтiң 2008 жылдың 2 желтоқсанындағы қаулысында, елiмiздiң бұрынғы азаматтарын бiлiктi маман ретiнде қайта шақыруда ұлтына қарап, ұлысын ажырату көзделмеген. Рас, Кеңес одағы ыдырап, тәуелсiздiгiмiздi жариялап, есiмiздi ендi жиып жатқан тұста бiрқатар бiлiктi мамандарымыз шекара асып кеттi. Олардың iшiнде қазақтар да бар. Бұл дәл осы қазақтардың қайтып келуiне мүмкiндiк жасаудан туындаған бастама едi. Бiрақ, бүгiнге дейiн олардан бiрде-бiр өтiнiш түскен жоқ.
- "2009 жыл Қазақстанның еңбек нарығында күрделi кезең болды. Жұмыссыздардың саны 700 мыңға жеттi" деген ақпарат тарады. Жақында парламент мәжiлiсiнде сөйлеген сөзiңiзде "2009 жылдың төртiншi тоқсанында жұмыссыздық деңгейi бiрiншi тоқсандағы 6,9 пайызбен салыстырғанда 6,3 пайызды құрады" дедiңiз. 6,9 пайызымыз 700 мың адам болса, 6,3 пайызымыз қанша адам?
- 2009 жыл тек еңбек нарығы емес, жалпы барша салаға жаһандық қаржы дағдарысының салқыны тидi. Үкiметтiң дағдарысқа қарсы бағытталған шаралары, әсiресе, «Жол картасы» бағдарламасы жұмыссыздықтың алдын алуға сеп болды. Негiзiнде министрлiктiң деректерi бойынша, өткен жылдың басында жұмыссыз жүргендердiң саны 557 800 адамға жеттi. Яғни, жұмыссыздық деңгейi - 6,6 пайызды құрады. Ал жылдың аяғында ҚР Статистика агенттiгi: «Республикадағы жұмыссыздар саны - 531 800 адам болды», - деп ақпарат таратты. Сiз сұраған 6,3 пайызымыз осы.
- Республикада миллионға жуық адамды 8 мыңнан аса iрi және орта бизнес кәсiпорындары жұмыспен қамтамасыз етедi екен. Естуiмiзше, олар үкiметпен жұмыс орындарын сақтап қалу, еңбек құқықтарын және жұмыссыздардың кепiлдiктерiн қорғау жөнiндегi арнайы меморандумдар жасау туралы бастаманы қолдапты. Сiздiңше бұл бастама жұмыссыздықтың алдын алуға қаншалықты әсер етедi?
- Осы сарындас меморандумдарды қолға алғанымызға екi жылдың жүзi толды. 2010 жылдың 1 қаңтарында өндiрiстiк үрдiстердi тұрақтандыру және қызметкерлердiң еңбек құқықтары мен кепiлдiктерiн қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi өзара ынтымақтастық туралы 983 500-ден астам қызметкердi қамтитын 8187 меморандумға қол қойылды. Министрлiкке тiркелген деректерге сүйенсек, бүгiнде 8 084 кәсiпорын өз жұмысшыларын жұмыспен толық қамтамасыз етiп отыр. 96 кәсiпорын жұмыскерлердi iшiнара жұмыспен қамтуды қолдануда. Жұмыс берушi өндiрiс көлемi төмендеген күнде де жұмысшыларды басқа жұмысқа алмастыру, сондай-ақ, сұранысы мол кәсiпке оқыту мiндеттемелерiн қабылдайды. Мәселен, қазiргi таңда 45 кәсiпорын 12 мыңға жуық қызметкерiн басқа жұмыстарға ауыстырды. 68 мыңнан астам қызметкер жаңа кәсiптiк бiлiм алды. Ал қабылданған мiндеттемелердi 42 ұйым бұзды. Олардың қызметкерлерге 340,7 миллион теңге көлемiнде жалақы берешегi болғаны анықталды. Меморандумның басты мақсаты - жұмыс орындарын сақтап қалу.
- Парламент мәжiлiсiнде берген есебiңiзде "Еңбек және әлеуметтiк заңнаманың сақталуын жоспарлы түрде тексеремiз. 22,1 мың кәсiпорынды мемлекеттiк еңбек инспекторларының тексерулерi барысында еңбек және әлеуметтiк заңнаманың 100 мыңнан астам рет бұзылғандығы анықталды" дедiңiз. Сонда тек қана кәсiпорындарда бiр жылдың iшiнде 100 мыңнан аса адамның құқығы бұзылған ба? Жалпы, республикада қанша кәсiпорын бар және онда қанша адам жұмыс iстейдi?
- 2009 жылы елiмiзде 245 583 кәсiпорын тiркелген. Онда 4 753 236 адам еңбек етуде. Өткен жылы мемлекеттiк еңбек инспекторлары 22 116 кәсiпорында тексеру жүргiздi. Нәтижесiнде 100 580 заң бұзу дерегi анықталды. Оның iшiнде 58 435-i - еңбек қатынастарына, 40 433-i - жұмыс берушi тарапынан еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау заңнамаларының сақталмауына, 1 712 iс халықты жұмыспен қамту мәселесi бойынша бұзылған. Осы кемшiлiктердi жою мақсатында жұмыс берушiлерге жалпы сомасы 310 529 600 теңгенi құрайтын 10 785 әкiмшiлiк айыппұл салынды.
- Елiмiздегi ең төменгi жалақы мөлшерi 14 952 теңге екенi жиi айтылады. Ал ең жоғарғы еңбекақы қанша? Егер құпия болмаса, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi бiр айда қанша жалақы алады екен? Оған қосымша боларлық сыйақысы қанша?
- Статистика агенттiгiнiң мәлiметiне жүгiнсек, 2009 жылғы қаңтар-қарашада ең жоғары орташа айлық жалақы - 230 039 теңгеге жеткен. Бұл жалақыны қаржы делдалдығы және сақтандыру саласындағы қызметкерлер алған. Бүгiнде «Нұр Отан» партиясының бастамасымен табыс көлемiн жариялау үрдiсi қолға алынуда. Алдағы уақытта мен де өз табысым жайлы мәлiметтердi ресми жарияласам деген ойым бар. Ал сыйақы мәселесiне келер болсақ, саяси қайраткерлiкпен айналысатын тұлғаларға мұндай қосымша ынталандыру төлемдерi берiлмейдi.
- Әңгiме әуенiн зейнетақы мен әлеуметтiк жәрдемақыға бұрсақ. Баршаға белгiлi, зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерi жыл сайын артуда. Бiрақ, базардағы баға да шарықтап, бой бермей келедi. Зейнетақыға қосылған 25 пайызымыз да, жәрдемақыға қосылған 9 пайызымыз да түкке тұрмай қалды. Сондықтан да, мемлекеттiң бұл қамқорлығы төңiрегiнде дау-дамай көп. Бұл туралы не айтасыз? Зейнетақы, жәрдемақы мөлшерiн тағы да арттыруды ойлап отырған жоқсыздар ма?
- 2009 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейi 6,2 пайызды құрады. Бұл - ҚР Статистика агенттiгi таратқан ресми дерек. Ал Үкiмет зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн орташа - 25, мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақыны - 14 пайызға арттырды. 6,2 пайыз бен 25 пайыздың арасында айырмашылық бар ғой. Сондықтан, «зейнетақыға қосылған 25 пайызды инфляция жұтып қойды, зейнеткерлердiң өмiр сүру деңгейi төмендедi» деген қаңқу әңгiме негiзсiз. Ал зейнетақының көлемi - бөлек әңгiме. Мәселен, биылғы жылы базалық зейнетақы төлемiнiң мөлшерi 5981 теңгенi құрады. Осы базалық зейнетақы көлемiн қоса есептегенде, 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдерiнiң ең төменгi мөлшерi - 18 325 , орташа мөлшерi - 27 481, ең жоғары мөлшерi - 40 001 теңгеге жеттi. Бұған қоса жергiлiктi атқарушы органдар бюджет мүмкiндiгiн және бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгiн ескере отырып, азаматтардың жекелеген санаттарына қосымша әлеуметтiк қолдау көрсетiп жатыр. 2009 жылы азық-түлiк өнiмдерi бағасының өсуiне байланысты 166 мыңнан астам адамға 1417,1 миллион теңге көлемiнде өтемақы төлемдерi жүргiзiлдi. Халықтың әлжуаз тобын арзандатылған азық-түлiк өнiмдерiмен қамтамасыз етуге 295 әлеуметтiк дүкен, 2753 сауда орны және арзандатылған дәрi-дәрмек жеткiзу үшiн 509 әлеуметтiк дәрiхана қызмет көрсеттi. Оның үстiне, министрлiк зейнетақымен қамсыздандыру жүйесiндегi мәселелердi шешу мақсатында экономикалық зерттеулер, есеп-қисаптар жүргiзiп жатыр. Алдағы уақытта осының негiзiнде үкiметке зейнетақы жүйесiн дамыту бойынша ұсыныстар әзiрлеймiз.
- Айтпақшы, 2009 жылы зейнетақыға, президент айтқандай 25 пайыз емес, 99 теңге қосылды деп қынжылған қариялар да көп. Бұл туралы айтарыңыз бар ма?
- Бұл - осы мәселенi дұрыс түсiнбеген кейбiр азаматтардың әңгiмесi. 99 теңге төңiрегiндегi әңгiменiң шыққан тегi былай: 2009 жылы зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерi орташа 25 пайызға артты. Өткен жылдың басында ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң мөлшерi 12 025 теңгеден 13 470 теңгеге өстi. Осыған орай, базалық зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерi артып, 5388 теңгенi құрады. Құнсыздану құбылысын ескерiп, әдеттен тыс, яғни 1 шiлдеде төменгi күнкөрiс деңгейiне қайта индексациялау жүрiп, оның көлемi тағы ұлғайды. Жоғарыда атап өткенiмiздей, базалық зейнетақы күнкөрiс деңгейiнiң 40 пайызын құрауы тиiс. Мiне осы шiлде айында ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң мөлшерi 13 470 теңгеден 13 717 теңгеге дейiн өстi. Соған сәйкес 5388 теңге базалық зейнетақы 5 487 теңгеге жеттi. Көрiп тұрғанымыздай, өсiм - 99 теңге. Осы төменгi күнкөрiс деңгейiн қайта индексациялау барысындағы базалық зейнетақы көлемiнiң өзгеруiн жыл басында қосылған 25 пайызбен шатастырып жүр.
- Ана мен баланың жағдайын жасауға көңiл бөлiп жатырмыз дейсiздер. Алайда, бала туу саны соңғы жылдарда кемiп кеткен. Бұл нелiктен? Сiздiңше мұндай тұйықтан қалай шығу керек?
- Үкiмет демографиялық өсiмнiң қалыптасуында салғырттық танытып отыр деп айта алмаймын. Мәселен, биылғы жылға дейiн он баласы бар аналарға ғана «Алтын алқа» берiлетiн. Бүгiнде «Алтын алқамен» марапаттау жетiншi баласы бiр жасқа жеткен және басқа балалары тiрi болған анаға тапсырылады. «Күмiс алқа» белгiсiмен алты баласы бар ана марапатталуда. Үкiметтiң бұл әрекетiн демiгiп тұрған демографиямызға демеу үшiн жасалған дүние деп қабылдау керек. Дәл қазiр елiмiзде «Алтын алқа», «Күмiс алқа» белгiлерiмен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелi «Ана даңқы» ордендерiмен марапатталған 109 мыңнан астам көп балалы ана бар. Оларға жылына бюджеттен 6,6 миллиард теңге мөлшерiнде арнаулы мемлекеттiк жәрдемақы төленедi. Сонымен қатар, 2005 жылы ана мен баланы әлеуметтiк қорғау және аз қамтамасыз етiлген отбасыларды қолдау мақсатында «Балалы отбасыларға берiлетiн мемлекеттiк жәрдемақылар туралы» ҚР Заңы қабылданды. Дәл осы заң негiзiнде бала тууына байланысты бiржолғы мемлекеттiк жәрдемақы, бала бiр жасқа толғанға дейiн берiлетiн бала күтiмi жөнiндегi жәрдемақы, айлық табысы жан басына шаққанда орта есеппен азық-түлiк себетiнiң құнынан (ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң 60 пайызын құрайды) төмен отбасыларға берiлетiн он сегiз жасқа дейiнгi балаларға арналған жәрдемақы берiледi. 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап: төртiншi және одан кейiнгi бала туғанда берiлетiн бiржолғы жәрдемақы - 70650 теңге, бала бiр жасқа толғанға дейiн берiлетiн бала күтiмi жөнiндегi ай сайынғы жәрдемақыны: бiрiншi балаға - 7772, екiншi балаға - 9185, үшiншi балаға - 10598, төртiншi және одан кейiнгi балаларға - 12011 теңге көбейтiлдi.
- Мәселен, демографиялық мәселесi күйiп тұрған көршi Ресей Федерациясы да бұл түйiндi шешуге бiлек түрiп кiрiстi. Жiлiктеп, баланың күтiмiне қанша қаражат керек, бәрiн жiтi есептегендей. Ал Қазақстандағы жағдай мүлде бөлек. Мұның себебi неде?
- Ресейдегi жүйе екiншi және одан да көп бала тууды, ал бiздегi жүйе төртiншi бала тууды ынталандыруға арналған. Көршi мемелекетте енгiзiлген «Ана қапиталы» жобасы нысаналы мақсаттарға: тұрғын үй сатып алуға, балалардың жоғары және кәсiби-орта мекемелерде бiлiм алуына, зейнетақы жинақтауға арналған. Десе де, демографиялық жағдайды түзеу тек әйелдiң номиналды табысын көбейтумен шектелмейдi. «Ана капиталын» толығымен жүзеге асыру үшiн бала туу инфрақұрылымын, мәселен балабақшаларды, емханаларды қалпына келтiру, сонымен қатар әйел азаматтардың жұмысқа тұру мүмкiндiгiн арттыру және олардың әлеуметтiк кепiлдiктерiн көбейту керек. Мiне, осы жұмыстарды Қазақстанда кезең-кезеңмен жүзеге асыру ниетiмiз бар. Бұл ел экономикасының даму қарқыны, мемлекеттiк бюджеттiң нақты мүмкiндiктерi және мемлекет алдында тұрған әлеуметтiк сала мiндеттерi негiзiнде орындалмақ.
- Сондай-ақ, мүгедектiк, асырауынан айырылу бойынша және жасына байланысты мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы туралы не айтар едiңiз?
- Қазақстанда бiр мезгiлде әртүрлi мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы алуға құқығы бар адамдар өз таңдауы бойынша бiр жәрдемақы алады. «Қазақстан Республикасында мүгедектiгi, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы» Заңның 8-бабына сәйкес мүгедектiгi бойынша жәрдемақылар мүгедектiкке душар болған жағдайда жәрдемақыға өтiнiш жасалған уақытта жұмыстың тоқтатылғанына немесе жалғасуына қарамастан тағайындалады. Сонымен қатар мүгедiктiк алу еңбекке қабiлетiн жоғалту дәрежесiне қарай үш топқа бөлiнедi. Бiрiншiден, жұмыс iстейтiн жәрдемақы алушыларға мүгедектiгi бойынша жәрдемақы толық мөлшерiнде төленедi. Екiншiден, мүгедектiк бойынша айлық жәрдемақылар мөлшерi оның тобына байланысты болады. Үшiншiден, егер орталықтан және жинақтаушы зейнетақы қорларынан берiлетiн жиынтық зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерi мүгедектердiң санаттары үшiн белгiленген мүгедектiгi бойынша айлық жәрдемақы мөлшерiнен кем болса, жәрдемақы төлеу зейнетақы төлемдерiне мүгедектердiң сол санаты үшiн белгiленген жәрдемақы мөлшерiне дейiн жеткiзiлген тиiстi қосымша төлемдер түрiнде жүргiзiледi.
Сондай-ақ, егер асыраушысы қайтыс болған отбасының еңбекке жарамсыз мүшелерi болса, олар да мемлекет тарапынан жәрдемақы ала алады. Ал жасына байланысты жәрдемақы азаматтарға зейнетақы төлемдерiне құқығы болмаған жағдайда «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңында белгiленген жасқа жеткен кезде орталықтан, жинақтаушы зейнетақы қорларынан тағайындалады. Оның мөлшерi ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң жартысына тең. Мүгедектiгi, асыраушысынан айырылу және жасына байланысты мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар мөлшерi ең төменгi күнкөрiс деңгейi мөлшерiмен есептеледi. Сондықтан оның көлемi өскен сайын жәрдемақы мөлшерi де арта түседi. Мысалы ағымдағы жылғы 1 қаңтардан күнкөрiс деңгейiнiң көлемi ұлғайып, ол 14 952 теңгенi құрады. Осыған орай мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы мөлшерi артып, 2009 жылмен салыстырғанда 9 пайызға өстi.
- Қазақстанда жұмысқа жарамсыз болып қалған кеншiлердiң саны қанша екенi анықталды ма? ҚР "Банкроттық туралы" заңның 77-бабы туралы қарағандылық кеншiлердiң дауына нүкте қойылды ма? Қандай шешiм қабылданды?
- Кеншiлердiң мәселесi жеке бақылауымда. Кеншiлердiң бастамашыл тобын қабылдап, бiрлесе жұмыс iстеудi ұсындым. Ал министрлiк тарапынан «Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне денсаулыққа келтiрiлген зиянның орнын толтыруға байланысты өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заң жобасының тұжырымдамасы дайындалуда. Алдағы уақытта ведомоствоаралық комиссияға және ғылыми-құқықтық сараптамаға жiберетiн боламыз.
- Әңгiмеңiзге рақмет.
Әңгiмелескен Дилара ИСА.
«Жас Алаш», 04.03.2010
Түпнұсқадағы тақырып - «Ең төменгi жалақы - 14 952 теңге. Ең жоғарғы орташа айлық - 230 038 теңге. Ал министрдiң айлығы қанша?»