Соттағы сорақылықтар жалғасып жатыр
Астана қаласындағы №2 Сарыарқа аудандық сотында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің ісі бойынша сот процесі жабық есіктің арғы жағында өтіп жатыр. Алайда, Мұхтардың қорғаушысы Нұрлан Бейсекеевтің айтуынша, сенсациялық сотта қаралып жатқан қылмыстық істің бірде-бір құжатында «аса құпия» деген мөр жоқ көрінеді. Ең сорақысы сол, осы «құпиялықтың» кесірінен М. Жәкішевтің оққағары Талғат Қыстаубаевтың қорғаушысы Хамида Айтқалиева соттың есігі түгілі, тесігінен де сығалай алмай жүр. Өз әрекетінен түк шықпаған соң, ашынған Айтқалиева құзырлы мемлекеттік органдардың өкілдерінің үстінен сотқа шағымданатынын мәлімдеді.
Соттағы сәйкессіздік
Астана қаласындағы №2 Сарыарқа аудандық сотында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің ісі бойынша сот процесі жабық есіктің арғы жағында өтіп жатыр. Алайда, Мұхтардың қорғаушысы Нұрлан Бейсекеевтің айтуынша, сенсациялық сотта қаралып жатқан қылмыстық істің бірде-бір құжатында «аса құпия» деген мөр жоқ көрінеді. Ең сорақысы сол, осы «құпиялықтың» кесірінен М. Жәкішевтің оққағары Талғат Қыстаубаевтың қорғаушысы Хамида Айтқалиева соттың есігі түгілі, тесігінен де сығалай алмай жүр. Өз әрекетінен түк шықпаған соң, ашынған Айтқалиева құзырлы мемлекеттік органдардың өкілдерінің үстінен сотқа шағымданатынын мәлімдеді.
Соттағы сәйкессіздік
Бұған дейін белгілі болғанындай, ҰҚК Мұхтар Жәкішевке «Еліміздегі уран кеніштерінің 60 пайызын мемлекет бақылауынан шығарып, шетелдегі жалған фирмаларға арзан бағамен сатып, бірнеше млрд. доллар пайда тапқан» деген айып тақты. Ал Бас прокуратура: «Мұхтар Жәкішев Австрияның астанасында «Қазатомөнеркәсіптің» заңсыз бөлімін ашып, Рахат Әлиевтің туыстарын қызметке алған. Сондай-ақ, Жәкішев мемлекеттік сатып алу байқауларын өз мүддесіне пайдаланып, қалталы мердігерлерден аса ірі көлемде пара алып келген» деп кінәлап отыр. Соттағы сәйкессіздік сол, Нұрлан Бейсекеевтің айтуына қарағанда, сотта ҰҚК-нің айыптаулары емес, Бас прокуратураның таққан айыптары қаралуда.
Соттағы өтініш
«Жәкішев ісінің» басқа соттардан бір айырмашылығы, сот процесінен журналистерге ақпар жеткізетін екі-ақ адам бар. Бірі - қорғаушы Н. Бейсекеев, екіншісі - Мұхтардың жұбайы Жәмила Жәкішева. Нұрлан Бейсекеевтің айтуынша, сәрсенбідегі мәжілісте Мұхтар Жәкішевтің істің құпиялығына қатысты өтініші оқылыпты. «Мен өзімді қорғауға ҰҚК жіберген адвокат Болат Исатаевтың осы процестен шеттетілуін сұраймын. Себебі сол, бұл адвокаттың қызметіне ақы бюджеттен төленеді» деп жазыпты өз өтінішінде «Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы басшысы. Сондай-ақ, Мұхтардың адал қорғаушысы Астана қалалық соттар әкімшілігі берген мәліметтерде Болат Исатаевтың мемлекеттік құпия істермен танысуға рұқсат қағазы жоқтығын айтады.
Соттағы сенімсіздік
Өткен аптада Нұрлан Бейсекеев соттағы сорақылықтарды тоқтату үшін «Жәкішевтің ісіне» қазылық етіп жатқан судья Нұржан Жолдасбековке сенімсіздік білдіріп, қалалық сотқа өтініш жолдағанын мәлімдеді. Қорғаушының айтуынша, үшінші биліктің өкілі Мұхтардың денсаулығының нашарлығына ешқандай назар аудармай отыр. Басты айыпталушының бұған дейінгі сот отырыстарында қан қысымы қатты көтеріліп, жедел жәрдемнің көмегіне жүгінгені мәлім. Оған қоса, Мұхтардың халінің мүшкілдігін Алматыдан арнайы шақырылған тәуелсіз кардиолог-дәрігер Александр Бабарыгин де ашық айтты. Ол М. Жәкішевке ҰҚК тағайындаған дәрігер Ғалым Қалиевтің кәсіби біліктілігіне сенімсіздік білдірді. Бірақ... бір анығы Н. Бейсекеев пен А. Бабарыгиннің сөзіне ешкім құлақ асып жатқан жоқ.
Соттағы шағым
Мұхтардың жұбайы Жәмила тергеу абақтысындағы күйеуіне жіберген сәлемдемелерінің толық жетпейтінін айтып, шағым жасауда. «Мен күйеуіме бірнеше рет осы сот туралы жазған тәуелсіз газеттерді беріп жібердім. Бірақ, ол газеттерді жеткізбей, мен сатып алмаған «Казахстанская правданы» апаратын көрінеді. Ол ол ма, газетті айтпағанда, мен апаратын тамақтың өзін орта жолдан алып қалады екен. Себебі, ол «Мені неге картоппен ғана тамақтандырасыңдар?» деп сұрапты. Ал, мен болсам әр күні әртүрлі тамақ дайындап апарамын», - дейді ол. Бір таң қаларлығы, Жәмиланың күйеуі ылғи да сабын, тіс пастасы мен щеткасын сұрататын көрінеді. «Мен осыдан үш күн бұрын ғана Мұхтарға паста мен щетка, сабын беріп жібергенмін. Бірақ, ол осы заттарды тағы сұратыпты. Сабын мен паста 3 күнде таусылмайды ғой. Демек, ол заттарды жұбайыма бермей қойған» деді ол. Ж. Жәкішева ханымның айтуынша, абақтының басшылығы осы аптада қамаудағы адамға сүт тағамдарын жіберуге тыйым салыпты.
Осы мәселе жөнінде біз ҰҚК-нің баспасөз қызметінің бастығы Кенжеболат Бекназаровпен сөйлестік. Оның айтуынша, Жәкішева ханымның сөздерінің бәрі шындыққа жанаспайды. «Мен бұл жөнінде абақтының басшылығымен сөйлестім. Жәмила Жәкішеваның өз күйеуіне әкелетін заттарының барлығы жеткізіледі. Оны орта жолдан ешкім алып қалуға құқығы жоқ. Тіпті, Мұхтардың өзі абақтының басшысына «Менің сәлемдемелерге (тамақ, газеттер және тұрмысқа қажетті заттар) қатысты ешқандай шағымым жоқ» деп айтыпты. Бөлмесінде тек теледидардың жоқтығы рас екен. Яғни, Жәмиланың сөздерінің бәрі шындыққа сәйкес келмейді» деді ол «Жас қазаққа» берген жауабында.
Төлен ТІЛЕУБАЙ, Астана.