«Қазақтың «Аялы алақаны» болып қала беремін»
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан берілген «Аялы алақан» бағдарламасының жабылғанына да бір жылға таяп қалды. Алайда көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, сұранысқа ие болған бағдарлама туралы әңгімелер легі әлі күнге дейін басылар емес. Бірі «Неге жабылды екен?» десе, бірі «мүмкін бір күні қайта шығып қалар» деген үмітпен жүр. Әйтеуір бәрі де «Аялы алақанның» жабылғанына қынжылып отыр. «Аялы алақан» бағдарламасына ұқсас «Жан жылуы» атты бағдарламаның эфирден берілгеніне де көп уақыт бола қойған жоқ. «Қазақстан» арнасын назардан тыс қалдырмай, үнемі бақылап отыратын көрермендердің айтуына қарағанда «Жан жылуы» ә, деп бастаған алғашқы күннен-ақ «Аялы алақанды» көшіре шығып жатқан көрінеді. Осы орайда, қыбыр еткенді қалт жібермейтін байқампаз басшылық қайда қарап отыр деген заңды сұрақ туады? Ал, «Аялы алақанның» авторы әрі жүргізушісі болған Бибігүл Дәулетбекқызы (суретте) да «Жан жылуы» бағдарламасының барып тұрған көшірме екенін, бұл мәселеге «талапшыл» басшылықтың қалай жол бергенін түсінбейтінін айтады. Осы ретте көкейде қордаланып қалған біраз сұрақтарымызды Бибігүлге қойып, аз-кем сұхбаттасқан едік.
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан берілген «Аялы алақан» бағдарламасының жабылғанына да бір жылға таяп қалды. Алайда көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, сұранысқа ие болған бағдарлама туралы әңгімелер легі әлі күнге дейін басылар емес. Бірі «Неге жабылды екен?» десе, бірі «мүмкін бір күні қайта шығып қалар» деген үмітпен жүр. Әйтеуір бәрі де «Аялы алақанның» жабылғанына қынжылып отыр. «Аялы алақан» бағдарламасына ұқсас «Жан жылуы» атты бағдарламаның эфирден берілгеніне де көп уақыт бола қойған жоқ. «Қазақстан» арнасын назардан тыс қалдырмай, үнемі бақылап отыратын көрермендердің айтуына қарағанда «Жан жылуы» ә, деп бастаған алғашқы күннен-ақ «Аялы алақанды» көшіре шығып жатқан көрінеді. Осы орайда, қыбыр еткенді қалт жібермейтін байқампаз басшылық қайда қарап отыр деген заңды сұрақ туады? Ал, «Аялы алақанның» авторы әрі жүргізушісі болған Бибігүл Дәулетбекқызы (суретте) да «Жан жылуы» бағдарламасының барып тұрған көшірме екенін, бұл мәселеге «талапшыл» басшылықтың қалай жол бергенін түсінбейтінін айтады. Осы ретте көкейде қордаланып қалған біраз сұрақтарымызды Бибігүлге қойып, аз-кем сұхбаттасқан едік.
- Бибігүл, «Аялы алақан» бағдарламасының жабылғанына да жарты жылдам астам уақыт өтіпті. Осы бағдарламаны тұрақты түрде тамашалап келген көрермен әлі күнге дейін бағдарламаның не себепті жабылғанынан бейхабар болып келеді. «Жарқырап шығып келе жатқан бағдарлама бір-ақ күнде жоқ болды да кетті», - дейді көпшілік. Осының анық-қанығын өзіңіздің аузыңыздан естісек деп едік.
- Шынында, «Аялы алақан» бағдарламасының жабылғанына жарты жыл болыпты есептеп отырсам. Не үшін жабылғанын, шынын айтар болсам, өзім де түсінбей қалдым. Ең алдымен өздеріңіз жақсы білесіздер, ол бағдарламаның уақыты жиі өзгеріп отырды. Жексенбі күні болатын бағдарлама біресе, сейсенбі күні сағат бестердің, төрттердің кезінде болатын болды. Одан кейін бейсенбіге ауысты. Ақырында тамыз айында қайталауы болды да, көп ұзамай жабылды. Оның алдында «Қазақстан» телеарнасының бас директоры Қайнар ОЛЖАЙҒА барғанымда: «Бибігүл, бағдарламаң жабылайын деп тұр», - деді. Мен «Аға, не себепті жабылайын деп тұр. Рейтинг бойынша бірінші орынды бермей келеді. Басты себеп не?», - дегенімде, «Іссапараларға баратын қаражат жоқ», - деді. Сонда мен күлдім де: «Киноғұмыр», «Бітімгер», «Асқақ рух» секілді біраз бағдарламаларымды алдыңыздар. Бәріне көзімді жұмып келдім. Алдағы уақытта «Аялы алақанның» атын өзгертіп қайта шығармайтындарыңызға күмәнім бар», - дегенімде: «Жоқ, Бибігүл, сіздің бағдарламаларыңыз ашылмайды. Осы қыркүйек айынан бастап тоқтатылады», - деген болатын. Мен соған сендім. Қайнар Олжай үлкен, мәдениетті, парасатты кісі ғой, алдамайтын шығар деп ойладым. Бірақ қыркүйек айының аяғында «Аялы алақан» басқа атпен шығып жатқан кезде мен шынымды айтайын жағамды ұстадым.
- Сізді журналистердің көбі «өз ісінің шебері» әрі аса талапшыл деп жатады. Оған сіз дүниеге әкелген «Киноғұмыр», «Асқақ рух», «Бітімгер» секілді хабарлар куә. Осы хабарлар сізден кеткеннен кейін, өзінің маңыздылығын жоғалтты, ақыры көпке шыдамай жабылды...
- Бағдарламаны жабу оңай, ал бірақ сол хабарды ашу қаншалықты қиын екенін түйсігі бар басшы бек жақсы біледі. «Қазақстан» арнасында төрт бағдарлама аштым. Өздеріңізге аян төртеуін де халық жақсы қабылдады. Танымалдылығы да жоғары болды. Бергісін айтпай-ақ қоялық, Нұртілеу ИМАНҒАЛИҰЛЫның кезінің өзінде менің бағдарламаларым қара тақтадан бір рет те көрінген емес. Апта сайын үнемі ақ тақтадан түспейтін. Редакторлық, режиссерлық жағынан да менің 4 бағдарламам әріптестерімнің арасында мақтауға ие болып жүрді. Мен ешқашан бағдарлама жасауда «көзбояушылыққа» барған емеспін. Өзгелердің бағдарламалары шала-пұла жасалып, кемшіліктермен кетіп жататын. Ал, мен кішкене ғана мін табар болсам, бүкіл бағдарламаны қайта жасатқызатынмын. Кейде қарамағымдағы режиссер, редакторлар неге осыншама қаталсыз деп ренжитін. «Болар болмас кемшілікті ескермей-ақ қолыңызды қоя салсаңыз болады ғой» дейтін. Әрине, өзіңді алдағанмен көреременді алдай алмайсың ғой. Телевизияның ішіндегі хабарлар да тауарлар іспетті, халық керегін алады, ал керек емесін пультпен кері айналдырып жібереді(күлді). Өз жұмысыма өте мұқият болдым. Бірде бір телеарнада «Аялы алақандай» халықтың көңілінен шығып, сұранысқа ие болған бағдарлама болмады десем қателеспеймін. Жұрт «Қазақстан» телеарнасы дегенде «Аялы алақан» есімізге түседі, «Аялы алақан» дегенде «Қазақстан» телеарнасы есімізге түседі деп жатады. Сол кезде «Аялы алақанның» эфирге шығып тұрған уақытын алу әр продюсердің арманы болатын. Басшылық менің бағдарламама қаражат жетпей қалды деп отырып, қазір атын ғана ауыстырып, қайта шығарып жатқаны мен үшін де жұмбақ.
- «Аялы алақанды» көшіріп, тура сол форматта беріп жатыр деп отырсыз. Неге ол арнаны сотқа бермедіңіз? Соттың көмегіне жүгінбедіңіз бе?
-Бағдарламаның авторы өзім. Авторлық құқығы да қорғалған. Иә, сотқа беруге де болар еді. Телеарнада жүрген заңгер мамандардың өздері: «Сотқа берсеңіз, сіз ұтасыз», - деп, ақыл кеңестерін айтқан болатын. Бірақ мен сотқа бергеннен ұтамын-ау, ақша да өндіріп алармын, басқаны да жасап алармын. Әйтсе де, бір нәрсені ұмытпау керек. Ол қасиетті қара шаңырақты қорлағанмен бірдей болар еді. Нәтижесінде не ұтамын?! Атамыздың «су ішкен құдығыңа түкірме» деген қанатты сөз бар. Мен осы сөзден асып кете алмадым. Оның үстіне ол телеарнада өзімнің бір кездері жақсы көрген жетекшім, ұстазым Камал СМАИЫЛОВ, Сағат ӘШІМБАЕВ секілді керемет кісілер қызмет еткен қасиетті қара шаңырақты лайлағым келмеді. Қазіргі хабарды («Жан жылуы»-автор) қарап отырып бір күлкімнің келгені, бәрін көшіріп алғаны былай тұрсын, жүргізуші қыз менің кезінде «аялы алақанда» киген киіміме дейін киіп алыпты. Осыдан соң ол кісілермен араздасып ұсақталудың керегі жоқ деп есептедім.
- Әйтсе де ішіңізден шыққан дүниеңіз емес пе? Көлденең келген көк аттының қолына ұстатып қоя бермексіз бе?
- Әрине, «Аялы алақан» ішімнен шыққан нәрестем сияқты. Кім нәрестесін біреудің қолына бергісі келеді. Мұндайда әркімнің ар-ұяты білсін деймін. Әріптестеріме ренжимін деп кезінде қызмет еткен кісілердің әруақтарынан аттағым келмеді. Ертеңгі күні тарихқа қара күйе жаққандай боламын. Халыққа кімнің «нағыз автор» кімнің «жалған автор» екенін дәлелдеудің қажеті шамалы деп ойлаймын.
- Кезінде телеарналарда автор деген сөз мүлде айтылған жоқ. Айтылған күннің өзінде нағыз авторлар некен-саяқ еді. Сіз жас журналистердің ішінде ең алғашқылардың бірі болып «Аялы алақан» бағдарламасының авторы Бибігүл Дәулетбекқызы» деп жаңа леп алып келдіңіз... Әйтсе де, неге Қазақстан телеарнасында атын өзгертіп, идеясын ұрлау арқылы шығара беретін бағдарламалар легі толастамайды.
- Бұл жайттың біздің телевизия саласында дертке айналғалы қашан?! Мен осы бағдарламаның авторымын дегенінің өзінде де менің хабарымды көшіріп отырған жоқ па (күліп). Менің бір таныс құрбым: «Бибігүл, сенің хабарыңнан кейін «Аялы алақан» сияқты бағдарламалар көбейіп кетті. Сен қазақ телевизиясына үлгі боларлықтай үлкен жаңалық алып келдің. Тек Ресейдің хабарларын көшіре білетін қазақтар, енді сенің бағдарламаңды көшіре бастады» деп күлгені бар. Майдалылыққа барудың да қажеті жоқ. Әрине қызбалыққа салынып, сотқа беруге де, ақша өндіруге де болар еді. Оның қажеті қанша. Ол кімге опа береді?
- Былтыр сіз Республика сарайында үлкен қайырымдылық концерт бердіңіз. Концертке келген жұртшылық жоғары деңгейде өтті деп бағалап жатты. Сондай-ақ, қарапайым халықтың сізге дән риза болып, концерт соңында ұзақ уақыт сахнадан жібермей қолпаштағанның куәсі болдым...
- Рахмет. Расында бұл бір кең ауқымды, жұрт қызығып тамашалаған, халықтың алдындағы есептік концертім еді. Тек қана теледидар арқылы ғана көріп келген кейіпкерлерді халық осы концертте өз көздерімен көріп, ыстық лебіздерін білдірді. Аталған концертке бес жылдан бері қолдау көрсеткен, біздің көмегіміздің арқасында өмірге «қайта» келген кейіпкерлерімізді шақырдық. «Аялы алақан» эфирге шыққан бес жыл ішінде республика бойынша 19 адамның үйлі болуына себепші болыппын. Бағдарлама арқылы Германия, Израиль, Қытай, Ресейге барып емделген балалар қаншама. Айта кету керек, Мұстафа Өзтүріктің анасын ең алғаш теледидардан дабыл қағып көрсеткен мен болатынмын. Сол кезде Алматы қаласының әкімі болған Иманғали Тасмағамбетов үш бөлмелі пәтердің кілтін берген еді. Храпуновтың кезінде де Алматының қақ ортасынан жертөледе тұрып жатқан көп балалы аналарға пәтер алып бердім. Алайда сол кезде Храпуновтың қолынан пәтер алу деген қиынның қиыны болатын.
Менің бағдарламамдағы кейіпкерлер халықтың аузында қалды. Екі қолы жоқ Жансая пысықтығымен, мәңгілік бала бейнесіндегі Зарета даналығымен, Еркебұлан қайсарлығымен, 18 жыл бойы анасын аңсап, біздің хабар арқылы ата-анасымен қауышқан Салтанат төзімділігімен көрермендердің көзайымына айналды.
- Алайда, бұл концертті Қазақстан телеарнасының эфирінен көре алмадық...
- Иә, өкініштісі сол осындай керемет концерт эфирден көрсетілген жоқ. Эфирден көрсетілмек түгілі, басшылық концертке де келмеді емес пе?! «Нұр Отан» ХДП бірлескен бұл концертке басшылығымыз пысқырып та қарамады. Осы ретте халық қалаулысы, депутат Нұртай Салихұлы Сабильяновқа айтар алғысым шексіз. Барлық жұмыстарын ысырып қойып, Астанадан арнайы концерт үшін ұшып келді. Нұртай аға 5 жыл бойы «Аялы алақанның» кейіпкерлеріне қолдау көрсетіп келді. Ал Түркістан қаласынан келген Жұмабай Есжанов есімді кәсіпкердің ата-анасынан ерте айырылған жетім балаларға пәтер кілтін ұстатқанда залда отырған көрермендердің ыстық ықыласында шек болмады. Осындай азаматтардың қазақ қоғамында аздығы қынжылтады.
Сұхбаттасқан - Ғ. Шерімқызы.
P.S: Иә, Бибігүл Дәулетбекқызы бір хабарды жүргізіп қана қойған жоқ, ол сондай-ақ талай адамдардың өмірге құлшынысын оята білді. Осыдан 6 жыл бұрын дүниеге келген үшемнің өмір сүруі екіталай еді, алайда қанатымен су сепкен қарлығаштай болған ол телеарна арқылы дабыл қағып Үкімет басшыларының назарын аударды. Соның нәтижесінде қазір үшем Әли, Мәди Мәдина Талғар қаласында алаңсыз өмір кешуде. Бүгінде олар алты жаста. Келесі жылы мектеп табалдырығын аттамақшы. Қазіргі бағдарламаны («Жан жылуы») тамашалап жүрген көрерменнің өзі де, қанша жерден көшіргенмен «Аялы алақандай» бола алмайды дегенді айтады. Көрермендерімен санасып отыратын арнананың бұл әрекеті шынында да түсініксіз, ақылға қонбайды. Көшірді делік, сонда не ұтты екен? Авторлық құқықты аяқ асты етіп, заңды белшесінен басудың көрнекті дәлелі осы емес пе? «Бояушы бояушы дегенге сақалын» бояпты дегендей, көшірудің де реті болса еді. Осындайда телеарна басшылығының салғыртығынан сағы сынған тележурналистердің саны артып отырғаны көңілге кірбің ұялатады.