РЕСЕЙ УКРАИНА ТҰТАСТЫҒЫНА КЕПІЛДІК БЕРМЕЙДІ
«Ресей Украинаның территориялық бір тұтастығына кепілдік бере алмайды және кепілдік беруді өзіне міндеттеуді қарастырмайды». Ресейдің премьер-министрі Дмитрий Медведев Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында осылай деп мәлімдеген. Бұл туралы BBC хабарлады.
«Біз ешкімге кепілдік қарыз емеспіз. Себебі біз ешқашан өзімізге ондай міндет жүктемедік. Бірақ біз үшін басты тапсырма - Украинадағы жағдайды тыныштандыру. Бұл турасында ешкім өзіне міндет арқалап отырған жоқ», - деген Ресей премьері.
Медведовтың айтуынша, Ресей Қырымдағы тұрақсыздықты қалпына келтіруге көмектескен. Әрі Украина тыныштығы турасында насихат та жүргізіп келеді.
1994 жылғы Будапешт келісімі бойынша ядролық қарусыз Украинаның тәуелсіздігі мен территориялық бүтіндігіне Ресей, АҚШ, Ұлыбритания елдерінің қол қойған кепілдік уәделері бар.
Медведов Bloomberg-ке берген сұхбаты барысында басқа елдер Украина тұтастығына кепілдік берсін деп ұсыныс айта келіп: «Біздің Украинаға байланысты диалогтағы әріптестеріміз Еуроодақ пен АҚШ Украинаның ішкі мәселелеріне араласып, Солтүстік атлантикалық ел жасағысы келеді. Бәрібір Украинаның шығыс аймағында тұрып жатқан адамдар орыс тілінде сөйлеу мүмкіндігінен айырылмайтын болады», - деген.
Украина мәселесінде АҚШ және Еуроодақ елдері Ресейді Будапешт келісімін бұзды деп айыптаған болатын. Ал Ресей болса, АҚШ пен Еуроодақ елдерінің өздеріне кінә тағып, Украинадағы болып жатқан саяси тұрақсыздықтарға ел ішіндегі экономикалық, әлеуметтік факторлар себеп болып отыр деп санайды.
Нұрғали Нұртай
Abai.kz