ТОНАУШЫЛЫҚ ЖАСАҒАН ҰҚК МАЙОРЫ СОТТАЛДЫ
Алматы қаласы ҰҚК департаментінің майоры Халиулла Балтабаев Қазкоммерцбанктің жергілікті бөлімшесін тонаған. Бұл жөнінде Tengrinews.kz. қала прокуратурасының мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады. Тонаушылар Қазкоммерцбанктен 93 миллион теңгені қымқырып кеткен. Алматы прокуратурасының деректері бойынша, тонау 2009 жылдың қазан-қараша айларында болыпты. Топта Балтабаев, Қажыбеков Е.С., Кеңсебаев К.М., Мамедов Р.М., Сағымқұлов А., Столяренко С., Утяганов С.У және басқа да анықталмаған адамдар болғандығы мәлімденді. Олар "Қазкоммерцбанк" АҚ филиалындағы "Гарант" ЖШС-нің есепшотынан 93 миллион теңгені "КЗИ банк" АҚ-ына аудару үшін қылмыстық рөлдерді өзара бөлісіп алған. "Сол жылы 11 қарша айында топ мүшелері қолдан жасалған құжаттарды қолдана отырып, "КЗИ банк" АҚ-ындағы С.Утягановтың есепшотына 92 721 500 теңгені аударған", - деп мәлімденген баспасөз қызметінде. Қазкоммерцбанкті тонаған Балтабаевтан басқа зиянкестердің бәрі 2010 жылы айыпталыпты. 2013 жылға дейін бой тасалап жүрген ҰҚК майоры қазан айында ұсталып, үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сотталып отыр.
Бұл іс бойынша үкім 2014 жылы 30 сәуірде жарияланған. ҰҚКД-нің Бостандық ауданы бөлімінің экс-қызметкері он жыл жазасын өтеуге кесіліп, майор шенінен айырылып және мүліктері тәркіленді. Естеріңізге сала кетейік, жақында Алматыдағы банктердің бірінен бір миллион доллар қолды болды. Алаяқтарға қаржы институтының қызметкері көмек көрсеткен.
Абай-ақпарат