Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Алашорда 8617 0 пікір 14 Мамыр, 2014 сағат 12:08

Тұрсын Жұртбай. Сенген партиясы одан бетін теріс бұра бастағанын іштей сезді (жалғасы)

Аттары аталған жазушылар Әуезовтің өтінішін орындау үшін үшеуара ақылдаса келіп, 26-мамыр күні СССР Жазушылар Одағының секретариатында «Қазақстан Жазушылар Одағында өткен халықтық эпос туралы кеңестің қорытындылары» туралы мәжіліс өткізіп, онда М.Әуезовтің өтінішін қарады. Шағын мәжілісті Одақтың хатшысы Алексей Сурков жүргізіп отырды. Алматыдағы талқылауға қатысқан мәскеулік профессор Климович қысқаша мағлұмат берді. Жауап сөзінде М.Әуезов:

«Климович жолдастың хабарламасы қазақ эпосы жөнінде өткен дикуссияда көтерілген мәселелерді өте нақты және дәл жеткізіп берді, оның пікірлері шындыққа сай келеді. Алайда оның хабарламасында біздің пікір таласымызға қатысты мәселе назардан тыс қалды. Рас, ол өзінің сөзін жалғастыруға әзір екендігін білдірді. Баяндамашымен біздің арамызда, соның ішінде екеуміздің арамызда өте тамырлы пікір таласы болды. Бірінші және екінші баяндаманы мен жоғары ғылыми деңгейде жасалған жоқ деп есептедім. Ғабдуллин жекелеген мәселелерді қоя білген. Бір жағынан өзін қосып, екінші жағынан өзгелерді де қоса сынаған оның пікірі, бәрібір, сыңаржақ пікір болды. Мысалы, мәселен, жеке мәселелерді шешуге қатысты жекелеген зерттеушілерге жағымды не жағымсыз баға берген кезде, ол әркімнің бетіне бір қарап, әркімге әр қалай баға берді. Әркімнің жіберген қателеріне өзінің онымен арадағы жеке қарым-қатынасына байланысты әр қандай әділетсіз көзқарас білдірді. Яғни ол қателіктің өзін қақпақылға салды. Пікір қорытындысы бойынша әлгі қателіктерді әсірелеп саяси қылмыстың қатарына жатқызып, жаңағы жазушы мен зерттеушінің ісіне қатал үкім шығарды, ал тура сол қателіктерді жіберген, бірақ өзіне жақын жазушылар мен зерттеушілердің еңбегін бағалағанда «Правданың» мақаласында көрсетілгеніндей, қоңыржай күйге көшті...»,– деп өзінің өкпесін білдірді.

С.Нұрышев (жалғасы): «... Абайға осындай жала жапқан Әуезов өзінің бұл пікірін: А.Пушкиннің «Евгении Онегинінен» еркін аударма жасады-мыс – деп дәлелдегенсиді. Осы арқылы Әуезов: Абай – Пушкиннің ұлы мұрасын игеруге қатыспады және оны менсінбеді – дегенді баса көрсетпек болады. Ең соңында Әуезов Абайдың ақындық мектебі жөніндегі алашордашылардың тұжырымдарын Абай шығармаларының шығыстық негізімен байланыстырады...

... Әуелде Абайға Пушкинді менсіндірмегенімен, кейіннен Абайдың Пушкинмен әуестенуін бекітуі, өзінің абайтанудағы ұлтшыл-буржуазияшыл ұстанымын бүркемелеуге ұмтылған Әуезовтің кәдімгі қулығы...

... Жоғарыдағы талданған мақаладағы Әуезовтің зиянкес көзқарасы 1951 жылдың маусым айына дейінгі абайтану жөніндегі дискуссия өткенше сақталып келді... Әшкереленбегендіктен де, оның зиянды «тұжырымдары» суфизм мен панисламизмді ашық насихаттауға қызмет етті... Мысалы, жиырмасыншы жылдары Абайдың шәкірттерінің қатарына «Алашорданың» көсемдерін жатқызса, ал отызыншы жылдары ол (көсем – А.Байтұрсынов – Т.Ж.) өтпейтін болғандықтан да, оны алашордашылардың елеусіздеу өкілімен (Көкбаймен – Т.Ж.) алмастырды.

Абайдың шығармашылығына арналған Әуезовтің «зерттеулерінің» бәріне ортақ бір ерекшелік бар. Ол зерттеулердің бәрі де Абайды Шығыстың реакциялық дәстүріне, жалпы ескілікке қарай кейінге шегереді. Сол мақсатқа жету үшін Абайдың айналасына «шәкірті есебінде қайдағы бір моллаларды, бір топ алашордашыларды және халық жауларын жинақтайды, Абайдың өзіне реакциялық өлеңдерді таңады. Мұның барлығы Әуезовке не үшін керек? – дейсіз бе, ол – Абайдың шығармашылығын неғұрлым ескілікке қарай бейімдеп шығарып, солғұрлым орыс мәдениетінен алыстату үшін, сол кезде Россияда өтіп жатқан ұлы оқиғалардан бөліп алу үшін керек. Сондықтан да, Әуезов жол беріп отырған абайтану саласындағы жекелеген бұрмалаушылықпен ғана емес, ең бастысы, Әуезов өзінің әдебиеттанудағы тұжырымдарына негіз етіп алып отырған буржуазиялық-ұлтшылдық идеологиясына қарсы қатаң күрес жүргізу қажет. Жекелеген фактілердің соңынан еріп кетіп, оны талдау және жоққа шығару барысында, соның қатпарындағы қайнар көзін көрмесең, адасып кетуің де ғажап емес. Біз сөз етіп отырған мәселенің қайнар көзі – М.Әуезовтің ескі қателері, ескі идеялары. Тек солар ғана оны: Абай мектебі жөніндегі мәселені көтеруге, оның әдеби дәстүрін қазақ қоғамының даму үрдісінен, 1905 жылғы революциядан, Абай дәстүрінің тікелей жалғасы болып табылатын ХХ ғасырдың басындағы революцияға дейінгі қазақ әдебиетіндегі демократиялық көңіл-күйден оқшау, ең соңында қазақ халқының тағдырындағы бетбұрысты кезең болған октябрь социалистік революциясынан бөліп қарастыруға алып келді»,– деп абайтануға қатысты айыптауларды бір түйіп тастайды.

Бұл айыптан М.Әуезовті Фадеев те, Фадин де, Симонов та құтқара алмайтын. Пушкинді менсінбей, шығыс ақындарына ілхамын жалғауды олардың да үлкен қылмыс ретінде санайтыны анық еді. С.Нұрышев тек абайтану іліміне қатысты айыптаулармен Әуезовтің «тамырына балта шаба алмайтынын» білді. Сондықтан да оның бүкіл ғылыми шығармашылығына ауыз салды.

Ә.Жаймурзин: «Бірақ... Иә, бірақ Әдебиет саласында Мұхтар Әуезовтің айналасында күн сәулесі жарқырай түскенімен, оның ғылым саласындағы еңбектері төңірегіндегі түсінбеушілік орын ала бастады. Ол «Абайтану», «Абай мектептері» деген мәселелер төңірегінде өрбіді. Кейде Нұрышев, тағы басқалардың келеңсіз мақалалары жарыққа шығып та үлгірді. Осы мәселенің аяғы Мұқаңды ҚазМу-ден сабақ беруден босатумен аяқталды ғой деймін. Менің бұл мәселе жөнінен білетінім: сол кезде оның абайтану туралы оқыған лекцияларында ұлтшылдық сарын күшті деген пікір болатын. Орталық комитетте бір рет осы мәселе сөз болғанда мен оның лекциясының текстісі бар ма, бар болса оны оқыған кім бар деп сұрағанымда, ешкім жауап бере алмады. Олай болса бұл бос сөз, сондықтан қатыспаймын,деп кетіп қалғанмын.

Кейін бір кездескенде Мұхаңнан: Абайтану туралы лекцияңыздың жазбашасы бар ма, болса маған оқуға бересіз бе?,деп сұрап едім, бар, берейін деді. Көп кешікпей машинкаға басылған 500-600 беттей мұқабаға түптелген лекция менің қолыма тиді. Мен оны асықпай оқып шықтым. Қолжазба маған өте қатты ұнады. Бұл нағыз ғылыми еңбек екен, Абай туралы мұндай ғылыми зерттеуді мен бұрын-соңды оқып көргенім жоқ. Бұдан кейін Мұхаңды шақырып, қолжазбасын өзіне берерде: оқып жүрген лекцияңыз осы ма, әлде бұдан басқа тағы бірдемелер бар ма?, деп күліп едім. Бұдан басқа не болушы еді, деп өзі де күлді. Әлгі ұлтшыл деп айтып жүргендері осы болса, бос сөз екен дедім. Ал мұны неге баспаға беріп кітап етіп шығармайсыз дегенімде: ондай ойым бар еді, бірақ осындағы кейбір мәселелер жөнінде әртүрлі сөздер айтылып жүргесін, кідіртіп жүрмін деді. Баспаға даярлаңыз, егер Ғылым академиясының баспасы баспаса, біз басалық. Абай жазушыларға да, академияға да бірдей емес пе,дегенімде оның дұрыс екен, ойланайын деді. Бұл еңбек менен кейін жеке кітап болып шықты».

С. Нұрышев (жалғасы): «М.Әуезов жіберген қателер мен бұрмалаушылықтар, оның тек абайтану төңірегіндегі еңбектерімен шектеліп қалмайды. М.Әуезовтің әдебиеттанудағы өзге де еңбектері тура осындай идеялық дертке ұшыраған. 1944 жылы ол қазақтың аударма мысалдарының контрабандалық жинағын құрастырды, өйткені авторының атын атамастан алашорда көсемі Байтұрсыновтың көптеген мысалдарын кіргізіп жіберді. Байтұрсыновтан басқа авторлардың барлығының атының көрсетілуіне қарағанда, Әуезов мұны қасақана істеген. Сонымен бірге Байтұрсыновтың «Қаздар» деген мысалын Абайдың атынан жариялап жіберген...

... М.Әуезов – буржуазияшыл-ұлтшылдықтың рухы өзегінен өткен «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томының редакторы. М.Әуезовтің басты айыбы сонда, бұл кітаптың авторлары БК(б)П-ның идеология мәселелері жөніндегі шешімдерін және ҚК(б)П Орталық комитетінің «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтындағы өрескел саяси қателер туралы» қаулысындағы қазақ әдебиеттануындағы зиянкес «теориялар мен тұжырымдарды», соның ішінде М.Әуезовтің «зар заман тұжырымын» қатаң сынға алып, айыптаған шешімін көзге ілмеген.

Республикалық баспасөздерде М.Әуезовтің: орыс тілінің араласуы қазақ әдеби тілін шұбарлайды, сондықтан оны дыбысталуы бойынша (түпнұсқада – искаженным виде – Т.Ж.) қолдануы керек – деген «теориясы» сыналды. Әуезовтің бұл пікірінің тамыры тереңде. 1918 жылы Әуезов редакторлық еткен «Абай» журналы: егерде орыс сөздері қазақ тіліне кірігетін болса, оған қазақтың тымағын кигізіп, яғни, оны дыбысталуы бойынша (искаженным виде – Т.Ж.) бұзып алу керек деп жазған болатын...».

Сөйтіп, оның барлық шығармашылық әрекеті туралы мынадай «үкім» ұсынды:

С.Нұрышев (жалғасы): «... Жоғарда келтірілген фактілердің барлығы да М.Әуезовтің әдебиеттанудағы кейпін толық әшкерелеп береді, бұдан оның 30 жылға созылған әдебиеттану саласындағы барлық әрекеті өрескел саяси қателіктер мен бұрмалаушылықтарға толы болғаны анық көрінеді. Еріксізден еріксіз: М.Әуезов өзінің қателіктеріне сын көзімен қарады ма, қарай ала ма?,– деген сұрақ туады».

Әрине, ол сұрақтың жауабы «жоқ» деген бір ауыз сөз ғана. Қарсы шықсаңыз болды, дәлелі дайын.

С.Нұрышев (жалғасы): «Бір мысал келтірейін... 1951 жылы ақпан айында «Лениншіл жас» газетінде осы жолдардың авторының «Абай шығармашылығының бірінші кезеңі туралы» деген мақаласы шықты. Онда М.Әуезовтің абайтанудағы идеологиялық бұрмалаушылықтары жөніндегі қажетті пікірлердің бір бөлігі ғана қамтылды. Бірақ та ол бұл сынға кеңес жазушысы әрі ғалымы ретінде қарамады. Өзінің маркстік ілімге қарсы көзқарасының әшкереленіп қалу қаупінен сескеніп (редакцияның өтініші бойынша оның аты мақалада аталмаса да), М.Әуезов мерзімді баспасөзде біраз мақала жариялады («Қазақ ССР Ғылым Академиясының Жаршысы, «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас»), онда ол өзінің жоғарыда талданған 1934 жылғы мақаласындағы қателіктерді өктемдікпен қорғап, өзінің қарсыласына шабуылдаумен болды. Әуезов әдебиеттанудағы өзінің көзқарастарын насихаттау және оны тарату үшін ғылыми кадрларды пайдалануға тырысады...».

Әрбір абайтанушы – абайтанудың негізін қалаушы Әуезовтің шәкірті болуға ұмтылуы заңды және ол үлкен ғылыми мектеп емес. Ал «өзі білмейтін, білгеннің тілін алмайтын» С.Нұрышев үшін М.Әуезов бедел емес еді. Ол М.Әуезовті де, оның шәкірттерін де көзге ілмеді, оларды ғылыми бақталас деп қабылдады. Өзін тұлға ретінде сезінді. Егерде осы жолы М.Әуезов түрмеге түссе – ол арманы да орындалатыны анық еді. Қайран Абай! Күнің кімге түсе жаздаған?!.

С.Нұрышев (жалғасы): «Өзінің зиянды идеялық ұстанымын күшейте түсу үшін М.Әуезов қазақ әдебиеттануындағы «ғылымға қарсы тұжырымын» нығайтуға тырысады. Осы мақсатпен ол Қ.Мұхамедхановтың Абайдың ақындық мектебі туралы диссертациясын сондай мұқият дайындатты, онда М.Әуезовтің өткендегі қателері мен бұрмалаушылықтары барынша жинақталған. Диссертация ашық және көлегейлеп жеткізілген маркстік ілімге қарсы материалдарға лықа толып тұрған болып шықты. Алайда Әуезовтің бұл ретте жолы болмады. Ғылыми кеңестің Мұхамедхановқа берілген ғылыми дәрежесі қайтарылып алынды, ал оның авторы халық жауы ретінде әшкереленді. М.Әуезовтің осы диссертацияның тарихына байланысты ұстанымы өте өрескел. Ол тек қана идеялық шабыттандырушы ғана емес, осындай зиянды жұмыстың жетекшісі ғана емес, сонымен бірге оппоненті де болды. Ол Тіл және әдебиеттану институтының әдебиет секторында, институттың Ғылыми кеңесінде және Қазақ ССР Ғылым Академиясының қоғамтану ғылымдарының біріккен Ғылыми кеңесіндегі қорғау кезінде де оны қорғап сөйледі. Мұның барлығы, осындай барып тұрған зиянды диссертацияны қорғаштауы, М.Әуезовтің онда аса үлкен жеке мүддесі болғандығын байқатады...».

Шәкірт дайындауға қай ғалым мүдделі емес. Оны ғылыми мұраты мен мақсатына жеткізу жолында қай ұстаз тәуекелге бармайды? Сол да қылмыс па? С.Нұрышев үшін – қылмыс, нағыз қылмыс еді. Өйткені ол мұның өзімен бақталастыратын нағыз ғалымды тәрбиелеп отыр ғой.

С.Нұрышев (жалғасы): «Соңғы уақытта М.Әуезовтің бір кезде әшкереленген «теориялары мен тұжырымдарын тірілтуге ұмтылушылық байқалады. Міне, тура осыған орай партиялық баспасөзде З.Кедринаның М.Әуезовтің шығармашылығы туралы кітапшасы әділ сынға ұшырады. Оның өткендегі қателерін ақтауға, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы оның ұлтшылдық ашық әрекетін бүркемелеуге ұмтылуына дәлел ретінде мына жолдар мысал бола алады: «Өзінің әдеби және қоғамдық қызметінің алғашқы жылдарында жас М.Әуезов революция ісіне шын жүрегімен пайдалы болуға тырысты... Оқу мен әкімшілік жұмысты қатар атқарды (21-бет). Бұл шындыққа сай дәлел емес. Бұл жылдары Әуезовтің кеңес өкіметінің жауы болғаны ешкімге құпия емес, оны өзі де мойындайды. 1950 жылы басылып шыққан «Абай» романына қосымша берілген «Өмірбаянында» ол «1932 жылдан кейін ғана кеңес жазушысы» есебінде қызмет істей бастағанын жазды. Содан кейін З.Кедрина өзінің кітабында М.Әуезовтің баяғыда ұмытылып кеткен зиянды туындысын ақтауға және Абай мектебі туралы жалған «тұжырымы мен теориясын» тірілтуге тырысады. Ол абайтанудың біраз мәселелерін бұрмалап баяндайды. Мұның барлығы М.Әуезовтің тікелей жетекшілігімен немесе үнсіз мақұлдауымен жүзеге асырылып отыр...».

Қастаншықпағыр, бақас ғылымның әурешілігіне» (Абай) түскен С.Нұрышев өзінің ойын осылай баспақтата келіп:

«... Мұхтар Әуезов ұзақ уақыт бойы халық жауларының идеясын насихаттап, олардың өзін қолпаштап келді, сол үшін ешқандай жауапкершілікке тартылған жоқ...»,– деген қорытынды шығарды.

 

 

Оның пайымдауынша: қазақ руханияты М.Әуезов бостандықта жүргенде ілгері дамымайды. Өйткені:

«... М.Әуезовтің тарапынан және оның жанашырларының тарапынан жіберілген, әр түрлі форма мен тәсілдер арқылы көрініс берген әрекеттердің барлығы да буржуазиялық ұлтшылдықты ашық немесе бүркемелеп насихаттау болып табылады. Қазақ әдебиеттануындағы ұлтшыл көзқарастар әлі де соңына дейін әшкереленіп біткен жоқ және біздің күресті қарқынды дамытуымызға үлкен тосқауыл қойып отыр».

Сондықтан да ол өзінің, яғни, бақас тобырдың мақсатын:

«Біздің мақсатымыз буржуазиялық ұлтшылдыққа қарсы күресті ақырына дейін жеткізуге» ұмтылды.

Яғни, Мұхтар Әуезовті түрмеге қамап, жер аударту. Мұхтар Әуезовтің өз тілімен айтсақ, бұдан артық «тірідей теріңді сыпырудың өзге жолын табудың өзі қиямет».

«Ақырына дейін, тамырына балта шабылғанға дейін күресуге» ант берген Нұрышевтің мақаласына М.Әуезов:

«Бір адамның 30 жыл бойғы еңбегін тұтастай талақ етіп, дөрекі сыңар езулей мазақ етудің сорақы нұсқасын елестету үшін «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Хабаршысының» №4 санында басылған С.Нұрышевтің мақаласындағыдан артық тірідей теріңді сыпырудың өзге жолын табудың өзі қиямет. Ғылыми мекеменің көшбасшысы бола тұра, алдына «Абай творчествосын зерттеудегі буржуазиялық-ұлтшыл бұрмалаушылықтың тамырына балта шабайық» – мыс-деп байсалды ғылыми міндеттер қоя отырып және өзінің деректерінің нақтылығы мен пікірінің дұрыстығына еш күдіксіз сендіре сөйлесе де, бұл мақала Абайдың еңбектері мен өмірін зерттеу жолындағы ең сенімді, тарихи тұрғыдан мойын бұрғызбастай дәлелдермен дәйектелген маңызды деректерді қасақана бұрмалау және қасақана теріс пікір туғызу пиғылы мен арандатуды көздеген»,– деп баға берді.

Үзіндісі ғана алынып отырған «Литературная газетаның» редакциясына жолданған бұл «Ашық хат» маусым айының 2-жұлдызында өткен СССР Жазушылар Одағының басқарма жиналысында арнайы талқыланды. Оған Қазақстаннан Ә.Жаймурзин ресми шақырылды және Ә.Әбішев қатысты.

Ә.Жаймурзин: «1953 жылдың май айында мен Орталық партия Комитетінің жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясына емтихан беруге Москваға бардым. Жазушылар Одағы бастығы жұмысынан босанғаным жоқ. Егер емтихан беріп түссем, Жазушылар Одағының пленумын шақырып, сонда босанатын болып келіскенбіз. Алматыдан шығарда Москваға Жазушылар Одағының қонақ үйінен номер сұрап телеграмма бергенмін. Келсем «Москва» қонақ үйінен номер даяр екен. Соған келіп тоқтадым. Таңертең тоғыздан аса бергенде телефон соғылды. Алсам Жазушылар Одағынан екен: қазір К.Симонов жолдаспен сөйлесесіз деді. Амандасып, хал-жай сұрасқаннан кейін, мен оған емтихан тапсыруға келгенімді айтып, одаққа кейін келемін деп едім: жоқ сіз маған қазір керексіз, сондықтан алдымен бізге соғыңыз деді. Көп кешікпей К. Симоновтың хатшысы маған қандай нөмерлі машина кеткенін хабарлады.

Мен келгеннен кейін Симонов Қазақстан Жазушылар Одағындағы хал-жағдайды сұрады. Мен қысқаша баяндап айтқаннан кейін өзінің мені неге шақырғанын айтып, бір кішкене парақ қағазды көрсетті. Онда: Сурков пен Симонов жолдасқа! Мына Әуезовтің арызын секретариаттың кеңейтілген мәжілісінде қарап, содан кейін менің қолыммен Орталық партия Комитетіне хат даярлаңыздар деп тапсырыпты А.Фадеев жолдас. Сәрсенбі күніне секретариат мәжілісін шақырып отырмыз, соған сіздің қатысуыңыз қажет деді. Мен келістім. Келісілген мезгілге секретариат мүшелері мен шақырылған адамдар жиналды. Қазақстан Жазушылар Одағынан Әуезов, Әбішев және мен болдым.

Секретариатты А.Сурков басқарды. Ол Әуезовтің Фадеевтің атына хат жазып, өзіне кейбір адамдардың ауыр-ауыр айып қоятынын, оның шындыққа жанаспайтынын, өзінің совет әдебиетіне шын ақ ниетімен қызмет істеп жүргенін, оған өзінің шығармаларының дәлел болатынын айтыпты. Өзінің атына тағылып жүрген орынсыз жалалардан қорғауды Жазушылар Одағынан сұрапты. Секретариаттың осы мәселеге арналып отырғанын айтқаннан кейін, Сурков жолдас бірінші сөзді маған берді.

Мен он минут шамасында Қазақстан Жазушылар Одағындағы жағдайды айтып, республиканың партия, үкімет орындарында да, Жазушылар Одағында да Әуезов жөнінде жаман пікір жоқ екендігін, оны аса көрнекті совет жазушысы деп санайтынын айттым. Сонымен қатар кейбір адамдардың Әуезов жөнінде жаңсақ, біржақты теріс пікірлерінің барлығын, олардың кейде баспасөз беттерінде жарық көргенін де баяндадым. Ашық болмағанымен кейбір жазушылардың іштей оны қолдайтыны да жоқ емес дедім. Қазақстан жазушыларының бір мәжілісінде Сәбит Мұқанов алдында отырған Әуезовке көзінше оны «халық жауы Әуезов» дегенін, мен оның бұл сөзінің дұрыс еместігін айтып ескерту жасауға мәжбүр болғанымды да жасырғаным жоқ.

Бұдан кейін Сурков сөзді Әуезовке берді. Секретариатта Н.Тихонов, Л.Леонов, В.Кожевников, СССР Ғылым академиясындағы Әлем әдебиеті институты партия ұйымының хатшысы, ғылым кандидаты А.Петросян қатынасып отырды.

Мен Әуезовтің талай сөйлегенін де, жасаған баяндамаларын да тыңдаған адаммын. Бірақ оның мұндай көсіліп терең де тебірене сөйлегенін бірінші рет естідім. Сөзі 30-35 минутқа созылды, отырған жұрт ұйып, мейлінше зер салып тыңдады.

Мұхаң сөзін өзін Россия империясы отарының шеттегі түкпірінен шыққан қазақ халқының жас интеллигенциясы қатарына жатқызатынын айтты. Ұлы Октябрь революциясын олардың қуана қарсы алғанын, бірақ оны алғашында жете түсіне алмаушылықтың болғанын да айта келіп: біз бірнеше есіктерді қақтық, одан түрліше дүбір-дауыс естідік, кейбіреулер дұрыс есікке тап болып, дұрыс жолға түсті, ал кейбіреулері жаңсақ дүбірге ілесіп кетіп қателесті де деп күлді. Мен солардың бірімін деді де, әлеуметтік революция сияқты ұлы өзгерісті бірден түсіне қою оңайға түспейтін мәселе екендігі қайсымызға болса да түсінікті ғой. Шынымды айтсам, достарым-ау В.И.Лениндей көсемдерің бола тұрып, М.Горькийдей ұстаздарың бола тұрып, сіздер де сол кезде шатаспап па едіңіздер дегенде, жұрт ду күліп жіберді. Өмірде сөзге сараң Л.Леонов Н.Тихоновқа қарай қолын нұсқап: соның біреуі міне алдыңызда отырдеп рахаттана күлді.

Бұдан кейін Мұхаң өзінің жазушылық жолына шолу жасады: Социалистік реализмге мен тура жолмен келгенім жоқ. Менің жолым соқпағы көп жол. Мен бір кезде романтизммен әуестендім. Шын мәнінде оны меңгергім келіп өзімнің жазушылық мүмкіншілігімді байқап бақтым, шынын айтқанда мен натурализмді де теріс көргенім жоқдей келіп, жалпы жазушы өзінің творчествосында қандай жолмен жүруге де ерікті деп есептеймін деді де, бұл кезеңді өзінің жазушылық шеберлігін жетілдіре түсуге ұмтылу жолым деп білемін деді. Социалистік реализмнің теория жақтарында әлі де ойланатын проблемалар жеткілікті дей келіп, шын мәнінде социалистік реализмді жазушы өзінің шығармалары арқылы іске асыра алады, осыны бірден бір дұрыс жол деп есептейміндеді.

Мен өзімді социалистік реализм жолына шын ниетіммен келдім деп айта аламын. Оны мен қалай меңгере алдым, өз шығармаларымда іске асыра алдым ба, жоқ па, оған әділ төреші өздеріңсіңдер, соны ашық айтуларыңды сұрар едім деді. Сіздерден сұрайтын бір-ақ тілегім бар – кемшіліктерімді жасырмай тура айтыңыздар, мен оған түк ренжімеймін деп барып тоқтады.

Мұхаңның сөзі аяқталған бойда А.Сурков орнынан атып тұрып (өзі өте бір шапшаң адам болатын) сөйлеп кеп кетті. Ең алдымен ол қазақ әдебиеті туысқан республикалар әдебиеттерінің ішінде ең жедел өсіп келе жатқан, келешегінен үлкен үміт күттіретін әдебиет екенін айтты. Қазір онда барлық жанрда өз қолтаңбасы бар шығармалар көптеп шыға бастады. Ең үлкен мақтаныш – ондағы қалыптасқан жазушы кадрлары. Бұл әдебиет бізге Жамбылды берді, Мұхтарды, Сәбитті, Ғабитті, Ғабиденді берді. Бұлардың аты одаққа ғана емес, шет елдерге де белгілі болып отыр. Біз мұндай әдебиетті кім көрінгеннің қолжаулығына бере алмаймыз, қазақ әдебиетінің кадрларын орынсыз қаралаудан, жаладан қорғау біздің азаматтық борышымыздеді.

Біздің бүгінгі мәжілісіміздің тақырыбы Мұхтар Омархановичтің хаты болғандықтан, бұл мәселе жөнінде комиссия құру дұрыс болар деп ойлаймын, қарсы болмасаңыздар оның құрамына мына жолдастардан болсын: бастығы Н.Тихонов, құрамы – К.Симонов, Л.Леонов, В.Кожевников, Ә.Жаймурзин, А.Петросян, М.Әуезовтің өзі кірсін,деді.

Секретариат мәжілісінен кейін Н.Тихонов жолдас комиссия мүшелерін қалдырып қысқаша пікір алысты. «Жаңа мен кішкене кешігіп келіп сөз сұрай алмай қалдым, сондықтан маған сөйлеуге рұхсат беріңіз», деп Вадим Кожевников сөз алды. Ол өте қызу сөйледі. Ең алдымен «Знамя» журналы редакциясының Әуезовтің романын жариялау үстінде автормен бірігіп тізе қоса отырып істеген жұмыстарын баяндады. Алматыдан Әуезовті екі рет арнайы шақырып алып, істескен жұмыстарын талдап айта келіп, автордың редколлегия мүшелерінің ескертулеріне құлақ асып, шығармасын көп жөндегенін мәлімдеді. Роман жарияланғаннан кейін оқушылардан көп хат алғандарын, оның қашан жеке кітап болып шығуын күтуде екенін баяндады. Сөзінің аяғында: егер осы романда саяси қате бар дейтін болса, ұлтшылдық бар дейтін болса мен оған Әуезовпен бірдей жауаптымын, мені де ұлтшыл деулеріңе болады,деп жұртты бір күлдірді.

Комиссия мүшелері пікір алысқаннан кейін Тихонов жолдас: Орталық комитетке жазылатын хаттың жобасын жазуды Симонов пен Петросянға тапсыралық, келесі мәжілісте сол жоба айналасында сөйлесетін болалық, деп қорытты.

Келесі мәжіліс «Литературная газетаның» редакторы Симонов жолдастың кабинетінде өтті. Хаттың жобасына комиссия мүшелерінің ұсыныстарын енгізгеннен кейін, хат толық кабылданып, секретариатқа берілсін деп келісілді. Секретариаттың бұдан кейінгі мәжілісін Симонов жолдас басқарып, хатты қабылдап, А.Фадеев жолдасқа қол қоюға жіберді».

К.Симонов: «Секретариаттың тапсырмасы бойынша құрылған комиссия мүшелері, құрамында Тихонов, Кожевников және мен бар, Әуезовтің өтінішіне байланысты барлық материалдармен танысып шықтық, Әуезовтің өзімен әңгімелестік, бұл іске Жаймурзинді де тарттық, сөйтіп, бір пікірге келіп, мынадай Қаулыны секретариаттың бекітуіне ұсындық».

Қаулы: Комиссияның ұсынысы бекітілсін.

1. Абайдың шығармашылығы туралы М.Әуезовтің еңбегіне іскер сын айтудың орынына кеңес жазушысы М.Әуезовке саяси қысым көрсетуге ұмтылған С.Нұрышевтің «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Жаршысының» 1953 жылғы №4 санындағы жарияланымындағы ұстанған бағытының дұрыс емес екендігі туралы мақала жариялау «Литературная газетаға» тапсырылсын.

2. Әуезов пен Мұқанов жолдастарға: екеуі бірігіп республикалық баспасөзде ашық хат жариялау ұсынылсын, бұл хатта олар: екеуінің арасында қалыптасып отырған зиянды, қырғиқабақ қарым-қатынастың топшылдыққа алып келгендігін толық ашып көрсетсін.

М.О.Әуезов: Сіздердің шешімдеріңіз – ең жанашыр, ең парасатты, ең әділ шешім, мен мұны қабылдаймын. Партия ұйымы да мұны мағынасыз топшылдық деп баға берген. Біздің екеумізде – жауапты, барынша саналы адамдармыз. Сондықтан да мұны Мұқановқа да жолдастықпен, сендіре жеткізу керек».

Міне, егесе ырғасқан екі тұлғаның жеткен жері осы болды. Бұл қаулы екеуіне қажет пе еді? Иә, екеуіне де қажет еді. Өйткені жеке бастарын ғана емес, мұқым бір ұлттың зиялы қауымын екі жарған бұл жікшілдіктің тамыры, шын мағынасынан алғанда, түбінде бір қиылуы тиіс болатын.

Қай қылығы татиды сұм өмірдің,

Татуды араз, аразды жат қыларға, –

деп Абай айтқандай, мына өмірде екеуін араз қылатындай санат сыбағасы жоқ болатын.

Өзінің «мендерін» жеңе алмаған, «менікі» дегендері түптің түбінде кімді екеніне, кімнің мүддесіне қызмет ететініне сенгісі келмеген сананың сағымды сабылысы ақыры ұлттық рухани жіктелуіне әкеп соқты. Бірін бірі қиындыққа қиды. Тығырыққа тіреді.

Егерде Әуезов түрменің табалдырығын бүгін аттаса, ертеңінде Мұқанов оның есігін қағып тұратыны анық еді.

Ол мұны соңғы сәтте ғана түсінді. Сенген партиясы одан бетін теріс бұра бастағанын іштей сезді. Алайда біріккен ашық хат жарияланбай қалды. Әлде, Мұқанов оған бойсынғысы келмеді ме, әлде, екеуінің табысуын құзырлы мекемелер қош көрмеді ме, ол жағы әл-әзір бізге беймағлұм.

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2050