«КӨРКЕМ» КҮЙ КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТПЕК
Президент оркестрінің орындаушылары Ақбөпе Әбілбекова, Гүлшат Бекішова, Әлия Бейсен және Айжан Жұмабаева «Көркем» атты этно-аспаптар тобын құрды. Астана, Алматы, Көкшетау, Қарағанды қалаларының тумаларын тағдыр табыстырып, өнер жақындастырыпты. Ақбөпе Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын, ал Гүлшат, Әлия, Айжан бұрынғы Қазақ ұлттық музыка академиясын аяқтапты. Топ мүшелері кілең қыздардан құралғандығы және күй тарту барысында хореографиялық қойылым қоятындығымен ерекшеленеді екен. «Көркем» тобының мүшелері өнер жолының ауыр екенін бір кісідей біледі. Сондықтан, талмай, танбай еңбек ете береді. «Тыңдармандар сынаса да, мақтаса да салқынқандылық танытамыз. Себебі, сынады екен деп сынып қалуға, мақтады екен деп көкірек керуге болмайды» дейді топ мүшелері. Бүгінге дейін қыздар бірнеше күй жаздырып, бірнеше сахналық киім тіктіріпті. «Көркем» этно-аспаптар тобының мүшелері домбыра, қылқобыз, прима-қобыз және сазсырнайда ойнайды.
Абай-ақпарат