Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Ел іші... 6298 0 пікір 12 Мамыр, 2014 сағат 11:49

ПАВЛОДАР: КӨК БАЙРАҚШАЛАРЫМЫЗДЫ КӨТЕРІП ЖҮРУ МҮМКІН БОЛМАДЫ

ҚР Президенті Н.Назарбаевқа

ҚР Премьер-министірі К.Мәсімовке

Парламент депутаттарына

Павлодар облысы әкімі Қ.Бозымбаевқа

 

 

Ашық хат

Осы елдің азаматтары ретінде, отан қорғаушылар күнін атап өтпек ниетте көк жалаушаларымызды алып, Керекудегі облыс әкімшілігі алдындағы барлық мемлекеттік мерекелер тойланатын алаңмен өтпек болғанбыз. Әкімшілік ұйымдастырса, ішінде болып, болмаса, өзіміз өтеміз деп келістік.  Кішкене форматтағы көк байрақтарымызды сатып алмақ ниетте 5-6 дүкенді, бутиктерді аралағанымызда, таңқалғанымыз – барлығында дерлік көрші елдің, 2-ші дүниежүзілік соғысқа қатысы да жоқ  империялық символ- георгий ленталары. 

18 ғасырда Екатерина екінші патшайымы тағайындаған «Орден святого Георгия», «Георгиевский крест» - негізінен орыстардың басқа жерлерді, халықтарды жаулап алып, басқыншылық  жорықтар жасаған кезде беріліп келген марапат. Мысалы: орден «За походы в Центральную Азию», «За взятие г.Чимкента», солай кете береді. Әулие Георгий ордендерімен Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісін басып, қазақ ауылдарын аяусыз қырып өртеп жібергендер,  Әулие-ата (Тараз) мен Жетісу өңірін қанға бөктірген генерал Черняев, орыс озбырлығынан Қоқанда қашқан қазақ босқындарын қырып салғандар марапатталған.
            Өткен ғасырдың басындағы Георгий лентасын   ақгвардияшылар да пайдаланған, 2-ші дүниежүзілік соғыс кезінде Георгий лентасына неміс жағына шыққан Генерал Власовтың КОНР - Ресей халқын азат ету комитеті яғни, Комитет освобождения народов России мен РОА  - Орыс азат ету армиясы - Русская освободительная армия  ие болған. 1943 ж. 2-ші дүниежүзілік соғыста, Совет одағы гвардия лентасы ретінде Совет ордендері мен медальдарын сол лентаға қадаған. Кейіннен 1992 жылдан бастап қазіргі Ресейде қайтадан империяның символы ретінде Георгий кресі марапаттарға енгізілді. 2005 ж. Ресей жорналшылары арқылы Георгий лентасын 41-45 жылдардағы соғыстың жеңіс белгісі ретінде пайдалану акциясы пайда болды да, Ресей оны өз мүддесіне пайдаланып (кезінде біздің отарымыз болғандарыңызды ұмытпаңдар дегендей ниетпен)   барлық постсоветтік аймақтарға тарата бастады. Бір таңқаларлығы әлгі лентаны жергілікті биліктің қолдауымен таратуда.

Сонымен,  Отан қорғаушылар күнін атап өтпек ниетте көк жалаушаларымызды іздеп көшеге шыққан біздер оны «Эврика» дүкенінен әрең таптық. Бірақ, біздің «Неге Георгий ленталарын тағып алдыңыздар, егер Қазақстан азаматы болсаңыздар, бүгін Отан қорғаушылардың күні» дегенімізде, осы ашық хатқа қол қоюшылардың бірін   «Ничего не будем продавать, уходи отсюда» деп қуып жіберді.

Осыған орай бірінші сұрақ:

Қай мемлекетте туларының, басқа да мемлекеттік символикалардың орнына көрші мемлекеттің империялық, кезінде жерлерін отаршылыққа алғандағы марапат символикаларын қойып қояды, және тегін таратылуына жол беріледі? Бұл азат қазақ елі, қазақ жері үшін қасық қандары қалғанша күресіп өткен батыр бабаларымыздың аруақтарын ашықтан-ашық қорлау ғой?


Негізі 1, 9 мамыр күні қаланың бас алаңында жүздеген адамдардың қатысуымен керемет шоу - шаралар өтеді де, мамырдағы мерекелердің ең маңызды мерекесі - 7-мамыр -  Отан қорғаушылар күні қаладағы мәдениет үйлерінің ауласында аяқталады. Қазақ еліне әуелі тәуелсіздік қымбат, ал сол тәуелсіздігіміздің кепілі - Отан қорғаушы ұландарымыз екенін түсіндіру артық болар. Құрметті Президент мырза, жуықта сіз де, «басты құндылығымыз тәуелсіздік» дегенсіз.

6-сы күні, алаңнан өте бергенімізде, алаңда 9 мамырға дайындық, орыс тіліндегі репетиция аяқталып жатты да (мемлекет тілінде ешуақытта болған да емес), дайындықты өткізіп жатқан адам: «Все, спасибо, расходимся, завтра жду в 16-00» деді. Қызығы, 7-де, сағ.10-ның төңірегінде, алаңдағы меркелік шараларды алыстан қарап, бәрекелді, Отан қорғаушылар күнін тойлап жатқан екен, қосылу керек деген ниетпен

алаң маңына келсек, Отан қорғаушылар мерекесі емес, 9 мамырға дайындық екен!

Бұдан да сорақасы – мемлекеттік мереке, Отан қорғаушылар күні, көк байрақшаларымызды көтеріп (митинг туралы сөз де болған жоқ), алаңмен 1 квартал өтеміз дегенімізді біліп, тиісті орындар 7-мамырда сағат 16-ға белгіленген дайындықты таңертеңгі сағат онға ауыстырып жіберіпті. Бізді алаңмен жүргізбеудің амалын олар қысқасы, осылай тапса керек.   

Осы жағдайға байланысты екінші сұрақ: қай мемлекет өз туын алып, өз мерекесін ұлықтайтын адамдарға тосқауыл қояды?

Мерекелік күн полицияға арыз жазумен аяқталды. Ішкі саясаттан шығып үйге беттеген жолда Георгий лентасын таққан адамды кездестірдім. Оған да  Георгий лентасының мән-мағынасын түсіндіріп, осынысымен қазақтарды, мемлекетті ашық басынып тұрғанын айттық. Ол «Русская империя лучше чем Казахстан» деді. Біз интернеттен алынған KZ_ONLINE сайтына сілтеме жасалған, «ҚР не рекомендованно носить эти ленты...» дегенді көрсеткен едік, ол адам бізге: «Мало ли чего ваш Назарбаев будет говорить», - деген соң полицияны шақыруға мәжбүр болдық. Бірақ, алдағы ашық хатта жазғанымдай, полиция осыным үшін керісінше мені сотқа сүйрей жөнелсе таң қалмаймын. 

Өйткені, бізде көзі ашық адам, ел басындағылардың осы мемлекеттің емес, көрші мемлекеттің сойылын соғып отырғанын көреді. Осыған қосымша төменгі сұрақ - дәлелдер:

- Қай мемлекетте төлқұжаттарын, жеке куәліктерін, әдейі, қазақша мүлдем түсінбейтін оралмандарға да, орысша бланкі толтыртып, соның негіздемесінде орысша толтырдың деп, орысша береді? Әр мемлекетте, ол елдің азаматтарының бірінші құжаты мемлекет тілінде емес пе? Тек сыртқа шығатын паспорттар бірнеше тілде толтырылуы мүмкін. 

 - Қай мемлекет, өз жерлерін ластандыруға қарсы шығатын азаматтарды жазалайды? Бұл да Ресей мүддесіне орай, соның қыбын табу үшін жасалып отырған шаруа екенін әркім түсінеді.

 - Неліктен біздің мемлекетте   қарым қатынас пен іс қағаздары 90 пайыз орыс тілінде жүргізіледі?  Неліктен бюджеттің, біздің - салықтөлеушілердің ақшасынан құралған қаржы, мемекеттік тілді тұғырына қондырамыз деген желеумен бостан-босқа құрдымға кетеді? Бұл қылмысқа кім жауап береді? Мына қалпымызбен жүре берсек,  2020 жылы да, 2025 жылы да тіл тұғырына қонбақ емес. Өйткені 70-80 пайызға дейін балабақшалар мен мектептер орыстілді, не араластілді (араластілді-орыстілді екені, барша мәдени-тәрбие ісі орыс тілінде жүргізілетіні баршаға аян).

Осы елдің тілінде сөйлеген адамға: «националистка, провокатор, фашистка» деген айдарлар тағылуына, қызмет көрсетілмей қуылуына жағдай жасап отырған жергілікті билікті ҚР мемлекетінің тәуелсіздігін нығайтуға үлес қосып отыр деп кім айтады?

- Билік неліктен өткен ғасырдың 20-30 жылдары бүкіл қазақ қаймағын, Алаш ардақтыларын атып тастаған  НКВД формасын киген, қанішер НКВД-ны насихаттаушыларды жазаламай, оларға жұрттың көзінше «Аңыз адам» сықылды  сүйікті жорналымызды өртеуге рұқсат береді? Олардың жорналда не жазылғанын оқымағандығы барша жұртқа әйгілі болды емеспе? Бұдан айқын көрініп отырған қорытынды: бұл көрші мемлекеттің империялық пиғылын біздің елде іске асырушылардың билік тарапынан қолдауға ие екенінің көрінісі.

Орыстың Жириновский, Лимонов, т.б. толып жатқан саясаткерлері тұтастығымызға нұқсан келтіретіндей сөздер айтып, доқ көрсетіп, тәуелсіздігімізді талқандап, Қазақстанды қайтадан колония қылуға құлшынып отыр. Олардың саяси тұрғадын сауатсыз болып табылатын пікірлері біздің отандастарымыздың құлағына жетіпей жатқан жоқ, жетіп-ақ жатыр.    Содан да шығар қазір біз: «Я живу в Омской губернии, почитайте, интернет, никакой это не Казахстан», «Скоро здесь будет Россия, а вы со своим казахским языком идите в свои степи, пасите своих баран!», «Скоро ваш язык никому не нужен будет, мы объединяемся с Россией!» дейтін сөздерді ести бастадық. Ал енді мықты болсаңыздар, еліміздегі дайын отырған бесінші колоннаның санасын өзгертіңіздер! Осындай сананың қалыптасуына ықпал етуіне осында айтылған, айтылмаған (барлығын бір хатта тізу мүмкін емес) факторлар.

 Енді қорытынды сұрақ: Ресей мүддесіне жұмыс жасап жатқан мемлекет басындағылардың әрекеті қашан бұғауланады, құрметті Елбасы?

  

Құрметпен, Бейсенбай тегі Р. «Желтоқсан Ақиқаты» Павлодар обл. филиалы төрайымы

Кереку қ., Қайырбаев к. 104-136, т.8(7182)-51-10-50, 8701-182-52-65,

 

Қалиев М. ОСДП партиясының мүшесі, Кереку қ., т.8701-962-60-82,

Нұрбаев Қ.Ж. тарих ғ.д., профессор, Кереку қ., т. 8705-866-46-59,

Баязитов Қ. құрметті теміржолы, Кереку қ., т. 8702-140-33-85,

Нәбиев Қ. қоғам қайраткеткері, павлодар обл., Ақсу қ., т. 8705-384-09-31,

Бұрхат Ш. заңгер, Павлодар обл., Ақсу қ., т. 87014448462

Cейдалиева Г. жұмысшы, т.8778-289-00-71,

Тоқтасын А. бала күтуші, тәрбиші, т.8778-468-0268,

Мырзағали Г. студент, т.8775-773-00-60,

Дүйсенбина Г., зейнеткер, кітапханашы, т. 8777-625-81-58.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063