«ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТА АГРОӨНІМ ӨНДІРУШІЛЕР ҮШІН ТЕҢ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН» – САЛА МАМАНДАРЫ
Кеден одағы аясында қазақстандық тауар өндірушілер бәсекелестік ортада шыңдалып қана қоймай, өздерінің мүмкіндіктерін сыртқы және ішкі нарықта да кеңейтіп отыр.
Сала мамандары интеграцияның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жұмысына, экспортты жылжытуға оң әсерін айрықша атауда. Мәселен, Кедендік кеңістік аясында Қазақстан шамамен 1 млрд. долларды құрайтын агроөнеркәсіптік кешені өнімін экспорттаған. 2010 жылы 150 млн., 2013 жылы 534 млн. долларлық ауылшаруашылық тауарлары Кеден одағы елдеріне жөнелтілді. Ал импорт қарқыны 2011 жылы 44 пайыз болса, 2013 жылы ол 3 пайызға төмендеген. Былтырғы жылдың өзінде 2012 жылмен салыстырғанда, Қазақстанның Кеден одағы елдеріне экспортының көлемі 208 пайызға артып отыр. «Қазақстан Кедендік одақ аясында жұмыс істей бастаған бастапқы кезеңде еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің интеграцияға дайын еместігі, сонымен қатар, кәсіпкерлеріміздің бәсекеге қабілетсіздігі жайында күдіктің, күмәннің болғаны рас. Дегенмен, бүгінде еліміздің ауылшаруашылық саласына интеграцияның зор пайдасы тигенін көріп отырмыз», деді А.Мамытбеков Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы Іскерлік кеңестің кезекті отырысында. Осы ретте АШМ басшысы экспорт көлемін тек ауыл шаруашылығы шикізаты ғана емес, сонымен қатар, өңдеуші өнеркәсіп өнімдері де құрайтындығын тілге тиек етті. Нақтылағанда, өткен жылы 2012 жылмен салыстырғанда, ауыл шаруашылығының өңделген тауарлары экспортының 60 пайызға өсуі өңдеу бойынша экспорттың арта бастағандығының нақты көрінісі. «Біз Кеден одағы интеграциясы арқылы шығынға ұшырап, бәсекелестікте көштен қалып қойған жоқпыз, керісінше, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер өз өнімдерін сыртқа шығаруға мүмкіндік алды», деді министр.
Ықпалдастық шараларын іске қосу арқылы Кеден одағына мүше мемлекеттер кедендік шекараларды толық жойды, елдеріміздің аумақтарымен ауылшаруашылық өнімдерінің қозғалысы бірыңғай ережелер мен теңдік шарттары бойынша еркін түрде жүргізіледі. Күрке тауық еті, сиыр еті, макарон мен ұн, күнбағыс майы мен балық сияқты қазақстандық өнімдер Ресей мен Беларусь нарықтарында өзінің лайықты орнын алып үлгерді.
Іскерлік кеңес мүшелері Кеден одағы аясындағы интеграция нәтижесінде қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін 170 млн. халқы бар, жиынтық сомасы шамамен 1,8 трлн. долларды құрайтын нарық ашылғанын айрықша атап отыр. Сондықтан аталған интеграциялық бірлестікте мемлекеттік қолдау деңгейін теңдестіру – негізгі шарттардың бірі. Бұл ретте бірлестікке қатысушы тараптар мемлекеттік қолдау деңгейін орташа 10 пайыздық қалыпта теңдестіруге келісулері сөзсіз маңызды. Яғни, Қазақстан мен Ресейге бұл деңгейді көтеру қажет болса, Белоруссия сәйкесінше төмендетуі шарт. Сонда бизнесті жылжыту бәсекелестігіне базалық, тең құқылы жағдай жасалады.
Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ
Абай-ақпарат