Сенбі, 23 Қараша 2024
Не дейді?! 8143 0 пікір 2 Мамыр, 2014 сағат 17:23

ҚОСТАНАЙДА ЛЕНИНГЕ ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ

Суретте: "Костанайшинсервис" ЖШС-ның ұжымы. Ортада - өзі бас болып, Ленин ескерткішін орнатқан "Костанайшинсервис" ЖШС-ның директоры Валерий Мантулин

Астанада қанша жыл тұрсам да туған жерім - Қостанайға бүйрегім бұрып тұрады. Биыл да 1 мамыр мерекесін достарымның ортасында тойлайын деп елге қарай тартып кеткен жайым бар. Туған жерге табаным тиген бойда "елде не жаңалық бар екен" деген оймен осында шығатын бір топ басылымдарды дүңргішектен сатып алып, асықпай, шай ішіп отырып, қарап отырсам, осындағы орыс тілінде жарық көретін мүйізі қарағайдай, атынан ат үркетін дейтіндей "Костанайские новости" деген газет керемет безендірілеген түрлі-түсті газетінің бірінші бетіне көлдей қылып "Память обьединяеть людей" (http://kstnews.kz/news/society/vremya_mestnoe/pamyat_obedinyaet_pokoleniya/#.U2N9gVenvoM) деген мақала беріпті. Бұл не қылған "память" екен деп үңілсем, газет журналистері Қостанайдағы "Костанайшинсервис" деген атауы бар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұжымы өздерінің ат шаптырымдай ауласына Лениннің ескерткішін орнатқандығын шешелері ұл тапқандай қуана хабарлапты.

"Күн көсемді" жадынан шығармаған жерлестеріме қанша жерден «риза» болсам да, тарихтың күрсесіне лақтырып тасталған осынау тас мүсіннің қазіргі ұрпақты қалай біріктіретіндігіне түсіне алмай миым қатты. Енді мұның жайын осы газеттің бір бұрышында қостанайлықтарды мерекемен құттықтаған облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов білмесе, біз білмедік. Әлде мұны мүмкін  ол кісінің идеология жөнінідегі орынбасары немесе осы салаға жауап беретін ішкі саясат департаментінің бастықтары түсіндірер. Олар енді бізден гөрі ақылдырақ шығар. Лауазымдарының өзі де осыны талап етпей ме?
     

Айтпақшы, халықтар достығы деген мерекені қарсы алуда осындағы маңдайымызға біткен жалғыз газет - "Қостанай таңы" де өзіндік "үлкен үлес" қосыпты. Мұндағылар көп ойланбастан осыдан аз уақыт бұрын республикалық "Время" газеті қайта-қайта жазған, қызмет бабын асыра пайдаланып, пара алғандығы үшін үш жылға шартты түрде сотталған Мереке Дихаев деген азаматты өзгелерге үлгі етіп, көсіле мақтапты. Сондағы ол кісінің сіңірген еңбегі - 1 мамыр күні шырылдап дүниеге келген екен. Ал қылмыс жасап, істі болған адамды мақтап жазу заң алдында ғана емес, адамгершілікке де қайшы келетін іс екендігіне мұндағылар басын қатырмаса керек. Сонда осы облыстағы идеология саласына жауапты адамдар қайда қараған?
      "Ойбай, ол туралы сөз қозғама»,- деп басу айтады достарым, - Біріншісіне біздің әкімнің тісі батпайды. Ол осындағы бір "крутойдың" газеті. Ал екіншісін мүлдем оқи алмайды. Оқымағасын олардың не жазып жатқандығынан мүлдем бейхабар.
       Мерекеге барып, желпініп қайтам ба деген мен Астанаға осындай ауыр оймен оралдым. Сонда менің қасиетті туған жерімде бірі ескілікті аңсаумен өмір сүретін, екіншілері не жазып отырғандығын түсіне алмайтын газеттерге "Әй дейтін әже, қой дейтін қожа" болмағаны ма?                                                                                                                                                              

Мұратбек Дәуренұлы
Астана-Қостанай-Астана

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364