«ҚЫЗ ЖІБЕК» ПЕН «ҚОЖАДАН» БАСҚА ҚАЗАҚТА КИНО ЖОҚ ПА?
«Отандық телеарналар» деген сөз шықты ғой осы күні. Сол «отандық телеарналарымыздың» басы «Ұлттық» арнадан бастап анау «жын-жыбырдың» арнасы аталып жүрген СТВ-ға дейін мемлекеттік деңгейде аталып өтетін мереке күндері болса бітті, «Қыз Жібек» пен «Менің атым Қожаны», одан кейін, әрине, «Тақиялы періштені» беріп қойып қарап отырады. Құдды қазақта, «Қазақфильмде» аталған үш кинотуындыдан өзге ештеңе жоқ сияқты. Расында, кейінгі ұрпақ әлгі үш фильмнен басқасын біле бермейді. Неге? Өйткені, оның себебін міне, айтып отырмыз: көрсетпейді. Есесіне қазақстандық телеэкранды кәрістің, орыстың, Латын Америкасындағы елдердің телесериалдары басып кетіп еді, былтырдан бері ол тасқынға ептеп тиым салынды. Қазір қазақ тіліне аударылып қойған Үнді фильмдерінің дәурені жүріп тұр. Иә, отандық телесериалдар да көріне бастады. Әйтсе де, бұрынғы ғажап фильмдерді неге көрерменге жиі тарту етіп отырмасқа? Шамасы, телеарналарымыздың тізгінін ұстап жүрген басшы-қосшылар «Қазақфильмнің» қорында қандай шедеврлердің жатқанын жақсы білмейтін болса керек. Егер білетін болса, олар мына фильмдерді неге жұрттан жасырады? Қараңыз:
Балаларға арналған үздік фильмдер:
«Менің атым Қожа» (1963, реж. А.Қарсақбаев)
«Арман-атаман» (1967, реж. Ш.Бейсембаев)
«Балалық шаққа саяхат» (1968, реж. А.Қарсақбаев)
«Шоқ пен Шер» (1972, реж. Қ.Қасымбеков)
«Көксерек» (1973, реж. Т.Өкеев)
«Жүйрік болсаң, озып көр!» (1974, реж. А.Қарсақбаев)
«Алты жасар Алпамыс» (1977, реж. А.Қарсақбаев)
«Тоғызыншы ұлдан сақтан» (1983, реж. В.Пұсырманов, В.Чугунов)
«Сүйрік» (1984, реж. А.Әлпиев)
«Ауылым Көктөбенің бөктерінде» (1986, реж. Ә. Сүлеева)
«Адамдар арасындағы бөлтірік» (1989, реж. Т.Теменов)
«Саған күшік керек пе?» (2003, реж. Қ.Қасымбеков)
Жас ұрпақ көруге тиіс басқа да фильмдер:
«Амангелді» (1938, реж. М.Левин)
«Абай әндері» (1945, реж. Г.Рошаль, Е.Арон)
«Біздің сүйікті дәрігер» (1957, реж. Ш.Айманов)
«Алдар көсе» (1964, реж. Ш.Айманов)
«Тұлпардың ізі» (1964, реж. М.Бегалин)
«Атамекен» (1966, реж. Ш.Айманов)
«Ән қанатында» (1966, реж. Ә.Мәмбетов)
«Қараш-Қараш оқиғасы» (1968, реж. Б.Шамшиев)
«Тақиялы періште» (1968, реж. Ш.Айманов)
«Атаманның ақыры» (1970, реж. Ш.Айманов)
«Қыз Жібек» (1970, реж. С.Қожықов)
«Құлагер» (1972, реж. Б.Мансұров)
«Гауһартас» (1975, реж. Ш.Бейсембаев)
«Транссібір экспрессі» (1977, реж. Э.Оразбаев)
«Қан мен тер» (1978, реж. Ә.Мәмбетов)
«Охран бастық» (1978, реж. А.Тәжібаев)
«Ебелек» (1980, реж. А.Тәжібаев)
«Жаушы» (1980, реж. Ә.Мәмбетов)
«Қош бол, Медеу!» (1981, реж. З.Подскальский)
«Долана» (1981, реж. М.Омаров)
«Ақырғы аманат» (1981, реж. А.Тәжібаев)
«Соғыстың соңғы жылы еді» (1983, реж. А.Тәжібаев)
«Өтелмеген парыз» (1983, реж. С.Жармұхаммедов
«Адамға ілтипат!» (1984, реж. Л.Сон)
«Шоқан» (1984, реж. А.Әшімов, 4 сериялы)
«Шаңырақ» (1987, реж. Е.Болысбаев)
«Сұлтан Бейбарыс» (1989, реж. Б.Мансұров)
«Айналайын» (1990, реж. Б.Қалымбетов)
«Жансебіл» (1991, реж. А.Шәжімбай)
«Отырардың күйреуі» (1991, реж. А.Әмірқұлов)
«Махаббат бекеті» (1993, реж. Т.Теменов)
«Көзімнің қарасы» (1994, реж. С.Нарымбетов)
«Заманай» (1997, реж. Б.Шәріп)
«Қазақы оқиға» (2001, реж. Д.Манабай)
«Сардар» (2003, реж. Б.Қалымбетов)
«Қаладан келген қыз» (2004, реж. Р.Әбдірашев)
«Дүниежарық» (2006, реж. Ж.Жетіруов)
«Әурелең» (2008, реж. С.Құрманбеков)
«Қош бол, Гүлсары!» (2008, реж. А.Әмірқұлов)
«Біржан сал» (2009, реж. Р.Әлпиев, Д.Жолжақсынов)
«Балалық шағымның аспаны» (2011, реж. Р.Әбдірашев)
«Жаужүрек мың бала» (2012, реж. А.Сатаев), т.б.
(Ескерту: Бұл тізім «Алматы ақшамы» газетінде жарияланған. Электронды нұсқасы abai.kz ақпараттық порталында да жарық көрді. Тізімді жасаған журналист Сәкен Сыбанбай)
- Жалпы жоғарыдағы фильмдерге байланысты телеарандарымыздың тарапынан сұраныс бар ма? – деп хабарластық мемлекеттік киноқордың директоры Нұрлыбай Есімғалиев (суретте) мырзаға.
- «Ұлттық» арна мен «Хабардың» қорында бұрынғы фильмдер бар. Басқасын білмеймін.
- Қордағы кинолардың біразы жоғалып кетіпті, сапасы сын көтермейді дегенді естіп тұрамыз. Рас па?
- 1990 жылдардың басындағы аумалы-төкпелі заманда бүлінген, жоғалған дүниелер болды. Бірақ соның бәрін қазір қалпына келтірдік десек болады. 2008 жылы «Қазақфильм» АҚ-на Аманшаев мырза басшы болып келісімен осы мәселені пәрменді түрде қолға алдық. 2012 жылы 17 қаңтарда Үкіметтің арнайы қаулысы шығып, киноқор құрылды. Қор Алматы қаласындағы Рысқұлов көшесінің бойында тұрған 101 үйден қоныс тепті. Қорда 10600-ден астам кино бар. Оның ішінен өзіміздің төл туындылардан бастап, Совет Одағының тұсында түсірілген фильмдерді, шетелдік фильмдерді табуға болады. Қала берді біздің фильмдердің түпнұсқасы Ресейде, Мәскеудің қасындағы «Белая столба» деген қалашықта тұр. Ол қалашықтағы киноқордың жалпы көлемі 300 мыңнан асып жығылады. Біз сонда барып сұраныстағы фильмдерді тазалап, өңдеп әкеліп отырамыз. Бәрі қып-қызыл ақша.
- «Қазақфильмнің» төлтуындысы қанша?
- Мың жарымнан асады.
- Қысқасы, бізде ілгеріде түсірлеген кинолардың қоры бар, тек телеарналар тарапынан сұраныс жоқ дейсіз ғой.
- Иә, солай деуге болады.
Бұл сұхбатқа қосымша түсінік берудің қажеті жоқ шығар. Құлық, ниет жоқ жерде сұраныс қайдан болсын? Алайда, көрермен қауым талғамы биік қазақ режиссерлері таспалаған мазмұнды фильмдерге сусап отыр.
Abai.kz