Сенбі, 23 Қараша 2024
Дат 5080 0 пікір 21 Сәуір, 2014 сағат 09:31

"САМАРҚАУЛЫҒЫМЫЗ ТҮБІМІЗГЕ ЖЕТЕ МЕ ДЕП ҚОРҚАМЫН"

Бақытгүл БАБАШ: Самарқаулығымыз түбімізге жете ме деп қорқамын

Атыраулық ақын Бақытгүл Бабаш – елге танылып келе жатқан талантты қыз. Өкініштісі сол – ел ішіндегі осындай өскіндердің өнер құдіретін дәріптеуге кемшін кездің кесірін тартып жүрміз. Дегенмен, Бақытгүл бұйырған атақтан да құралақан емес: халықаралық «Шабыт» фестивалінің бас жүлдегері. Бүгінде бірнеше баллада жазып, өлеңдері әнмен өрнектеліп, республикалық әуе толқынынан тарап жүрген Бақытгүлді жалпақ жұртты мазалаған біраз сауалмен сөзге тартып, «ДАТ!»-қа шақырған едік.

 

– Бақытгүл ханым, ел ішінде жүрсіз ғой: ең әуелі жергілікті жердегі қазақтардың тұрмыс ахуалы қалай? – сөзді осыдан бастайық. Республика бойынша ең жоғарғы мөлшерде жалақы алатын мұнайлы аймақтағы халықтың қағанағы – қарқ, сағанағы – сарқ деп айта аламыз ба?

– «Бәрі бірдей керемет» деп, жауырды жаба тоқымай-ақ қояйын. Бірақ елдің жағдайы оңалып қалғаны да рас. Облыста Азғыр өңірінен басқа елді мекендердің бәрі де табиғи газбен, таза ауыз сумен қамтылған. Қазір нарық заманы, кеңестік кезеңнен қалыптасып қалған масылдық психологиядан арылу керек. Менің ойымша, баспанаң болмаса, бала-шағаңның киімі тозса, жұмыссыз жүрсең – кінәні алдымен өзіңнен іздегенің жөн. Ізденген, талаптанған адамға жақсы өмір сүруге мүмкіндік бар. Сан түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Бірақ  іссапармен ауылдарды аралаған кездерде, ауыл жұртының осы мемлекеттік бағдарламалар жөнінде хабарының аздығын жиі аңғарасыз. «Бизнес» дегенді шағын дүкен ашу деп қана ұғады көп ел. Мал шаруашылығын өрістетуге деген ниет әлі де кемшін. Бұл – мемлекеттік бағдарламалардың насихатталуы аз деген сөз.

Атырауда жалақы көлемі басқа аймақтардан жоғары болғанымен, қымбатшылық та бар. Сондықтан елдің бәрінің бірдей көңіл-күйі керемет дей алмаймын. 300 мың теңге жалақы алатындар да, 30 мың теңге алатындар да бір суды ішіп, бір нанды жеп отыр. Ал олардың қайсының қандай су, қандай нанмен қоректеніп отырғаны – бөлек әңгіме.

– Өзіміздікі бар, шетелдігі бар, қаптаған компаниялар мұнай өндіріп жатқан аймақта жұмыссыздық бар деген үйлесімсіздікке иланасыз ба? Бұл жағдай тіпті үйлесімсіздік қана емес, жергілікті халыққа жасалып отырған әлеуметтік әділетсіздік болса керек...

– Жұмыссыздық ғаламдық мәселеге айналып тұр ғой. Әлемде жұмыс таба алмай жүрген жастардың саны 75 миллионнан асады екен. Бұл проблема Атырау жастарын да айналып кетіп тұрған жоқ. «Жастар тәжірибесі», «Жол картасы» сынды бағдарламалар болғанымен, нәтиже көңіл көншітпейді. Мысалы, өткен жылы «Жастар тәжірибесімен» түрлі мекемелерге барған 1356 жастың 139-ы ғана тұрақты жұмысқа алынған. Басқасының бәрі алты айдан кейін жұмыссыздар қатарын толықтырды. Сосын жұмыссыздық деңгейін өлшеу – тек арнайы органдарға жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтардың санымен ғана белгіленіп жүр. Егер шын мәнінде жұмыссыздар санын есептейтін болсақ, қазір айтылып жүрген мөлшерден бірнеше есеге көбейіп кетер еді. Біз қағаз, құжат деген дүниелерге әлі салғырт қарап келеміз. Оқу бітіріп келген жас маман әке-шешесінің үйіне барып жатып алады. Оған ауылдың әкімі келіп: «Міне, жұмыс, келе ғой» деп айтатындай. Әрі жатады, бері жатады, «Осы ауылда пәленнің баласы университет бітіріп келіп еді, жұмысты не қылды екен?» деп, оған бола алаңдайтын әкімді армандамай-ақ қойыңыз. Ақыры мәселенің бәрі тамыр-таныстыққа келіп тіреледі. Кімнің тірегі мықты, танысы бар – соның жолы болады. Бұл жастарға ғана тән мәселе емес, үлкендердің жұмысқа тұруы тіпті қиын. Сондықтан жең ұшынан жалғасқан жемқорлық пен тамыр-таныс арқылы жолыңды ашу тыйылмайынша, жұмыссыздық та жойылмайды.

– Өткенде біздің газетте Атырауда жергілікті шаруа қожалықтары өндіретін етті Ресейдің Қалмақ автономиялы республикасы жақтан келетін арзан импорт ығыстырып тастады деген хабар болған еді. Базардағы осы жағдай сіздің дастарханыңыздан сезіле ме? Мәселен, сырттан келген су татыған ет Атырау алқабының қара жусаны мен бетегесін жеген жергілікті малдың етімен салыстыруға келе ме?

– Әрине, келмейді! «Малдың сүті – тілінде». Құнарлы жердің көк майсасына жайылған малдың еті де, сүті де бөлек болатынын білмейтін қазақ жоқ. Бірақ, шынымды айтсам, базардан ет сатып алып көрмеппін. Ауылда інімнің шаруа қожалығы бар, апта сайын ет пен сүт сол жақтан келіп тұрады. Бірақ ауылы, ауылдағы ағайыны жоқтарға қиын. «Бір келі сиыр еті 1200 теңге тұрады» – деп, бір құрбым Құдайдың зарын қылып отырады, әйтеуір. Ет жемесе тұра алмайтын қазақ үшін, әсіресе жалақылары төмен жұрт үшін бұл оңай емес. Консервідегі етке де қол жеткізу кейбіреулер үшін қиын болып тұр.

– Аймақтың экологиясына кері әсерін тигізетін өңірлік мәселелерге журналист ретіндегі айтар уәжіңіз қандай?

– Экология тақырыбын «Жас қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінде меншікті тілші болып жүргенімде өте жиі жаздым. Бірақ сенің жазғаныңнан ешкім селт етпесе, тиісті орындар мен лауазымды адамдар қалыптасқан экологиялық ауыр жағдайды солай болуы тиіс жайт сияқты қабылдаса, оған қылар қайран бар ма? Менің жазғаным сөз бе екен – Атыраудың бас экологы, академик Мұфтах Диаров: «Атыраулықтар бір түнде ұйқыларынан оянбай қалуы мүмкін» деп дабыл қаққанда, «Каспий табиғаты» үкіметтік емес ұйымының төрағасы, эколог Махамбет Хакимов: «Қашағаннан қауіп мол» деп жан дауысын жеткізгенде, олардың сөзін кім тыңдады? Кім еледі? Біз әуелден жау кеткен соң қылышын тасқа шабуға бейімдеу халықпыз ғой. Осы самарқаулығымыз түбімізге жете ме деп қорқамын. Оның үстіне Украинадағы оқиғаның салқыны біздің елдің шетіне тиіп тұрған сыңай сеземін...

Алысқа озбай-ақ, экология туралы өз басымнан мысал айтайын. Мен қала іргесіндегі Химиктер кентінде тұрамын. Бұл кент Атырау мұнай өңдеу зауытына жақын маңда орналасқан. Әсіресе көктем, жаз мезгілдерінде тыныс тарылтатын жағымсыз иіс қолқаны қабады. Таңға жақын тіпті сұмдық – шіріген жұмыртқаның иісімен оянасың. Жасымыз отыздан енді асса да, ауырмайтын жеріміз жоқ. Бұл өндіріс ошағы қала ауасын бүлдірушілердің алдыңғы қатарында тұрғанын білеміз. Бірақ жергілікті халықтың кінәсі не? Зауытқа жақын орналасқан тұрғын үйлерде тұратындардың денсаулықтарында кінәрат көп, әсіресе балалар тыныс алу органдары ауруларымен көп сырқаттанады. Осылай екен деп, халықты ойлап, оларды басқа жерге көшіру жөнінде ауыз ашып жатқан ешкім жоқ. Тек зауытқа өте жақын маңдағы төрт үй ғана көшіріледі екен. Бұл қиянат қой! Өткен жазда осы Химиктер кентінде күкіртті сутегінің ауаға таралуы рұқсат етілген деңгейден 1,8 есеге асып түскенін мамандар айтты. Мұндай мысалдарды көп келтіруге болады. Бір зауыт аздай, бұрынғы химия зауытының орнына тағы бір кәсіпорын іске қосылды. Ал түрлі дертке тап болғандар саны жыл санап көбейіп келеді. 2011 жылы 11 846 адам тыныс алу органдары ауруы ретінде тіркелген еді, соңғы жылдардың өзінде ғана қан айналымы бұзылғандар саны алты есеге артқан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аурудың 23 пайызы қоршаған ортаға байланысты екенін айтады. «Болашақ» мұнай-газ кешені мен облыс орталығының арасы отыз шақырым ғана. Жел шығыстан соққанда, күкіртті сутегі қалаға 15 минутта жетіп келетінін мамандар алға тартады, ал бізде жел көбінесе шығыстан тұрады және бірнеше күнге созылады. Мұнай өңдеу зауыты мен басқа да кәсіпорындардың атыраулықтардың денсаулығына әсері жөнінде кешенді тексеру жұмыстары бір кездері қолға алынғандай болып еді, оның да соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Күкірт сутегін рұқсат етілген мөлшерден 140 есеге дейін артық жұтып отырған елдің денсаулығы жайлы анау-мынау әңгіме айту артық та ғой.

– 2011 жылы орын алған Жаңаөзен қырғынынан кейін бірлі-жарым ұлт зиялылары мен ел ағалары бұл қантөгіске өздерінің көзқарастарын ашық білдіргенін білеміз. Солардың ішінде сіз де болдыңыз. Бірақ сондағы өз ұстанымынан айнып кеткен ағаларымыз да болғаны, өкінішке орай, жасырын емес. Ал сіз сол көзқараста қалдыңыз ба?

– «Әр қазақ – менің жалғызым» (Сабыр Адай). Өмірде көрмесем де, таныс болмасам да, бір қазақтың баласы жылап, анасы аңырап, әкесі күйініп жатса, немқұрайлы қарай алмаймын. Жаңаөзен оқиғасы кезінде теледидардан көрген көріністер жанымды ауыртты. «Жаңаөзен. Жетім қыз туралы балладама» сол тақырып өзек болды. 

– Алматы мен Астана жақтағы өнер адамдары қаржы тапшылығынан алыс аймақтарға гастрольге шыға алмаймыз деп, зар илеп жүргенін жиі естиміз. Ал үлкен өнердің жергілікті жерге жетпей жатқан кенделігі Атырауда сезіле ме?

– Атырауда қазір мәдениет саласына деген оң көзқарас бар. Рас, едені сықырлап, қабырғасы құлап жатқан клубтар, ауылдағы кафенің бір бөлмесін паналап отырған мәдениет үйлері әлі де жоқ емес. Бірақ соңғы жылдары бұл салада сең жүрді. Жергілікті ақын-жазушылардың кештерін ұйымдастыру, мәдениет күндері сынды шаралар қолға алынып жатыр.

– Соңғы кездері қазақ эстрадасындағы ән мәтіндерінің озығы мен тозығы жайлы біршама сынның айтылып жүргені белгілі. Бірнеше әндерге сөз жазған автор ретінде бұл туралы сіз не айтар едіңіз?

– «Торғайды сойса да, қасапшы сойсын» деген қанатты сөз бар. Ән мәтініне жеңіл қараушылық белең алып кеткені шын. Қазір от пен судан жүз адамды арашалап, халық қаһарманы атансаң да, атың әйгілі болмауы мүмкін, дастан жазсаң да, ақын деп, елдің бәрі тани бермеуі мүмкін, бірақ бір әнді компьютермен өңдетіп, өйтіп-бүйтіп сахнаға шықсаң, атыңды ел жаттап алады. Бұл бір жағынан өнерге деген біздің халықтың ерекше махаббатынан да шығар. Ал екінші жағынан алып қарағанда, бұл әншілерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Әр әнші айтқан сөзіне, шырқаған әніне, киген киіміне, ішкі мәдениетіне сондықтан да жете мән беруі тиіс. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің көпшілігі қазір әншілерге қарап бой түзеп келеді. Ақындар арасында әнге сөз жазатындарды менсінбеушілік, «песенник» деп қараушылықтың да барын жасырмаймын. Бірақ әнге сөз жазу арқылы оның да оңай жұмыс емес екенін білдім.

– Өлеңдеріңіздің бірсыпырасына әуен жазған белгілі сазгер-әнші Роза Әлқожа екеуіңіздің шығармашылық тандеміңіз жалғасын тауып жатыр ма?

– Қазақтың қара сөзінің қасиетін танып өскен, әр әнінің мәтініне ерекше көңіл бөлетін Роза Әлқожамен әлі де шығармашылық байланыстамыз. Бірге бірнеше әндер жаздық. Әрі қарай да біздің тандем табысты боларына сенемін.

– Былтырғы жылы Атырауда өткен «Сағыныш қалды көзімде...» атты шығармашылық кешіңіз осы күнге дейінгі жиған-терген еңбегіңізге байғазы боларлық бағасын алды ма?

– «Алтын топшы» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі, ақын Артур Яһуда облыс әкімдігі, облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарманың қолдауымен әдемі бір кешімді өткізді. Әрине, халықтың бағасы, қошемет-пейілі мерейіңді тасытады, бірақ тоқмейілсіп кетпеу, еліңнің саған деген махаббатына адал болу сынды біраз жауапкершілікті де сезіндірді. Келгендер қуанып, келмегендер өкініп қалған сол кешім менің өмірімнің бір сәулелі сәті болып қалды.

– Ал ел-жұрт алдында сондай есеп беру кешін Алматы мен Астанада ұйымдастыруға батылыңыз бара ма?

– Менің батылым барады. Психологиялық жағынан да дайынмын, лирикаларымнан әдемі бір музыкалық композиция, мюзикл жасалса ғой деп армандап та қоямын. Бірақ Алматы мен Астанада кеш өткізу бір менің арманыма байланысты емес қой. Бұл жерде материалдық-моральдық қолдау болмаса, ондай шараны жүзеге асыру өте қиын. «Кеш өткізейін деп едім...» деп, бастықтардың есігін торып жүру – әдетімде жоқ нәрсе. Өзі болатын дүние болса, оның да сәті бір күн туар деген үмітпен жүрмін. Қалауы қиылысқан күні қар да жанар...

Қозыбай ҚҰРМАН,

«D»

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 15 (239) от 17 апреля 2014 г.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5417