Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Билік 7290 0 пікір 16 Сәуір, 2014 сағат 14:53

Интеграциялық бірлестік тиімділігін дәлелдеді

 

Кеден Одағына мүше-мемлекеттердің өзара сауда-саттық жасауына кедергілер айтарлықтай қысқарды. Кеден Одағы Қазақстан, Ресей және Беларусьты қаржылық дағдарыстан құтқарды,- деп мәлімдеді РФ-сының Премьер-Министрі Дмитрий Медведев Мәскеудегі Қазақстан, Беларусь үкімет басшыларымен кездесуі кезінде. «Қазіргі таңда «кедендік үштік» өзінің тиімділігін дәлелдеді. Өзара сауда-саттықтағы кедергілердің жойылуы қаржылық дағдарыстың кейбір жағымсыз ықпалын жеңілдетті. Өткен жылдың қорытындылары бойынша, Кеден Одағының тауар айналымы жалпы алғанда 64 млрд. доллардан асып түсті. Бұл өте қуанарлық жағдай»,- деп атап өтті Д. Медведев.

Айта кетелік, Мәскеуге сапары барысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов РФ-сының Үкіметінің басшысы Д. Медведевпен кездесіп, қазақстан-ресей ынтымақтастық қарым-қатынастарын дамыту мәселелерін талқылады. Тараптар Кеден Одағы мен Ортақ экономикалық кеңістік аясындағы алдағы бірлескен іс-әрекеттер жөнінде толық пікір алмасты. Екі елдің Үкімет жетекшілері де екіжақты өзара іс-әрекеттерді жоғары бағалап, мемлекетаралық қарым-қатынастардың барлық спектрінде байланыстарды одан әрі тереңдетуге мүдделі екендерін растады.

Сонымен қатар, Кәрім Мәсімов Украина мен Қазақстанның экономикалық ынтымақтастықты қайта жалғастыруға келіскендерін де мәлімдеді. «Мен таңертең Украина премьер-министрінің міндетін атқарушы Яценюкпен телефон арқылы сөйлестім. Біз Украина мен Қазақстан арасындағы экономикалық қарым-қатынастардың қайта жалғасатындығы туралы келістік. Барлық тараптардың мүдделері ескеріле отырып, үкіметаралық комиссияның жұмысы қайта басталуы мүмкін»,- деп келтіреді Үкімет басшысының сөзін «РИА Новости» ақпарат агенттігі.

Украинамен салыстыратын болсақ, біз интеграциялық үдерістердің нәтижесінде алға шықтық. Саясаттанушы, ҚР жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың айтуынша, Украинада экономикалық кеңістік үшін ЕуроОдақ пен болашақ Еуразиялық экономикалық одақтың арасында қақтығыс жүріп жатқан болуы мүмкін. Өйткені, экономикалық кеңістік үшін күрес күшейе түсуде. Себебі, әлем күрделеніп кетті. Осындай алмағайып кезеңде бізге сенімді әріптес, іргесі берік экономикалық одақ қажет. Мысалы, Ресейдің Украинамен арадағы тауар айналымы – 38 млрд. долларды, Қазақстанның Украинамен тауар айналымы – 4-5 млрд. долларды құрайды. Бұл көрсеткіштер біздің еліміздің Орталық Азиямен сауда қарым-қатынастарының бәрінен асып түсетін көрінеді. Саясаттанушының пікірінше, экономикалық кеңістік үшін жанталаса күрес жүріп жатқан кезеңде интеграциялық үдерістер Қазақстанға сенімді серіктестікті қамтамасыз етеді. – Кеден Одағы және алда құрылатын Еуразиялық экономикалық одақ отандық бизнеске біздің көршілеріміздің нарықтарының келешегін бағалауға мүмкіндік береді, - деп мәлімдеді Рахман Алшанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Экономист-сарапшының айтуынша, жаңа интеграциялық бірлестіктер отандық кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндіктер туғызып отыр. Атап айтарлығы, Қазақстан қазіргі кезде сыртқы нарықтарға 300-ден астам тауарлар шығарып, сатуда. «Соңғы екі жылда қазақстандық тауарлардың Ресейдің нарығына көптеп шығарылып жатқанын байқап отырмыз. Олардың қатарында: сүт, ұн, күріш, құрғақ жемістер, макарон өнімдері, кәмпиттер және т.б. бар. Мысалы, Алматы желдеткіштер зауыты, Кентау трансформатор зауыты өз өнімдерін Ресейге жөнелтуде. Атап айтарлығы, ішкі сұраныстың жоқтығынан Қазақстанда іске қосылған жаңа инновациялық кәсіпорындар толық қуатымен жұмыс істемей тұр. Ал, ресейлік нарықтың ашылуы осындай кәсіпорындардың тұтыну нарығын ұлғайту мәселесін шешеді»,- деді Р. Алшанов. Оның пікірінше, Ресейде қазақстандық 200-ге жуық тауарларға сұраныс бар. «Осы тұрғыдан келгенде, біз ресейлік нарықты жете зерттеуіміз керек. Соның нәтижесінде қандай тауарларымызға сұраныс көп болатынын біле аламыз. Ең алдымен, жаңарып-түлеп жатқан Ресейге біздің индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша кәсіпорындарымыз шығарып жатқан өнімдер қажет екені анық»,- деді саясаттанушы.  

 

Әмірлан Әлімжан 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036