«Abai.kz» ӘКІМНІҢ ЕМЕС, ХАКІМНІҢ СӨЗІН СӨЙЛЕЙТІН БУЫНДЫ ТӘРБИЕЛЕДІ
Жаны мен қаны ғана емес, ары мен бары қазақ болған осы жігіттердің ерік-жігеріне, еңбегіне бас июге тиіспіз. Біз де «Abai.kz» сайтының бесжылдық мерейлі тойына қарата, осы тағылымды жобаны жасап отырған азаматтарға ықыласымызды жеткізгіміз келді. Ұлы Абайдың атына егелік етіп, сайт ашу, жоба жасау бір қарағанда абырой-атақты, оңай-оспақ іс көрінер. Бірақ осы жауапкершіліктің үдесінен шығу, әлбетте, қиямет-қайым іс еді. Жігіттер қамшы салдырған жоқ. Олар өз қызметтеріне Құдай мен Халықтан кейінгі Сүйенішіміздің ұлы өсиеті мен тағылымын таразы қылды. Ұлтымыздың арман-мұратын үкілеген, жоғын түгендеген қазақ интернетінің алғашқы қарлығаштарына айналды. Бес жыл бопты, олар Абайдың алдындағы – алаштың алдындағы парызға адалдық танытумен келеді. Айдос Сарым марқұм Алтынбек ұстаздың тәрбиесін көрген біздердің, ізбасарларының ішіндегі үздігі болғанын біреу білсе, біреу білмес. Қай уақытта да адалдығы мен азаматтығына кір жұқтырмайтын, қазақтың қараша үйінің төбесінен құс ұшырмайтын осы бір аяулы жанның қадірін билік бағаламай, қоғам білмей жатса да, біз оны сақтауымыз, бағалауымыз керек-ақ. Дәурен Қуат 90-жылдары қоғамдық, рухани өмірге қадам басқан жұлдызды шоғырдың көшбасшысы, соңғы он жыл ауқымындағы журналистикаға келген буынның тәлімгері, тілекшісі боп келеді. Өмірге де, өнерге де дегдар талғаммен, кәсіби білікпен қарайтын Дәуреннің мол тәжірибесі, зор ілімі бүгін үшін таптырмайды, ертең үшін ауадай қажет екені анық. Өміржан Әбдіхалықты бір көргеннен-ақ жақсы көріп, бауырға тартпау мүмкін емес. Өміржан осы қара шаңырақтың табалдырығынан аттағаннан-ақ өз таңдауын жасаған адам. Оның байсалды шығармашылығы, табиғи қалпы сайттағы ішкі рухани деңгейдің, парасат, пайым кеңістігінің ауқымынан хабар беретіндей. «Абайды» қазір Өміржансыз елестету мүмкін емес. Үшеуі де – азаматтың сойынан. Тіпті, жалынды, жастық жылдарын екінің бірі тоздырған көп креслода өткізем десе де бұлардың еркі еді. Бірақ олар осы жолды – Абай жолын таңдады. Жаны мен бары қазақ болған абайлықтарға ар мен адалдық жолынан, Абай жолынан таймаңдар дегіміз келеді!
ТАЛҒАТ ЕШЕНҰЛЫ
Abai.kz