Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 20042 1 пікір 14 Сәуір, 2014 сағат 14:27

ОЛ ҰЛТЫН ШЕКСІЗ СҮЙДІ

Зорлық,зұлым жығылар жылдар келер,

Азат, күшті, алып жұрт күтер, білер.

Еске алып, босаған жұрт қабіріне кеп,

Сендерді айтып, адал, көз жасын төгер.

Сұлтанбек Қожанов

 «Жаназа маршы»

 

          Менің атам Сұлтанбек Қожанов 1894 жылдың 10 қыркүйегінде, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданына қарасты Ақсүмбе ауылында кедей қазақ отбасында дүниеге келген. Ол өте зерек болып өскен. Қазақ байлары өз балаларын орыс мектептеріне беруге қорыққан. Cұлтанбекке Түркістан орыс-түзем мектебіне түсуге тура келді. Ол оқу үшін етікшінің көмекшісі болып жұмыс істеген. Ескіше хат танығанмен, орысша ешбір сөз білмей мектепте үздік оқып, қалалық училищені, Түркістан мұғалімдер семинариясын өте жақсы бітірген.

          Сұлтанбек Қожанов 20-ғасырдағы Қазақстан мен Орта Азияның көрнекті қоғам қайраткері. Ол елдің саяси-әлеуметтік жұмысына 1915-ші жылдан бастап белсене кірісті. 1916-шы жылы Орта Азия мен Қазақстанды ұлт-азаттық көтеріліс жалыны шарпыды. Халық отарлық езгіге қарсы шықты.Патша үкіметі көтерілісті қарулы күшпен басып тастады. Ел жағдайы нашар, шаруашылық деңгейі төмен сауатсыз, қараңғы, кедей қалпында қала берді.

          Осындай кезеңде түркішіл жастар «Кеңес» атты жасырын ұйым құрды. «Кеңес»-тің бірінші ұйымдастырушылары ішінде Сұлтанбек те болған. Алдына зор мақсат қоя білген азамат түркі халықтарын (қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен) шеттетуге қарсы шықты.Сол пікірін 1917-ші жылы өткен Кеңестердің ІІІ съезінде айтқан болатын.

           1918 жылғы Ақпан революциясынан Сұлтанбек тек жақсылық күтті. Бірақ саяси ахуал мүлдем басқаша өрбігені мәлім.

            Мешіт үстемдігін орнатуға талпынып,мұсылман уәкілдері буржуазияны діннен шеттетуге тырысты. Дінбасылардың елеулі тобы халықтың діни-сана сезіміне сүйеніп, «Үлема» атты ұйым құрған. С.Қожанов редактор болған «Бірлік туы» газеті үлемістермен қажырлы күрес бастады.

          1928 жылғы кәмпеске қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан өмірінің тамырына балта шапты.Кәмпескеден кейін үкімет қазақ пен орыс байларын бала-шағасымен түгелдей қаңғыртты.Қазақ халқының өзін-өзі билеуіне,теңдікке, демократияға, сөз бостандығына, ұлттық тілдің, мәдениеттің дамуына қарсылық білдіру басталды.

          1931 жылы байтақ қазақ даласына бірде-бір тамшы жаңбыр тамған жоқ. Қатты құрғақшылық, кәмпеске, халықтың діни сана-сезімі,сауатсыздығы,кедейлігі,қоғамдық қайшылықтар,Патша үкіметінің Қазақстандағы колониялдық экспансиясы қазақ халқы жартысының 1932-1933 жылдары болған ашаршылықтан қырылуына әкелген.Бухарин аштан өліп жатқан қазақтарды көріп: «Міне, индустрияландыру саясатының нәтижесі»,-деп күйзелген кезде Сталин Венецияға Кеңес елінен бидай мен қант толған 30 жүк кемені жіберген. Бірақ Италияның көсемі Украина мен Қазақстанның халқы аштан өліп жатқандығын айтып,кемені қабылдамады. (Бұл естелік жазушы Х.Абдулиннің мақаласынан алынған*).

          Қазақ елінің түгелдей азып-тозуына ТОЗ (қазақша: ОЕШС-орта егін шаруашылығы серіктестігі) ықпал еткен. Байлардан жиналған    мал-мүлікті «шолақ белсенділердің» өздері бөліп алатын. Ал бұл мәселені талқылаған жиындарда 70 пайызы кедей-батырақтарға үлестірілді, 30 пайызы коллектив, артельдерге берілді, кедейлердің тұрмысы көтеріле бастады деп жұртты алдаған.

        Қожанов 1918 жылы Түркістандағы ашаршылықпен күрес жөніндегі комиссияны басқарды.Азық-түлік жинап, кедей, аш адамдарға таратқан.

        «Сұлтанбектің шүлен көжесін-ай»,-деп қариялар осы күнге дейін көздеріне жас алып, естеріне түсіреді. Қыруар кісі құрбан болып кеткенде, олар аман қалған.

        1918-1919 жылдары Қожанов Райпродкомның секретары, халық уезд бөліміндегі инструктор, уисполком мүшесі, Сырдария ревкомының төраға қызметтерін атқарды.

         Сұлтанбекті тағы бір қырынан танытатын «Есеп тану құралы» атты оқулығы. Ол көпшілікке арналған қазақ мектебінің математикадан бірінші оқулығы болатын. Кітап өте түсінікті, қызықты жазылған. Арифметиканың негізгі тәсілдерінен басқа да қыр-сырларын аша түседі. Бұл оқулық қазіргі балаларға да пайдалы болар еді.

 

Қожановтың  халыққа ерекше танылған кезі өткен ғасырдың 20-ншы жылдардың басы.1920 жылы ол РКП (б) қатарына қабылданып,Түркістан өлкелік партия ұйымының V съезінде ТКП ОК-ның мүшелігіне сайланды. Осы отырыста диқаншылардың жер мен суды пайдалануға деген құқығы теңестірілді. Жергілікті кедейлер басыбайлылықтан босатылды. Еңбекшілерге  жер бекітілді.

         ХХ ғасырдың 1920-30 жылдар Сұлтанбектің қызметтік өмірбаянында ең жауапты, жемісті, беделіне бедел қосқан кезеңі болатын.Түркістан Компартиясының ішкі істер халық комиссары, Түркістан Республикасы Орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.

        1922 жылы  Қожанов Түркістан республикасының оқу-ағарту халық комиссары болып тағайындалды.Түркістан республикасының жер-су халық комиссары лауазымына 1923 жылы бекітілді. Халықтың шын жанашыры екенін көрсетіп, көптеген күрделі мәселелерді шешті. Шапшаңдығы, еңбекқорлығы бірнеше қызметті қатар атқаруына мүмкіншілік туғызды.

        1920-24 жылдары Кеңестер Одағы Коммунистік партиясы X, XIII, XIV съездерінің,Түркістан Коммунистік партиясы V-VIII съездерінің,Түркістан республикасы Кеңестері IX-XIII съездерінің мәжілістеріне Сұлтанбек Қожанов белсене қатысты. Әрбір съезд жиылысында Сұлтанбек өзінің ойлы ұсыныстарын айтып, іскерлігін танытты.

        Алғыр қабілеті, терең білімі, қайсар мінезі туралы елде көп аңыз-әңгімелер тараған. Қожановтың ең бір есте қалар қасиеті - білімге құштарлығы. «Ол қысқа ғана ғұмырын ізденумен өткізді»,-деген зайыбы Гүләндам.

1921 жылы Бүкілодақтық 12-нші съезде Қазақстанның жағдайын ашып айтып, көкейінен кетпейтін ұлт мәселесіне де жеке тоқталады. Патшалық құрылыс тұсында теңдік көрмеген халықтарға білім беру мәселесін көтереді.Ұлттардың салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін  дамыту жолдарына тоқталды.

        Жалпы жұртқа арналған ұлт мектептерін, кәсіптік оқу орындарын көбірек ашу керегін анық көрсетті. «Еуропа мектептерін үлгі ретінде алғанмен, олардағы оқу процессін ана тілінде өткізу керек»,-деп өз ұсынысын жеткізді.

       Жергілікті ұлт өкілдерінен маман кадрлар дайындау, курстар, институттар ашу мәселесіне де тоқталды. Институттарға түсу үшін жастарға дайындық көрсететін курстар, бөлімдер ашып, көмектесу қажеттігін баса айтты.

      Пікірлері В.Ленинге де ұнады.Арқасынан қағып, «Жарайсың, қызуқанды қырғызым»,-депті көсем. Ленин елдің жағдайын сұрайды, екеуі халықты толық сауаттандыру, ағарту жолы туралы әңгімелеседі.

       «Сұлтекең үйге өте қуанышты келді. Көңілі жиі бір нәрсеге толмай жүруші еді»,-деп Гүләндам әжеміз есіне алаты. Сол уақыттағы Лениннің өзімен сөйлескен аз кісілердің бірі Қожанов болатын. Әңгіменің соңында көсем жас қайраткерге елді толық сауаттандыру, ағарту ісін басқарасын деп кеңес беріпті.

       Білім тарату ісі теңдік, еркіндік жағдайында өткізілді. Сол істің ұйымдастырушысы, жүзеге асырушысы Қожанов болды. «Сұлтанбек Қожанов бұл қызметте 1921 жылдың қазанынан бастап жұмыс істеген. Өзінің қызмет етіп келе жатқан мерзімінде оның нақты жетекшісі ретінде көрінді: күш-қуаты зор, инициативалы, өзінің ведомствосының  жұмысын ортақ мемелекет міндеттерімен ұштастырып отырды, қызметкерлерді және басшыларды іріктеудегі қабілеті зор, белгіленген міндеттемелерді жүзеге асыруда талапшыл. Қожанов жолдас негізгі қызметінен басқа жер шаруашылығы жөніндегі халық комиссары қызметін атқарды, мұнда  да ол өзін Түркістан жағдайын білетін жақсы басшы ретінде таныта білді.»*

          Қай салада болса да Қожановтың бірінші кезекте ойлағаны ұлттық мүдде еді. Ол үшін ымырасыз күресті. Еңбекшіл халқымен жақсы байланыс ұстап, экономикалық, әлеуметтік, мәдениет мәселелерін шешуге тырысқан.

        

Суретте: С.Қожановтың жары - Гүләндам

Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның іргесін қаласқан көрнекті саясатшы, мемлекет қайраткері өзіндік көзқарасын әрдайым ашық, батыл танытып отырды.

         Қожанов Қазақияның жер-су мен ел-жұртын бір шаңырақ астына жинаушы қайраткерлердің көшбасшысы болды. Әрдайым көтеретін мәселесі-жер мәселесі. Лениннің жер туралы декреті шыққаннан кейін Сұлтанбек қазақ халқын отырықшылыққа, егін егуге шақырған. Өзі де бос уақытында жерлестеріне мақта өсіруді үйреткен еді.

         Түркістан республикасының жер-су  халық комиссары ретінде ең бір қиын кезеңде күрделі мәселелерді шешуге тура келді: «Отаршылардың тартып алған жерін түгел қайтарып беруді талап етемін»,-деп сөйлеген де кезі болған. Көзқарасы дұрыс болғанымен, сол уақытқа қалыптасқан дүниені қайтару қиынға соғар еді. Сонда да шешімге келгенде Қожановтың пікірі ескерілген.

       

Суретте: Қожанов отбасымен

Қожанов қайратты, мықты қайраткер, білікті ұстаз ғана емес, ол ғалым, алғыр публицист, білімді журналист, дарынды ақын, алымды аудармашы, сезімтал әдебиеттанушы. Көптеген маңызды мақалалар, өлеңдер, толғаулар, эссе «Ак жол» газетінде (1920-1925 жж.), «Шолпан» журналында (1923 ж.), «Бірлік туы» газетінде (1917-1918 жж.),тағы басқа басылымдарда «Тарлан», «Тоқпақ» деген лақап аттармен шыққан.

       Қазақ елінің бірлігі Қожановтың бірінші тақырыбы болатын.1923 жылы жазған мақаласында наурызды мұсылмандықтан бұрын шыққан мейрам деп ескерткен. Көктем мейрамын тойлауға шақырды. КИНО-ға (Казахский институт народного образования)түскен алғашқы 300 жас түлек туралы мақаласында өзінің шын шаттық пен мақтанышын білдірген. Осы оқу орны құрылысына Сұлтанбек белсене қатысқан. «Қырғыз-қазақ бірлігі», «Халық ағарту майданына күшті аудару керек», «Отырықшы болып жер иелену керек», «Құрғақ қасық тамақ жыртады», «Жұртшылықтың міндеті», «Жас буын, жаңа жұрт, жаңа жолға түссін!» тағы басқа Қожановтың көптеген мақалалары жарық көрді.

         Қожанов өте бай халық ауыз әдебиетінің әсем, әдемі, әсерлі үлгілерінен үйреніп отырғандығы байқалады. Қайраткер поэзиясында, публицистикасында  көп қысқа-нұсқа түрдегі мақал-мәтелдерді қолданған. Мысалы, «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін», «Бүкіл дүниеге өкпелеген немеге ұқсап қазақ отыр». Халық сөздерінің дәмді үлгілерін пайдаланған:

        «Жұртқа сенген тарықпас,

          Кісіге сенген молықпас.

          Өзі ақымақ адамға,

          Адал жолдас жолықпас».

        Қазақ оқырманына қызықты да пайдалы шығармаларды, соның ішінде Д.Бедный, К.Бальмонттың жазған еңбектерін, аударған.

        Филология ғылымының докторы А.Шарипов Сұлтанбек Қожановтың әдеби-публицистикалық мұрасын зерттеп, «Сұлтанбек Қожанов. Шығармалары» атты кітап бастырды. Аяулы азаматтың өмірі қиылғаннан кейін әртүрлі мұрағаттарда шаң басып жатқан, жарияланбаған еңбектері жарық көрді. Оның алдында Ж. Әлмашевттің «Түрмеде сөнген шырақ» кітабы шықты.

       1924 жылы абайтануға байланысты ұрымтал тұста «қазақта жазба әдебиетінің ағасы Абай болмаса, Ахмет болмаса,кім болады? Абай Құнанбаев пен Ахмет Байтұрсынов революция дамуына көп еңбек сіңірген... Қазіргі революционерлердің барлығы да Абай мен Ахметтің шәкірті»,-деп түйеді Қожанов («Ак жол»,1923 ж.). «Сұлтанбектің қадір-қасиетін арттырар ісі - Абай мен Ахметтің қазақ әдеби тілін жетілдірудегі еңбегін, Мағжанның ақындық құдіретін жұрттан бұрын танығаны, асқақ бағалағаны»,-деп жазады профессор Т.Қожакеев.

         Қайратты азаматты жақсы білетін белгілі журналист Ж.Бектұров: «С.Қожанов секілді алғыр, жігерлі, халықтың қамын ойлайтын, тілі өткір, беделді басшы қызметкерлерді доптай домалатып, аяқ-қолын жерге тигізбей айдатып, бір орында көп отырғызбайтын мықты бір күштің болғандығы ақиқат»,-деп жазған.

        Ә.Қоңыратбаевтың айтуынша, «сөзге тапқыр, кең тұлғалы кісі. Қызыл тілге келгенде мен ондай шешен адамды көрген емеспін. Ашуы жоқ, мінезі дарқан, сөздерін тастай етіп айтатын арыстаннан туған кемеңгер адам еді».

        Кеңес елінде мақта шаруашылығының дамуы Қожановтың есімімен тікелей байланысты.

       Туысқан түркі тілдес халықтардың елдігі, мәдени-ағарту мәселесіне ұмытылмас із қалдырды. Олардың қамқоршысы болатын. «Орта Азия hәм қазақ ұлты»атты мақаласы да ынтымаққа шақырған дүние еді.

       Қожанов Орта Азиядағы әр ұлттың өз шекарасы болуын армандаған.

       1924 жылғы Орта Азиядағы ұлттық бөліністі межелеу компаниясында Сұлтанбек өзінше көзқарас танытты. Ұсынғаны: түркі тілдес елдерді бір федерацияға айналдыру шарасын экономика тұрғысынан бастап, саяси және әкімшілік бағытта жетілдіру. Ол істің оң ықпалын да анықтаған.

      Ұлттық межелеу сынды саяси науқанда Қожанов мемлекеттік көзқарас білдірген. Мәселен «Тәжік автономиясының мұң-мұқтажы осындай аз болса-ұлттық саясатымыздың ұтылғаны»,-деп түсіндірген.

      «Қожанов болмаса, Тәжік республикасы да болмас еді» (Абдуллаев).

       Сұлтанбек Қожанов еңбекшілерді интернационалды мәдениетке шақыратын. Қызметтесі М.Марьяновский былай деп жазыпты: «...Это был кристаллически чистой души человек, истинный друг казахского, родного ему народа, был другом всех народов СССР. Это был человек исключительно скромный и простой. Он всегда был остроумным и веселым».

  Ұлттардың тең құқылы өз тілін, мәдениетін дамытып, өмір сүруіне үлкен әсер еткен. Халқының арасында жүзге, жерге бөліну деген түсінікке соққы беріп отырған, көпшілдікті мақұл еткен.

       1923 жылы РКПБ Орталық Комитетінің ұлт республикалары мен облыстардың жауапты қызметкерлерімен өткізген Төртінші кеңесінде Қожанов Түркістан халықтарының тағдырын,болашағын терең талқылауға салды. Сталин Қожановтың сөйлеген сөзіне жақсы баға беріп, кемшіліктеріне назар аударды. Кеңесте Қожановқа ұсынған хатында: «...Мен сіздің досыңыз, жолдасыңыз болуға дайынмын»,-депті. С.Мұқанов «Өмір жолы»кітабында Сұлтанбекті «әрі оңшыл, әрі ұлтшыл» деп жазған. «Кеңес өкіметіне Сұлтанбектің оңшылдығы Октябрь жеңісіне ашық қарсы күрескен оңшылдық емес. Коммунистік партияның өз ішіндегі оңшылдық»,-деп түсіндірді Т.Қожакеев. Сол кеңесте батыл сөйлейтін Қожанов «Түркістанның маңдайына қанша Кеңестік жазу жапсырғанмен, отар осы күнге шейін отар қалпында қалуда»,-дегеніне Сталин «ұлтшыл» деп саяси баға берген.

         

Суретте: Қожановтың балалары

Бір күні Сұлтанбек Сталиннің: «Орта Азияның Шыңғыс ханы, сөйле»,-деген мысқыл ескертуіне: «Бұл жерде грузин кінәзі да сөйлеп жатқан жоқ па?» - деп дереу іле жауап беріпті. Бұл қайсардың батылдығы бас хатшыға сөз жоқ жақпады.

        

Қожанов кадр мәселесіне үнемі айналып соққан. Ширақ, көпшіл болғандықтан, жастарды сүйген, студенттермен сырлас болған. Ол жастардың болашағына, қоғамды алға апарудағы атқарар қызметіне ерекше мән берген. Білімге, өнерге құштар, талантты, талапты, дарынды жастарды таңдап, оқуға тартты. Басшыларды бұзылмаған буыннан әзірлеу, енді-енді жетіп келе жатқан балалардан жақсы маман өсіру керек деп санаған.

        Сұлтанбектің ақылдылығы, намысшылдығы, еңбекқорлығы, адамгершілігі және халықтың арасында өте беделді болғаны оған үлкен жол ашты. Отыз жасында ол халық таныған көсемге айналды. Өлкелік комитеттің жауапты хатшысы болып тағайындалды. Қазақтан шыққан тұңғыш хатшы Сұлтанбек Қожанов болды.

        1925 жылы Қазақ Республикасы Кеңесінің V съезінде Қожановтың айтқан тарихи ұсынысы бойынша астана Қызылорда болып, қырғыздар деп аталып келген қазақтарға төл аты қайтарылды. Кеңестің ақырғы шешімі бойынша республикамыз Қазақ АССР деп аталатын болды. Жауапты хатшы астананы көркейтуге көп күш жұмсаған болатын. Дарынды да инициативалы басшы халық шаруашылығының үлкен көрмесін ашқызды. Ол халықтың көңіл-күйін көтеріп, болашаққа зор сеніммен қарауға жетеледі.

        Сұлтанбек атамның басына қара бұлт үйіріліп, саяси қысымға ұшыраған уақыты сол кездегі биліктегі «шаш ал десе, бас алатын» басшылардың қызметке лек-легімен келуімен байланысты.

        Нанейшвилидің орнына келген Филипп Голощекин ел-жер жағдайын білмей, қазақ жерін алғаш рет басып тұрып, Қазақ республикасының даму жолын  «Кіші Октябрьмен» бастады. Ол қазақ елін әлсірету жоспары болатын.

        Бір ғана мысал. «За партию» журналында: «...Издаются на казахском языке вообще («Ақ жол», кітаптар. Ж.С.), не обращая внимания на их содержание»,-деп бірінші хатшы өкінеді.

        Голощекин Қазақстанның жағдайын жақсы түсінетін жолдастардың пікірін тыңдамады. Халыққа беделі барлардан, басқаша ойлайтындардан құтылуға ұмтылды.

       Қожанов оған қарамай өз халқы, өз ұлты үшін күрескен, партиясының ағымдағы саясатын жүзеге асырып, оны ұлттық идеялармен ұштастырып отырған. Халықтың бақытты болашағын армандаған. Ұлт бостандығының ұраншысы болды. Барша халыққа деген ыстық махаббатын, құрметін, қызметін осыдан білесіздер.

       Сұлтанбек ұйымдастырып, тұңғыш бас редакторы болған Түркістан республикасы Орталық атқару комитетінің «Ақ жол» газетіне 1925 жылы Голощекин «қазақтың ақ эмигрантына байланысты идеологиясын бейнелейді»,-деген  теріс мінездеме берген. Кейінірек «Ақ жол» газеті жабылды.

        Осыдан жетпіс  жыл бұрын ағартушы қайраткердің көтерген мәселелері, айтқан пікірлері бүгінгі уақытқа дейін маңызды шешімін толық таппады.

        1927 жылы Сталин Голощекинге жазған хатында: «С.Қожанов баспасөз органдарында өзінің қателіктерінен бас тартуға әзірлігін білдірді. Меніңше, өлкелік комитет оған бұл істе көмек көрсетуі қажет сияқты»,-деп жазады.

       Ақырында Сұлтанбек қызмет істеу үшін екі жылға Мәскеуге жіберілді. Бір жылдан соң, 1926 жылы Қожановтың мәселесін талқылаған пленум өткізілді. Голощекин «алашордашылардың идеологиясын бейнелейтін «қожановшылар» және «садуақасовшылар...» -деп азаматтарды айыптайды («За партию» журналы).

       Сол кезде Сұлтанбекке кеңес саяси күштерінің қысымы қатты болған. 1928 жылы «Кеңес ауылы» газетінің сұрақтарына жауап берген. «Қожановшылдықтың» болғанын мойныма аламын..., «ұлтшылдық жолында болдым», «Алашордашылармен күрескеніміз жоқ», «Пікірімнің теріс болғанын мойныма аламын... ол жолымнан мүлдем безем». «Садуақасовшыларға»,өзгелерге де қарсы боламын. Бәрінен қол үземін»,-дейді.

       Бірақ Қожанов Кеңес саясатының талабы бойынша еліне қызмет атқару үшін жанын сақтауға мәжбүр болған. Оны тергеу хаттамасы (1937 жылы 31.07) туралы да айту керек.

       Қызылордадан кетер алдында өз жұмысына ресми баға берілуін талап еткен. Сонда: «Товарищ Ходжанов является одним из крупных работников-националов Средней Азии и Казахстана. Все время занимал ответственные партийно-советские посты и в последнее время был Секретарем Казкрайкома РКП (б). Работник с большим политическим кругозором. Энергичный и настойчивый в проведении принятых решений парторганов»,-деген баға беріліпті.

       1929 жылы Қожанов Орта Азия мақта-ирригация институтының (САХИПИ) негізін қалап,оның бірінші директоры болды.

       1931-1932 жылы Сұлтанбек Орта Азия мақта орталығының басқарма төрағасы болған, бірнеше бақылау комитеттерінде халқына қызмет еткен. Ең соңғы қызметі Кеңестік бақылау комиссиясының Өзбекстандағы өкілетті өкілінің орынбасары.

       Қазақ мәдениетінің тарихындағы сәтті кезеңінің бірі Ташкенттегі 1930-шы жылдар. Өзіне қауіпті болса да, көптеген ақыл-ой, көркемсөз алыптарын, әдебиет, мәдениет қайраткерлерін жинаған. Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдық торқалы тойын көтеріңкі өткізді. Газетке той иесінің портретін, өзі жазған мақаласын жариялатқан. Байтұрсыновты қазақ зиялыларының атасы деп санайтын. «Байшыл», «ұлтшыл» деп қудаланып жүрген Мағжан Жұмабаевқа қол ұшын берген. 1923 жылы Қазақстанда тұңғыш жинағының шығуына көп әсер еткен. Көлемді кітабының алғашқы сөзінде сергек сыншы Қожанов «Мағжанды аспанға көтере мақтап»,* жазыпты: «Қойшылар тілі саналып келген, ресми қағаздар жазуға, кітаптар жазуға жарамсыз делініп келген қазақ-қырғыз тілі... өнерге асатын бай, жатық,өткір, әдемі тіл екенін Мағжан өлеңдері көрсете алады».

       Туған әдебиеттің деңгейін көтеру үшін Қожанов тек Пушкинді, Лермонтовты, Толстой мен Тургеневті ғана оқып зерттемей, Байтұрсынов, Дулатов, Аймауытов, Жұмабаев, Дөнентаев, Торайғыров шығармаларына да көп көңіл бөлу керек деп кеңес берді. «Сұлтанбек шынымен де адамшыл, әдебиет пен көркем өнерді сүйетін кісі екен»,-деп түйеді С.Мұқанов.

          Ташкенттегі дарынды жастар арнайы шақырылған А.Байтұрсыновтан, С.Асфендияровтан ,М.Әуезовтен,М.Жұмабаевтан дәріс алған. Осы кісілермен қоса Аймауытовтың, Дулатовтың алатын орнын жоғары бағалаған Қожанов.

          Абай айтқан адамға сай ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек қасиеттері Қожановта болған. Қызы Зибаның айтуы бойынша, әкесі орта бойлы, мығым денелі кісі. Ұқыпты, қарапайым киінген. Ауылдың балалары ол кісінің үнемі китель киіп жүргеніне қызыға қарайтын. Әзілқой Сұлтанбек балалармен қалжындасатын. Тілін ептеп төсеп сойлейтін. Қожановтың үйінде құнды кітаптар сақталған. Кіші баласы Арыстан бес жасынан оқи білетін. Қайраткердің үйіне Асфендияров,Төреқұлов, Рүстемов, Рысқұлов тағы басқа қадірлі адамдар келіп, еліміздің болашағы туралы сұхбаттасатын.

         Өкінішке орай, аласапыран заманда кейбір адамдарда қорқақтық, енжарлық пайда болды. Бірақ 1937-1938 жылдарда кеткен отаншылдарымыз бірін-бірі әшкерелей ұстап берген жоқ. (Ондай да сөз тараған –Ж.С.). Сол уақытта НКВД органдары қазақ ұлтшыл антикеңестік ұйымдары туралы сөз көтеріп, аталмыш істі бұйрықпен әдейі ұйымдастырған. Бірінші тұтқындары С.Қожанов пен Т.Рысқұлов еді.

    1937 жылы Сұлтанбек қырық үш жасында қылышынан қан тамған сталиндік жазалаушы саясаттың құрбаны болды. Өзінің бүкіл саналы өмірін халқының бақытты болашағы жолындағы тайталаста өткізген. Қожанов еліміздің тарихында аса ірі мемлекет қайраткері ретінде қалды.   

        Басына бұлт төнген азаматтың сүйген жары: «Тоғыздар шамасында есік алдында түстері суық екі-үш НКВД-ның адамдары тұр екен.Тінту басталды. Телефонмен сөйлескеннен кейін: «Сын бедняка преданно служил и служит революции и вдруг оказался врагом народа»,-деп орындыққа отырды .Сосын «Сен саспа, бәрі де жақсы болады»,-деп кете барды».

         Қожановтың қасіреті барлық елінің қасіретімен түйісті. Аяулы азаматтың отбасы мен жақындарын кемсіту жарты ғасырдай уақытқа созылды. Екі айдан кейін Сұлтанбектің зайыбы Гүләндам Қожанова тұтқындалды. Карлагта  мал бақты.

 

      «Ақмола,Қарағанды арасында,

       Қой бағам Батық,Жарық даласында.

       Сақтаймын оң козімдей баққан қойды,

       Ешбір ой қойдан басқа болмай қойды».

 

     Бұл әжемнің тұтқында жүріп жазған өлеңі. Қамыс төсекте кезекпен жатқан әйелдер әбден шаршап, келгендерге жұбаныш болсын деп, бір-біріне жастық астына бір үзім нан қалдырып кетеді екен.

        Тоқсандағы әжем сыр шертетін: “Он бір жыл Карлагта болдым. Оны еске түсірудің өзі қиын. Арамызда Т.Рысқұловтың, О.Жандосовтың, М.Жұмабаевтың әйелдері, Д.Ермекова тағы басқалар болған. Куйеулеріміздің адалдығына сендік. Сол бір сенім бізді болашаққа жетеледі».

        Карлагтан қайтып келген әйелдермен Гүләндам әжем өмірінің соңына дейін жиі кездесіп, әңгімелесіп, рақаттанып шай ішетін. Қиыншылықтарға қарамай, Гүләндам адамдық жолдан еш айырылған жоқ, отбасының ұйытқысы болды, балалары да сыйлайтын.

         1957 жылы Қожанов ақталғаннан кейін сіңірген еңбегін мойындау тек қана 1994 жылы басталды. Жарты ғасырдай кемсіту көрген отбасы мен жақындары таза ауа жұтқандай болды.

        Ташкенттегі туысқандардың көбісі «біз сендерді танымаймыз» деп, теріс қарады. «Халық жауының» туыс-туғандары жұмысқа алынбайтын.

Сталиндік қатыгез дәуір құрбандарының бірі түйе баққан, егін еккен кедей, тоқсаннан асқан Сұлтанбектің әкесі Қожанды адам жүрмейтін айдалаға апарып тастаған жерінен жерлестері жасырын қайтып әкеліп, баққан. Сұлтанбектің інілері Раис, Қамар, Сәрсекей, Сейділдә қарындастары Бзау-апа, Бибираль, басқа ағайындары қуғын-сүргінге ұшырады. Артында қалған жылдар қорлығына  қарамай Қамар – жақсы мұғалім, Сейділдә – атақты шахтер болды.

         Замандасы Н.Оңдасынов айтқандай: ««Халық жауы» болған жоқ, қайта  өз халқының жарқын болашағы үшін күресті, сол үшін жазықты болды, сол үшін шыбын жанын құрбандыққа қиды». Қазақ  елінің тұтастығы, тәуелсіздігі жолында тер төккен тұлға еді. Қазақ халқы атынан сөйлеген, жұрттың  жоғын жоқтаған арлы да алғыр азамат болатын».

         Ақиық азамат Сұлтанбек Қожановтың туғанына 100 жыл толу мерейтойына  әзірлену мен өткізу туралы  Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 12 сәуір 1994 жылы №370 қаулысы шыққан.

         Республика сарайында Бес арыс - І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, С.Қожанов – 100 жылдығына арналған кеш өтті. Бүкіл өмірлерін  ұлтты, халықты сақтауға, сүюге бағыттаған, ұлтжандылық пен ақыл- ойдың ғажайып үлгісіне, өнегесіне айналған арыстардың есімдері еркін, азат елдің аспанында қатар аталды.

         «Қожанов ақиқат алдында ардақталуға әбден лайық тұлға. Оның өмір жолы, көзқарасы, ұстанымы бүгінгі таңда да ескірген жоқ, ол  қазір де сан мың өскелең ұрпақ үшін – Тәуелсіздік мұратына қызмет етудің тамаша да көрнекті үлгісі бола алады. Рухы күшті, биік  азамат. Оны тарих тұғырына көтеріп, мақтаныш ету – Тәуелсіздік күрескерлерінің қазіргі буыны үшін қарыз да, парыз да»,-деп жазады Б.Қойшыбаев. Мұхтар Әуезов айтқандай: «Өз ұлыңды өзің бағалап, ардақтамасаң, сені өзге жұрт қалай құрметтеп, қалай қадірлемек?».

Жолбарыс Сардар

1995 жылы Алматы қаласында туған

Бейджиндегі Дипломатиялық

Академияның 1-ші курс студенті

«Таң-Шолпан» журналы №3, 2011 жыл

 

*   Абдуллин Х. «Қара құйын маған да ой салды» атты мақаласы

* «Сұлтанбек Қожанов жолдастың Түркістан Республикасының Білім беру және Халық комиссары қызметіндегі жұмысына баға беру»(Архив)

* С.Мұқановтың сөзі.

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443