ӨЗГЕРІС НЕМЕСЕ ТАМАРАНЫҢ ТАПҚЫРЛЫҒЫ
Сонымен, өткен апта өзгеріске толы болды: К.Мәсімов ойламаған жерден Үкімет басшысы болып, екінші мәрте келді. Әділбек Жақсыбеков Мемхатшы, Серік Ахметов Қорғаныс министрі. Тағысын тағылар...
Санасына сәуле түсірген Алланың әмірі ме, халықтың қаһары ма, әйтеу Серік Ахметов №248 қаулы қабылдап, бұдан былайғы жерде шетелден келетін қандастарымызды қоныстандыруға арналған жеті облысты белгілеп кетті.
Ал, ең үлкен өзгерісті жасаған кісі – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.
Осыдан екі апта бұрын «Қазақстанская правда» газетінде /29 Марта 2014, № 61 (27682)/ шыққан «Изменены правила расселения этнических казахов» атты мақала естеріңізде болар. Соны оқып, «Алла қаласа сең қозғалды!» деп, бүкіл Алаш жұрты алақайлаған болатын. Алыстан келген ағайын аудармашы іздеп сабылды. Кейін білдік қой, шынымен де қандастарға қатысты айта қалсын өзгеріс бар екен мұнда. Тәуелсіздіктен бергі Қазақ көшінің шерік ғасырға жалғасқан тарихында болмаған, ешбір министрдің батылы жетіп жасай алмаған өзгеріс бұл. Құдай оңына бастайын десе, оп-оңай екен ғой, бұл – осы Көші-қон саласын басқарған қаншама данышпанның біреуінің таназарын кірмеген, ақылы жетпеген реформа болды. Терещенкоден бері қанша адам Үкімет басына келді, бірде - біреуі қол салып атқармаған шаруаны шынашақтай Тамаш қыз бір-ақ күнде бұрқ еткізді. Не деген көрегендік, не деген біліктілік, не деген батылдық!!! Амал қанша, Премеьр - министр етіп К.Мәсімовты емес, осы Т.Дұйсенованы кою керек еді Елбасы!
Сонда не өзгеріс жасапты дейсіз ғой? Бұрын шетелден көшіп келген қандастарымыз, келе салып, Тұрақты тіркеуге тұру үшін ең алдымен «Оралман куәлігін» алуға жүгіретін. Біраз қағаздың бетін толтырып, бір апта тосып, әзер алатын. Енді рахат. Әуелі тұрақты тіркеуге тұрып, ықтиярхат алуы керек, ықтиярхат алған соң бес күннің ішінде оралман мәртебесі берілетін болыпты. Өзгерістің көкесі деп осыны айт!
Не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің! Қазақ көші кеше ғана пайда болса бір сәрі, табаны күректей 23 жыл болды ғой жалғасқалы. Құдай-ау, содан бері Қазақстан билігі грамм тәжірибе жинамағаны ма сонда??! Оралмандарға берілетін квота баяғыда тоқтаған. Шыны керек, енді осы «Оралман куәлігі», «Оралман мәртебесі» дегеннің түкке керегі қалмай қалды. Қайта, қандастарымызды тұрғылықты елден алыстататын, оғаш көрсететін атауға айналды. Жеке басын куәландыратын құжатында ҚАЗАҚ деген жазу болса, сол жетпей ме?! Одан артық сізге қандай мәртебе, куәлік керек!?
Қазір алыстан келіп жатқан ағайынды азапқа салып сорлатып отырған екі құжат бар.
Соның біріншісі – С.Ахметовтың №111 қаулысына сай Шетел Елшіліктері беретін «Справка». Екіншісі – осы «Оралман куәлігі».
Мысалы, Қазақстанға тұрақты тіркеуге тұру үшін мейлі Қорғалжынға қоныстан, мейлі Қызылжарға тұрақта – бәрібір, Қытай елшілігінен «Справка» алуға не Алматыға, не Астанаға баруың шарт. Отағасымен бірге, обтасының кәмелеттік жасқа толған мүшелері түгелімен. Қазақстанның қай түкпірінен болсын, кәртейген шал-кемпірге дейін тек өзі келуі керек. Елшілік аптаның үш күнінде тек түске дейін ғана қабылдайды. Бір тәуірі таңертең өткізген құжатың түстен кейін саған 15:00 - де дайын болады.
«Оралман куәлігін» алу да одан бір кем соғып тұрған жоқ. Ауылға келіп қоныстанған облыс орталығына апарып құжат өткізеді. Бес күннен соң, қайта барып аласың. Соны, елді алысқа сабылтпай, неге ауданнан-ақ бере салмайтынына таң қалам!
Қысқасы, жеті облыс қанша жерден есігін айқара ашып тұрғанымен, осы екі құжаттың көзін жоғалтпай, ұлты қазақ азаматтарға жеңілдетілген тәртіппен келе салғанда бірден азаматтық бермей тыныштық жоқ! Қалғанының бәрі бос сөз, далбаса тірлік!
Бірақ, қалай да өзгерістің болып тұрғаны жақсы. Алла өзгеріссіз қалғаннан сақтасын!
ШӘРІПХАН ҚАЙСАР
abai.kz