Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 7270 0 пікір 4 Сәуір, 2014 сағат 18:56

ТҮРКИЯ САЙЛАУЫ және ҚЫРЫМ: ТҮРКІЛЕР ҮШІН ТАҒЫ БІР СЫНАҚ

Қырым мәселесіне байланысты деуге болмас, жалпы біздің саяси ақпарат өндіру қабілетіміз ресейлік аямен шекетелетіндіктен түбіміз бір Түркияда болған жуырдағы сайлаудың маңызы көзден таса өтті.

Соңғы уақыттарда жалпытүркілік саясатта өзін көрсетіп жүрген Ердоған билігі ішкі саяси қиыншылыққа тап болуда. Оған жауапты өзі де тапқандай. Сыртқы күштердің айтақтауы, араласуымен болған жандайшап топтар елге іріткі салуға тырысып бақты. Сайлауалды науқан кезінде Ердоған Тайып мемлекеттік күштік құрылымдарды тазартуға мәжбүр болды.

Түркиядағы жергілікті әкімдер сайлауында негізгі оппозициялық «қобызды» ойнаған да сыртқы, дәлірегі америкалық күшке арқа сүйегендер болғаны жасырын емес. Сол себепті Ердоған билігі саяси парадигманы өзгертіп, әсіреұлтшыл саналатын, бірақ сыртқы айтаққа еріп кетуге бейім бағыттағы топтарды ауыздықтау арқылы батыстың демократиялық құндылықтарынан саналатын «Твитер» секілді әлеуметтік желіні доғарудан да тайсалмады. 

Бұл жағынан «саяси жаһандану» ешкімді де аяйтын түрі жоқ. Осындай арпалысты Сирия бастан кешуде. Оны жақтаған Ресей сасқан үйректің артымен сүңгіген кебін киді... Сыртқа білдірмегенімен Қытай да іштей аласұруда.

 Сайып келгенде, соңғы кездегі саяси үрдіс түркілерді біршама сынаққа салуда. Ресейлік түркілер неоимперияшыл бағыттың құрсауына тап келсе, Қырым түркілері отансыз қалғандай күй кешуде. Ғағауыздар тәуелсіздік алуға талпынып жатыр. Үш саяси ықпалды ортадағы Қазақстан мен Қырғызстанның жайы мәлім. Өзбекстан да өзінше ішкі өзгерістерге бас қойды. Осы кезеңде түркиялық ердоғаншылар жергілікті билік сайлауында айқын басымдыққа жетті: сайлау нәтижесінде 80 пайыз аймақтық билікке ие болды, елдегі  4 ірі мегаполистің үшеуі АҚ партия қолында...

Осы сайлаудың нәтижесіне сүйсінді ме, әлде антиамерикалық ұстанымға тартқысы келді ме болмаса Қырым мәселесінен өзі де шошыды ма, Путин осы жолы Ердоғанды сайлау нәтижесімен құттықтаған ең алғашқы мемлекет басшысы болыпты. Қалай болғанда да Евразияда айтарлықтай дүрбелең бар... Одан түркиялық сайлау нәтижесі де орын алғаны рас. Осы сайлау арқылы Түркия сыртқы күштердің ықпалынан белгілі бір уақытқа аман қалды деуге болады.

Алдағы күндер түркілерге қалай болар екен?..

Сырым Дат.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3219
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5273