ҚАЗАҚТЫҢ ТІЛІН БЕЛДЕН БАСҚАН ДҮМШЕЛІК
– Не жейсің, не киесің, неше туфлиің бар, неше жігітпен жүрдің, қашан үйленесің? Одан қалса ерке тоқалдардың тоңазытқышы мен қазы-қартасын көрсете бастады. Бұл не? Онсыз да ел-аман, жұрт тынышта торғайдай тозып жүрген қара халыққа қыр көрсету ме?
Ал ашып алған журналдар мен газеттер не жазарын білмей, беттерін бояулы суреттермен толтырды. Одан қалса бет күтімі мен салат жасауды сөз етті. О баста Жаратушы құпия етіп жаратқан, сол құпиялылығымен де қасиетті ерлі-байлының төсек қатынасын түк қоймай зерттеп, оқырманға «әдіс» үйрете бастады. Мұнда қандай тәрбиелік мән бар? Қазақы әдеп-иба адыра қалған жоқ па?
Ал одан да қомақтылау, салмақтылау бір баспалар тірі тұлғаларға тиісуге бата алмай, өлі әруақтың «әкесін танытып» жатыр. Олардың айтуынша, Абай – апиыншы, Мұхтар – қызғаншақ, Ғабит – атаққұмар, Сәбит – көрсеткіш, Жамбыл – сұрамшақ, қайыршы, Мұқағали – алқаш болып шықты. Ау, ағайындар-ау, тымғұрыса халықты аясаңдаршы. Ғасырлар бойы олардың көкірегінде алтын тұғырға орнап қалған мүсіндерді аяусыз құлатпасаңдаршы! Халықтың сезімі мен махаббатын, сенімін тәрк етпесеңдерші! Ол адамдар, халық санасында – ұлы. Сол ұлы қалпында қалсын да. Халық оларды шығармашылығы бойынша бағалайды. Пендешілігі бойынша емес. Мықты болсаңдар қазіргі тірі ақын-жазушыларды сынаңдар. Жақсысын жақсы, жаманын жаман деңдер. Сонда сын шын, әділ болады. Жамандағанды былай қойып, мақтау үшін де өлуін күтеміз бе? «Жақсыны жақсы деңдер тірісінде» демеп пе еді Қадыр ақын. Неге Әмірхан Балқыбекке өлген соң айтылған мақтаудың біреуін тірісінде айтпадық?
Бірді айтып бірге кетіп жатырмын. Айтайын дегенім – баспасөз қанша көбейсе де, «Қазақ әдебиеті» ешуақытта да көлеңкеде қалып, өзінің қадір-қасиетін жойған емес. Уақыт сынына, сұранысына, заман талабына төтеп беріп келеді. Толы-ғып, түрленіп, жасарып келеді. «Қазақ әдебиеті» – исі қазақтың рухани болмысының айнасы. Қаны сорғалаған қазақы сөздің қайнарынан қанып ішкендер ғана көтеріле алатын тектілер тұғыры. Соңғы жылдары газет басқаша сипат ала бастады. Ол тек «атты мен тондынікі» болып қана қоймай, халықтық сипат ала бастады. Онда көзқарастар қақтығысы, пікірлер тоғысы, ашынғаннан айтылған ащы шындық та кезек орын алып жатады. Газет бет-бейнесінің өзгеруіне ұжымда Алмас Нүсіп, Роза Сейілхан, Бағашар Тұрсынбай, Қарагөз Сімәділ, Айгүл Сәметқызы сияқты батыл да ізденгіш жастардың көбеюінің де әсері бар ма деймін. Осы орайда тағы да ғұлама Қадырдың:
Кейбір қарттар сияқты,
Тартыншақ бір артқа арба.
Батылдығын жастардың
Берер ме еді қарттарға, –
деген сөзі еске түседі.
Таяу бір арада газеттен қоғамның күлтілдеген жарасын, сартап запыранын дөп басқан Өмір Кәріпұлының «Ұлттық қайнар немесе қажетсіз дағдылар» атты мақаласын және Бекболат Әдетовтің «Қор болған сөз, қонбаған ақыл» мақаласын айызымыз қана оқыдық. Әттең, осы жанайқайды сол мәңгүрттер оқымайды ғой. Иә, тіл жұтады. Алты қырлы алмастай жарқ-жұрқ етіп, бір-біріне көлеңкесін де, жарығын да түсіріп, сан құбылатын тіл, оралымды, құбылмалы, астарлы, реңкті тіл – баба тілі – көзалдымызда Аралдай тартылып құрып барады. Себеп неде?
Біріншіден, отбасы – негізгі фактор. Қазақы сөз, қазақы тіл балаға сүтпен беріліп, сүйекке сіңбесе, үйрету мен ұрсудан түк те шықпайды.
Екіншіден, мектеп білімі, бағдарламасы. «Ана тілінің негізін сіңіріп алмайынша, бөгде тілді оқытудың керегі жоқ» деп еді ғой Ахмет Байтұрсынұлы. «Ұлтым, алашым» деп еңіреген ердің тымғұрыса осы сөзін ескермедік-ау! Қазір 9-сыныптан кейін-ақ бала көсіліп сөйлеп сабақ айтқанды, әдебиеттен мазмұндауды, жаттауды, шығарма жазып талдауды, көркем шығармалар оқып талдауды мүлде доғарады. Бұған арналған сағаттардың бәрі тест сұрағын жаттауға кетеді. Бірлі-жар әдебиетке қызығушылығы бар балалар сұрақ қойса: «Онда нең бар, ей, одан да андағы тест сұрағын жатта», – дейді мұғалім. Сонымен, жылдар мен аттарды ғана жатқа білетін «мылқау-роботтар» дайындап шығаратын фабрикаға айналған қазір мектеп. Қауіпті, қатерлі және жылдам меңдеп бара жатқан себеп – интернет. Торғай сорлы жылан арбағанда, жұтарын біліп тұрып, бірақ өзі соған қарай жылжи береді екен. Басқа жақсылығын қайдам, дәл тіл үшін интернет сол жылан. Интернет қазіргі ұрпақты «тіл – шорқақ, ой – мақау» дейтін бейшара халге түсіріп жатыр. Интернеттегі диалог-әңгімелерді, әңгіме емес, салғыласуларды көргенде, менің көз алдыма құдық басында шапылдасып, біреуі «ә» десе, екіншісі «мә» деп тұрған төрт-бес долы қатын елестейді. Сұрықсыз, сұрқай, бөстекі, бұралқы сөздер майданы. Ал көшеге шықса көретіні қызыл-жасыл дүние, жарқылдаған жарнама. Жарнамаларда да өрескел сөздер, бықыған қате. Кейде маған бүкіл қоғам, бүкіл Қазақстан, бүкіл қала қаптаған қателермен шұбыртып, әлемтапырық күйге еніп тұрғандай. Көргенде тіксінгеніңмен, жазып алмаған соң ұмытады екенсің. Бірақ бір-екі өрескел жарнама есте қалыпты. Осыдан бірер жыл бұрын (қазір өзгерген) «Саяхаттағы» үлкен дөңгелек айналымның қақ ортасында биік те кең плакатта «Кока-кола» сусыны жарнамаланды. Бір жігіт көпірік атқан Коланы төңкере жұтып тұр да, астында орысша «Двойное удовольствие» деп тұр. Осыны қазақша «Екі рет рахаттан» деп аударыпты. Осы жарнама кем дегенде бір жыл тұрды-ау. Сол секілді қазір де әр көшенің бұрышында әйдік плакаттарда «Бәріне береміз» деп жазылып тұр. Не береді, кімге береді? – ұқпайсың. Тегі несие шығар. Олай болса, «Несиені барлық адамға береміз» демей ме. Сол секілді әр жерде-ақ «Жылдам етік жөндеу, жылдам сағат жөндеу» деп тұрады. Дұрысы – етікті не сағатты жылдам жөндеу емес пе. Күні бүгінге дейін көгілдір экраннан күніне қырық көрсетілетін «Ерімейді ыстықта, ериді ауызда» дегенді аударған бейбақ, қазақ тілі грамматикасы заңдылығында баяндауыштың баста тұрмайтынын білмейді-ау, шамасы. Тіс пастасын жарнамалағанда «Тіс сезімталдығынан зарланатындар» дейді, дұрысы – зардап шегетіндер. Бұл – бұл ма? Корей, түрік сериалдары аудармасындағы қателерге ат сүрінеді. Көркем фильмді аудару – көркем шығарманы аударумен бірдей. Аударудың өзіндік заңы, ережесі, техникасы бар емес пе. Басқа ешбір тілде жоқ, тек қазақ тіліне ғана тән орфоэпиялық-орфографиялық заңдылықтар бар, осының бәрін белінен басып, тисе – терекке, тимесе – бұтаққа деп аударып жатыр. Бұл – дүмшелік әрі сауатсыздық, әрі жауапсыздық. Сөзіміз дәлелді болу үшін мысал келтірейік.
Дерліктей барлық кинода «біздікілер» деген сөз өріп жүр. Қазақ біздікі десе де, біздікілер демейді ғой. Қазақ грамматикасында – нікі, нықы, дікі, тікі – деген тәуелдік формасы болғанмен, одан кейін – лар, лер – көптік жалғау жалғану формасы атымен жоқ. Бұл – осы ХХI ғасыр жаңалығы. Қазір бұл сөз мектепте де, көшеде де, телеарналарда да қолданыла беретін болды. Сенен, менен – дегенді сеннен, меннен – деп аударады. Жалғау жалғанғанда түбірдегі – н – түсіп қалатынын білмейді. Размерді – мөлшер дейді. Мөлшер емес, өлшем. Қазақта – мөлшер сөзі – сусымалы, қаптап, уыстап өлшенетін затқа арналады. Көркем шығармада ғана қолданылатын поэтикалық сөздерді орынсыз қолданады. Мысалы, «баз кештім» сөзі. Бұл сөзді «барғым келмейді» деген болымсыз етістік ретінде әрбір екінші сөйлемге қолдана береді. Бұл тіркес – «не хочудың» орнына жүрмейді. Бұл тіркес – түңілу, безіну деген астарлы мағынада қолданылады. Сондай-ақ, «Барым да, нарым да сен» деген тіркес те әрбір сөйлемде жиі қайталанып, әбден жалықтырып мезі етті. Қазақ тілінің ерекше заңдылықпен қорғалатын бір байлығы – идиомалық және фразеологиялық тіркестер. Тіркес өзгертуге, орнын ауыстыруға болмайды деген заңмен қорғалады. Тіпті, сот ісінде мұндай тіркестерді аудармайды екен. Ал кино аударған аудармашы осы заңдылықтарға пысқырмайды да. Әрбір тұрақты тіркесті өзінше өзгерте береді. Бұл тіркестер кешелі-бүгін жасалған жоқ. Ғасырлар бойы келе жатқан халық мұрасы. Оның авторы, жасаушысы – халық. Ондай болса, халық қазынасын өз бетінше бұза беруге аудармашыға кім хұқық берді? Мысалы, «Бес саусағынан бал тамды» дейді, дұрысы – «Бармағынан бал тамған». «Сең соққан қайықтай» дейді, дұрысы – «Сең соққан балықтай». «Басымды айрандай еттің» дейді, дұрысы – «Шақшадай басым шарадай болды».
Ал аудармадағы әдеп пен этикаға келейік. Аудармашы әр кейіпкердің жынысына, жасына, мәдениеті мен ортасына, тіпті түр-келбетіне қарай өзіндік стилі, өзіне лайық сөзі болатынын білмейді. Сондықтан әйел кейіпкері де, еркек кейіпкері де бір сөзді пайдалана береді. Мысалы, «Не неси чушь» деген сөйлемді «оттапсың» деп аударады. Жағымды немесе әйел кейіпкердің өзі «оттапсың» деп қарап тұрады. «Не подышал твоим ароматом» дегенді «Исіңді иіскемедім» деп аударады. Аромат – хош иіс, жұпар ғой, ал иіс – запах емес пе. Ендеше, осы сөйлемді «иісіңді иіскемедім» деп, әлдебір хайуани жабайылыққа дейін жеткізбей-ақ, «жұпарыңды аңсадым, жұпарыңмен тыныстай алмадым» дер еді-ау әдебиеттен хабары бар аудармашы болса. Сол секілді сындардай сұлу кейіпкер Фериденің аузына қайта-қайта «жүргем, жүрмегем» сөзін салуы аса орынсыз. Бұл сөздің түп төркіні қазақ ұғымында онша жағымды емес. «Жалған жүріс, жүріске салынған адам» дегенді білдіреді. Өкінішке орай, осы «жүру» сөзі «бір-бірін ұнатады, кездесіп жүр» деген сөздің орнын басып, ханның да, қараның да тіліне кіріп, толық қолданысқа еніп болды. «Карадайы» фильмінде алпыстан асқан кейуана «Күйеуім келеді, күйеуім қасымда болса болды» дегенді жиі қайталайды. Ежелгі қазақ ұғымында «күйеу» деп – қалыңдығын айттырып қойып, күйеушілеп ұрын келіп жүрген жас жігітті айтады. Ол жігітті бүкіл сол ауылдың не рудың адамдары «күйеу» деп атайды. «Қыз Жібек» фильмінде Төлеген келмей қалғанда, Жағалбайлының ақсақал-қарасақалдары «Ау, күйеу қайда?» деп аңтарылғаны есімізде болар. Қазақы сөздің қайсысының қай жерде қолданылатынын Ғабеңнен өтіп кім білер. Ал заңды жұбайлық кезеңде «жұбайым, қосағым, жолдасым, отағасы, тіпті, дөрекілеу болса да байым» деген атаулар қолданылады. «Байым» дегенде тұрған ешбір өрелдік жоқ. Ол кәдімгі «господин» – мырзам дегенді білдіреді. Ал «Сен келерсің» сериалында адамды тышқанның баласы ғұрлы көрмей, кірпік қақпай өлтіре салатын Танвир деген әйелді «ол өте ақылды әйел» дейді. Ақылды болса, қанішер болар ма еді? Айлакер, залым, жауыз десе жараспай ма? Осы қазір жүріп жатқан үндінің бір сериалында ғашық қыз-жігітті «бір-біріне құйып қойғандай» дейді. Айтайын дегені – «қандай жарасымды жұп» болу керек. «Құйып қойғандай» тіркесі – киімге айтылады. «Көзім көлдей болды» дейді, дұрысы – «Көз жасым көлдей болды» Сондай-ақ, Алла сөзі, ару сөзі, әділ сөзі – көрінген жерде қолданылып, қасиеті кетеді. Тегінде ару сөзі – «сұлу, сымбатты, келбетті, көрікті, әрлі» деген сөздерді алмастыра алмайды. Ару сөзі – ең таза, ең қасиетті, періштедей пәк деген ұғымды білдіреді. Сайынның (көше) қыздары да шетінен сұлу, мүсінді, сымбатты. Олар осы қасиеттеріне сеніп қасқиып тұрады. Ал осыларды ару деуге бола ма? Ал қазылардың әділ екені баға берген соң ғана белгілі болады. Ендеше, күнібұрын оларды «Әділқазы» деп неге атап аламыз. Әділқазы деп таныстырған қазылардың халық сынына толмай жүргенін көрмей жүрміз бе? Тіпті, Төле би мен Қазыбек би де өздерін «Әділ Төле, Әділ Қазыбек» демеген. Әділ деп халық атасын. Дұрысы – «тәуелсіз қазы» немесе «алқаби» десе орынды.
Ал, жарайды, сериалдарды кемпір-шалдар ғана көреді деп, өзімізді жұбатайық. Жастар мен балалардың жарты өмірі теледидар алдында өтеді. Теле-жүргізушілердің, жұлдыздардың, әншілердің сөйлеу мәнеріне, киім киісіне, жүріс-тұрысына олар қатты еліктейді. Қазір телеарналар тәрбиесі ата-ана мен мектеп тәрбиесінен де ықпалды. Жастар телеарналарға қарап бой түзейді, тек сонда айтылған сөз ғана шындық деп санайды. Бір мемлекеттің, бәлкім, қанша шет мемлекеттің де назары мен жанарын өзіне аударып тұрған қазақ телеарналарында тағы да баттиған, бадырайған қателер. Мысалы, 31-арнада «Ауа райы» сөзі талай жыл «Ауа-райы» болып жазылып жүрді. «Осы жерде сызықша не үшін керек?» – деген бір адам болсашы. Тіпті, өздері білмесе, орысша «Прогноз погоды» дегенге қарап түзетпей ме? «Күлме досқа келер басқа» деген хабар болды. Мұнда тиісті жерінде үтір жоқ. Дұрысы – «Күлме досқа, келер басқа» болу керек. Сондай-ақ, Рим цифрларынан кейін, ай, күн, жыл аттарынан кейін дефис қойылмайтынын және ешкім ескермейді. Әйтеуір қайта-қайта қоңырау шалып жүріп, «Ауа-райындағы» сызықшаны алдырдық. Осы жыл ішінде ме екен, Астанада алтын домбыра үшін «Кіл жүйрікте, кім жүйрік» деп қате жазылған (үтір керегі жоқ) сөйлем Конгресс-холл сахнасында атойлады да тұрды. Кейіннен осы қате түрінде телеарналардан берілді. Осы қатемен «Алатау» газетінде басылды. Баяғыда корректорлар деген болушы еді, олар әр қатеге жауап беруші еді. Жә, қатені көрмедің деп Байбек Бауыржанды кінәлауға болмас. Қазақ тілінің жілігін шағып, майын ішкен, түрікпеннің түбіндегіні көретін Бекболат Тілеуханға не болды? Оны қойғанда, атақты Еуразия университетінің үш бірдей ұстазы отырған жоқ па? Аманжол, Мұхаметжан, Балғынбек. Ал күні кеше өзі жұлқынып сөз сұрап шығып, Елбасыға белгілі бидің сөзін жатқа айтып берген ана жүргізуші жігіт қалай білмеді осыны? Дәл қазір демалыс күні берілетін «Ас арқау» хабары да қате. Дұрысы – «Ас-арқау».
Бір кезде көше жарнамаларындағы, мекеме маңдайшаларындағы қателерді тауып, мінеп-сынап, түзеттіретін жақсы бір хабарды Назира Бердалы қызымыз жүргізді. Бірақ қатені көшеден терген Назира астындағы атын алты ай іздеген Қожанасырдай өзі сөйлеп тұрған теле-арналардағы қатені көрмеді. Назира бірде әлдебір пәтер-мұражайдың маңдайшасындағы «сынтас» (мемориалдық тақтаның қазақшасы ретінде алынған) деген сөзді сынады. Көшеде бірнеше адамға микрофон ұсынып, мағынасын сұрап еді, ешкім білмеді. Тіпті, елге танымал тұлға, Парламент депутатынан да сұрады – білмеді. Содан соң-ақ «депутат білмесе, бұл расында қате» деп ойлады-ау деймін. «Сынтас деген не, ол қандай мағына береді, сонда не, бұл тас біреуді сынап тұр ма, кімді сынап тұр» деп шат-шәлекей болды. Назираның ақындығына дауым жоқ. Бірақ ол лингвист-ғалым емес. Ал «сынтас» сөзі қазақта бар. Мола басына қойылатын белгі – жалпақ тас тақта болса, оны «сынтас» дейді. Ал адам мүсініне келтіріліп қойса, оны «балбалтас» дейді. Мола емес, үйге қойылса да, өлі әруаққа қойылған тақта «сынтас» деп дұрыс жазылған.
Әдеп деп едік-ау! Арнайы күлкіге құрылған шоуларды сынамай-ақ қояйық. Бірақ соңғы кезде олар да әсіре дарақылыққа, даңғойлыққа ұрынып жүр. Халықты күлдірем деп, анайы, тұрпайы сөзді еш именбей үлкен сахнадан айта беру ұят. Үнемі күлдіру шарт па? Ешкімді күлдірмей, жылатса да, «Алдараспанның» «Қарттар үйі» қандай тамаша! Міне, тәрбие. Күлкі тәрбие құралы бола білсе ғана құнды. «Астана кеші көңілді» деген хабар бар. Соны жүргізетін қыз қасындағы жігітке:
Мен саған жұмбақ айтам, – деді де, – «Кіргенде құрғақ, шыққанда су-су болып шығады» деді. Жігіт қысылып, қызарақтап кетті. Қыз болса, өші қалғандай қайта-қайта тәптіштеп, қайталап әлек.
Моншаға кірген адам шығар, шайға батырған қасық шығар, – деп жігіт әр түрлі нұсқа айтты. Әлқисса, сонда қыз былай деді:
«Оны кез келген адам, мысалы, сені мен мен де жасауымыз мүмкін. Түрегеп те, отырып та жасауға болады. Оны жасаған адам рахаттанады» деп көсілсін. Жігіт ыңғайсызданып басын сипады... Қыз жүзінде титтей қымсыну жоқ, таймаң-таймаң, жайнаң-жайнаң етеді. Әрине, айтылуы әдепсіз болғанмен, шешуі жап-жай осындай бір бөстекі жұмбақтардың барын білетін едік. Бірақ ол құрдастар, достар арасында әзіл үшін жеке отырыстарда айтылатын. Бүкіл Қазақстанның бетіне қарап бедірейіп тұрып эфирден айтылар деп кім ойлаған. Әрі қыз айтар деп кім ойлаған. Ал айтты, не ұтты? Оған не қыран-топан боп қырылып қалған адам да көрмедік. Сол жерде осы жұмбақ не үшін қажет болғанын ұқпадық.
«Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген – қарғыстың үлкені дейді ғой. Тыныш жүрмей тып-тыныш тұрған халық әндерінің сөзін өзгертіп алатындарын қайтесің. Біліп өзгертсе екен-ау!.. «Балапан қаз» деген халық әні бар. Осындағы «Тебісіп тай-құлындай ойнаған жер» деген жолды «айқасып тай-құлындай» деп өзгертіп айтады. Осы бір ғана сөз үшін Дулат Исабеков теле-сұхбатта аса қынжылып сөйледі. Сөз қадірін білген соң айтады да... Осы сөз менің де арқама аяздай бататын еді. Себебі, «айқасып, айқаласып» сөздері қазақы ұғымда интимдік сөздер.
Иығымда сіздің шаш,
Айқаласып, тайталас, – дейді Абай.
Күн қайда ғашық жармен айқаласқан, – деген жолдар Төлеу Көбдікұлында бар. Ал бұл өлең ғашықтық сезім туралы емес, атамекен, туған жерге деген ұзатқан қыз сағынышы емес пе. Құлын-тай айқаспайды, тебіседі. Бұл – кез келген мал көрген қазақ баласына таныс сурет. Тағы осы «Астана» арнасында Нұрғиса Тілендиевтің қызы Динараның өнері, өмірі, қызметі туралы айта келіп, «еркек мінезді» деп мақтайды. Дұрысы – ер мінезді. Білгенге еркек – бір басқа, ер – бір басқа. Жынысы еркектің бәрі еркек, бірақ бәрі ер емес. Ер дегендер – қолы ашық, жүрегі жомарт, сертке берік, намысты да арлы, отбасы түгіл, Отанға қорған бола алатын, қажет болса, оққа да кеуде тосатын жігіттер. Еркек – мужчина, ер – мужественный. Арасы жер мен көктей.
Қара халыққа (тобырға) мәдениетті сөйле деп талап қоя алмайсың. Ал бір мемлекеттің бет-бейнесін бейнелеп жүрген әнші, әртіс, радио, теле-хабар жүргізушілері, айтыс ақындары мен ақындар, жазушылар, тілші-журналистерге талап та қоямыз, өкпе де артамыз. Өйткені, олар – қоғамның айнасы. Бетіміз қисық болса, айнаға қарап түзейміз. Ал айна қисық болса ше?!
Әмина Құрманғалиқызы.
"Қазақ әдебиеті" газеті