Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Әдебиет 14459 0 пікір 31 Тамыз, 2014 сағат 00:28

Аягүл Мантаева. ЖАУҺАР

 

(әңгіме)

 

     Біз ол кезде құрбым Жауһар екеуміз қаланың шетінде пәтер жалдап тұратынбыз. Түнгі клубқа, таныс жігіттер шақырған кештерге бармай, үйде кітапқа көміліп жатып, болашақ ханзадамыз туралы қиялдаймыз. Кафеде танысқысы келген жігіттерге мойын бұрмай екеуден екеу отырамыз.

– Өмір өтіп барады. Ал біз түк те тындырған жоқпыз. Сонда өмірге не үшін келдік? – дейді ол бетіме сұраулы жүзбен қарап.

– Өлу үшін.

– Жоқ, мен өмірге өмір сүру үшін келдім. Бірақ... білесің бе, мен ылғи да өзімнің бейітімнің басында жылап отырамын. Әлден соң үйде отырғанымды сезінем де қорқыныштан селк етемін.

–  ?..

–  Неге үндемейсің?

– Мен өзімді ұйықтап жатып, ояу жатқандай, ояу жатып, ұйықтап жатқандай сезінем. Күн суық күні ыстықтап жүремін, ал ыстық күні тоңып жүремін.

Жауһар: – Кеше көпке дейін ұйықтай алмай жаттым. Әкем туралы ойладым. Ол өзін өзі жоғалтып алған адам.  Бір уақытта көз алдыма аппақ кебінге оранып жатқан әкем келді. Өксігімді баса алмай ұзақ жыладым. Жарықты жағып, айнаға көз салдым. Айнадан сыртқы кескін-келбетімді көрдім, ал көзімнің қарашығынан ішкі жандүниемді байқадым. Сол сәтте тірі әкемді өлімге қимай ұзақ жыладым. Бала кезімде әкемді жек көруші едім. Бірде анам аурухананың ауласын сыпырып тапқан жалақысын «сұрағанда бересің» деп қолыма ұстатты. Әкем анамның әлгі ақшасын мен жасырған жерден ұрлап, ішіп қойды. Бала кезімде анамнан қатты қорқатынмын. Жүйкесі шаршаған, ашуланшақ жан. Анамды, өзімді, бауырларымды аяп жыладым. Бір қызығы, анам күс-күс қолымен маңдайымнан сипап,  тіл қатпай ұзақ отырды. Әлден соң:  «Шаршадым. Құр сүлдерім жүр. Сендер үшін өмір сүріп жүрмін. Әйтпесе, мен өлген адаммын ғой» деді бар болғаны, – деп үнсіз қалды.

Жауһардың көзінен бір тамшы жас үзіліп түсті.

– Сен мені түсінесің ғой, – деді мұңлы үнмен.   

– Адамды адам түсінбейді, түсінуге ғана ұмтылады.

– Менің шарап ішкім келеді.

– Қызық.

– Әкем ішімдікке үйір болған соң ба, бұл пәлені ұнатпаушы едім. Ал бүгін ішем,  – деді.

Ол даяшыға шарап алдыртты. Шарапты тыжырынып ұрттап отыр.

– Мен кеше жыладым. Себепсіз... – деп күрсінді.

– Себепсіз жылай алмайсың. Бәлкім, көз жасыңды төгуіңе себепкер болған оқиға осыдан біраз жыл бұрын өтуі мүмкін. Бәлкім, күндердің күнінде өлетініңді ойлап, жалған өмірді қимауың мүмкін. Қуану мен жылаудың себебі болмай қоймайды.

– Мүмкін...

Ол мұңдана күліп: – Мен оны жақсы да көрмеймін, жек те көрмеймін, – деді.   

– Кімді?

– ...

– Ә-ә... Ол жігітті менің суқаным сүймейді. Жасанды күлкісінен жиіркенемін. Көздері де өтірік күліп тұрады.  

– Менің шынайы өмір сүргім келмейді. Біздің қоғамда шынайылық күлкі шақырады. Жасанды да өмір сүргім келмейді, жасандылық жиіркеніш туғызады. Оның жасандылығы менің және сенің шынайылығыңнан әлдеқайда әдемі. Ол сені жақсы көреді, – деп мұңлы жымиды.   

Жауһарға  жаратпай қарадым.

– Кетейік.  

– Естисің бе, ол саған ғашық.

Ол қолымен басын сүйеп, жанарын төмен салды. 

– Мен оны сүйіп қалған секілдімін.

– Мен ондай адамды сүймек түгілі, жай адам ретінде ұната да алмаймын. 

– Адам адамды түсінбейді, бірақ түсінуге ұмтылады деген сен емессің бе? – деп көңілсіз езу тартты.                         

                                               *    *   *

   Жауһар күннен күнге менен алыстап барады. Ол маған, мен оған бөтен адам секілдімін. Сол күндері әлемде жалғыз қалғандай бойымды зілдей мұң басқан. Ол сенбі, жексенбі үйге келмеді. Себебін сұрап едім, жауапсыз қалдырды. Әлден соң жастыққа бетін басып, өксіп-өксіп жылады. Жұбатпадым.

– Кешір. Мен өзімді өзім қазір шынымен жоқтап жылап отырмын.

Үндемедім.

Одан кейін оның көз жасын көргенім жоқ. Жауһардың көз жасын маған көрсетпей жылайтынын сезем. Ол махаббаттың емес, жалған сезімнің құрбаны болғанын білмеді. Айнадағы өз бейнесінен көз алмай қарап тұрған Жауһар:

– Өмірге ешқандай ұрпақ әкелгім келмейді. Қайғы, мұң арқалап, ол да өмірден өтеді. Бір бақытсыз жанды өмірге әкелмей, сауап іс жасағым келеді, – деп бет-алды күле берді.

Шошыдым. 

Екі жұдырығымен қабырғаны ұрғылап, басын соқты.  Ернін тістелеп, жыламады.

–  Неге қорқып тұрсың? Қорықпай-ақ қой, есім әлі ауысқан жоқ – деді маған мағынасыз көзқараспен қарап.  – Сен адам таниды екенсің. Ол – өте қорқынышты адам.

Шашын артына жылмита қайырып жүретін, шегір көз, төртпақ сары жігіт пәтерін жалға беріп, басқа жаққа кетіп қалған болатын. Шегір көз жігіт бізбен көрші тұрғанда да оны тым сирек көретінмін. Көре қалсам, бойымды үрей ме, әлде жиіркену ме, әйтеуір әлдеқандай бір түсініксіз сезім билейтін. Ол мені көргенде баяғыдай жалған жымимай, басын изеп өте шығатын. Шегір көз жігіттен жүкті болып қалған Жауһар ауылына кетіп, қалаға қайтып оралмады.

 

                                     *   *  *

     Арада бес жыл өткен.  Пәтер іздеп жүріп баяғы Жауһар екеуміз тұрған үйге бардым.  Күннің шуағына шомылып отырған,  мүгедектер арбасына таңылған жас жігіт менен көзін алмай  қарады. Таныс бейне. Баяғы шашын артқа жылмитып тарап алатын шегір көз, төртпақ сары жігіт. Менің қадала қарағанымды жаратпады білем.

 – Бүгін менімен би кешіне бармайсыз ба? – деді кекесінді үнмен.       

– Уақытым жоқ. Пәтер іздеуім керек.

– Онда менің жарым болыңыз. Пәтер мәселеңіз бір сәтте шешіледі.

«Не деген парықсыз жан еді».

–  «Мүгедектің әйелі болам ба?» деп қорықпаңыз. Дәрігерлерге сенсем, көп ұзамай жүріп кетемін. Сосын екеуміз үйлену тойымызда басымыз айналғанша шыр айналып вальс билейміз. Бал айымызды Еуропада өткіземіз.    

– Мен сізді жек көрем.

Мысқылдап күлді.

– Мен де сізді жек көрем. Менің қандай адам екенімді біле тұрып,  құрбыңызды қорғамағаныңыз үшін жек көрем. Оның өліміне мен ғана емес, сіз де кінәлісіз. Соқыр сезімнің құлы болған құрбыңызды сүйген емеспін. Ол шырпы тиген қу шөптің тез жанып кететінін білмеді. Бірақ сіз құрбыңызға қарағанда ақылды екенсіз.

– Сіз оның өлгенін біледі екенсіз ғой? 

Даусым сыбырлай шықты.

Сөзімді естімегендей аспанға үмітсіз көз тікті. 

– Кейде ойға батып отырып, не ойлағанымды ұмытып қаламын. Себебі, мен ештеңе де ойламаған едім. Кейде күліп тұрып, жылағым келеді, мұңайып тұрып, күлкім келеді. Себебі, мен өмірдің қарапайым екенін, тек оны өзіміз күрделендіретінімізді түсінем. Өмірді түсінуге ұмтылған сайын өмірім күрделене түседі. Бойымда бір үрей бар. Бетпе-бет келуден қорқатын сауалдар жанымды жегі құрттай жейді, – деді ол қамығыңқы үнмен. 

Үшінші қабаттағы бұрынғы пәтеріміздің терезесін көзіммен іздедім. Бұл үйде Жауһар екеуміз ешқашан тұрмаған секілдіміз. Жауһар көрінетіндей терезеге соңғы рет көз тастадым. 

– Мені тастап кетпеңізші. Мен сізді сүйем ғой, – деген жалынышты дауыс құлағыма талып естілді. 

– Мен де сізді сүйемін.

Шындығымды өзге түгілі, күні бүгінге дейін өзімнен жасырып келіппін. Әрине, ол менің даусымды естіген жоқ. Мен ол кезде ұзап кеткенмін.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036