Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 14738 0 пікір 28 Тамыз, 2014 сағат 13:50

ҚАТЫГЕЗДІК ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?

Кейінгі кездері осы сауал менің жанымды жай таптырмай жүр. Қоғамда кеңінен етек алып кеткен, жеті басты айдаһар іспетті осы қылмыс атаулының түп тамыры қайда жатыр? Адамдардың бойындағы мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдық секілді асыл қасиеттердің қайнары қалай суалып қалды? Өмірімізде күн сайын дерлік кездесіп қалатын неше түрлі сұмдықтарды қайткенде ауыздықтай аламыз?   Сұрақ көп, ал жауап жоқ. Неге? Өйткені капиталистік қоғамның төл баласы секілді осынау келеңсіз құбылысты терең зертеп, саралап отырған, сөйтіп бұл тығырықтан шығатын жолды көрсететін арнайы зерттеу орталығы  немесе қоғамдық ұйымдар да жоқ. Ал енді бұл қасіреттің алдын алмасақ, қоғамның болашағы бұлыңғыр. Өйткені имандылық пен ізгілік жоқ жерде дамыған мемлекет орнатам деу—таза адасушылық.

   Менің бұлай деп дабыл қағуыма мына бір үш бірдей қылмыстың орын алуы итермелеп отыр. Былтырғы жылдың аяғы мен биылғы жылдың басында бүкіл облысымызды елең еткізген үш оқиға естен кетер емес.

     Біріншісі, жап-жас қазақтың жігіті шешесіндей кісіні пышақтап өлтірді. Мәселе былай болған: жаңағы жігітіміз  жолдастарының туған күнін тойлаймын деп үлкен бір үйді бір тәулікке жалға алады. Түнімен шарап ішіп шайқалтып, арақ ішіп армансыз өткізген думан тарайды да, әлгі жігіт кепілдікке берген құжатын алуға қалады. Үй иесі келген соң «мұндағы ыдыс-аяқты түгел сындырыпсыңдар, енді соның ақысын төлеу керек» деп құжатын бере қоймайды. Мұндай «әділетсіздікке» шыдамаға «батырың» сол жерде сөзге келместен шешесіндей әйелде пышақтап өлтіріп тастайды да, дым болмағандай жайына кете береді. Құжатты да іздемейді.

          Екінші қылмыскер де өндірдей жас жігіт. Жігіт болғанда қандай, анау-мынау емес, жедел қимылдау арнайы отрядының (қысқаша айтқанда СОБР) «жүрек жұтқан» сарбазы. Бұл жігітіміз де осал емес екен. Бір операция барысында ешбір себепсіз таксидің шоферін сабап тастайды. Ол полицияға арыз жазады. «Мүмкін бұл сарбаздың кінәсі жоқ шығар, тексеріп көрейік» деген мақсатпен мұны уақытша жұмыстан шеттетеді. Ал бұл сабазыңның қолы босағасын күші бойына симай бара жатты ма кім білсін, бірде «ақаңды» сілтеп алып, бірге таксиге мінген бір жігітті өлімші етіп соққыға жығады. СОБР-дің жұдырығы сойқан ғой, жаңағы жолаушы ауруханада көз жұмады.

     

Үшінші оқиға кім-кімді де тіксінтеді. Бір алыс ауылдағы 14 жасар қыз бала, сол жердегі мектепте мұғалім болып істейтін жігіттен аяғы ауыр болып қалады. Әуелде «жәй жігіттік қой» деп басын алып қашқанмен, кейін ымырыға келген болып, әке-шешесінің жанына алып алады. Алайда басында қиюы қашқан бұл іс қайғылы аяқталады. Алдымен жігіт қызды үйінен қуып шығады. Сосын бірде мас күйінде жолығып қалып, әй-шайға қарамастан ай-күні жақындап отырған бойжеткенді пышақтап тастайды. Қаныпезерлігі сондай, пышақты тұп-тура ішіне сілтейді. Кейін дәпрігерлердің айтуына қарағанда, 7 айлық шарана жан тәсілім етерде қорыққаннан аяқ-қолы бүрісіп қалыпты. Жас сәбидің қорқыныштан жүрегі жарылып кеткен көрінеді. Бір қызығы, әлгі қыз жаңағы қанішер сотталып бара жатқанда, оны аяп еңірегенде етегі  жасқа толыпты деседі. Тіпті оны соттамауды өтініпті.

   Мінекей, менің қолыма қалам ұстатқан, жағамды ұстатқан үш оқиға осындай. Үшеуі үш жерде, үш адамның қолынан болған қылмыс екендігіне қарамастан, оларды ортақтастыратын бір нәрсе бар. Ол – асқан қатыгездік. Біреуі өзінің анасындай адамды жайратып тастап жүре береді. Екіншісінің қол қышып, күші тасып  бара жатқасын танымайтын біреуді сілейтіп сабап тастайды. Ал үшіншісі болса, өзі 20-дан енді ғана асқан жас жігіт екендігіне қарамастан шарананы жарып өлтіруге келгенде қолы дірілдемейді.

  Сонда бұл не? Адам азды ма, қоғам азды ма? Мұндай сорақы қылмыстарға баруға не түрткі болды? Кінәлі кім? Шындығын айтқанда кінәлі мына өзіміз. Рас, күніне неше түрлі сұмдықты көрсететін теледидар деген пәленің де әсері бар шығар. Алайда біз балаларымызды олардан жасырып тіршілік ете алмаймыз. Прогресті тоқтату қиын. Көшенің де ықпалын жоққа шығаруға болмас. Алайда бұған да әліміз келмейді. Бала өмір-бақи әке-шешесінің жанында отыра алмайды ғой. Шынжырлап қойсаң да. Енді не қалды? Тәрбие қалды. Міне, басты кілтипан осында.

    Егер мен «біздің қазақ баласына дұрыс тәрбие бермейд» десем, былайғы жұрт өре түрегелуі әбден мүмкін. Дегенмен, сабыр етелік. Балаларымызды өзіміз тәрбиелеп, өз өнегемізбен үлгі танытпасақ, ненің жақсы, ненің жаман екендігін үнемі құлағына құйып отырмасақ, өзінен-өзі қалай адам болады. Бір қызығы, біздің көпшілігіміз дәл осылай ойлаймыз. Яғни, бұлардың барлығы дерлік өскесін бір ғажайыптың әсерінен өзінен өзі тамаша азамат болады. Қиял-ғажайып ертегі. Ғажайыптылығы сол, біз осы ертегігіе құлай сенеміз. Неге? Бала тәрбиесіне тым немқұрайды қарайтындығымыздан. Оны ата-ананың ең қасиетті парызы деп санамағанымыздан, тіпті түптеп келген жалқаулығымыздан. «Баланы—жастан» деп өзіміз айтқанмен, мұны өмірде ұстанбаймыз. Мына бөтен халық баланы қатты ұстайды. Егер ешбір себепсіз бірдеіңені бүлдірсе, жазасы дайын. Бұрышқа тұрғызып қояды. Тіпті белбеуді де қолға алады. Мүмкін кейде қаттырақ та кетіп қалады. Мүмкін бұл артықтау шығар, мүмкін ол педагогикалық этикаға жатпайтын да шығар. Алайда ол бала күні ертең ненің жаман, ненің жақсы екендігін, нені істеуге болады, ал нені мүлдем істеуге болмайды дегенді түсініп те, түйсініп те өседі. Ал сіз дәл осылай істеп жатқан қазақты көрдіңіз бе? Қайда... Қайта баланы жасынан есіртіп жібереді. Айтатыны «осы тентектен бірдеңе шығады немесе осы ерке түбі адам болады» деген қисынсыз бірдеңелерді айтады. Ау, ағайын, өз дегені болмаса ештеңені тыңдамайтын тентектен немесе  еш уақытта бетін қақпаған еркеден нендей парасатты адам шығушы еді. Ары кеткенде өмірден таяқ жеп есі кіреді, болмаса «неге менің айтқаным болмайды» деп кінәсіз біреуге қол жұмсаудан тайынбайды. Оның арғы жағы қылмысқа жақын тұратындығын айтып жатудың өзі артық болар. Мінекей, ерке мен тентек жайлы түсінігіміз осындай. Ойбай-ау, баланы айтамыз, аты әйгілі, жасы біразға келіп қалған бір қарындасымыз әлі күнге дейін «Мен қазақтың ерке қызымын» деп сахнада секіріп, осы өлеңді айтудан жалықпай келеді. «Мен қазақтың әйдік әншісімін» немесе «Мен қазақтың даңқты қызымен» демейді, жоқ, «Мен ерке қызымын» дейді.

   Жә, қазақ мүлдем тәрбиемен айналыспайды деуден аулақпын, Айналысады, әрине. Бірақ онысы қызық болып шығады. Бірдеңені ежіктеп қайта-қайта түсіндіріп жатуға шыдамы жетпейді де, бірдеңе болса бірден шапалаққа жүгінеді. Ол бала өсе келе қоянжүрек қорқақ, өз бетінше ештеңе шеше алмайтын жалтақ біреу болып шығады. Екіншісі, жааңғыдай «өзі өсі өсіп, адам болады» деген қағида.

   Қазақтың тағы бір қызығы, бала тәрбиесімен өзі емес, өзге біреулер айналысқандығын қалайды. Ал оған дайын ақылды да парасатты, көрікті де көркем бала керек. Өзінен-өзі тәрбиеленген, өзінен-өзі дана болған. Әйтпесе, «О, құдайым, сана бер, сана бермесең бір-бірден ала бер» дегенді кім айтқан?!

Артықтау кетсем, ғафу өтінемін.

 Мұратбек Дәуренұлы.

Қостанай.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1458
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3225
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282