ОРЫС ТІЛІ «ДЕМАЛСЫН», ДЕПУТАТТАР!
Қазақ тілі мәселесі көп айтылып келе жатыр, біреу жауыр болды дейді, біреу тәуір болды дейді, бәз біреу «қазақ тілінің мәселесі» деп айтуға қорқып, «мемлекеттік тілдің мәселесі» деп жүр. Кім не десе де Қазақ тілінің аз қолданылуы мен тіл заңы қабылданғаннан бергі ширек ғасырда жалпы халықтық тілге айнала алмауы үлкен қасірет.
Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің сессиясы 1989 жылғы 22 қыркүйекте Қазақ ССР-інің Тіл туралы заңын қабылдап, оның 1-бабында «Қазақ тілі Қазақ ССР-інің мемлекеттік тілі болып табылады» деп көрсетті. Осы сессияда Мемлекеттік тіл болып кете жаздаған орыс тілі «құр қалмай» ұлтаралық қатынас тілі деген мәртебеге ие болды. Заңға түзету енгізілген 1997 жылы да осы баптар өзгеріссіз қалды. Конституциядағы орыс тілі туралы бап алынып тасталғанымен орыс тілі ақсап қалмайтыны түсінікті. Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы № 110 Жарлығы бойынша Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ бекітілді, бағдарлама мақсатына сай Қазақстан 2020 жылы 100 пайыз қазақ тіліне көшуі тиіс. Бірақ 25 жылда халықтық жалпы қолданысқа жете қоймаған қазақ тілінің енді 6 жылда гүлденіп кететіне сену қиын.
Биылғы жылы, 22 қыркүйекте тіл заңы қабылданғанына 25 жыл толады. Атаулы датаға бір ай қалды, сол заңның нәтижесі қаншалықты? Қазақстанда қазақ тілінің дамымауы орыс тіліне ұлтаралық тіл мәртебесін беріп тұрған қолданыстағы заңның салдары екені жұртқа аян. Біз айтқан 25 жылдың ішінде талай ұлтшыл азаматтар билікке, заң шығарушы органға ашық хат жазып, Қазақстанның мемлекеттік тілін де, ұлтаралық қатынас тілін де ҚАЗАҚ ТІЛІ етуді ұсынды. Дат әлсіз бе, жоқ заңды қабылдаушы депутаттар әлде бір күштің ықпалынан ыға ма, әйтеуір халықтың 70 пайызға жуығы қазақ бола тұра Қазақстан халқы бір-бірімен әлі күнге орысша сөйлесуге «мәжбүр» болып жүр. Орыс тілі Мемлекеттік тілмен қатар мәртебе алған тұста халықтың көбі орыс тілді болған да шығар, алайда қазір халықтың көп бөлігі қазақ тілін түсінеді және сөйлей алады, мемлекеттік тілді дамытуға түрлі бағдарламалар жасап, қыруар ақша жұмсап жүрген министрліктер мен комитеттердің есебі осыған саяды. Оның үстіне Осы ширек ғасырда орыс тілінде білім беретін мектептердің бәрінде қазақ тілі оқытылатынын ескерсек, қазақстандық жастардың бәрі қазақ тілінен сауатты деген сөз. Сондай-ақ шетелден оралған 1 миллионға жуық қандастарымыз қазақ тілді халықтың үлесін көбейтті.
90 жылдардан соң СССР құрамында болған мемлекеттерде орыс тілі мемлекеттік тілмен тең мәртебелі болып келді. Алдыңғылардың бірі болып Өзбекстан орыс тілінен бас тартты. Өзбекстанның 1989 жылғы мемлекеттік тіл туралы заңында орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі деп көрсетілген. 1995 жылғы редакция бойынша орыс тілі ол мәртебесінен айырылды. 50 миллионға жуық халқы бар Украина Республикасында 8 миллионнан асатын орыс диаспорасы тұрады. Ол бар болғаны Украина халқының 16 пайызын құрайды. Биыл Украина орыс тілінің мәртебесін жойды. Көршілес Қырғыз Республикасы былтыр – 2013 жылы мемлекеттік тіл туралы заңды қайта қарап, ондағы орыс тіліне мәртебе беріп тұрған бапты алып тастады. Әзербайжан Республикасында 2002 жылғы Гейдар Алиевтің «Әзербайжан Республикасының мемлекеттік тілі» туралы бұйрығы бойынша елдегі орыс тілінің ықпалы бір жола жойылды. Ал 2007-2008 жылдардағы Әзербайжан Республикасы ұлттық кеңесінің шешімімен ел аумағында Ресей арналарының таралымына тыйым салынды. Қазіргі таңда орыс тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алған Ресейден басқа бірнеше мемлекет бар. Олар Беларусия(ақ орыстың жайы түсінікті), Оңтүстік Осетия(бұндай мемлекет бар екенін көптеген елдер мойындамайды), Приднестров Молдава Республикасы(бұл елде бар жоғы жарты миллион халық тұрады, оның 170 мыңы орыс ұлты). Ал, орыс тілін мемлекеттік тілімен қатар қолданып, ұлтаралық қарым-қатынастың тілі еткен жалғыз мемлекет – Қазақстан.
Осы орайда, он күннен кейін бірлескен отырысын өткізетін заң шығарушы орган – парламенттен:
1) Тіл туралы заңды қайта қарауды, әрі осы заңдағы 5-бапты алып тастауды күн тәртібіне қоюды,
2) Парламенттік, үкіметтік, әкімшілік жиындарды қазақ тілінде өткізуді қадағалауды,
3) Шетелден келетін ақпараттық құралдарды (Фильм, газет-журнал, кітаптарды) тек қазақ тілінде аудармасы, түсіндірмесі болған жағдайда ғана ел аумағына кіргізуді талап етуді сұраймын.
Бұл мақаланың нәтижесін 62 күн бойы жаздық демалыста болып, 2 қыркүйек бірлескен отырысын өткізетін парламенттен және 2011 жылдың 2 қарашасынан “Қазақша Wikipedia” жобасын өз қамқорлығына алған, мемлекеттік тілге жанашырлық етіп жүрген Премьер-министр Кәрім Мәсімовтен күтемін.
Нұрғали Нұртай
Abai.kz