ҚАЗАҚСТАН ТҰРҒЫНЫ БОЛА АЛМАСАМ БОСҚЫН БОЛАЙЫН...
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрі
К.Қ.Мәсімовке
Құрметті Кәрім Қажымұқанұлы!
Мен 2006-жылы ҚХР-дан Қазақстанға келгем. Алғашқы бес жылым осында оқумен өтті. 2011-жылы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық МПИ-дың бітірдім. 2010-жылы Расол Манарға күйеуге шықтым. Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Олжабай батыр ауылына қоныстандық. 2011-жылы 16-желтоқсанда тұңғыш қызым Жібек, 2013-жылы 6-қазанда ұлым Қанатбек дүниеге келді. Күйеуім, ата-енем – бәрі Қазақстан Республикасының азаматтары.
2012-жылы маусым айында анамның қайтыс болуына байланысты шығу визасымен ҚХР-ға бардым. Визаның кезегін күтіп онда алты ай жаттым. Үрімжіден үш айға бір мәрте виза аштырып, 12-желтоқсанда Қазақстанға Зайсан өткелі арқылы зорға оралдым.
Келе салып, 14-желтоқсан күні Ерейментау ауданы Көші-қон полициясына бардым. Бұрынғы аудартқан құжаттарым Үрімшідегі ҚР-дың елшілігінде қалған еді. Енді ондағы қызметкер Зұлпықар Жұмаділов айтуы бойынша, уақытша тіркеуге тұру үшін, құжаттарымды Ерейментау ауданында қайта аударттым, куәландырдым. Осы барыста ауа райының қолайсыздығына байланысты екі күн жол жабылып қалып, Көші-қон полициясына бара алмадым. Оған жалғас Тәуелсіздік мерекесі келді. Көші-қон полициясы менің уәжімді, ауа райының қолайсыздығын ескерместен, 17 мың теңге айыппұл төлеуге бұйырды. Төледім. Айыппұл төлегенің үшін, бір жыл күтесің деді. Бір жылға таяу күттім.
2014-жыл жаңа жыл мерекесі өте салып, Зұлпықарға тағы бардым. Ол сәуір айына дейін күтесің деді. Сәуір айында барып ем, тұрақты тіркеуге құжат жина деді. Қажетті құжаттарды жиып, апардым. Зұлпықар қабылдамады. Себебі, мен манағы 17 мың теңге айыптың орынсыз екенін айтып, Ерейментау аудандық прокуратурасына арыз жазғам. Зұлпықар менің үстімнен арыз жаздың деп, ерегесті. Сөйтіп, құжатымды қабылдамаған соң, Ерейментау аудандық сотына арыз жаздым. Сот әкімшілік жазадан босатылсын деп, 02.06.2014ж қаулы (Іс, №3-256/2014) шығарды. Осы қаулыны алып, тағы да Зұлпықарға бардым. Ол мені Көкшетаудан Қытайға шығу визасын аштырып келуге жіберді. 20 күнге шығу визасын аштырып келіп, тұрақты тіркеуге құжаттарымды тағы апардым. Қысқасы, осы 20 күн ішінде Зұлпықардың жанындағы көмекші қыз Камшатқа құжаттарымды толық өткіздім. Сосын үйде жатып күттім. Бір аптадан соң, Камшат шақырып, мені Көкшетауға баруға, виза аштырып келуге бұйырды. Қандай виза екенін айтпады. Көкшетауға барып ем, олар визаның уақыты бітіп кетіпті, қайда жүргенсің деп ұрысты. Мен емшекте балам бар екенін, Қытайда визаның кезегі жақын арада тимейтінін айттым. Көкшетауда Динара деген қыз маған: Жақында Зұлпықар отчет тапсыруға Көкшетауға келеді. Сол кісімен бірге келесің деді. Зұлпықар маған хабарласпады. Уақыт өте берді. Құжаттарымды Ерейментау аудандық Көші-қон полициясына тапсырып тастаған соң, мен алаңсыз жүре бердім. Осы шілде айының 31-күні Камшатқа телефон шалып, тұрақты тіркеудің жағдайын сұрадым. Ол маған ертеңнен қалмай Көкшетауға бар, мен ештеңе білмеймін деді. Тамыздың 1-күні Көкшетауға барып ем, облыстық Көші-қон полициясы 15 күнге тағы ҚХР-ға шығу визасын ашып берді. Ол визаның уақыты 2014-жыл, 15-тамыз бітеді.
Демек, мен Тұрақты тіркеуге тұруға қажетті құжаттарымды уағында тапсырдым. Ерейментау аудандық Көші-қон полициясы оны түгел қабылдап алды. Сот арқылы айыптан да босатылғам. Оралман мәртебесін де алғам. Енді не үшін Қытайға барып, виза аштырып келуім керек?! Егер уағында өткізбеді десе, оған орынсыз айыппұл төлеткен, бір күттірген Зұлпықар Жұмаділов жауапты. Кеше ол «31» арнаға берген сұхбатында «Мен көмектескем. Көкшетаумен сөйлесіп, былай істейік деп. Соттың төрағасымен сөйлесіп, "көке мынаны отказной қылып беріңізші. Мен таяқ жесем таяқ жейін" деп. Қалдырайық осы жерде деп. Кету визасымен болмайды деп, менің инспекторыма сөгіс жариялады»- депті ұялмай (http://www.31.kz/video/show/id/3391 ).
А, сонда Зұлпықар көмектессе, сонша уақыттан бері мен не үшін тұрақты тіркеуге тұра алмай жүрмін? Қайта ол мені «Бауырсақ» деп келемеждеді. Аудан әкімінің орынбасары балаларыңды баға алмасаң, балалар үйіне тапсыр деп қайдағы жоқты айтып ұрысты. Мен баламды баға алмадым деп барғам жоқ, тұрақты тіркеуге тұра алмаған соң барғам. Бұл мен үшін қорлау. Құдайға шүкір, жағдайымыз жақсы. Табысымыз бар...
Сондықтан, Құрметті Кәрім Қажымұқанұлы, мен ендігі жерде өлсем де Қытайға қайтпаймын! Емшекте балам бар. Сіздің маған көмектесіп, Тұрақты тіркеуге тұрғызуыңызды өтінем. Құзырлы органдарға тапсырма беріп, Зұлпықар Жұмаділовты жазаға тартуыңызды, менен кешірім сұратуыңызды сұраймын!
Егер, Қытайға қайтуға мәжбүрлеп, төлқұжатыма қара таңба басамыз десе, мен БАҚ өкілдерін жиып, Төлқұжатымды почта арқылы Сізге жіберем. Сізден босқын мәртебесін немесе без граждандық сұраймын! Өлсем, сүйегім кетуі мүмкін Қытайға!!!
Құрметпен
Қадырбек Гүлжайна
06.08.2014
Мекен-жайым:
Ақмола облысы, Ерейментау ауданы,
Олжабай батыр ауылы, Байтуаров көшесі 14/2.
Abai.kz