Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 8671 0 пікір 10 Шілде, 2014 сағат 23:15

Қайдасың сен, Абайдың соңғы ұрпағы?!

       Абайдың бәйбішесі Ділдәдан туған Ақылбайдан Әлімқұл, онан Бағфұр, онан Айдар тарайды. Айдар Бағфұрұлы 1995 жылы атасы Абайдың 150 жылдық әлемдік тойына қатысты, күні бүгінге дейін тұрып жатқан Атырау қаласынан келді. Жұртшылықтың көбі қиырда жүрген Ақылбаев Айдарды алғаш рет көріп, бірі біріне: «Тфә-тфә, шөпшегі Абайдың аузынан түскендей екен-ау» десіп қатты таңырқасқаны есімізде. Қазіргі таңда алпысты алқымдаған Айдар құр алақан, кәдуілгі жұпыны зейнеткердің бірі.

Советтік дәуірде Құнанбай, Абай ұрпақтары атылғаны, айдалғаны бар, екінші дүниежүзілік соғыста опат болғандары бар, қойшы, әйтеуір, қынадай қырылды. Қаулап өсіп-көбейіп, мәуелі бәйтерекке айналған сол әулеттен бүгінгі күні жаңағы Айдардың Данияр есімді баласы - жалғыз тұяқ қалса, жазмышқа не етерсің. Еркеккіндіктіден соңғы ұрпақ! Осы жәйт ойға қалдырады. Сөздің турасы, «данышпан Абай бабамыздың тұқымы жер бетінде қала ма, жоқ па?» деген сұрақтың жауабы тап осы жігітке тіреліп тұр.  

        Даниярдың жасы қырықтың ішінде екен. Ленинград қаласында мұхитты зерттеу институтында оқып, ихтиолог мамандығын алған. Сол қалада орыс қызына үйленген, үш қыз баласы бар. Аумалы-төкпелі жылдары Алматы қаласына қоныс аударғанда, Абайдың Мағауиясынан тарайтын Ишағы мен Ғазел апаларын паналаған. Осыдан үш жылдай бұрын Ғазел Жағыпарқызы дүние саларында, өзінің пәтерін «үйсіз-күйсіз, арып-аршыған сорлым-ай, сен алшы» деп Даниярға мирас етіпті. Семейде тұратын Абайдың жиені, республикалық «Абай» қорының президенті, дос-ағам Балтабек Ерсәлімовтің аузынан естіген жәйттерім осылар. 

        Қай қалаға барсақ та, Абай атындағы көше я болмаса мүсін ескерткіш алдымыздан шығады қазір. Ал тірі жүрген бірер ұрпағын еш елеп-ескермей, оларға «өлсең, өрем қап» деп қарайтұғынымыз несі екен? Азды-көпті жүрек жылуын сездірту, қамқорлыққа бөлеу не, қиын ба. Менімше Дәкеңе екінші әйел алу керек. «Киелі шаңырақтың иесі, сом алтынның сынығы мына сен! Исі қазақ сенен ұрпақ күтуде, шырағым, атаң қазақтың ақ жолы ғой» десіп тілі, тәрбиесі орысша Даниярды қолпаштасақ несі сөкет? Абай гені үзілсе, сол жаман.  Мұхтар Әуезов қозғаған, Қазақ ССР Халық комиссарлар Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов бекіткен «Абай ұрпақтарына дербес зейнетақы тағайындау туралы» Үкіметтің №547 Қаулысы (1945 ж., 15 тамыз) архивімде сақтаулы тұр. Қаулыға сәйкес Абайдың алты ұрпағы өле-өлгенше зейнетақы алып отырды. Мұхаң Ишағы, Ғазел марқұмдарға да жол ашты (оқуға түсу, пәтер алу т.б.). Қазақ деген халық Абайға белшеден қарыздар дейді екен, жарықтық (әттең дүние-ай, болып-толып отырған мына заманда  Данияр сорлыға кім ақыл-кеңесін айтып, көмек қолын созар екен..).

         Тоқ етері, Мұхаң салған дәстүр жалғасса игі. Астананың, Семейдің ақсақалдары жаңағы «Данияр қазақтың қызымен шаңырақ көтерсе» дегенге үн қосып, нақты қадамдар жасалса, қалың қазақ «әп, бәрекелді» дері сөзсіз.

 

Асан Омаров, абайтанушы ғалым.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377