Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Қоғам 15576 0 пікір 9 Шілде, 2014 сағат 14:20

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЯСИ ПАРТИЯЛАР НЕ ТЫНДЫРЫП ЖҮР?

Бүгінде әлемде саяси партиялардың қызметін қаржыландыру бірнеше жолмен іске асырылады. Кейбір елдер (Қытай, Солтүстік Корея) Кеңес одағының ізін қуып, елде тек бір ғана партияны қанатының астына алған. Оның қаржыландырылуы толығымен мемлекеттің мойынында. Бұл елдегі билікті уыста ұстап тұруға мүмкіндік бергенімен, бірпартиялы жүйемен алға жылжу түптің түбінде оңай болмайтынын әлем елдерінің тәжірибесінен көрдік емес пе.

Саяси партияларды қаржыландыруға бақылау жасамайтын елдер бар. Мәселен, Тунис елінде партиялар қаржыландыру көздері туралы есеп бермейді. Сондай-ақ, соңғы жылдары Араб елдерінің көпшілігінде партиялар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап, мемлекет олардың ақшаны қайдан алып жатқанын бақылай алмайтын дәрежеге жетті. Соның салдарынан бұл елдерде ерінбегеннің барлығы партия ашып, сырттан оларға оңды-солды қаржы ағылуда. Әрине, қаражат тегін берілмейді, сол арқылы сыртқы күштер өз мүдделерін іске асырып, көп елдің іргесін бұзып, шаңырағын ортасына түсірді.

Сонымен қатар, саяси ұйымдарды қолдаудың әлемде алдыңғы қатарлы елдерде қолданылатын тағы бір тәсілі бар. Ол - сайлаушылар сеніміне ие болған партияларды мемлекеттің толықтай болмаса да, белгілі бір шарттармен қаржылай қолдауы. 

Партияларға мемлекет қоржынынан қаржы бөлу 60-70 жылдары Батыстың дамыған елдерінен бастау алған. Ең бірінші оны Германия жүзеге асырып, артынша Франция, Австрия, Швеция, Финляндия, Дания қолға алды 70-ші жылдары Италия, Норвегия, Канада және АҚШ осындай тәсілге көшті.

Сол дамыған елдер қатарынан табылғыш біздің еліміз де осы тәсілді қолданысқа енгізуге ұмтылған.

Ия, Қазақстанда қазір партиялар бюджеттен қаражат алып отыр және бұл демократиялық үрдіс болып саналады-мыс.

2009 жылдың 3 қыркүйегінде ҚР Орталық сайлау комиссиясының «Саяси партияларды қаржыландыру ережесін бекіту туралы» №166/314  қаулысы қабылданған. Соған сай бөлінетін бюджет қаржысы соңғы сайлауда жеткілікті дауысты жинап, Парламентке өткен партияларға ғана тиісілі. Ал, қаржының көлемі  әрбір сайлаушы дауысы үшін ең аз жалақы мөлшерінің үш пайызы ескеріле отырып айқындалады.

Яғни, қайсысы дауысты көп алды, майлы жіліктің басы сол партияға бұйырады.

Қазақстанда ондай бақытқа үш партия ие. Олар – 2012 жылғы Мәжіліс сайлауында 80.99% дауыс жинаған, төменгі палатаға 83 депутатын өткізген «Нұр Отан», 7.47% дауыс жинаған, 8 депутаты бар «Ақ жол»,  7.19% дауысқа ие болып, 7 депутаты сайланған Қазақстан коммунистері халықтық партиясы.

Әлгі ережеге қарасақ, күлшенің көлемдігі бөлігі қай партияға берілгені айтпаса да түсінікті.

Дегенмен, сол ақшаның мөлшерін білуге қызығушылығымыз артып, шотқа қағып көргенбіз.

Елімізде қазір ең төменгі жалақы 19 966 теңге. Оның 3 пайызы 598.98 теңге болады. Енді осыны «Нұр Отанға» дауыс берген 5 621 436 сайлаушыға көбейтеміз. Сонда шыққаны 3 миллиард теңгеден асып түсті, нақты айтсақ 3 367 127 735 теңге.

Осы формуламен «Ақ жолдың» ақшасын есептегенбіз, шыққаны – 310 514 226 теңге. ҚКХП-ға тиесілі қаржы 298 764 036 теңге екен.

Айта кетейік, бұл біздің жабайы есебіміз. Бәлкім партиялардың алып жатқаны бұдан сәл көп болар немесе кем болар.  

Көріп отырғандарыңыздай, «Нұр Отанның» үлесі қалған екеуіне қарағанда анағұрлым қомақты. «Байдың асын байғұс қызғанады» дерсіздер, дегенмен ақиқат осы. Әрине бұл жерде ештеңе дей алмайсың, ереже бойынша сайлаушылары көп болған соң ақшаның негізгі бөлігін де солар алып отыр.

Мемлекет осылайша демеп жатқан сол партиялар халқы үшін не тындырып жатыр? Қаражатты қайда жұмсайды? Турасын айтқанда, оларға берілген азды-көпті қаражат мына сіз бен біздің - салық төлеушілердің ақшасы. Сондықтан да, оны білуге хақымыз бар ғой деп ойлаймыз. Шетелде осындай жолмен қаржыландырылатын партиялар міндетті түрде бұқарасына есеп беріп отырады.

Айтпақшы, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жақында бір жиында «Партиямыздың қаржылық есебін жариялаймыз» деп қалған еді. «Негізгі ұстанымымыз: жауапкершілік, ашықтық, есептілік және тиімділік» дегенді үнемі айтып жүрген Б.Байбек сол сөздің үддесінен шыға ма? Оны келер күннің еншісіне қалдырайық.

Негізі бюджеттен қаражат партияларға тек Парламентке өткені үшін ғана берілетін сыйақы емес. Сонымен қатар, сайлауалды үгіт-насихат жүргізе ғой деп те берген жоқ. Жасыратыны жоқ, көп партия әдетте сайлау жақындағанда оянады. Сосын науқан кезінде халыққа уәдені үйіп-төгіп, елде жұмақ орнататын болып, сайлау біткен соң қайтадан таз қалпына түседі. Мемлекеттің партияларға қаржы беруінің мәнісі де осында. Жеңіске жеткен партияларға «бір сайлаудан екіншісіне дейін жатып алмай, халықпен жұмыс істе, сайлаушылардың мүддесі үшін қызмет ет» деп береді.

Хош, сонымен бюджеттің қаражатын алып отырған бұл партиялар не бітірді дегенге тоқталайықшы.

Алдымен «Ақ жол» партиясына үңілейік. Жасыратыны жоқ, атауы «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін»  бұл партияның бастапқыдағы уәделеріне ішіміз жылып, бізді ақ жолға бастайтын осы болады-ау деп ойлап едік. «Қашанда халықтың мүддесін қорғаймыз», Алаш идеясына адалмыз деп ұрандаған ақжолдықтар Мәжіліс төріне барып жайғасқан соң, айымыз оңынан туар деп бөркімізді аспанға атқанбыз. Алайда, сайлауға дейін екпіні үй жыққандай болған партияның тындырған ілкімді ісін әлі көре алмай шермендеміз.

Мәжілісте бұл партия өкілдері ұйқысынан оянып кеткенде, ауық-ауық депутаттық сауал жолдап қояды. Кейбір заңдардың қабылдануына атсалысқандай болатыны бар. Әсіресе бизнеске қатысты мәселелерге кірісіп жүреді. Айтпақшы, көпшілік «Ақ жолды» сыртынан «бизнесмендер партиясы» дейді. Онысын кім білген, әйтеуір партия белсенділерінің көпшілігінің кезінде бизнестің бел ортасында жүргендер екені рас... Ұзын сөздің қысқасы, партияның жалпыхалықтық жобалар, бағдарламалар түзіп, оны іске асырып жатқанын көрмеппіз...

Келесі партия - Қазақстан коммунистері халықтық партиясы. Бұрынғы коммунистік партияның ізбасарымыз деп жүрген бұл партияны «тұлыпқа мөңіреген сиырға» теңемеске амал жоқ. Коммунистік партия кімді ұшпаққа шығарды? Қазақстанға қандай пайдасы тиді? Осы сауалдардың нақты жауабын өздері білмесе де, ҚКХП кез келген жерге келмеске кеткен коммунистік идеологияны тықпалаумен келеді. Халық үшін бұдан бөлек не жасағаны өздеріне ғана мәлім...

 

Ал, келесі партия туралы қаласақ та, қаламасақ та ұзағырақ тоқталуға тура келеді.

Ия, «Газеттерді ашып қалсаң да, теледидарды қосып қалсаң да» алдыңнан кесекөлденеңдеп шыға келетін партия бұл.

Қарап отырсақ, бұл елде «Нұр Отан» қолға алмаған, қолдамаған сала жоқ көрінеді. Ана іске де, мына іске де араласатыны рас енді.

Айтыс «Нұр Отансыз» өтпейтін болды. Ұлттық спорт түрлеріне қамқорлық жасаймыз деп, «Көкпар», «Аударыспақ», «Асық ату» «Қазақстан Барысы» секілді жарыстарға демеуші боп кетті.

«Оқулықтардың сапасы нашар» деген сөз шығып еді, ол жерден тағы «Нұр Отан» табыла кетіп, Білім және ғылым министрлігінің сілікпесін шығарды. Партияның «Мирас» қоғамдық кеңесі 173 мектеп оқулығы мен әдістемелік құралға талдау жасады.

Күн сайын демей-ақ қояйық, ай сайын «Кедергісіз келешек», «Біздің ауыл», «Мықты бизнес - қуатты мемлекет», «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы» секілді бір жобаны бастап жатады.

Аталған партиялардың қайсысы аймақтарда белсенді дегенді білу үшін облыстардағы, аудандардағы бөлімшелерін түгендегенбіз. Сонда байқағанымыз, жергілікті жұртшылық әлгі екі партия филиалдарының бар-жоғынан хабарсыз. Барлығы бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай «Нұр Отанның» филиалдарына сілтейді. Сонда бұл «Ақ жол» мен ҚКХП-ның осалдығы ма, жоқ «Нұр Отанның» күштілігі ме?

Осы күні қарапайым халық жергілікті атқарушы биліктен гөрі партияға көбірек сенетін сияқты көрінеді. Қит етсе «Нұр Отанға» шағымданамын» дейтінді шығарды. Әкімдердің өзі бұндайда томпаңдап жүгіре жөнелмесе де, желкесін қасып, ойланып қалатын болды.

Өткен жылы партияның қоғамдық қабылдауына 800 мың адам келіпті. Биылғы жылдың 5 айында 200 мың адам шағымын айтқан. 39 мың арыз мемлекеттік органдардың қарауына жолданыпты. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі 5 жарым мың адамға қамқорлық көрсетіліп, оның ішінде 2,6 мың адам тұрақты жұмысқа орналастырылған.

Жұмыспен қамту демекші, жақында Бауыржан Бейбек бір топ азаматты партия қатарына қабылдап тұрып: «Партияның өзі қазір 3000 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр, жыл сайын мемлекетке 600 миллион теңге салық төлейміз», - деді.

Ұйым мүшелерінің саны да күн санап арта түсуде. Жақында естідік, аймақтардағы партия қызметкерлерінің жалақысы бір жарым жылдың ішінде 55 пайызға өскен көрінеді. Осыдан кейін партияға қызығушылар қалай көп болмасын.

Сыбайлас жемқорлықпен жағаласып жататын да  «Нұр Отан».  Күні кеше барлық БАҚ осы партияның жемқорлықпен күресу жөніндегі арнайы бағдарлама жобасын жариялағанын жазды. Осы тектес мемлекеттік бағдарлама бар екені белгілі. Алайда, мына бағдарламадан көзге жылы ұшырағаны – «ақпаратқа қолжетімділікті арттыру жөнінде заң қабылдануына ықпал етеміз» делінген. Қоғамда сыбайластық, жемқорлық деген жегі құрттың пайда болуына негізгі себеп те сол қарапайым халықтың тиісті ақпаратқа қолы жетпеуінен болып отырған жоқ па?! Қоғамдық бақылауды күшейтеміз дегендері де құба-құп. 870 мыңнан астам мүшесі бар «Нұр Отан» егер шындап кіріссе, құлқыны құрдымдардың басқан ізін аңдып, тыпыр еткізбеуге шамасы толық келіп тұр ғой. «Әр бес жыл сайын бағдарламаны жүзеге асырудың Жол картасын, жыл сайын іс-шаралар жоспарын әзірлейміз», дейді тағы.

Ақпарат саласында да тағы осы партия жұрттың алдын орап кетуде. «Нұр Медиа» холдингі дегенді құрып, «Айқын», «Литер», «Түркістан», «Қазақстан теміржолшысы» газеттерін, «Астана» телеарнасын, «NS» и «Orda FM» радиостанцияларын, Aynaline.kz, Munara.kz, Remarka.kz интернет ресурстарын ашып қойды. Қаншама журналист солардың сойылын соғып жүр.

Қазір жұрт жабыла мақтап жүрген электронды үкімет жүйесінен қалыспай, электронды партия жобасын іске қосты. Енді қажет еткен адам партиямен байланысты үйден шықпай-ақ орната алады екен.

Бұдан кейін «азуын айға білеген» партия ғарышқа ұшамыз десе таңғалуға болмас. Мына түрлерімен Марсты да бағындырамыз деуі ғажап емес.

Ал, Парламент есігінен ене алмаған партиялар не бітірді?

Алдымен олардың арасындағы танымалдауы - Жалпыұлттық социал демократиялық партиясына шолу жасайық. Партияның белсенгенін соңғы рет 2012 жылғы парламент сайлауында көрген сияқтымыз. Қажетті дауысты ала алмағаннан кейін, партия әдеттегідей «ұзақмерзімдік демалысқа» кетті. Қоғамда жүзеге асырылып жатқан кейбір бастамаларға, өзгерістерге қарсы өкпесін айтып, баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде бұлқан-талқан болғаны болмаса, жсдплықтардың нақты әрекетін әлі күнге ешкім көрген емес.

Ауыл проблемасын ауық-ауық көтеруге тырысып жүретін «Ауыл» партиясы да сайлау өткеннен бері жым-жырт.

«Бірлік» деп аталатын партияның да елдің бірлігі мен тірлігін гүлдендіруге арналған бір ісін еске түсіре алмадық. «Әділет» және «Руханият» партияларының некелесуінен пайда болған бұл ұйымның әділет үшін күресіп жүргенін немесе руханияттың жоқшысы болғанын көрмеппіз. Көп адам бұндай партияның бар екенінен хабарсызбыз десе, таңғалуға болмас.

Қазақстан патриоттары партиясы деген атағы алатаудай ұйым бар. Өзіне 172 000 адам мүше. Алайда, ол да келесі сайлауға дейін қалың ұйқыға кеткендей...

Сонымен, Қазақстанда «бір жарым партиялық жүйе» қалыптасты. Құлаққа жағымсыз естілсе де, шындықты мойындауға мәжбүрміз. Мәжілістегі «Нұр Отанның» 83 депутатының жанында қалған екі партияның 15 депутатының жағдайы жалғыздың үні шықпастың кері ғой. Оның үстіне Үкіметті құрап отырған да осы партия. Президенттің өзі осы партияның басында.

Бір есептен, жан-жақтағы жағдайды барлап көргенде елдегі халықтың басым бөлігі шоғырланған партияның әлеуетті һәм белсенді болғаны да дұрыс па дейсің... Далиған даласы бар дегенің болмаса, ат төбеліндей ғана халқы бар Қазақстанды мұхиттың арғы жағындағы алпауыт ел де, басқалары да аяйын деп отырған жоқ. Бұған сыртқы һәм ішкі саяси күштерін еркімен жіберіп алып, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп жатқан елдер мысал.

Саяси ұйымдарға қолдау көрсетпей, өз күніңді өзің көр десе қалай болар еді? Мұндай жағдайда қалтасы бос қалған ұйымдар сырттан басқа қаржыландыру көздерін іздей бастауы мүмкін. Іздегенге сұраған дейтін ондай «батпан құйрықтар» бүгінде жеткілікті. Бұған мысалды алыстан іздемей-ақ қоюға болады.

Біраз жыл бұрын «Алға» деп ат қойып, айдар таққан ұйымға кейбіреулер жылылық танытып еді, онысы өзіне таяқ болып тиді. Сонау 2005 жылы БТА Банктен 7 миллиард долларды жымқырған М. Әблязовтің сол тіркелмеген «Алға» партиясын толық қаржыландырып отырғаны әшкере болды. Сол қаржының арқасында Козловтар айрандай ұйып отырған ел ішін алатайдай бүлдіре жаздаған жоқ па?

 

Қарап отырсаңыз, «Нұр Отан» қазір тым белсеніп алған. Осындайда «Күштінің құйрығы диірмен тартады» деген мәтел ойға келеді. Жағдайы келіп тұрған соң жасайды да. Жағдай демекші, әлгі «Ақ жол» мен ҚКХП да бюджеттен тәп-тәуір қаражат алып отыр. Солар «Нұр Отанның» алдын орап, осы шараларға кірісіп кетуге шамалары жетпесе де неге талпыныс жасап, қандай да бір өміршең жобаларды жүзеге асырмайды деген ой келеді. Сонда, халықтың шын қолдауына ие болар ма еді бәлкім...

 

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052