Сенбі, 23 Қараша 2024
Дежа вю 6991 0 пікір 9 Шілде, 2014 сағат 11:34

Арынның ісін тергеу аяқталды

Қаржы полциясы агенттігі Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ерлан Арынның ісін қарап аяқтады.

Ерлан Арын аса ірі көлемде пара алып, қаржы жымқыру үшін облыстық әкімдікте қызмет атқарған лауазым иелерін пайдаланып ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп айыпталған болатын. Сөйтіп оның үстінен  4 наурызда  (2014 ж) іс қозғалған еді. Енді сол іс толық қаралып бітуге таяса керек.  Экс-әкім «ENRC Kazakhstan» ЖШС-інен 23 миллион теңге көлемінде пара алды деп айыпталуда. Сондай-ақ ол мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысқан құрлыс фирмаларынан да пара алып отырған көрінеді. Арынға дейін Павлодар облысы әкімдігі құрлыс басқармасының бастығы Әлібек Құлжанов бюджеттен 153 млн теңге ұрлады деп айыпталған-ды. Басында 1 млн 400 мың, соңынан 8 млн 700 мың пара алды деп айыпталған Төлеген Бәстенов те (Ерлан Арынның кеңесшісі) 2013 жылы тұтқындалған. Осылайша айналасына «жемқорларды» жиыстырған Ерлан Арын сот үкімін күтіп тергеуде жатыр.

Ерлан Арын негізінен ғалым адам. Экономика ғылымдарының докторы, профессор.  Тоғыз томдық «Қазақтар» және «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тілі» атты энциклопедиялық анықтамалықтар мен Мәшхүр Жүсіп мұраларын жинақтап, құрастырушы. 1997 жылы «жыл адамы» атанған тұлға.    Президент жарлығымен әкімдік қызметке тағайындалардан бұрын Павлодар облыстық мәслихатының мүшесі, С. Торайғыров атындағы педагогикалық университеттің ректоры болды. Ректор кезінде өңірдегі шетін мәселелермен шұғылданған ғалым облыс тұрғындарының ықыласына бөленіп сол бетімен әкімдік қызметін жалғастырған-ды. 2013 жылы  31 мамыр күні саяси-қуғын сүргін құрбандарына облыс орталығынан мемориал кешенін ашып, сол жылы мінәйі бір себептермен ол казкатардың атамандығын да қабылдап жіберген болатын.

Ерланның әкесі Мұхтар ақсақал қазақтың дегдар адамдарының бірі болды. Мұхтар Арынның Ақтөбеде Қ. Жұбанов атындағы университетті басқарып жүріп үлкен істер тындырғанын жұрт аңыз қылып айтады. Сондай ірі тұлға облыс әкімшілігіне бас сұғып жүрген күндерінің бірінде мемлекеттік қызметке жаңа іліккен Аслан Мусинді көреді. Жас жігіттің алғырлығын ұнатып, оған қолдау жасайды. «Сыйға – сый, сырға – бал» деген бар емес пе, кейін биік мансаптарға қол жеткізген Мусин Мұхаңның балаларына бас-көз болып, ағалық танытқанға ұқсайды.

Аслан Мусин Президент әкімшілігінің жетекшісі болып тұрған кезінде Ерлан Арын Павлодар облысының әкімдігіне тағайындалды. Мусиннің «табанының астындағы жер қозғала бастаған» күннен-ақ Арынның да десі қайтып, арыны басылды. Ерлан Арынның істі болуын жұрт осылайша Мусиннің  саясат алаңындағы ойыннан шеттетілуімен байланыстырады. Неге десеңіз, Қазақстанда мақтаулы әкім-қаралардың немесе өзге де лауазым иелерінің аяқ астынан «әй, кәпір» атанып шыға келуі аса қиын емес. Осыдан оншақты жыл бұрын Президенттің «любимчигі» атанып жүрген Ғалымжан Жақиянов 500 мың теңге көлемінде пара алды деген айып тағылып абақтыда 6-7 жыл отырып шыққан болатын.

Abai.kz  

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371