Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Қоғам 5729 0 пікір 9 Маусым, 2014 сағат 13:18

ПОРОШЕНКО ОРЫС ТІЛІНЕН БАС ТАРТТЫ

Украинаның жаңа сайланған президенті Петр  Порешенко өзін ұлықтау рәсімінде ел басшысы ретінде қандай қадамдар жасайтыны туралы баяндап, Украинада жалғыз мемлекеттік тіл болуы керек, ол Украин тілі деп атап көрсеткен. Ол өз сөзінде: «Елдің жалғыз мемлекеттік-  тілі Украин тілі. Бұл - Украинаның өз таңдауы», - деді.

Айта кететін болсақ, аталған ұлықтау шарасына жиырмадан астам мемлекеттің басшысы барды. Олардың ішінде Беларусь президенті Александр Лукашенко, Польша президенті Бронислав Коморовский, АҚШ-тың вице президенті Джо Байден, Литва президенті Даля Грибаускайтелер бар. 56 елден шақырылған қонақтар тізімінде Ресей президенті Владимир Путинның ғана аты жоқ.

50 миллионға жуық халқы бар Украина Республикасында 8 миллионнан асатын орыс диаспорасы тұрады. Ол бар болғаны Украина халқының 16 пайызын құрайды. 90 жылдардан соң СССР құрамында болған мемлекеттерде  орыс тілі мемлекеттік тілмен тең мәртебелі болып келді. Алдыңғылардың бірі болып Өзбекстан орыс тілінен бас тартты. Өзбекстанның  1989 жылғы мемлекеттік тіл туралы заңында орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі деп көрсетілген. 1995 жылғы редакция бойынша орыс тілі ол мәртебесінен айырылды. Көршілес Қырғыз Республикасы былтыр - 2013 жылы мемлекеттік тіл туралы заңды қайта қарап, ондағы орыс тіліне мәртебе беріп тұрған бапты алып тастады. Әзербайжан Республикасында 2002 жылғы Гейдар Алиевтің «Әзербайжан Республикасының мемлекеттік тілі» туралы бұйрығы бойынша елдегі орыс тілінің ықпалы бір жола жойылды. Ал 2007-2008 жылдардағы Әзербайжан Республикасы ұлттық кеңесінің шешімімен ел аумағында Ресей арналарының таралымына тыйым салынды.

Қазіргі таңда орыс тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алған Ресейден басқа бірнеше мемлекет бар. Олар Беларусия(ақ орыстың жайы түсінікті), Оңтүстік Осетия(бұндай мемлекет бар екенін көптеген елдер мойындамайды.),  Приднестров Молдава Республикасы(бұл елде бар жоғы жарты миллион халық тұрады, оның 170 мыңы орыс ұлты). Ал орыс тілін мемлекеттік тілімен қатар қолданып, ұлт аралық қарым-қатынастың тілі еткен жалғыз мемлекет – Қазақстан. Қазақстанда орыс ұлтының үлесі 20 пайыз ғана. Соңғы санақ бойынша Қазақстанды бағзы заманнан мекен етіп келе жатқан қазақ ұлты халықтың 70 пайызға жуық үлесін ұстады.

СССР-дан ең соңғы болып шыққан Қазақстан, орыс тілінен де ең соңғы болып бас тарта ма, әлде орыс тілі мәңгілік елдің мәңгілік қарым-қатынас тілі болып қала ма? Бұл сұраққа әзір нақты жауап бере алмайтын сияқтымыз. 

Нұрғали Нұртай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052