Шетелге барып демалу мақтаныш па?
Жаз шығып, жыл он екі ай жұмыс істеген кез келген адамның көкейінде «Жазғы демалысты қайда өткізсем ?» деген сауал туатыны белгілі. Алайда сол еңбек демалысында ойдағыдай демалып жүрміз бе? Олай деп айтуға көптің батылы бармайтыны анық. Бүгінгі баға шарықтаған қымбатшылық заманында кез келген адам демалысын шетелде өткізе бермейтіні рас. Алайда отандық Бурабай мен Сарыағаштың бағасы Еуропа курорттарынан кем түспегендіктен, еліміздегі демалыс орындарында да демалушылар аз.
Сарапшылардың айтуынша, отандастарымыздың жартысына жуығы демалысын үйде өткізеді екен. Тіпті азаматтардың демалысын жұмыс берушінің кәсіподақтар арқылы ұйымдастыруы да азайып барады. Міне, осыдан орташа жалақы алатын жандар «жабайы» демалысты таңдайтын көрінеді. Ал демалысын ойдағыдай өткізіп жатқандар отандық демалыс орындарынан гөрі шекара асып, теңіз жағалауында демалғанды жөн санайды екен. Бұған дәлел ретінде күні кеше ғана Алматыда өткен «Туризм және саяхат» халықаралық көрмесінде өткізілген сауалнама барысында отандастарымыздың басым бөлігі шетелдік курорттарды таңдағанын айтуға болады. Қандастарымыз шетелде демалуды мақтан көре ме деп те таңғаласың. Осылайша ел азаматтарының қаржысы шекара асып, шетелдік ақша айналымына кетуде. Шындығында, бұндағы басты себеп еліміздегі демалыс орындарындағы қызмет көрсету сапасы мен бағаның сәйкес келмеуіне тіреледі. Сөзіміздің дәлелі ретінде бұл туралы жақында Мәжіліс депутаты Н.Жазылбековтың Үкімет басшысы К.Мәсімовке жолдаған депутаттық сауалын айтуға болады. Онда ол «Бурабай» курортындағы тек таңғы асыңыз ғана кіретін он күндік демалыс 350 мың теңге екенін, ал Түркиядағы ұшақ билетімен қоса түскі, кешкі ас та кіретін бұндай демалыс құны 225 мың 396 теңге болатынын айтады.
«Қазақстан туризмнен жылына 10 миллиард доллар пайда табады» деп жуықта бекітілген туризмді дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында айтылған еді. ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің пікірінше, туристік саланы тиімді әрі жедел дамыту үшін туризмді әлеуметтік саладан шығарып, экономиканың басымдыққа ие секторына айналдыру қажет екен. Ол үшін бес аумақтық кластерлер – Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстанды дамыту ұсынылған. Атап айтқанда, Астана мен Алматыны іскерлік туризмнің, Шығыс Қазақстанды – экологиялық туризмнің, Оңтүстік Қазақстанды – мәдени туризмнің, Батыс Қазақстанды – жағажай туризмінің орталығы ретінде өркендету көзделген. Сала мамандарының айтуынша, аталған жобалар толығымен іске асырылған жағдайда елімізге келетін туристердің ағыны жылына 8 млн-нан астам адамды құрап, 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұған бек қуансақ та, бұл мақсаттың іске асуына күдікпен қарауға болады. Себебі елімізге шетелдерден туристерді тарту үшін ең әуелі ел азаматтары отандық демалыс орындарын таңдау керек емес пе?! Ал ол үшін олардың қарапайым халыққа қолжетімділігі ескерілу керек сияқты. Біріншіден, баға мен сапа үйлесуі қажет. Расында, кез келген демалушы қызмет көрсету сапасы жоғары жерде ғана емін-еркін демалады ғой. Кәсіпкерлер бағаны белгілегенде, қандай талаптарға сүйенеді екен деп таңғаласың. Бұдан кейін инфрақұрылым мәселесі алдымыздан шығады.
Мәселен, Алакөл не Марқакөл сынды інжу-маржандарымызға жеткенше, демалысыңыздың берекесі қашады. Себебі жолдың алыс болуы өз алдына, бұған қоса оның сапасы сын көтермейді. Қалай десек те, көзтартар табиғатымен елді тамсандырып жүрген жерлерімізді таныту үшін жеке кәсіпкерлер Үкімет тарапынан қолдауға мұқтаж. Айталық, мемлекет кейбір алыс аймақтардағы демалыс орындарына жаз айлары кезінде шағын ұшақтар ұйымдастырса, бұл да келушілердің санын көбейтетіні анық. Екіншіден, қазақстандық туризмді дамытудың басты қозғаушы күші ретінде жарнама мәселесін айта кеткен жөн. Ешқандай қазба байлығы жоқ, тек туризм арқылы байлыққа белшесінен батып отырған елдер жарнама мәселесіне немқұрайлы қарамайтыны байқалады. Әлемнің алты құрлығындағы жерлерді біле тұра, елімізде інжу-маржан саналатын жерлерді көпшілік біле бермейтіні рас. Себебі теледидарды болсын, радионы болсын қоссаңыз да, қай басылымды ашсаңыз да шетелдік курорттардың жарнамасы көздің жауын алады. Сондықтан жарнамалау мәселесі назардан тыс қалмауы тиіс.
Елге келетін туристер Қазақстанның табиғаты мен жәдігерлер табылған тарихи орындарға қызығатыны анық. Сондықтан әлі де ашылмаған тарихи жәдігерлерімізді археологиялық іздестіру жұмыстарына да көңіл бөлу қажет. Ал табылған ежелгі тарихи орындар мен жәдігерлердің тізімі нақтыланып, олар мемлекеттің қорғауына алынса бұл өз кезегінде туризмді дамытуға үлесін тигізеді. Көрнекті жерлерді ірі туристік өңірге айналдырсақ, туризм саласында бәсекелестік пайда болып, сапалық көрсеткіштер де арта түседі. Осының нәтижесінде отандық туризм саласы шетелдік туристерді тарта аларлықтай қабілетке ие болар еді. Бұны айтып отырғанымыз, ішкі туризм дамымай, сырттан туристерді де елге тарта алмаймыз.
Ақбота ИСЛӘМБЕК
"Ана тілі" газеті