Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 12212 0 пікір 23 Мамыр, 2014 сағат 12:38

БЕЙБІТ ҚОЙШЫБАЕВ. АШАРШЫЛЫҚ

І.Танымның қиын жолы

Кеңестік дәуірде ашаршылықтың жабық тақырып болғаны белгілі. Баспасөз ол жайында сөз қозғамайтын. Отыз екінші жыл нәубеті оңашада, от бастарында ғана сыбырлап айтылушы еді. Көшпенді жұртты қынадай қырған аштық зұлматының ажалды тырнағынан ешбір  қазақ әулеті дін-аман құтыла алмаған. Сондықтан да халық санасына терең жара салды. Еcтен шықпады. Тоталитарлық стандарт жеңген, коммунистік партияның біріктіргіш күші мойындалған заманның өзінде ұмытылмады. Алайда аштықтың миллиондаған жазықсыз құрбандарын совет өкіметі жылдары ашық еске алу мүмкін емес-тін.

Өзгеріс Кеңестер Одағындағы билеуші партияның жариялылық пен қайта құру саясатын жариялауынан, сөйтіп, азаматтар санасын шеңгелдеген рухани құрсауды біртіндеп босатуынан басталған. Баршамызға белгілі, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне байланысты орнаған «Кіші 37-ші жыл» ызғырығы артта қалып, Қазақстанда да демократияның «алтын күрегі» еркін есе бастасымен -  «ақтаңдағы» мол тарихымызды сын көзбен зерттей отырып жаңғыртуға кірістік.

Тоталитарлық дәуір ауызға алуға тыйым салған саяси  жазалаулар мен ашаршылық шындығы 1988 жылдан қазақ баспасөзінің өзекті тақырыбына айналды. Сол жылы сталиндік лагерьлер тауқыметін тартып оралған «халық жаулары» зайыптарының бір тобы Мәскеудегі «Мемориал» қозғалысының мақсаттарына қолдау білдірген үндеу-хаттарын жария етті. Одан бір топ жас қаламгер 30-жылдарғы репрессиялар мен 32-жылғы алапат аштық құрбандарын есте қалдыру шараларын ойластыруды ұсынды. Екі үндеуде де жазықсыз жандар рухын ардақтайтын символикалық ескерткіш орнату жайы көтерілген еді. Жазушылар қажет қаржы жинауды көздейтін арнайы есепшот ашты. Мәселе сталиндік қуғын-сүргін құрбандарының адал есімдерін тірілтуді мұрат еткен  қозғалыстың қанат жайып,  дамуына ұласты.

Біздегі іс-әрекеттің Мәскеу қозғалысынан ерекшелігі - сталинизм қылмыстары ретінде тек саяси репрессияларды әшкерелеу ғана емес, сонымен бірге, сталиндік-большевиктік бұрмалаулардың аса қайғылы салдары - жадымызда  халқымыздың айтып жеткізгісіз трагедиясының символындай болып «32» деген қанды цифрлармен жазылып қалған алапат  ашаршылықтың да шындығын ашу мәселесінің күн тәртібіне батыл шығарылуында жатты.

Саяси бұрмалаулар жылдары жазықсыз жапа шеккендер мен олардың ұрпақтарының, жазушылар, ғалымдар, журналистер, өзге де жұртшылық өкілдерінің қатысуымен 1988 жылы құрылған ұйымдастыру комитеті 1989 жылдың сәуірінде қозғалыс белсенділерінің ұйысу конференциясын  өткізді. Сол құрылтайшылық жиналыста Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы шаңырақ көтерді. Халықты орны толмас қасіретке душар еткен кеңестік солақай реформалар құрбандарына ескерткіш қою мәселесі «Әділет» қоғамы қызметінің маңызды бағыттарының бірі ретінде танылды. Оған жер-жерден қолдау көрсетіліп жатты.  «Әділеттің» зерде кітабын жасау ісі жұртшылықтың өз шаруасына айналды.

Мәселен, қоғам идеясына Жамбыл облысындағы Сарысу аудандық өлкетану музейінің директоры Төкен Мақашев алғашқылардың бірі болып үн қосты: көнекөз қарттар аузынан жалпы санының үштен екісінен айрылған аудан халқының бастан кешкен қияметтері жайындағы естеліктерін жазып алды (сол қаралы кезеңді бүгінде Саудакентте  ашаршылық құрбандарына қойылған ескеркіш еске салып тұр). Алматыдағы Қазақ университетінің тарих факультетінде оқытушылар Талас Омарбеков пен Қамбар Атабаевтың жетекшілігімен «32-нің зұлматы» атты ғылыми-зерттеушілік үйірме құрылды. Студенттер ғылыми экспедицияларға шығып, аштықтың тірі куәлерінің естеліктерін жинады. Іздестіру жұмыстарының нәтижелері бойынша конференциялар өткізілді. Күштеп ұжымдастырудың, алапат ашаршылықтың жасырын деректерін іздеумен Орталық мұрағат директоры Марат Хасанаевтың қамқорлығы арқасында құрылған мұрағатшы жастардың тарихи-ағарту бірлестігі де шұғылданды. Жекелеген ғалымдар  бұл тақырыпқа елеулі ғылыми жұмыстар жазды.  Тарих және этнология институтында іргелі зерттеулер жүргізілді. Тарихымызға жаңаша көзқарас қалыптаса бастады.

Осындай реттермен туғызылған қоғамдық пікірдің оң нәтижесі сол, Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланысымен, мәселеге еліміздің сол кезгі парламенті (Жоғарғы Кеңес)  сергек үн қосты. Жоғарғы Кеңес Төралқасы 1931-1933 жылдарғы ашаршылықтың себеп-салдарларын анықтау үшін құрамына ғалымдар мен зерттеуші-мамандар тартылған айрықша комиссия құрды. Комиссия аталмыш қаралы белесті егжей-тегжейлі тексеріп, қорытындыларын жасады. Жаппай күштеп ұжымдастыру науқанына және оның қайғылы салдарына айналған аштық нәубетіне шынайы ғылыми көзқарас тұжырымдалды. 30-шы жылдарғы ашаршылық сталинизмнің аса ірі қылмысы ретінде аталып, іс жүзінде көшпенді жұртқа геноцид жасалды делінді. Бірақ комиссияның бұл бағасына парламент тарапынан қолдау көрсетілмеді. Дегенмен қазақ халқының ұлттық қасіретін жыл сайын арнайы бір күнде аза тұтып еске алып тұру дұрыс деп ұйғарылды. Халық басына түскен ашаршылық сынды нәубет құрбандарын еске алу күні ретінде 31 мамыр  белгіленді.  Сөйтіп, сол 1992 жылдан бастап әр жылғы  мамыр  айының соңғы жұлдызында ашаршылық құрбандары аруағына тағзым етіп тұру заңдастырылды.

Алайда осы арнаулы күнде мән-мағынасына сай қаралы-салтанатты іс-шараларын өткізіп отыру дәстүрге айналдырылмады. Имандылық істің басталмай жатып сиырқұйымшақталып бара жатқаны алғашқы жылы-ақ мәлім болған. Осы жолдар авторы 1992 жылғы 25 мамырда «Алматы ақшамы» газеті тілшісінің сұрақтарына  берген жауабында («Қасіретті ұмытпа!») ашаршылықты еске түсіру күнін атап өтуге әзірліктен гөрі самарқаулық  көзге ұратынын айтты. Оның себептерінің бірі тек партия ұранына, яғни биліктің аузына қарап әрекет етуге дағдыланып қалғандығымызда жатқан. Және оған сол шақтағы азаматтық белсенділігіміздің төмендігі әрі жалтақтығы да теріс әсерін тигізді. Әрі, тәуелсіздікпен бірге билік буындарына жаңадан қойылған «реформаторлар» қазақ қасіретінің астарын түсіне бермейтін. Қазақты өз жерінде азшылық еткен саясатқа жанама түрде баршаның қатысты болғанын парықтай қоймайтын. Билеушілер қолымен жасалған  ашаршылыққа орыс халқының кінәлі еместігін ескермейтін. Есесіне, тарих сахнасынан кеткен мемлекеттің солақай саясатын әшкерелеуді республикадағы бүгінгі орыс тілді көпшіліктің және демократиялық көрші ел билігінің «шамына тиеді» деп білетін. Сондықтан да  олар бұл күнді «ұмыт қалдырғанды» қолайлы көрді.

Алайда маңызды мәселеге осынша бейжай қараудың ұлттық-мемлекеттік мүддеге жауап бермейтіндігі анық еді.  Қиғаштықты түзеу қажет. Бұл үшін жалпыұлттық татулықты қастерлеумен бірге, оны саяси қуғын-сүргін шындықтарын аша отырып сақтауды жүзеге асыру керек. Біздің демократиялық жоғарғы өкіметіміз дәл солай етті.  Сөйтіп, бұл іске, жоғарыда айтқанымыздай,  арнайы  айдар тағылған 1997  жыл бойы мол көңіл бөлінді.

Еліміздің бас газетінде белгілі ғалым Кеңес Нұрпейісұлының «Қасірет құрбандарына ескерткіш-пантеон орнатылса - елдігіміздің тағы бір белгісі болар еді...» («Егемен Қазақстан», 9 қаңтар 1997 ж.) деген мақаласы жарияланды. Онда ол 1916 және 1986 жылдар арасындағы жазалаулар мен аштық оқиғаларын ғылыми тұрғыда жүйелеп, дәйекті ұсыныстар  білдіру арқылы арнаулы жылдың мән-мағынасын ашқан еді.

Репрессия құрбандарын еске түсіру осылай - республикамызда тұратын барша ұлт өкілдерінің татулығы мен келісіміне сабақтастыра қарастырылған. Сол 1997 жылдан бастап ашаршылық нәубеті құрбандарын еске алу күнінің мазмұндық ауқымы кеңейтілді. Содан бері 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде аталып келеді.

Алапат ашаршылық та жойқын саяси жазалаулар жүргізген сталиншіл саясаттың салдары, мұны жұртшылық айқын түсінді. Сол себепті еске алу күніне берілген жаңа мазмұн дұрыс қабылданды. 31 мамырдың  жаңа мәртебесі бүкілхалықтық мойындауға ие болды. Бұл күні жұртшылық өкілдері саяси қуғын-сүргін құрбандарына жаңа ескерткіштер тұрғызу, орнатылған ескерткіштерге гүл шоқтарын қойып тағзым ету сынды шараларға міндетті түрде қатысуды үрдіске айналдырды.

Сонымен, 31 мамыр күнгі жиындарда репрессия жылдары жазықсыз атылған азаматтар аруағына құрмет көрсетумен қатар, қарапайым халықты бұрын-соңды ешқашан тарихта болмаған қырғынға ұшыратқан ашаршылық та саяси қуғын-сүргін салдары ретінде орынды аталып келеді. Бұл орайда белсенді әрекетімен ел ризашылығына бөленген  іс адамдары да бар. Мәселен, Алматы облысының Ақсу ауылы интернатында 32-ші жылы аштан қырылған тоқсан бала жерленген орынға 2002 жылғы 31 мамырда жеке бейнетқор күшімен ескерткіш қойылды. Мұндай әрекеттер әр жерде жасалды.  Нәубеттің белгісіз құпияларын ғалымдар, жазушылар, журналистер, деректі кино шеберлері әр қырынан ашып, жұртшылыққа жеткізуде.

Дегенмен сонау  қаралы кезеңнің атын атап, түсін түстеп мән беру ауқымы жеткіліксіз дәрежеде екені мойындау ләзім. Олай дейтініміз, қылмысты саясат туғызған алапат ашаршылық халқымыздың өсіп-өнуіне  сандық та, сапалық та тұрғыда ойсырата зиян тигізді. Оның ауыр салдарлары айтып-жеткізгісіз, тірі қалған ел-жұрттың басына салған ауыртпалығы ұшан-теңіз. Соларды біз  ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Бұл болашақ үшін, халқымыздың бірлігін, Тәуелсіздіктің тұғырын нығайта түсу үшін қажет. Алайда сонау орны толмас қайғы-қасіретті лайықты деңгейде еске алып, аза тұту рәсімі елімізде әзірге қалыптасар емес.

«Әділет» қоғамы осыған жұртшылық назарын ұдайы аударып келеді. Көп болып  ойласуға тамызық боларлық ой тастау мақсатымен мақалалар  жазылды, конференциялар өткізілді. Еліміздің қиын-қыстаулы даму тағдырындағы күрт құлдырауға душар еткен ашаршылық сынды қайғылы кезеңдер шындығы толық мәнінде ашылмағаны айтылды. Өйткені, жаңа сапалық жеңгейге көтерілмек түгіл,  тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көпшілікке әйгі болған жәйттердің өзі жаңа жүзжылдық басында белгілі бір дәрежеде жұртшылық санасынан өше бастаған, тіпті ұмытылған болатын.

Сөз жоқ, ашаршылықты әрдайым есте тұту қажет. Олай етудің басты себебі сол, ашаршылық - тұтқиылдан кездейсоқ тап болған зобалаң емес-ті. Ол патша заманында негізделіп, кеңестік кезеңде өрістетілген нәубет еді. Большевиктік билік жол берген зұлмат қазақ халқына жер бетінен халық ретінде мүлдем жойылып кету қаупін төндірді. Аштық құйыны бірнеше мәрте соқты. Әсіресе Отыз екінші жылдың халық санасына терең із қалдырғаны белгілі. Одан бері де, міне,  бақандай сегіз онжылдық өте шығыпты. Халқымызды ХХ ғасырда айтып жеткізгісіз Ұлттық Апатқа ұрындырған, қайғы-қасіреті көл-көсір ашаршылық жылдарының ең ауыр кезеңіне биыл 80 жыл.

Самодержавиелік Ресейдің отарлық құлдығынан азат болған қазақ елі  Кеңестік Ресей Федеративтік Республикасы құрамында автономия алды. Елдігін қалпына келтірді. Бұл қуанышты оқиға еді. Бірақ автономиялық республикамыздың ғұмыры жалпыұлттық трагедияға ұласқан аштықпен астасты. Бұл бізді қапаландырады.  Бізге мұның себеп-салдарын терең  зерделеу қажеттігін ұғынамыз.

Сонау апатты зұлмат халқымыздың басына кездейсоқ үйірілген жоқ, оның терең тамырын ажырата білу ләзім. Ал ол режим ауысқанмен сабақтастығын жоғалтпаған отарлаушылық пиғыл мен әрекетте жатыр.

Баршаға мәлім, Ресей тарапынан ХVШ-ХIХ  ғасырларда мақсатты түрде жүргізілген жаулап алулар нәтижесінде қазақтың мемлекеттігі жойылды. Жері мен халқы империя құрамына енгізіліп, түрлі ресейлік әкімшілік бірліктерге бөлшектенді. Қазақ өлкесін орыс жеріне, халқын, этностық түрі бөлекше болса да, тіршілігі мен жан-дүниесі жағынан кәдімгі орыс мұжығына  айналдырудың кең көлемді шаралары жүзеге асырыла бастады. Халқымыз тұтастығын жоғалтты. Тек кеңес өкіметінің арқасында, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінің соңында ғана, Қазақстанның жер-суы мен халқының негізгі құрамы бір шаңырақ астына іс жүзінде біріктірілді.

Автономияның іргесі кеңейтілгеннен кейін, 1925 жылғы сәуірде өткен  Қазақстан Кеңестерінің  Бірінші (ескі Қазақстандағы есеп бойынша - Бесінші) съезінде  халқымыздың басына түскен проблеманың тарихи тамыры жүйелеп ашылған болатын. Сол құрылтайда Қазақ өлкесін отарлау басты-басты үш дәуірде   (1. Орыс жерінен өз еріктерімен келген қилы бақ іздеушілер мен қашқындардың отарлауы - бұл ХVI ғасырдан басталды; 2. Сауда-өнеркәсіп мүддесін көздеген самодержавие  үкіметінің  әскери-әкімшілік тәсілдермен отарлауы - бұл ХVIІІ ғасырдан басталды; 3. ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басынан бері - Ресейдің ішкі губернияларынан шаруаларды жаппай көшіріп-қоныс аударту жолымен отарлау)   жүзеге асырылғаны талдап айтылды.

Ресей үкіметі империалистік мақсаттарын жүзеге асыру үшін Орал, Орынбор, Ертіс желілері арқылы  қазақ даласына ірі-ірі сенімді жасақтарын орнықтырды. Олар қазақтарды Жайық, Тобыл, Ертіс өзендері бойындағы үйреншікті ата қоныстарынан қуып, мал бағу шаруашылығының қалыпты жағдайын зорлықпен өзгертті.  Ғасырлар бойы қалыптасқан атакәсіп негіздерінен айырды, қазақтың экономикалық дәулетін қатты ойсыратты.

Әсіресе отарлаудың үшінші кезеңі ауыр болды. Бұл шақта ішкі Ресейдегі жер дағдарысын шешу үшін, «қазақтың жерін игеріп-көркейту» (Столыпин) желеуімен, патшалық әкімшілік Қазақстанға қоныс аударушылар тасқынын бұрған еді. Осы орыс көші мүддесіне қазақтан 1916 жылға дейін көлемі 40.647.765 десятина жер тартып алынған (1 десятина 1,09 гектарға тең). Бұл мөлшер барлық шұрайлы, өмір сүруге қолайлы жер-су аумағынан асып кетті.

Ал шұрайлы жерлер мөлшері күллі қазақтық аумақтың бестен біріне де жетпейтін. Жер комиссариатының 1925 жылғы мәліметі бойынша - барлық жер аумағы 202.962.345 десятина, оның ішінде жарамды жер көлемі 38.170.000 десятина еді.  1925 жылғы құрылтайда: «Переселен толқынының қысымымен қазақ бұқарасы...  шөбі жұтаң, суы аз, құмдауыт жерлерге ығысуға мәжбүр болды. Осы апатты  саясат Өлке экономикасын тез құлдыратты.  Егер өткен ғасырдың 70-ші жж. бір қазақ шаруашылығына 59 бас малдан келсе, 1914-1915 жж. переселен қозғалысының артуымен бұл цифр 25-26 басқа дейін төмендеді», - деп көрсетілді.

Патша үкіметінің отарлық жүйесі төндірген қауіпті ХХ ғасырдың басында қазақ зиялылары терең сезініп, одан қорғану жолдарын ойластырған болатын. Бірақ олардың іс-әрекеттерін құпия полиция тез әшкереледі. Қилы жазалау шараларын қолданды. Сонда зиялылар Бірінші орыс революциясының дүмпуімен өмірге келген жоғарғы заң шығарушы органға үміт артты.

Мәселен, 1906 жылы 1-ші Мемлекеттік дума мінбесінен орынборлық депутат Тимофей Седельников жерінен айрылып жатқан қазақтың кедейшілікке ұрынғанын әңгіме етті. Торғайлық депутат Ахмет Бірімжанов  Думаға әлі келіп жетпеген қазақ депутаттары үшін аграрлық комиссиядан қосымша орын көзделуі қажеттігін көтерді.  1907 жылы 2-ші Мемлекеттік думада семейлік депутат Темірғали Нұрекенов жұтқа ұшырап, қайыр сұрап кеткен босқын қазақтарға үкімет тарапынан жәрдем берілу керектігін мәселе етіп көтерді. Ал оралдық депутат Бақытжан Қаратаев үкіметтің шаруаларды ішкі Ресейден «жаңа жерлерге» қоныс аударту  арқылы қазақты жер-судан айырған переселендік саясатын сынаған атақты сөзін сөйледі. Бірақ олардың бірде-бірі билікке ұнаған жоқ. Император бұларға екі Думаны да тарқатып жіберуімен, әрі бұратаналарды бұдан былай сайлау құқығынан айырған 1907 жылғы «3 маусым» заңын  шығаруымен жауап берді.

Патша үкіметінің аграрлық саясатын  2-ші Мемдума мүшесі Б.Қаратаев  оның комиссияларында атқарған жұмысы ретімен де, өзінің қазақ мүддесін қорғау жолдарын іздестіру орайымен де жіті зерттеді. Үкіметтің қазақтардың көшпелі өмір салтын ХХ ғасырда мүлдем жоймақ жоспары барын ірі лауазымды патша чиновнигі аузынан естіді. (Дегенмен көшпелі өмір салтының омыртқасын біржолата үзуді царизм емес, большевизм жүзеге асырды). Биліктің қазақ мүддесіне қайшы іс-әрекетін  переселен басқармасының күнделікті іс-дағдысынан көріп отырды. Шұрайлы жер-судың жырымдалып қоныс аударушыларға өтіп жатқанын нақты мысалдармен дәлелдеп, оның басты себептерін дәрменсіздене талдады (бұған оның  университеттес жолдасы Барлыбек Сыртановқа 10-жылдары жолдаған, 30-жылдары баспасөзде жария болған хаты, сондай-ақ 1910 жылы Әлихан Бөкейхановқа да жазып, 2004 жылы «Алаш қозғалысы» құжаттар мен материалдар жинағында басылған хаты куә). Ақыры, қазақ үшін бұдан былай тұрмыс салтын қайта құру ғана өміршең болмағын парықтап, үкімет саясатына бейімделуді қолайлы көрді. Әркімге жер үлесін алып отырықшылыққа көшу қажеттігін уағыздады. Бір қауым жұртты отырықшы етіп өзі үлгі көрсетті.

Алайда бұл бастаманың ғұмыры ұзақ болмады. Оны қазақ зиялыларының Әлихан Бөкейханов бастаған екінші белді тобы қабыл алмады. Аграрлық мәселелердің ірі білімпазы Ә.Бөкейханов патша үкіметі  ұсынған жер үлесі мөлшеріне мүлдем қарсы болды. Ол қазақтың көшпелі өмір салты мен мал шаруашылығын сақтау жағында еді. Мұның терең себептері бар-тын. Көшпенділерді отырықшылыққа көшуге мәжбүр ету арқылы патшалық екінші жымысқы әрекетін - орыстандыру мен шоқындыру шараларын да жүзеге асырмақшы болған. Сол мақсатпен оларды басым көпшілігі орыстар тұратын шіркеуі бар елді мекендерге аралас қоныстандыру жайында нұсқау берген. Мұндай болашақ шошындырмай қоймайтын.

Ал отырықшылыққа сол жылдарғы мәжбүрлік ықтимал еткен эволюциялық жолмен бейімделмеген қазақ тіршілігі большевиктік күрт бетбұрыс науқандарында қандай қайғылы күйге түскені белгілі...

Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы 2008 жылы Алматы облыстық мемлекеттік мұрағатымен бірлесіп, «1930-жылдарғы ашаршылық: себептері, ауқымы, зардаптары» тақырыбымен республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Онда  белгілі ғалымдар, мұрағатшылар, зерттеушілер баяндамалар мен хабарламалар жасап, естеліктер мен ой-пікірлер айтты, алапат ашаршылықты жан-жақты талдады, себеп-салдарларына тоқталып,  алдағы міндеттерді айқындауға талап қылды.

Мәселен, профессор Талас Омарбеков көшпенділердің 30-жылдарғы қайғылы тағдырын ресейлік мұрағаттардан алынған  нақты деректермен жаңғыртты.  Профессор Жұлдыз Абылғожин ашаршылықты индустриялау науқанына тығыз ұштастыра жүргізілген ауыл шаруашылығын  реформалаудың қайғылы салдары ретінде қарастырды. Кезінде Жоғарғы Кеңес Төралқасы құрған комиссия құрамында зерттеу жұмыстарымен айналысқан бұл ғалымдар «аштық неден болды?» деген сауалға жауап беруге ұмтылса, доцент Асхат Әлімов баяндамасында «енді не істеу керек?» деген сұрақтың жауабын нобайлауға тырысты. Талдықорғанда студенттер күшімен жүргізіп жүрген зерттеулерінің алғашқы нәтижелерін баяндады, әлемдік өрмектордан арнайы сайт ашқанын айтты, бұл жұмысты кең жолға қоюдың жан-дүниені тазарту, рухты күшейту орайында өлшеусіз зор мәні боларын әңгімеледі. Мемлекеттік мұрағаттардың жауапты қызметкерлері конференция қозғаған мәселені архивтерде сақталған құжаттар мен  материалдар негізінде ашып толықтыра түсті. Ашаршылықтың көркем әдебиетте бейнеленуі жайындағы хабарлар, әулеттерде сақталған ардагерлердің естеліктері мен пікірлері конференция мазмұнын байыта түсті.

Аштық тақырыбы  «Әділет» қоғамы:  тоталитарлық тарихтан - демократиялық болашаққа» (2009), «Сталинизм: репрессияланған Қазақстан» (2010) атты республикалық және халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда да қозғалып, қорытынды құжаттарында көрініс тапты. Халықаралық конференцияда украиналық тарихшы, сол елдің Алматыдағы Бас консулы Людмила Протасова Украинадағы 30-шы жылдарғы ашаршылыққа кінәлілердің аты аталып, жария болғанын, Голодомордың халықаралық дәрежеде мойындалғанын әңгімеледі. Алматыдағы украин диаспорасының өкілдері «Әділет» мүшелерімен бірге аштық құрбандарына ескерткіш тұрғызылатын  орынды белгілеген тасқа гүл қойып, миллиондаған жазықсыздар рухына тағзым етті.

Кейінгі жылдары, «Әділет» қоғамының ұсынысына сай, 31 мамыр қарсаңындағы жұмада аштық құрбандарына арналған арнайы шаралар өте бастады. Мешіттердегі жұма намазда ашаршылық қасіреті жайында уағыз оқылып, Ұлттық Апат аруақтарына құран бағышталып келеді.

Осындай шаралар өткізіп тұрудың дәстүрге айналуына сұрапыл аштықтың 80 жылдығын мемлекеттік деңгейде атау ықпал етуге тиіс.

ІІ. Ұлттық Апат кезеңдері

Қазақ халқы ХХ ғасырда бастан кешкен Ұлттық Апаттың түп-тамыры елдігінен айрылып, Ресей империясының отарына айналған заманда жатыр. Монархияның орнына билікке күйреткіш сипатымен ерекшеленген жаңа саяси жүйе келгенде және большевизмнің таптық идеологиясы, әсіре тапшылдардың қилы асыра сілтеулері дәуірлеген шақтарда сол түп-тамыр үрейлі қара жемісін берді.  Алдыңғы тарауда айтқанымыздай, режим түбегейлі ауысқанмен, отарлау саясаты мен отар елге көзқарас түрін өзгерткенмен, мазмұн сабақтастығы сақталған болып шықты.

Отарлық езгіге түскелі қазақтың дәстүрлі  шаруашылығы күйзелу үстінде еді. Оны 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс оқиғалары - отарлық соғыстар, көтерілісшілер мен олардың ауылдарын  басып-жаныштаған жазалаушы әскерлер ойраны - одан сайын күйретті. Патша тақтан құлатылған жылы қазақ облыстарының бірқатарында егін шықпай қалды. Түркістан өлкесінде 1917 жылдың жазынан-ақ азық-түлік тапшылығы сезілді. Өлкені іс-жүзінде басқарумен шұғылданған жұмысшы-шаруа-солдат комитеттері, сол оқиғалар арасында болған Зәки Валидидің куәлік етуінше («Естеліктер», 1994,  1-к., 188-189-бб.), Ресейден келген астықты «опат болу маңдайына жазылған» көшпенділерге бермеу жағында болды. Өлкені аштық жайлады.

1918 жылғы мамырға дейін Ташкентте тұрған Мария Шоқай  ашыққан қазақтардың 1917-1918 жылдың қысында қалаға құр сүлдерлері жетіп, көше-көшеде сұлап жатқандарын, өзегі талған жандарға бір түйір нан беруге қайрансыздықтан қиналғанын жазып қалдырды. Апаттың бұл бастапқы кезеңінде Ташкентте Сұлтанбек Қожанов басқаратын «Бірлік туы» газеті белсенділері аштыққа ұшырағандар үшін қоғамдық асхана  ашты. С.Қожанов Қоқан автономиясы талқандалғаннан кейін көп ұзамай Түркістан үйезіне кетіп, ашаршылықпен күреске атсалысты: ел ішінен азық-түлік, киіз үй, күрке жинастырып, тамақтану бекеттерін ұйымдастырды. Кеңес заманында сол өңірдің қарттары бертінге дейін: «Халық жауы Сұлтанбектің шүлен көжесінің арқасында жылан жылғы аштықтан аман қалдық қой», - деп сыбырласатын.

Әулиеата үйезіндегі аштарға көмек беру ісінде Тұрар Рысқұлов қажырлы қызмет атқарды. Ол бұл абыройлы ісін 1918 жылдың күзінен әуелі Түркреспублика Денсаулық сақтау халкомы, одан  сол жылғы қарашадан Түркаткомның аштықпен күресу жөніндегі Орталық комиссиясының төрағасы ретінде жалғастырды. Бұл қызметінде Тұрарға жаңа тұрпатты шовинистермен  ымырасыз айқасқа түсуге тура келді.

«ХХ ғасырдың қызыл топалаңы» атанған большевизм билікке келген бетте  жергілікті халықтар мүддесін көзге ілмеген еді. Олардың өмір сүру құқығының өзіне күдікпен қараған. Сол кезгі саяси оқиғалардың бел ортасында жүріп, нақты куәлік қалдырған Т.Рысқұловтың еңбектерінен бүгінде көпке мәлім: әлемдік революция өртін өршіте түсуді мақсат еткен «лениндік гвардияның» алдыңғы сапындағылар көшпелі қазақтарды маркстік көзқарас тұрғысынан бәрібір құрып бітуге тиіс, экономикалық жағынан әлжуаз топ деп есептеді. Сондықтан, оларды аштан құтқарамын деп шығынданғаннан,  бар қаржыны азамат соғысы майдандарындағы қызыләскерлерді қолдауға жұмсау маңызды...

Осындай пайымдағы большевиктер қазіргі Қазақстанның оңтүстік өңірін қамтитын Түркістан өлкесі аумағындағы билікке қол жеткізісімен, өздерінің әскери атты жасақтарын қазақ жылқысымен жабдықтай тұрып, сол жұтты жылы қазақтарға - өздері «экономикалық тұғыры әлжуаз, маркстік ілім тұрғысынан болашағы жоқ» деп санайтын көшпенділерге - азық-түлік бөлуден бастартты, оның орнына олар «әлемдік революция жасауға тиіс қызыл  әскерді» асырауды дұрыс көрді. Сөйтіп, өлкеде  кеңес өкіметінің орнауымен бірге басталған алапат аштықта, көшпенді жұртты бұлтартпас ажал тырнағына іліктірді.

Мұстафа Шоқай қорытқан әшкере-анықтамамен айтқанда,  «большевизмнің аштық саясаты» негізінен өлкедегі мал бағуды өмір салты еткен қазақ халқын баудай түсірді. Ресми деректер бойынша 1917-1919 жылдарғы сұрапыл ашаршылықта 2 миллионнан астам адам ашыққан. 1918 жылдың қара күзінен Т.Рысқұловтың басқаруымен жүргізілген аштықпен күрес шаралары миллиондаған адам өмірін арашалап қалды. Бірақ қырылғандардың саны  жөніндегі деректер жан түршігерлік. М.Шоқай Түркістанда 1 миллион  114 мың адам аштан опат болды деп есептеді. Шығынның осы шамадағы мөлшерін және олардың басым көпшілігі көшпенділер болғанын сол шақтағы біраз құжат растайды.    Ал осынау оңтүстік өлкеде революция қарсаңында 3 миллиондай қазақ тұратын-ды. Орта Азиядағы «пролетариат диктатурасы» көшпенділердің тіршілік кеңістігін босатуы арқасында, солардың сүйегі үстінде орнады...

Көшпенділерге қарсы қылмысты іс-әрекет пен соның салдарынан орын алған қайыршылық пен жаппай қырылудың негізгі айыпкері өлкедегі билік болатын. Аштықтың басты себебі - Түркістандағы кеңес өкіметінің тізгіні отаршылдар қолында болғанында, олардың өлкеге революцияны найза ұшымен әкеліп, құлаған режимнің қанау саясатын қолдарындағы қару-жарақ күшімен жалғастырғанында жатқан. Жаңа  тұрпатты отаршылдар басқарған өкіметтің жергіліктілер үшін ашаршылық пен аштан қырылу «бостандығына» кең жол ашып бергенін 20-жылдар баспасөзі беттерінде большевик-зерттеушілер Г.Сафаров, С.Гинзбург және басқалар да жазып жатты.

Сонымен, 1917-1919 жылдары Қазақстанның Түркістан өлкесіне кіріп тұрған қазіргі оңтүстік өңірін  жасанды аштық жайлады. Соның салдарынан көшпелі халық жалпы санының төрттен біріне жуығын жоғалтты. Бұл  большевизмнің «аштық саясаты» душар еткен қасіретті дәуірдің қазақ халқын алғаш шарпуы - Ұлттық Апаттың бірінші кезеңі еді.

Екінші кезеңде де 2 миллионнан астам жан ашықты. Бұл жәйт Қазақ өлкесінде, сол кезгі Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы құрамындағы Қазақтың Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы аумағында 1921-1923 жылдары орын алды. Оның да басты себебі - жергілікті отар халықтың кенеуі кете бастаған дәстүрлі шаруашылығын азамат соғысы одан әрмен күйзелткенінде,  құнарсыз ен далада тұрмысын тез түзеуге мүмкіндігі болмағандығында жатқан. «Қазақ жарлы-жақыбайының трагизмін және кеңес үкіметінің күллі арсыздығын түсіну үшін - патша режимі кезінде қазақ халқынан 40 млн. десятина шамасындағы ең жақсы шұрайлы жер орыс переселендері пайдасына тартып алынғанын, кеңес үкіметінің ұлт-азаттық революция атынан, «әлемдік революцияшыл пролетариат» атынан: құлаған режимнің жер жөніндегі әділетсіздігі түзетілетін болады, қазақтарға тартып алынған жер қайтарылады, қазақ жерлеріне переселендер жіберілмейді  деп уәде бергенін білу керек...» (М.Шоқай).

Алайда  қазақтар арасында жоқ пролетариаттың диктатурасын Қазақстанда орнату ұранымен әрекет еткен, сөйтіп іс жүзінде большевиктік жаңа империя отарын құрумен шұғылданған партиялық билік нақты іс-әрекеттері үстінде ондай  уәденің баршасын тәрк еткен болатын. Жағдайды азамат соғысының ауыртпалықтарынан оңалып үлгермеген қазақ облыстарынан орталықтан келген арнайы әскери жасақтардың азық-түлік жинап әкетуі де шиеленістіре түсті.

Автономиялық республика аумағындағы ашаршылыққа ұшыраған губернияларға Ресей Федеративті Республикасының кіндік үкіметі тарапынан  көмек берілмеді. Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Сейтқали Меңдешев 1925 жылы Ақмешітте өткен Кеңестер съезінде айтқанындай, орталықтан азық-түлікпен жәрдем көрсетілуіне қол жеткізу - қиынның қиыны-тын...

Қазақ халқы бұл кезеңде сол шақтағы жалпы санының тағы да бір ширегін жоғалтты.

Ұлттық Апаттың үшінші, ең сұрапыл, халықты жосықсыз қызыл қырғынға ұшыратқан аса ауыр кезеңі жер-суы мен халқы бір шаңыраққа біріккен Үлкен Қазақстанда орын алды. Үлкен Қазақстан бұл кезде де Ресей Федерациясы құрамындағы автономия еді.

Алғашқы кезде ешқандай қатер байқалмаған. Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелеуден кейін оңтүстіктегі облыстарды қосу арқылы іргесі кеңейтілген Қазақстан партия ұйымы ел-жұрт мүддесіне жауап беруге тиіс жұмысты жаңаша жігермен қолға алды. Ресей Коммунистік партиясы Қазақ облыстық комитетінің 1925 жылғы сәуір пленумында мал бағу мен жер өңдеу кәсібін қазіргі қазақ жағдайында біріктіріп қарауға болмайтыны атап өтілді. Өйткені «ҚКСР-дің бүгінгі шаруашылық ахуалында: егін егуге қолайсыз жалпақ сардаланы шаруашылық кәдесіне асырудың бірден-бір ықтимал тәсілі - мал бағудың көшпенді  түрі болып табылады». Сондықтан да бұл саладағы аса маңызды шара -  мелиорация, жайылымдарды суландыру, жем-шөп әзірлеу, қой тұқымын асылдандырып, құрамының сапасын жақсарту үшін көшпенді халыққа кең көлемде несие беру ісін жолға қою болмақ. Сол себепті Қазобком пленумы ауылшаруашылық несиелерін  ауылға тікелей бағыттау, ауыл шаруашылығындағы кооперацияны күшейту  қажеттігін тұжырымдаған тиісті шешім  шығарды.

Пленумда бірнеше күннен соң (1925 жылғы 16 сәуірде) Ақмешітте ашылмақ Кеңестер съезінің мәселелері жайында  өлкекомның екінші хатшысы С.Қожанов баяндама жасады.

Сонда ол былай деген еді: «...өмірге келген осынша уақытынан бері  Қазақияда шаруашылық тұрғыда өркендеудің зерттеліп-жасалған перспективасы жоқ. Жылдан жылға, күннен күнге ешқандай да перспективалық жоспарсыз өмір сүріп келеді. Бар айтатындары - өткен жылы пәлен бас мал болды, енді оған жиырма шақты мың қосылды дегендер ғана. ...қайткенде жағымды әсер етудің амалы. Енді  осындайдың жолын қию керек.  Осы съезде біз бірер перспективалық жоспар конспектімен сөйлемекпіз. Сосын жер мәселесін практикалық міндет етіп қоямыз».

Қожанов баяндамасында ирригация проблемасына да тоқталды. «Қазақия үшін бұл мүлдем жаңа шаруа, - деді ол. - Ал Түркістан үшін -әдеттегі үйреншікті мәселе. Қазақияда да, кейбір губерниядағы ашаршылықтан кейін, мысалы Семейде, халық өз бастамасымен,  Наркомземнен «рұқсатсыз-ақ», арық қазуға көшіп жатыр. Тіпті секілді егіс жайын айтудың өзі қиын Қарқаралы үйезінде де солай етуде...».

Қазобком пленумы  осылай, ескі Қазақстан аумағындағы 1921 жылғы үлкен аштықты да, одан бергі жылдарда орын алған жекелеген губерниялардағы ашаршылықтарды да тікелей талдамағанмен, алдағы уақыттарда ондай қауіп-қатерлерден қорғану шараларын ойластырды. Сондай мақсатпен -қыр аймақтарында суландыру жүйесін жасап, егін егуді жүзеге асыра бастаған, елдің өз ішінде туған бастаманы қолдауға шақырды. Сарыарқаны игерудің бірден-бір тиімді жолы - көшпенді мал шаруашылығын дамыту екенін мойындап, қаулысында атап көрсетті. Мал бағуды ынталандыру, оны одан әрі өркендету үшін арнайы қаржыландыру, өнімдерін тиімді жолмен қалаларға тасымалдап таратудың әдістерін қарастырды.

Елді күйзелткен 20-ші жылдарғы ашаршылық республика Кеңестерінің Ақмешіттегі Бірінші (Бесінші) съезінде де арнайы әңгіме болмады. (Ескі Қазақстан Кеңестері бұған дейін төрт съезд өткізген, сол рет саны бойынша - жаңа, үлкен Қазақстан Кеңестерінің Ақмешіттегі съезі бесінші деп есептеледі. Алайда, Түркістан Республикасынан, сондай-ақ Бұхара мен Хорезм секілді өзге де Орта Азия республикаларынан  межеленген Сырдария, Жетісу, Қарақалпақ облыстары қосылғаннан соң,  Қазақстанның жері мен халқының саны 1924 жылдың соңына қарай едәуір ұлғайып қана қоймай, ұлттық құрамы да оң өзгеріске ұшыраған. Тұңғыш рет Ұлттық Республика мәртебесінде аталған. Қазақ елінің жаңа астанасында өткен осы 1925 жылғы сәуір құрылтайында делегаттар жаңадан қосылған өңірлердегі Кеңестердің келген өзге әріптестерімен тұңғыш рет бас қосқан. Тарихи шешімдер қабылдаған. Осы жәйттер сол тұста-ақ мойындалып, сол құрылтай үстінде-ақ ол бірінші съезд деп аталған. Сондағы берілген бағаға, әрі оның мемлекеттік өмірдегі жаңа бетбұрысты танытатын маңызына  сәйкес, Ақмешіт съезін Бірінші деп бағалаған жөн).  Аштық деректері жәй ғана елеусіздеу айтылды. Дегенмен, атап айтылмаса да, оны қайта болдырмау шаралары кеңінен қаралды. Ал ол шаралардың ең бастысы жер-суды ұтымды игеру мәселесі еді.

Жер-суы мен халқының негізгі бөлігін қанаты астына алған Үлкен Қазақстан Кеңестерінің  алғашқы құрылтайында атап өтілгендей, жерді қоғам мүлкіне айналдыру жөніндегі алғашқы советтік заң  мен тұрғындарды жерге орналастыру жайындағы ереже «азамат соғысы, ашаршылық, ҚКСР-де ешқандай қаржының болмауы жағдайында болымсыз ғана нәтиже берді». Осы шағын нәтиже деректері мынандай: ел-жұрттың біраз бөлігі 1920 жылдан 1923 жылға дейін 215.178 десятина жерге орналастырылды. 1923 және 1924 жылдары жұмыс Жер Кодексі мен 1924 жылдың 17 сәуіріндегі Ереже бойынша жүргізілді де, халық «...мемлекет есебінен 2.512.609 дес., халық есебінен - 2.815.522 дес., барлығы - 5.543.309 десятина жерге орналастырылды».

Ал жүргізілген іс шараларының ойдағыдай оң нәтиже бермеу себептерін съезд былай тұжырымдады: а) қазақ жерін сырттан көшіп келгендердің отарлауы жалғасуда; ә) отаршылдық саясаттың қалдықтары әлі жойылмаған; б) ең жақсы жерлерді переселендер басып алған, кең алқапты казак-орыс тұрғындары пайдалануда; в) жергілікті жердегі жұмыстар орталықта үйлестірілмеген, көбіне орталық жерді іс жүзінде пайдаланып отырғандарға бекітіп, ең тәуір жерлерді бұрыннан тұратын переселендерге кесіп беру  жағында; г) жерге орналастыру шаралары - тұрғындардың  құқықтық санасын жерді заң бойынша пайдалану қажеттігін сезінетіндей етіп   оятуға жәрдемдеспеді.

Мал шаруашылығын Қазақстанның қатал табиғатына шыдас беріп,  пайда түсіретіндей етіп дамыта  алу үшін - жер қатынастарын дұрыс реттеудің маңызы зор. Сол себепті съезде республиканың күллі аумағын жаратылысы мен экономикалық нышандарына қарай: «егіншілік-малшылық» және тек «малшылық», сондай-ақ тек «көшпенді малшылық» аудандарға бөлу тәртіптері баяндалды. Жермен қамтамасыз ету нормасы қалай жасалатыны түсіндірілді. Сосын: «...мал бағу және мал бағу-егін егу шаруашылықтарымен шұғылданатын қазіргі жұмыс істеп тұрған қожалықтарға өркендеуіне әрі экономикалық тұрғыда нығаюына қажет жағдайлар жасау» - жерге орналастырудың негізгі міндеті болып табылады деп түйінделді.

Осы орайдағы  орындалуы қажет шаралар ретінде мыналар  аталған еді (олар съезд қарарымен заңдастырылды): а) жаппай жерге орналастыру аумағына барлық переселен учаскелерін қосу, бұл ретте олардың көш жолында жатқандарының толған-толмағанына қарамау; ә) 1924 жылғы 17 сәуір Ережесінің күші жүрмейтін переселен учаскелерінде отырған тұрғындарды өз учаскелерінің 1917 жылға дейін белгіленген шегінде, қосымша жер кесіп бермей  орналастыру; б) сырттан көшіп келушілердің және ҚКСР-дегі ішкі қоныс аударушылардың «қазақтың пайдалануына жататын жақсы жерлерді және казак-орыс территориясын» қалауларынша басып алуларынан сақтану үшін - өз беттерінше қоныстануларын доғарту, 1922 жылғы 31 тамыздан кейін өз бетімен  келгендерді жер қожалығын беру шараларымен қамтымау; в) ҚКСР-дің барлық аудандарындағы қазіргі кезде қолда бар, сондай-ақ  анықталған бос және артық жерлердің бәрін - жерге орналастырудың 1924  жылғы 17 сәуір Ережесімен әрекет етуге жататын  біртұтас қоры деп есептеу.

Алайда Қазақстан Кеңестері съезінің қарарларын өмірге енгізуге  орталық өкімет кедергі жасай берді. Ақыры, аталмыш құрылтайдан төрт айдай өткенде, 1925 жылғы 12 тамызда, жерге орналастыру мәселесі БК(б)П Қазақ өлкекомы Бюросында талқыланды. Екінші хатшы С.Қожанов «Жерге орналастыру туралы» арнайы баяндама жасады. Онда Бесінші (Бірінші) Бүкілқазақ съезі қарарларының жерге орналастыру жұмыстарына қатысты бөлігі орындалмай жатқанына алаңдаушылық білдірілді. Сосын, Бюрода оның баяндамасы бойынша мынандай қаулы қабылданды: «а) Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінде Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының жаппай жерге орналастыру жөніндегі  перспективалық жоспары бекітілгенге дейін 5-ші Күлліқазақтық Кеңестер съезі мен ҚазОАК қабылдаған жер мәселесі бойынша шешімдерге ешқандай алып тастау, түзету және толықтырулар енгізілмесін; б) Атап айтқанда, өз бетінше көшіп келген қоныс аударушыларға байланысты 5-ші Күлліқазақтық Кеңестер съезі белгілеген мерзім - 1922 жылғы 31 тамыз сақталсын. 1922 жылғы 31 тамыздан кейін келген барлық өз беттерімен қоныс аударушылар ҚКСР-дің барша аумағында жерге орналастырылмайтын болсын; в) БРОАК алдына ҚКСР-дегі  жерге орналастырумен шұғылданатын барлық мекемелерді бір органға - Қазақ жер халкоматының (Казнаркомзем) Жерге орналастыру басқармасына мейлінше шапшаң бағындыру туралы мәселені үзілді-кесілді қою ҚазОАК-ке ұсынылсын».

Орталық қаламағандықтан, бұл шешім де орындалған жоқ.

Ұлт коммунистерінің табандылығы нәтижесінде 1925 жылғы желтоқсанда Қазақ өлкелік 5-ші партконференция  есеп берілген мерзімді «тарихқа қазақ жерін жинау кезеңі және қазақ мемлекеттігін ұйымдастыру саласындағы алғашқы қадамдар ретінде кіреді» деп атады. Сосын: «...жерге орналастыру саласында - бірінші кезекте тұрғылықты халыққа, әсіресе отырықшылыққа ауыса бастаған көшпенділерге қатысты міндет қою керек. Сонымен бір мезгілде ұлттық азшылықтың отырықшы еңбекшіл шаруа тұрғындарының, әсіресе оның кедей және орташа бөлігінің  тілектері назардан шығарылмасын» деген қаулы алды. Жеткілікті дәрежеде әділ, басқа халықтың да мүддесін кемсітпейтін осы қаулы да  орындаусыз қалды. Ал 1927 жылғы өлкелік 6-шы парконференцияда ол мүлдем теріс бағаланып, күші жойылды...

БК(б)П Орталық Комитеті 1925 жылғы қыркүйекте Қазақстанды басқаруға Филипп Голощекин сынды эмиссарын жіберген еді. Ол ұлттық мүддені көздейтін шешімдерді қилы большевиктік айла-амал қолдана отырып, жоққа шығарып жүрді. Сөйтіп, ұзамай,   тоталитарлық ойлау жүйесінің қазақстандық «ұлы құрылысшысы», яғни, сол кезгі қайраткерлердің өздері атап айтқандай, диктатор болып шыға келді.

Орталықта жинақталған ақпаратпен қаруланып, сонда қорытылған ойларға сәйкес тиісті нұсқау алып келген осынау сталиншіл көсем өлкелік 5-ші және 6-шы партконференцияларда саяси өмірден, оқу-ағарту ісінен «алашордашылар» мен соларға идеяластарды аластау мәселелерін тиянақтады. Интеллигенцияның сана-сезімін «қырнау» («нивелировка») арқылы тегістеп, бірізді арнаға түсіру қажеттігін «дәлелдеді». Коммунистердің дәстүрлі ауыл өміріне көзқарастарындағы «азаматтық бітім» (С.Садуақасов) және «азаматтық соғыс» (О.Жандосов) деп тұжырымдаларлық саяси бағыттарға «төреші» болды. Іс жүзінде екінші бағытты қолдау арқылы ауылдас-туыстар арасына  тап сынасын қағудың, сөйтіп ағайынды ағайынға өшіктірудің  саяси-идеялық тұғырын сомдады. Октябрь революциясы қазақ ауылын айналып өткен деп тапты.

Ұзамай голощекиншіл өлкепарткомның  «дана» басшылығымен құлақ күйі келтірілген қазақ өкіметі  қазақ ауылдарында «Кіші Қазан» өртін тұтатудың нақты  шараларын жүргізуді қолға алды...

1927 жылғы желтоқсанда БК(б)П XV съезі болды. Оның шешімі бойынша 1932 жылдың көктеміне дейін елдің ауыл шаруашылығы жеке қожалықтан ұжымдық шаруашылыққа айналып үлгеруге тиіс еді. Ұжымдастыру хақында партия алға қойған осы биік міндетке Қазақстан өзіндік жолмен бет алды.  1928 жылғы 27 тамызда Қазаткомның арнайы  декреті шықты, соған сәйкес дәулетті қожалықтарды тәркілеу туралы Қазатком мен Халкомкеңес қаулы шығарды. Тез арада байлардың мал-мүліктерін кәмпескелеу науқаны басталып кетті. Оның революциялық сипаты тәркілеуге қарсылық әрекет көрсеткендерді қылмыстық жауаптылыққа тарту және аса ірі әрі жартылай феодал байларды жер аудару туралы 1928 жылғы 13 қыркүйекте шығарылған қаулымен күшейе түсті. Орталық кеңселердегі мағлұматтармен тағаланып келген Голощекин қазақ кадрларына байланысты көзқарасының жүзеге асырылуын идеологиялық тұрғыда шебер қамсыздандырып үлгерген еді.  Сондықтан, тәркілеу соңынан, ірі көлемдегі саяси репрессиялардың «Алаш ісі» атанған алғашқы толқынына жол ашты.

«Кеңес өкіметінің қас-дұшпандарын» түрмеге тыға отырып, қазақстандық билік 1930 жылғы 19 ақпанда ауыл шаруашылығын социалистік тұрғыда қайта құру ісін нығайтуды және кулактар мен байларға қарсы ымырасыз күресуді көздейтін қаулы қабылдады.

Өкіметтің тәркілеу мен ұжымдастырудағы солақайлықтары 372 жерде халық көтерілістерін  туғызғаны, оларды әскери күшпен басып-жаншу орын алғаны, яғни тәркілеу-ұжымдастыру науқандарының жаңа сипатты отарлық соғыстармен астасқаны мәлім. Соның бәрі ел-жұртты жаңа алапат апат иіріміне құлатты. Ұлттық Апаттың үшінші, ең қасіретті кезеңіне айналған сол 1931-1933 жылдары халықтың жартысына жуығы аштан қырылды. Шамасы жеткендер басқа өлкелерге босып, шет елдерге өтіп кетті. Мал басы он шақты есе азайды.

ІІІ. Солақай саясатпен келіспеушіліктер және зерде

Жоғарыда айтылғандай, Ұлттық Апаттың алғашқы кезеңінде ашаршылықтан Түркістан Республикасындағы көшпенді қазақтар зардап шекті. Түркатком құрған Аштықпен күрестің орталық комиссиясын Тұрар Рысқұлов басқарды. Оған қазақ мүддесін көзге ілмейтін, «болашағы жоқ көшпенділерге»  азық-түлік бөлудің қажеті жоқ деп есептеп, олардың «аштан қырылуын революцияға қосқан үлестеріне» теңгеретіндермен күреске түсуге тура келді.

Апаттың екінші кезеңінде 1921 жылы зиялылардың түркістандық үлкен тобы (Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышбаев, Жанша Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев, Қоңырқожа Қожықов, Сұлтанбек Қожанов, Санжар Асфендияров және т.б.) «Ақжол» газетінде үндеу жариялап, ашығып жатқан арқалық бауырларға көмек беруге шақырды. Нақты жұмыстар жүргізу үшін жер-жерге аттанды. Мәселен, Ж.Досмұхамедов Пржевальскіде азық-түлік жинауға ұйтқы болып, оны Қазақстанның солтүстік және батыс облыстарына жіберуді ұйымдастырды. Сол 1921 жылы Міржақып Дулатов «Қазақ тілі» газетіндегі мақаласында Семей губерниясының қазақ қызметкерлерін аштыққа ұшыраған аудандарға елден мал жинап жеткізуге шақырды. Ол өзі жаз бойы бірнеше үйезді аралады. Үгіт-насихат жүргізді. Мұндай жанқиярлықты ұната қоймаған жергілікті оны өкімет тұтқындады. М.Дулатов Орынборға жөнелтіліп, ГПУ-дің тергеуінен соң ғана босатылды. Жүсіпбек Аймауытов бастаған зиялылар тобы  шығыс аудандардан мал жиып, ашаршылық жайлаған Торғай халқына жеткізген еді. Олардың үстерінен қылмыстық іс қозғалды. Сот үдерісі оларды айыпты деп тауып, артынша амнистия тәртібімен кешірім берді.

Большевиктік тұғырнаманы қабыл алған зиялылар Кеңес билігінің жариялы ұрандарына сеніп, ұлттық мүддеге сай әрекет етуге тырысты.  Мәселен, 1922 жылы Жетісуда жер-су реформасын жүргізу кезінде Сұлтанбек Қожановтың комиссиясы отарлаушылар тартып алған ата қоныстарын қазақтарға қайтару арқылы тарихи әділеттіліктің салтанат құруын қамтамасыз етпек болды. Алайда комиссияға «ұлтшылдық» айдар тағылып, кері шақырып алынды. Большевиктер таптық жікті айыра түсу, байлар мүлкін тартып алып кедейлерге үлестіріп беру жолымен ел экономикасын «жандандыру» жолын 20-шы жылдарда-ақ ұстанған болатын. Ондай қатерлі бағытқа 1923 жылы Қазақ облыстық 3-ші партконференцияда Смағұл Садуақасов сын айтты. Ол халықты жаңа сілкіністер емес, ғылым мен білімге сүйенген бейбіт еңбек құтқарады деген өжет пікір білдіріп, өтеуіне саяси сенімсіздікке ұшырады.

Апаттың ең қорқынышты үшінші кезеңінде аштан бұралған алғашқы босқындардың пайда болуы мен үдеп келе жатқан аштық күйзелістері жайында жер-жерден жекелеген азаматтар Мәскеудегі биік үйге, Алматыдағы автономия басшылығына аштық қасіретінің алғашқы белгілерін хабарлаудан бастап, жаппай сипат алған мысалдарды айтып дабыл қақты. Өлкепарткомның бірінші хатшысы Ф.Голощекиннің атына 1932 жылғы 4 шілдеде Ғабит Мүсірепов бастап (Қазмембаспа меңгерушісі Мансұр Ғатаулин, Комвуз проректорының орынбасары Мұташ Дәулетғалиев, проректоры Емберген Алтынбеков, Госплан энергетика секторының меңгерушісі Қадыр Қуанышев) қол қойған «бесеудің хаты» түсті. Хатта ауыл шаруашылығындағы құлдырау деректері келтірілді (1930 жылғы 40 миллион бас малдан 1932 жылы 5 миллион ғана қалған). Қазақтар арасында аштан өлудің тым көбейіп кеткені және осынша мүшкіл халге «солшылдық» асыра сілтеулер мен Қазөлкекомның қате саясаты  жеткізгені айтылды.

Алайда «бесеудің хаты» ұлтшылдықтың нақты көрінісі ретінде бағаланды. Хат авторларымен тиісті «сауықтыру жұмыстары» жүргізілді де, бір аптадан соң олар Қазөлкекомға өздерін-өздері кінәлап-жазалаған опыну хаттарын тапсырды. 1932 жылғы 15 шілдеде өткен Қазөлкеком Бюросы мен Өлкелік бақылау комиссиясының біріккен мәжілісі «бесеудің хатын» «Қазақстандағы социалистік қайта құру ісінде қол жеткізілген күллі жетістіктерді толығымен бүркемелеп, тек теріс сәттерді бадырайтып көрсету, Өлкекомның жүргізіп отырған барша бағытын сынау» болып шыққан деп тапты. Бірақ олардың «кінәларын мойындаулары» еске алынды.  Сөйтіп,  бір топ коммунист «қателесіп» қол қойған сол хатты  «социалистік қайта құру мен ұлт саясаты жетістіктеріне» қара бояу жағушылық дей тұра, авторларды партия қатарында қалдырып, бір-бір қатаң сөгіс арқалатты.

Голощекиннің содан кейін Мәскеуге бара жатқан сапарында орын алған бір  оқиға жайы біздің заманымызға жетті. Қазақ автономиялық республикасының диктаторы мінген пойыз шілде-тамыз аптап күндерінің бірінде Ақтөбе вокзалына тоқтайды. Перронда жиналған  қалың жұрт алдында сөз сөйлеуге үкіметтік вагоннан өлкекомның басшысы шығады. Ел ішін жайлаған ашаршылықты әдеттегісінше, «тап жауларының малды жаппай сойып тастауды әдейі ұйымдастырған тіміскілік зымиян әрекеттерінің салдары» ретінде түсіндірмек болуы ықтимал. Бірақ сол жолы ол құдіреті үстем сөзін сөйлей алмайды.

Көпшілік назары топты жарып алаңға шыққан жайдақ арбаға ауады. Арба үстінде отырған жүдеу шал өте әйгілі тұлға болатын. Ол кезінде қазақтардың шұрайлы жер-суын тартып алып, өздерін шөлге ығыстырған патша үкіметін Мемдума мінбесінен өткір сөзімен сынаған қайраткер-тін. Сонда ол биліктің «ішкі Ресейдегі 130 мың помещиктің мүддесін қорғау үшін» қазақтарды ата қонысынан қуып «ренжітіп отырғаны Мемлекеттік думаның есінде болсын», қазақтар солшыл партияларға іш тартады, олардың жекеменшік  жерлерді мәжбүр ету жолымен бөліп алу арқылы шаруалар мұқтажын шешуге ұмтылуы дұрыс деп мәлімдеген еді. Кейін большевиктер қатарына кіріп, Орал облысының әділет комиссары, ақ гвардияшылар түрмесінің тұтқыны, Қаратаев атты әскер бригадасын құрушы қызыл партизан, Шығыс  майданының 4-ші Армиясындағы Қазақ бригадасы саяси бөлімінің меңгерушісі, Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Әскери-революциялық комитеттің мүшесі, Қазақстан Кеңестері алғашқы екі съезінің делегаты болды. Ал қазір ол 72 жасар зейнеткер Бақытжан Қаратаев еді.

Сіңірі шығып, тізесі қалт-құлт еткен дімкәс қарт тарантас үстінде түрегеп тұрып, қазақ коммунистерінің көсемін жазғырған сөздер айтқан екен. Революцияның қасиетті мұраттарын арамдап, қазақтарды шыбынша қырған аштық қасіретіне ұшыратқанын бетіне басыпты. Бұл  үшін республиканың бірінші басшысы жауапты екенін жұртшылық алдында бетіне басқан көрінеді. Голощекин: «Шал шаршап қалыпты», - деп күбір етіп, вагонына қайта сүңгуге мәжбүр болған...

Ал «шаршаған шал» ұзамай аштықтан дүние салды. Ол өзінің артында қалған жазба мұраларында алапат ашаршылыққа  жалғыз Голощекин емес, оның айналасындағы қазақ қайраткерлері де айыпты деп түйіпті. Б.Қаратаевтың ойынша, мәселе олардың  көз бояушылыққа жол беруінде, «қазақ істеріне жүліктік тұрғыдан келуінде» жатқан. Қазақтың осындай масқара аштыққа ұрынуын қарт революционер ұлттың «бас адамдарының» сонау патша заманынан қалыптасқан құлдық санасының, ләббай-тақсырлап бойсұнушылықтан басталған психикалық азғындауының салдарынан деп бағамдады.  Тиісінше, кінә автономиялық республика басындағы қазақтардың шын мәнінде «карьерист, аферист, портфелист» («мансапқор, алаяқ, портфельқұмар») болып шығуынан деп есептеді.

Солардың бірі санатындағы Қазақ өлкепарткомының Бюро мүшесі, республика Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Ораз Исаев 1932 жылғы тамызда Сталинге үлкен хат берді. Онда өлкеде орын алып тұрған ахуалды адал баян етті, себеп-салдарларын талдады, қиындықтан шығаратын шаралар хақындағы ұсыныстарын тұжырымдады. Сонымен бірге,  орнаған ахуал үшін өзге бюро мүшелерімен қатар өзінің де жауапты екенін мойындай отырып, «бірінші хатшының көпке мәлім ерекше рөлін» ескере келе, «басшылықта өзіне өзі сын көзбен қарауға қабілеті жетпейтін» орталықтың эмиссары Филипп Голощекин отырғанда - республикадағы ауыр «жағдайды сауықтыру еш мүмкін емес» деп санайтынын жазды.

О.Исаев Голощекинді орнынан босатпайынша іс оңалмайтынын айтып, оны Қазақ өлкекомының жетекшілігінен кері шақырып алуды тікелей Бас хатшы Иосиф Сталиннен жалғыз өзі ашық талап етті. Сонымен бірге  қазақ ауылы мен мал шаруашылығына байланысты шұғыл атқарылуға тиіс мәселелер жөнінде Орталық Комитеттің арнайы шешім шығаруын сұрады. Бұл өтініші қанағаттандырылды.  Оның хатында көрсетілген жәйттер сталиндік Орталық Комитеттің Қазақстанның мал шаруашылығын дамыту жайында 1932 жылғы 17 қыркүйекте қабылдаған қаулысына негіз етіп алынды.  Ал Қаулының жүзеге асырылуын тиімді жүргізуді көздейтін бірқатар ұсынысын РКСФР Халкомкеңесі төрағасының орынбасары Т.Рысқұлов 1932 жылғы 29 қыркүйекте Сталинге жолдаған баянхатында айтты. (Мұның көшірмесін ол арнайы жөнелпе жазбамен Голощекиннің орнына Қазөлкекомның   басшысы болып сайланған Л.Мирзоянға 1933 жылғы 31 қаңтарда жіберді).

Келеңсіздіктер талданып, міндеттер белгіленеді. Тек Ф.Голощекин бұрынғы лауазымында қала берді. Тиісінше, ол және оны қолпаштаушылар партия белсенділерінің жиналыстарында аталмыш қаулыны өлкеком бағытын мақұлдағандық сипатта түсіндіруге кірісті. «ОК өлкеком бағытын қазақ ауытқушыларының, қыңқылшыл-уайымшылдарының, топшылдарының байбаламдарына қасақана... дұрыс деп тапты», өйткені өлкелік партия ұйымы «Қазақстанның социалистік құрылысының барлық салаларында өте ірі жетістіктерге» қол жеткізді деп дүрілдетті. Алайда халық аштық, індет зардаптарын тарта берді, қырылу, босқындық тыйылмады. Алматы көшесіне толған аштарды елең қалмаған «адал лениншіл-сталиншіл» Ф.Голощекинді 1933 жылғы қаңтарда коммунистер мақтаныш-мадақтауға толы салтанатты  жағдайда Алматыдан Мәскеуге бүкілодақтық деңгейдегі жаңа лауазымымен Жоғарғы Төрелік Сотты басқаруға шығарып салды.

1933 жылғы 24 ақпанда ОК Бас хатшысы И.Сталин мен Қазақ өлкекомының жаңа бірінші хатшысы Л.Мирзоянның атына «алтаудың хаты» (қол қойғандар: қызыл профессура институтының тыңдаушылары Ғатаулла Исқақов, Ильяс Қабылов,  Жүсіпбек Арыстанов, Бірмұхамед Айбасов, Қазөлкеком мүшесі Ғаббас Тоғжанов, студент Оразалы Жандосов) жіберілді. Онда 300 мыңнан астам қазақ қожалықтарының Сібір және Орта Азия темір жол станцияларына, қалаларына, орталықтағы қалаларға, көрші республикалардың облыстарына босып кеткені, көбінің қайыршылық хал кешіп жатқаны айтылды. Шұғыл көмек көрсетілмесе, көктемге қарай олардың арасындағы өлім-жітім тым көбейіп кететіні хабарланды. Қазақстанның жаңа басшылығы ашаршылық зардаптарын жоюға бағытталған кешенді жоспарды жүзеге асыруға кірісті. Республикадағы 162 ауданның ішінде аштық нәубетінің зардабын көшпенді мал шаруашылығын кәсіп еткен Сарысу ауданы ерекше тартқан еді. Өкімет  өкілі Ораз Жандосов сол ауданның үштен бірі ғана аман қалған жұртын жаңа қонысқа көшіріп, әкімшілік бағынысын өзгеру және отырықшылық жағдайдағы экономикасын жандандыру орайында көп жұмыс атқарды.  Ашаршылық салдарынан көрші республикаларға босып көшіп кеткендерді елге алып келу үшін автономиялық үкімет атынан жан-жаққа арнайы өкілдер аттанды.

1933 жылғы 9 наурызда Т.Рысқұлов ОК Бас хатшысы Сталинге (көшірмесін ОК ауылшаруашылық бөлімі мен КСРО Халкомкеңесіне) Қазақстандағы ашаршылық зардаптарын жою жөніндегі баянхатын жолдады. Мұның көшірмесін 11 наурызда жөнелпе жазбасына тіркеп, Алматыға, Мирзоянға жіберді. Ол ондағы пайымдарды қазақ партия ұйымының жаңа басшысы жұмыс барысында ескерер деп үміт білдірді.

Ел-жұрттың еңсесісін рухани жағынан көтеру маңызды еді. Республикаға Тәжікстаннан  Темірбек Жүргенов шақырылды. Жаңа Ағарту халық комиссары республикадағы оқу ісі мен мәдениет жұмыстарын қысқа мерзімде жоғары деңгейге көтерді. Кәсіби өнер күрт дамытылды. 1936 жылғы Мәскеуде өткен онкүндікте Қазақстандағы мәдени революция жетістіктері жұртшылықты риза етті.

Жыл аяғында қабылдаған сталиндік конституция бойынша Қазақстан Ресейдің құрамындағы автономиялық республикадан   КСРО құрылтайшыларының бірі санатындағы «тәуелсіз» республика мәртебесіне көтерілді. Бұл - большевизмнің қазақ халқына қарсы жасаған мемлекеттік қылмысын өте сәтімен бүркеген шара еді (Қазақстан одақтас республика тәжін киюге 1924 жылғы ұлттық межелеу нәтижесіндегі қалпында әбден лайық болатын, ал негізгі халқының саны мен дәстүрлі экономикасының мәнін құрайтын мал басының мөлшері ашаршылық жылдары күрт түсіп кеткендіктен,  мұндай мәртебеге 1936 жылғы деңгейі келіңкіремейтін. Демек, бүгінгі Тәуелсіздігіміз үшін біз ашаршылық құрбандарына борыштымыз).

Үш дүркін үйіріп соққан аштық зобалаңында төрт жарым миллионнан астам, ықтимал табиғи өсімін есепке алғанда, он шақты миллион адам опат болған еді. Босап қалған алып кеңістікке сырттан миллиондаған адам көшіп келді. Жаңадан қоныстанғандар  ашаршылықтан өлгендердің сүйегі үстінде социалистік құрылыс көрігін қыздырды. Өнеркәсіп ошақтарын ашып, қала, зауыт салды, дүрілдетіп тың игерді. Орталықтың тәтті ұраны жетегімен Қазақстанға лек-лек боп келіп, жасампаз еңбекті жандандырды.

Бірақ олар  қазақ халқы бастан кешкен қасірет ауқымын білген жоқ. Білуді саясат та қош көрмейтін. Сондықтан да, толассыз көш нөпірімен-ақ, нәубет қалжыратқан қазақтарды өз отанында халықтың үштен біріне де жетпейтін ұлттық азшылық деңгейіне түсірді. Сөйтіп, тиісінше, қоғам тыныс-тіршілігінің барлық саласында қазақтың ұлттық мүддесінің шектеу көруіне, өз еріктерінен тыс, жанама түрде болса да, себепкер болды.

Бүгіндері елімізде қоян-қолтық өмір сүріп жатқан барша жұрт, күллі этностық топтар қазақ бастан кешкен апат туралы шын тарихты білуге тиіс. Шыншыл  тарих жер-суымызды мекен еткен түрлі этнос өкілдерін мемлекетұйыстырушы қазақ ұлты төңірегіне тығыз топтастыра түседі. Тұрғындарды жаңғыртылған ащы да қасіретті тарихпен тәрбиелеу сан ұлт өкілдері арасындағы риясыз татулықты, халықтың нағыз бірлігін қамтамасыз ете алады.  Адамдарды әділ  тарихпен тәрбиелеудің ұлттық дамуға тигізер оң ықпалы зор. Болашаққа кепілі болары, тәелсіздігімізді бекемдеуге септесері  күмәнсіз.

Монархия құлар қарсаңда қазақ алты миллион еді.

Төңкеріс туын көтерген социалистік федерация құрамында бой түзей келе, қылмысты саясат сілкіністеріне толы он алты жылда жалпы саны үш есеге жуық кеміді. Ұлттық Апаттың аталған үш  кезеңінде тікелей төрт жарым миллиондай  жан аштан өлді. 1917-1933 жылдары. Тек 30-шы жылдарғы аштықта белгілі демограф Мақаш Тәтімовтың есебі бойынша 2,4 млн. адам опат болды. Мұны большевиктік геноцид демеске лажың жоқ.

Жүздеген мың жан шетел асып босып кетуге мәжбүр болды.

Сондықтан да ашаршылық тарихына ерекше мән беріп қарау ләзім. Адамзатқа мәңгі ескерту жасап тұру үшін. Келешекте де тап келуі мүмкін сондай апаттардан сақтандыру үшін. Азаматтар бойында шынайы демократиялық құндылықтарды қалыптастыру үшін. Еліміздің, Тәуелсіздігіміздің туын ұстар болашақ азаматтарды тарихтың қасіретті беттерімен тәрбиелеу үшін.

Бұл іске, сөз жоқ, Елбасы тапсырмасымен бой көтермек ескерткіш елеулі қызмет ететін болады. Дегенмен, біздің ойымызша, ілгеріде еске алынған,  академик К.Нұрпейісұлы бұдан он бес жыл бұрын дәйектеген ескерткіш-пантеон орнату идеясына қайта оралып, оны дамыта отырып қарау ләзім. Біздің бұл ретте ортаға салар ойымыздың мәнісі неде, дәнегі қандай?

Ғасырлар тоғысында Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының  академик Манаш Қозыбаев бастаған өкілдерін Елбасы қабылдап, «Әділет» атынан айтылған өтініштер бойынша атқарушы билікке бірер тапсырма берген еді. Солардың ішінде бұрынғы ішкі істер халық комиссариаты-мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (НКВД-КГБ) жұмыс істеген ғимараттың бір бөлігінен Саяси репрессиялар тарихы музейін ашу көзделген болатын.  Бұл еліміздің  саяси тарихын көрнекі түрде бейнелейтін бірден-бір мұражай, жаңа да ерекше ғылыми-ағартушылық мекеме болуға тиіс-тін. Алайда Қазақстан ғұмырындағы қасіретті белестерге тікелей қатысы бар осынау  тарихи ғимараттың бір бұрышынан ашылған Саяси қуғын-сүргіндер тарихы мұражайы бір жарым жылдай ғана жұмыс істеді де, жабылып қалды.

Себебі меншік иесі ғимаратты  жеке кәсіпкерге сатып жіберіпті.

Мұражайдың үлкен бөлігін аштық тақырыбына арнауды көздеген біздің жобамыз жүзеге асырылмай қалды. Дегенмен алдағы уақыттарда  тоталитаризм жылдарындағы үздіксіз жасалған саяси қуғын-сүргін мен халқымызды ұлттық апатқа ұрындырған ашаршылық  қайғы-қасіреттерін  ұмыттырмай, ел-жұрт жадына әрдайым көрнекі түрде салып тұратын, өткен тарихи жолдың ауыр кезеңдерінен  танымды да тағлымды сыр шертетін ғылыми-ағартушылық мекеме ашылуға тиіс.

«Әділет» қоғамы мектеп оқушыларын тарихи зерттеушілікке баулитын «Тарихтағы адам. Қазақстан. ХХ ғасыр» деген тақырыппен үш жыл бойы байқау өткізді. Байқауға қатысушылардың едәуір бөлігі ауылдарында орын алған аштық іздерін өз әулеттерінің бастан кешкендері, қарт ардагерлер естеліктері арқылы жаңғыртты. Балалардың ізденушілік жұмыстарына ұстаздары жәрдемдесті. Ел ішіндегі мұрағаттарды біз осы жолмен де жиюға әрекет еткен едік. Біздің ойымызша, болашақ мұражайдың арнайы бір бөлімінен  Ұлттық Апат құрбандарының есімдерін жаңғыртып, қаралы тізім жасауды көздейтін  арнайы акция бастау алуға тиіс. Аштан қырылған  адамдардың аты-жөндерін  қалпына келтіруге бүкіл халық атсалыса алады: шежірешілер, отбасылық, әулеттік  мұрағат иелері, тарихшылар, әуесқой зерттеушілер, естелік жинаушылар өз деректерімен мұражай қорын толықтыруы керек. Дәлірек әм жұртшылыққа жақынырақ тілмен айтқанда - мұражайға келген әркім қаралы тізім экспозициясын өз әулетінен құрбан болған бұтақ тарихымен толықтырған болар еді.  Қолдан туғызылған ашаршылықтан қырылған жазықсыз жандарды атап еске алу осылай бүкілхалықтық іске айналып кетуі тиіс. Ортақ іске  азаматтардың баршасы атсалысарына күмән жоқ.

Бұл орайда әлемдік тәжірибеден үлгі алу да жөн болмақ. Бәріміз білетіндей, «қоңыр індет» атанып күллі адамзатқа сор боп тиген фашизм 1933-1945 жылдары Еуропаны мекендейтін миллиондаған еврейдің көзін жойды. Алты миллион. Қасақана  қырды. Еуропада осындай  трагедияға ұшыраған еврей халқының Таяу Шығыстағы тарихи отанында «Яд-ва-Шем» (қазақшалағанда - «Жад пен Есім») деп аталатын институт пен мұражай бар. Израильде, Иерусалим қаласындағы Герцль тауының етегіне орналасқан. Оның қызметі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде еврейлердің басына түскен Апатты көрсетуге арналған. Мұражайдың құрылғанына жарты ғасырдан асты. Оның басты ұраны: «Ешкім ұмыт қалмау керек!» деген ғаламат шарт.

Яд-ва-Шемде арнайы жабдықталған Есімдер залы бар көрінеді. Онда, жалпы, екі миллионнан астам қаза тапқан жанның аты-жөні тіркелген. Сонда,  Есімдер залында - Апат құрбаны болған еврейлердің аттары үлкен экранға түсіп тұрады. Ал ондағы экспозициялар  Апаттың барлық сатыларын хронологиялық ретпен, түрлі көрнекі тәсілмен бейнелеп әңгімелейді. Көргендердің айтуынша,  әсіресе балалар залы айрықша әсерлі жасалған. Шырақтардың дірілдеген әлсіз сәулелері ғана жарықтандырған бұл қаракөлеңке залда күңіренген диктор даусы Апатта  опат болған балалардың есімдерін оқиды екен. Таусылмас тізім. Ал экранда сәби суреттері бірінен соң бірі шығып жатады. Зал күмбезі астындағы азалы ахуал сол сәтте сонда тұрғандардың түйсігін тітіркентіп, көпке ортақ қайғыны әрқайсысына сезіндіреді.

Мұражай адамдар бойына үміт үзіп торығу емес, aза тұтып қайғыру сезімін дарытады. Онда болғандар қамыққан көңілмен - адам өмірінің ештеңемен теңгерілмес бірінші құндылық болып табылатыны жайында тебіренеді. Қысқасы, сонау Апат музейі жұртты терең ойға батырады, адамгершілік жолға қызмет етуге бейілдік танытатын  шынайы сезімді қайрайды.

Тап осындай әсер-күш біздің мұражай-ескерткішке де тән болуға тиіс. Тек 30-жылдар нәубетінің құйқа шымырлатар тұстары қаншама. Егер ұлан-ғайыр Ұлттық Апат сатылары аштық деректерін көрнекі экспозицияларда ұтымды бейнеленер болса - ешкімді де жайбарақат қалдырмайтынына, келушілерді адам өмірін айрықша бағалаушылық рухта тәрбиелейтініне   күмән жоқ. Шежірешілер әр әулеттің аштық салдарынан үзілген бұтақтарын түгендегенде, келешекте Қасірет кітабын түзуге және еврейлердің қоңыр індет құрбандарына арналған «Жад пен Есім» атты әлемге мәшһүр мұражайы тәрізді тарихи тағлымы ересен еске алу орнын жабдықтауға болар еді.

Жойқын ашаршылықтар душар еткен Ұлттық Апат құрбандарын аза тұтатын арнайы күн белгілеудің де маңызы зор. Бұл ретте «Әділет» қоғамының қоғамдық өмірге кейінгі жылдары енгізіліп келе жатқан ұсынысын ескерсек - ондай күнге әр мамыр айының соңғы жұмасы арналғаны  оңды. Жыл сайын мамырдың соңында айналып  соғатын Азалы Жұма Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алатын 31 мамырдың алдына, не, тіпті, бір жұлдызға тұстас келуі мүмкін. Қалай болғанда да, біріне бірі сабақтас екі айдармен айшықталған осынау қаралы-салтанатты күндер барша іс-шаралардың имандық ажарын жарқырата ашып, бірін бірі толықтыра түсетін болады.

Бейбіт Қойшыбаев,

Қазақстан "Әділет" тарихи-ағарту қоғамы төрағасының бірінші орынбасары, жазушы,

тарих ғылымдарының кандидаты

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383