Жұма, 29 Наурыз 2024
Қырдағы әңгіме 6984 0 пікір 22 Мамыр, 2014 сағат 09:51

ӨКІЛ АҒА

Суретте: Баянжүрек тауы (Алматы облысы)

Қапал ауданының ол кезде «Ворошилов» атылатын колхозына қараған сауын сүт фермасы Баласаз күнгейінде. Фермада 150-дей сиыр, 15-17 сауыншы, 4-5 бақташы, 15-шақты бала-шаға бармыз. «Гуртуправты» қазақшылап «Көртопырақ» дейміз.  1950 жылдың (Барыс) қысы тауда айтарлықтай, өте суық, ауыр жыл болды. Шөп, жайылым бола тұрса да «туу» деген түкірік мұз болып, ұшқан құстың қанаты қатып жерге топ ете түскенін көрдік.

Өкіметке сүт өткізу тұрмақ мал басын аман-сақтап қалудың өзі қиямет болды. Мал діріл қағып ықтасын қуалап тұрып алады. Ауданнан өкілдер бірінен  соң бірі келіп жан таптырмады. Ұрысқанан басқа бітірері жоқ, жұрт әбден зәрезап болды. Амалсыз үйлеріне қондырып, тамақ береді. Кеткенін тілейді.

Ауа райына не істесін – амал жоқ. Міне бүгін бесінші  күн, бесінші өлген  сиырдың терісін сыпырды.

Қапалдан бізге тағы өкіл шығыпты деп зоотехник екі шана жымық (шемішкенің сығынды қалдығы) әкелдіріп бұзау қораға төктірді. Туған бұзау жоқ.  Шанашылардың жымықты ауыздарына салып жеп жүргенін ересек балалар көріп қалыпты. Олар кетісімен біздер де  бұзау қораға кіріп, есігін жауып алып, еркімізше жемейміз бе...

Ол жылдары кітәп-дәптер салған дорбашаны «боқша» деп атайтын. Ертеңгісін сол «боқшаны» жымыққа сықа толтырып алып,  мектепке апарып балалармен бөлісіп жеп жүрдік.  Сөйтіп өзі де бітуге таяу қалды. Айтқандай-ақ  түстен кейін басқарма қасына тағы бір өкілда ерте келіп жиналыс  ашып, қасындағыны  Қапал аудандық газетінің бас редакторы Саманов Жұмабай деп таныстырды да, соған  сөз берді. Жуас, әдемі, қараторы жігіт, үстінде өзіне жарасып тұрған қара пальто, қара малақай, аяғында сықырлаған хром етік. Ол уақытта ондай киім екінің бірінде бола бермейтін.

Бұрынғы өкілдерге ұқсап «қырамын, жоямын» демей, сөзін жай ғана байсалды бастады.  «Әдемі сөйлеудің өзі де әдептілік» дегендей, пермені күнде көріп-біліп жүрген адамдай көңілге жағымды, ұтымды сөйлегені сондай, әшейінде  жиналыста басын жерден алмай отыратын малшы-сауыншылар өкілдің сөзін қошеметтеп,  разы болып қалды.

Өкіл ағаның  өңі жылы, сөзі биязы, өзі балажан болған соң ба артынан қалмай жүрсем керек. Атымды сұрап  1-класта оқитынымды біліп басымнан сипағанға дардай болып қалдым. Біздікіне қонды. Ертеңгісін демалыс күні өкіл ағамен қатарласа тұрып, баздың төбесіне көтерілдік. Үсті жадағай жабылған, әр жері ойдым-ойдым тесік болатын. Бірнеше  күннен бері бақташылар ерте тұрып, сол тесіктен баздың ішіне сиырларға шөп түсіретін-ді. Бүгін келген өкіл тесікті көрмесін деп шөппен жауып тастапты.

Өкіл аға, маған қарап «Қанатай, не шайнап жеп жүрсің?», – дегені.

«Аға, бұл жымық қой, өзіңізде жеп көріңізші, тәтті», –  деп ышқыр қалтама қолды салып, бір кесегін ала бергенімше, өкіл аға жоқ болып кетті. Мәссаған, орнында үңірейген тесік қана қалыпты. Шамам жеткенше  еңкейіп тесіктен қарасам, ағамыз баз тазалап жүрген оншақты әйелдердің ортасында аман-сау тұр. Әйелдер  күлісіп, «Көктен түстіңіз бе?», –   десіп, өкілдің  үсті-басын шөптен тазартып, қағып жатыр. Дәл сол түні 3 сиыр туыпты да бұзауларын жалап тұр екен.  Күніне бір сиыр өлетін, бүгін барлығы дін-аман. Сауыншылар «жақсы кісі келсе құт» десіп қуаныштарын бөлісуде. Сөйтсек, сиырлар ертеңгісін ерте шөпті ерініп далаға шашпай, төбеден түсіргенде,  шөпке бәрі бірдей  ұмтылып,  әлсізі ірілерінің  астына бастырылып өледі екен. Өкіл аға оны біліп қойған соң шөпті олай беруді мүлде  тоқтатты.  Іле-шала күннің аязы біраз сыныңқырап, мал өріске шықты.  Сауыншылар да көңілденді. Сиырлар да күнделікті туа бастады.

Суретте: Бүйен өзені

... Өкіл аға  келгеннен бері күнделікті жұмысты баздың ішінен бастайтын болды. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» дегендей, бір қараңғы, бір жарықтан баздың ішінде өкіл аға жүрген соң   перме адамдары  түгел сол жерден табылатын болды. Ол кісінің  қолына күрек ұстап жүргенін көрген сиыршылардың барылығы жабылып жүріп,  базды демде тазалап тастайтын.

«Жақсылық қойшының таяғынан,  келіннің аяғынан» дегендей,  сиырлар да үсті-үстіне бұзаулай бастады. Жымық қора бұзауға  толды. Оның ішін біз  босатып қойғалы қашан... Өкіл ағаның елге сыйлы болып кеткені соншалық, бар жақсылықты сол кісіге теліп, күніне неше сауыншы таласа уызға шақыратын.

Ертеңгісін сүт өткізетін болды, екі дөңгелегін зілдей жуан қарағайдан кесіп шегендеген «тәнкі» арбаның ауыр жүкпен жүргенде шиқылдаған дауысы алысқа жетеді. Үйде отырып-ақ арбаның қай жерде кетіп бара жатқанын немесе келе жатқанын біліп отырасың. Сол арбаны жегіп, сүт апару кезегі Қапа апанікі еді. Ол кісі  ашаршылық жылдары Семейдің бір аудандарынан келген арғын қызы десетін үлкендер. Апаның көңілінде бір ауыр қайғы-мұң бар екені анық-тын. Ағасы екеуі осы ІІ –ауылды межелеп келе жатып (ашаршылықта ІІ-ауыл есінде) ағасынан жолда адасып қалған көрінеді.  

Кейде  жалғыз  отырғанда айтатын:

Ақ-тау айдай Семейді – ау,

Жатсам ұйқым келмейді-ау.

Аман болса ағайым,

Іздеп неге кемейді-ау, –  деген қайғылы өлеңін үлкендер тұрмақ,  біздер де  жатқа айтатынбыз. Сол іштегі шерін ешкім батып сұрамайды, өзі де былай болған еді деп ешкімге сырын ақтарған емес. Артынан іздеп келген адам да болмады.

Төрт-бес фляг сүтті тиеген арбаға отырған өкіл аға Қапа апамен бірге  маслопромды көріп келемін деп кеткен болатын. Маслопромда тазалық күні екен. Қапа апа сонда  сауыншының қасында қалып, қолындағы өгіз айдайтын жуан таяғын өкілге ұсынып: «Балам, арбаны пермеге айдап жүре бер, ертерек флягтарын жуып, бұзаулар да, балалар да обрат ішсін, мен жайырақ барармын», – дейді.

Суретте: Жоңғар Алатауы (Алматы облысы, Қапал ауылы маңы)

Күн қысқа. Екі өгіз жеккен арбамен өкіл аға аяңдап,  ауылға қарай тарта береді. Біраздан кейін өгіздер қамшылап отырған адам болмағаннан кейін, жолдан шығып жайла бастайды. Сол кезде арба дөңгелегі дәу қойтасқа тіреліп тоқтап қалғанда барып,  өкіл ағамыз өгіздерді жаңағы дәу таяқпен салып кеп жібергенде, қос өгіз қойсын ба, арбадан дертені жұлып алып,  сол қалпы пермеге тарта береді. Өкіл не істерін білмей, арбаны күзетіп, Қапа апаны тосып отыра береді. Қараңғылықта қоюлана бастаған. Қапа апа жұмысын бітіріп ауылға қарай «Ақ-оу, ойдай Семейді» аңыртып, алаңсыз келе жатады. Дауыс естілісімен өкіл де жолға көлденеңдей қарға малтығып шыға келып, «Апа-ау»  дегенше,  «Алла Құдай ау-ға» ғана шамасы жеткен апамыз  айғайға басып, бұрыла сап тұра қашқан. «Тәте-тәте, қорықпаңыз, мен Жұмашпын» дегенге де қарамайды. Ақыры «мен арба айдап кеткен өкілмін» ғой дегенде ғана есін жиып, апасы тоқтапты. Болған жайды сабырмен айтып түсіндіріп өзінің кінәлі екенін де айтып кешірім сұраған. Енді пермеге бет алғандары  сол еді, пермеге өкілсіз барған қос өгізді жетекке алғандар да жетеді дабырлап. Барлығы жабылып, арбаны  жолға итеріп шығарып, дертесін бекітіп, болған оқиғаны көңілдене айтып отырып, ауылға жеткені есімде. Ертесінде өкіл аға атқа мініп, Баянжүрек тауының біраз жерін, қызықтап,  көріп, аралап қайтсам деді. Атам да онысын  құптап, таудың ең көрікті, көркем өңір, естен кетпес жері осы бер жағы деп қызықтырып жіберген. Тауды аралап қайтарында бір қалтарыста, топ шіліктің ішінде бұзау емізіп тұрған сиырды көріп жақындағанда бұзау жата қалып, сиыр да жасырына қашып біраз жерге барып қалыпты. Әлді ат, қарулы жігіт  қойсын ба, бұзауға да туғанына 10 шақты күн болған, қамшылап – қамшылап жібергенде, өкіріп атып тұра сап, енесі екеуі қосылып жолмен жортақтай жөнеледі. Ауылға жақындағанда сауыншы Несіпбала тәтей «Күнім-ау, мынау менің қызыл сиырым ғой, 3-4 жыл болды артынан бұзау ермегелі. Ылғи тығылып туып, бұзауын ит-құс жеп кететін. Сіз біздің ауылға жақсылық әкелдіңіз, бұдан былай «Ақжол» өкіл болдыңыз», –  деп қуанған Несіпбала тәтей үйіне шақырып, өкілді қонақ қылды.  

Жұмаш  аға қайтатын мезгіл де жетті.  Мені жекелеп шығарып, «Қанатай, енді  малға арналған жымықты  жемеңдер, ол таза болмайды, ауырып қаласыңдар. Балаларға да  айт», – деді. Б

асым салбырап, ұялып төмен қарап, не айтарымды білмей қалдым. Ферма адамдары түгел жиылып қимастықпен ұзағанша қол бұлғап өкілге «Ақ жол» тілеп тұрды. «Аға енді жымық жемейміз» деп  біздер де уәде беріп, қоштастық.

Қ. Құдайбергенов, зейнеткер.

Алматы облысы

Ақсу ауданы

Арасан ауылы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610