МАМАНДАР "САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА" БАСТАМАЛАРЫН ҚОЛДАДЫ
2014 жылғы 22 мамырда, VII Астана экономикалық форумы мен ІІ Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференциясының аясында, «Самұрық-Қазына» АҚ «Корпоративтік басқару және қосымша құн» тақырыбында панельдік сессия өткізді.
Сессияға Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының, Халықаралық қаржы корпорациясының, Британдық директорлар институтының, Британдық корпоративтік хатшылар мен әкімшілер институтының өкілдері, алыс-жақын шетелдердің корпоративтік басқару жөніндегі мамандары, мемлекеттік және жеке компаниялардың тәуелсіз директорлары, Қазақстан қор биржасының мамандары және т.б. қатысты.
Қатысушылар Қазақстан мен әлемдегі корпоративтік басқарудың соңғы үлгілерімен танысып, қазақстандық компаниялардың инвестициялық тартымдылығы мен ұзақ мерзімді құнын арттыру үшін корпоративтік басқарудың озық стандарттары мен тәжірибесін енгізу тақырыбында пікір алмасты.
Сондай-ақ, қатысушылар корпоративтік басқарудың мемлекеттік, жеке секторлар мен халықаралық институттар үшін маңыздылығы туралы ойларымен бөлісіп, озық тәжірибеге негіз болатын құжат – Корпоративтік басқару кодексін, директорлар кеңесінің ролін талқылады. Шараға қатысушылар «Самұрық-Қазына» АҚ-ның елдегі корпоративтік басқару мен директорлар институтын жетілдіру үшін Қазақстан директорлар институтын құру туралы бастамасын қолдады.
Мемлекет басшысының Қазақстанда Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының қағидалары мен стандарттарын енгізу туралы міндеттемелерін орындау тұрғысында мұндай пікірталастардың маңызы одан сайын артып отыр.
«Самұрық-Қазына» АҚ мемлекеттік активтерді басқарудың әлемдік ірі холдингтерінің бірі ретінде корпоративтік басқару сапасына айрықша көңіл бөліп келеді, себебі бұл компаниялардың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы ең басты қаржылық емес факторлардың бірі болып табылады. Озық әлемдік тәжірибелерге сай келетін корпоративтік басқару инвесторлардың қызығушылығын туғызып қана қоймай, қарызға алынған капиталдың құнын төмендетуге мүмкіндік береді, компаниялардың ұзақмерзімді құнын арттырады және елдің инвестициялық тартымдылығына жол ашады.
Қор өзіне қарасты еншілес ұйымдарда корпоративтік басқару жайын жыл сайын зерделейді, соның арқасында бүгінгі таңда компанияларға озық тәжірибелерді енгізу оңды нәтижелер беріп отыр.
Кездесу нәтижесінде осындай пікір алмасуларды 2015 жылы өтетін VIII Астана экономикалық форумы аясында да өткізу туралы шешім қабылданды.
Абай-ақпарат