Сенбі, 23 Қараша 2024
Болған оқиға 6562 0 пікір 21 Мамыр, 2014 сағат 10:57

ҚАЖЫМҰҚАН ҒАБДОЛЛА. ЕЛБАСЫ БІЗДЕ ЕКЕУ МЕ?..

...Алматы қаласының Бұқар Жырау бульвары мен Иса Байзақов көшелерінің қиылысында орналасқан үйлердің тұрғындары екі апта бойы ұйқысынан айрылды...

Қос көше бұрышындағы үйлердің аулалары айрықша тазартылып, сыпырылып, уақытша гүлдер отырғызылып, балалар ойнайтын қосымша тренежерлар орнатылып, шарбақтар сырланды. «На бульваре», «Арка» дейтін дүкендердің қабырғалары мұнтаздай жуылып, тіпті, көкөніс дүңгіршектері бүтінделді.

Жарты айдың шамасында аталған қиылыстағы көлік кептелісі халқы құжынаған Пекинді көзге елестетті. Құқық қорғау орындарының өкілдері әр аула мен есіктің алдын күзетті. Керек десеңіз, дауысты саз тыңдап, қатты сөйлемеуге де кеңес берілді.

Қиылыстағы қазақ, орыс және математика мектептерінің түлектері де әдеттегіден «әдемі» көрініп, «тәртіпті» күйге енді. Білім ошақтарының аулаларына қосымша гүлдер отырғызылып, математика мектебінің аулалары түгел сырланды. Мектептің қарсы алдында бір-біріне теріс қараған екі газель көліктері 24 сағат бойы күзет құрды. Жақын аулалардың шатырларында мергендердің қоныстанғаны да байқалды. Сөйтіп, екі жеті ішінде Алматының бір бұрышы Лондонның бай-манаптарының тап-таза, мүлдем мамыражай әрі қауіпсіз әйдік ауданына ұқсап қалды.

Ел даурығып кетті, оқушылар булығып кетті...

Ұзынқұлақ: «Бұрыштағы бір мектепке Елбасы келеді екен» деді...

Дүйім жұрт күткен дүйсенбіде аталған қиылыстан аттап өту азапқа түсті. Көлік түгілі, адамның жолы кесіліп, аяғы тұсалды. Соған күйінген бір кейуана: «Бұл не деген елін «сүйгіш» Ер еді?!.» – деді.

 Намысқа жанып түскен қазақ мектебінің бір өркені: «Бізде ұлт та біреу, ұлық та біреу. Өз ерін өз елі қорғауы керек!» – деп, әлгі әжейдің уәжін «орып» жіберді...

...Бір сәт жер сілкінгендей, дауыл келгендей, топан алғандай апырылыс-сапырылыс басталды. Күтіп тұрмыз...

Сөйтсек, қадірменді қонағымыз – Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ емес, республикалық физика-математика мектебінің түлегі, қазіргі үкімет басшысы Кәрім Мәсімов екен, өзінің білім алған ошағына келген...

...Есімізге 1997 жылы сол кездегі Премьер-Министр Әкежан Қажыгелдиннің  айқай-шусыз, аласүргінсіз, тып-тыныш, қатардағы қарапайым адам ретінде оқу орынына барып, мектеп ұжымымен жүздесіп, шәкірттермен әңгімелескені түсті...

Бәрінен бұрын әжейдің «әңгімесіне» қарсы дау айтқан  қазақ мектебі өркенінің түкке түсінбей, мең-зең күйде: «Елбасы бізде екеу ме?!.» – деп қойған сауалына жауап таппай, тілімізді тістедік...

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377