«ҚАНАТТЫ ӘЙЕЛ» ҚАЗЫБЕК БИДІ ҚАЛАЙ БАСҚАРАДЫ?
Кейінгі жылдары кеншілер астанасы кәп-кәдімгідей қазақшаланып келе жатыр еді. «ЕДІ» дейтін себебіміз – алдағы жылдары аталмыш аудан тағы сол – баяғы «таз қалпына» қайта түсетін сияқты. «НЕГЕ?» деуге себеп бар, бірақ біз «тырнақ астынан кір іздеп» отырған жоқпыз.
Әлқисса: облыс орталығындағы аудан атауларының өзгергеніне біраз жылдар болды. Дәл осындай атауы өзгерген аудандардың бірі – бұрынғы СОВЕТ ауданы. Бұл аудан қазір ҚАЗЫБЕК БИ ауданы деп аталатын болса, осы ауданның әкімі болып жақында ғана Татьяна ШАТОХИНА (суретте) деген ханым тағайындалды. Облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ өкімімен.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматы қаласында республикалық «ҚАНАТТЫ ӘЙЕЛДЕР» деген жәрмеңке өткен болатын. Әр саланың үздіктері ғана қатысқан осынау жәрмеңкеге Татьяна Шатохина ханым да қатысып, жап-жақсы марапатталып қайтты. Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің химия факультетін, сонымен бірге Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқарудың Ұлттық жоғары мектебін ойдағыдай бітірген ТАТЬЯНА ханым жақында аудан әкімі ретінде алғаш рет халық алдында есеп бермекші. Осы қаңтар айының соңына қарай. Мейлі ғой, халық сайламаса да, халық алдында әкімдердің қалай есеп беретіні көпшілікке жақсы мәлім. Жә, біздің айтпағымыз бұл да емес, біздің айтпағымыз мынау: мемлекеттік тілде, ОЛ АЗ БОЛСА, атақты ҚАЗ ДАУЫСТЫ ҚАЗЫБЕК БИ атындағы ауданды басқарып отырып, сол бидің тілінде ТАТЬЯНА ханым қалай есеп бермекші – аудан тұрғындарына? Өйткені бұ кісі мемлекеттік тілді ойдағыдай меңгермеген ғой? Тіпті мемлекеттік басқарудың Ұлттық мектебін сол мемлекеттің мемлекеттік тілін білмей, қалай ойдағыдай бітіруге болады, а – бізге бұл да қызық?! Бізге бұл да жұмбақ. Ал енді ТАТЬЯНА ханымның аудан әкімі ретінде халық алдында қалай есеп беретінін, Құдай бұйырса, сол кезде көретін боламыз. Жазатын да боламыз әлбетте. Жақсы есеп берсе, «жақсы есеп берді...» деп. Әй қайдам!
Марат МАДАЛИМОВ.
Abai.kz