Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 5472 0 пікір 15 Қаңтар, 2015 сағат 13:07

ДАҒДАРЫС КЕЗІНДЕ ДАНДАЙСЫҒАНЫ ҚАЛАЙ?

Қазақ миллиардері 50 миллион еуроға чех футбол клубын сатып алмақшы екен

Кезінде Атырау мұнай өңдеу зауытын (АМӨЗ) басқарған, бүгінде мұнай магнаты һәм миллиардер атанып жүрген Талғат Байтазиев Праганың «Славия» футбол клубын «Synot TIP Arеna» атты стадионымен қоса сатып алғалы жатыр деседі. Мұндай ақпарат алдымен Чехияның «Fotbal.cz» сайтында жарияланған екен, артынша Т.Байтазиевтің өкілі Майкл Голешчак аталған елдің «HN» газетіне берген сұхбатында мәліметті растапты. Яғни, осыдан екі ай бұрын «Batumi Industrial Holdings Ltd.» компаниясы бас директорлығынан да, жалпы «Қазақмұнайгаз» жүйесінен де кетіп, жеке бизнеспен шұғылдана бастаған Т.Байтазиев «Славия» клубы үшін 50 миллион еуро жұмсауға дайын көрінеді.

АМӨЗ басшылығынан кеткеннен кейін Талғат Байтазиевтің аса ірі экономикалық қылмыстарға қатысы бар екендігі туралы айтылып-жазылғаны мәлім. Атап айтқанда, заңсыз мұнай сатуға фактілері анықталып, оған біздің кейіпкеріміздің тікелей жауаптылығы біраз әңгіме болған. Жеке бизнеске кеткеннен кейін де оның аты-жөні БАҚ назарынан тыс қалған емес. Мәселен, осыдан сәл ғана бұрын украин сайттарының бірінде сирек кездесетін ең мықты көліктерді коллекция жасаушылардың рейтингі жарияланды. Гаражын бағасы сұрапыл ғажап мәшинелерге толтырған эксклюзивті автопарк иесі Михаил Байтазиев бұл тізімде алдыңғы қатарда тұр. Ал Михаил баланың әкесі – Талғат Байтазиев...

Әрине, жеке бизнесі өрге домалап тұрған миллиардердің қалтасына үңілгеніміз қате болар. Өз ақшасын қайда жұмсаймын десе де, еркі емес пе. Алайда, неге «Славия»? Неге чех клубы? Бизнес тұрғысынан қарағанда Еуропада аса танымал емес бұл команда Байтазиевке қаншалықты пайда әкеледі? Қайбір жылы «Болат Өтемұратов Италияның атақты «Интер» клубын сатып алудан үміткерлердің қатарында екен» деген ақпарат тарағаны есімізде. Мұны Италияның «Коррьере делла сера» секілді беделді газетінің де жариялағанына қарағанда, «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамаса» керек. Бірақ кейін аталған клубты индонезиялық бизнесмен Тохир сатып алды. Бұл жерде біздің айтпағымыз – Б.Өтемұратовтың әрекетін тым болмаса түсінуге болар еді: қалай дегенмен, «Интер» – күллі әлемге танымал бренд. «Сан Сиро» стадионындағы әр ойынға сатылатын билет пен келушілерге көрсетілер қызметтен, «Интер» футболшыларының спорттық жейделері мен басқа да аксессуарларды сатудан-ақ клуб бюджеті қомақты түсім көреді. Жарнамасы жер жаратын әйгілі команданы иелене отырып, одан әжептәуір пайда табуға болады. Ал Чехияның өзінен басқа жерде аса танымал емес, футболдың жілік майын шаққан аса білгір жанкүйерлер болмаса, көп ешкім біле бермейтін «Славияны» сатып алғаннан Байтазиев не таппақ? Түсініксіз.

Өткен жылы «Самұрық-қазына» әл-ауқат қоры «Галатасарай» (Түркия) футбол клубымен шартқа отырып, оған 40 (кей деректер бойынша 50) миллион еуро аударады» деген ақпарат шыққан-ды. Қарызға белшесінен батқан түрік командасы осы қаражат арқылы әл жинап, ауқаттанбақ ниетте болса керек. Ал бізге не пайда сонда? «Галатасарай» футболшыларының жейдесіне бұдан былай «Астана» деп жазылады-мыс. Яғни, құрамына «Астана» футбол клубы, «Астана» баскетбол клубы, «Астана» велоклубы және «Барыс» хоккей клубы кіретін «Астана» президенттік спорт клубының логотипі. Бұл – жарнама. «Галатасарай» футболшылары әр ойынға сондай логотипі бар жейде киіп шығатын болады. Әлгі ақшаны «Самұрық-қазына» осы жарнама үшін төлемек көрінеді. Дегенмен, бұл ақпарат түрік БАҚ-тары арқылы тарағанымен, әл-ауқат қоры оны растаған жоқ.

Әлгі миллиардерімізге қайта оралайық. Оның өзінің туған жерінде «Атырау» футбол клубы бар. Жергілікті бюджеттің көмегімен ғана күнін көріп отыр. «Салық төлеушілердің қалтасына салмақ салмай, футбол клубтары жекеменшікке өту керек, қалталы азаматтарымыз спортқа инвестиция салғаны жөн» деген әңгімелердің шыққанына біраз болды. Бүкіл әлемде солай. Тек бұрынғы Кеңес Одағы елдерінде ғана спорт клубтары онсыз да солыңқы мемлекеттің бюджетіне телміріп отыр. Егер Талғат Байтазиев отансүйгіш азамат, өз елінің патриоты болса, оның әлгі 50 миллион еуросына «Атырау» командасы бірнеше жыл шалқып өмір сүрер ме еді. Инфрақұрылымын жақсартып, тәуір ойыншылармен күшейіп, жылдағыша топ соңында салпақтамай, медаль үшін таласуға мүмкіндік алар ма еді. Әйтеуір жергілікті бюджеттің қаншама қаржысы үнемделіп, зәру мәселелерге, мұқтаж салаларға жұмсалар еді.

Мейлі, Байтазиев патриот болмай-ақ қойсын. Оның үстіне, «Атырауға» салынуы мүмкін инвестициядан оған келер пайда там-тұм екен делік. Бірақ абырой-беделі осы «Атыраудың» ар жақ-бер жағы ғана болатын «Славияны» алғаннан да аса көп артықшылық көрініп тұрған жоқ қой. Жалпы, қазіргідей дағдарыс дәуірінде, қаражат қадірін білетін жұртшылық та, қарапайым халық та, тіпті мемлекеттің өзі де ертең қиналып қалмау үшін мүмкіндігінше үнемге көшіп отырған заманда айдаладағы чех клубына ақша салу – дандайсудың қай түрі? Мұны не деп атайды өзі?

Сәкен СЫБАНБАЙ.

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406