Сенбі, 23 Қараша 2024
Ұят-ай! 9160 0 пікір 5 Қаңтар, 2015 сағат 13:27

ОСЫЛАЙ ӨТТІ «ЖАҢА ЖЫЛ»...

 20-31 желтоқсан аралығындағы Астана қаласындағы 15 мейрамханада болған корпоратив кештердің нәтижесін арнайы барып сұрап шықтым. Қорытындысы мынадай: 15 мейрамхананың  10-ында төбелес болған, «Кишлак» мейрамханасында екі құрбы қыз төбелесіп, бір-бірін стаканмен ұрып, ақырында бастарын жарып тынған; «Sәtti» мейрамханасында екі жігіт төбелесіп сыртқа шығып атысқан; «Алты Алаша» мейрамханасында пышақтасқан. Міне, «корпоративті» тойлаймыз деп есі шығып  жүргендердің сиқы осындай.

Қыстың көзі қырауда Сарыарқаның сақылдаған сары аязы мен қақаған қарлы боранында түбіміз түрік болғанына қарамастан, түркітектес мемлекеттерден алабөтен, мүлдем басқа сарында әуендетуге құштар қазақтың еңбектеген сәбиінен еңкейген қариясына дейін тойлайтын осы бір Жаңа жыл мерекесі басқа елдерден ерекше, Қазақ елінде қараша айының басынан басталады...

 Астана мен Алматы қалаларында басқа да облыс орталықтарының көшелерінде әрбір қадам басқан сайын жалт-жұлт еткен көк шыршаның қасында  Аяз ата мен Ақшақардың мүсіндері «Жаңа жылдарыңызбен», «С новым годом» деп тұрады. Кейбір мекемелерде ол жазулар қаңтар айының соңына дейін алынбайды.

Сол баяғы әдетімен биыл да 30-31 желтоқсан күндері Астана қаласының көшелерінде көлік кептелісі мен соғысып қалып жатқан көліктер көбеймесе азайғаны байқалмайды. Астанадағы барлық базарларда ине шаншар орын жоқ, баға күндегі бағадан анағұрлым қымбат болғанына ешкім мән беріп те, қадағалап та жатқан жоқ. Базардан бес адам шықса, төртеуінің қолында торт пен шампанский, тап сол күні торт жемесе, шампанский ішпесе болмайтын сияқты. Кез-келген сауда орталықтарында адам ығы-жығы. Бәрінің арманы—Жаңа жылды туған-туыстарымен немесе өзіне жақын достарымен бірге өткізіп, көңіл көтеру.

Біздің елде Жаңа жыл арақ-шарапсыз қарсы алынбайтыны ешкімге құпия-сыр емес. 15-шы желтоқсаннан барлық базарлардың алдында тамырына балта шабылып оталған   шыршалар сатылымға шыға бастайды, осылай табиғат анаға айтарлықтай зиян келтіреді. Кеше ғана «Астаналық» базардың алдында қараусыз қалған, үйіліп жатқан шыршаларды көріп аяп кеттім. Сол шыршалардың өсуіне қаншама жыл уақыт керек. Мұнымен қоймай, арақ ішіп көлікке отыру, әртүрлі жол апаттарының орын алуы, адам тонау, ұрыс-керістің аяғы талай отбасының шаңырағының шайқалуына әкеліп соғады. Түрлі тамақтар мен ащы суға кеткен шығын өз алдына бөлек әңгіме.

 

Дүкеннен қарызға алған азық-түлік те шаш-етектен. Осылай бір күнге бола даңғаза даңғыртпен есі кетіп елеріп, аузына келгенін лепіріп, өлген ата-бабасы тіріліп келгендей қуанып, от шашып, көк қатындай долданып жүрген әлемде қазақтан басқа бірде-бір халық жоқ шығар, сірә. 

 

  Қазақстандағы барлық телеарналар Жаңа жылға байланысты жылда қыруар қаржы жұмсап, әртүрлі бағдарламаларды көрсетуге екі ай бұрын дайындалады. «Орыс ойына келгенін істейді, қазақ көргенін істейді» демекші, биыл да сол әдетімен «Түнгі студия» бағдарламасына Қоянбаев бір ауыз қазақша білмейтін не болса соған күле беретін Әсел Сағатованы шақырып мәз болды.   

     «Әзіл әлемі» деген бағдарламамен Тұрсынбек Қабатов ортаға шығып әлгі бес жігітті жарыстырды. Олардың айтатындары «сол баяғы әлеуметтік мәселелер мен белден төмен болмайтын қысыр әңгімелер» соған парықсыз көрермендер күледі. Мен секілділер жылағысы келеді. Бұлар салиқалы сауатты әзіл айта алмайды, өйткені еш ізденбейді, тың тақырыптарға бара алмайды, жеңіл-желпі әжуаға әуес.

    Ертесінен Шымкенттен келген «Алдараспан» баяғы сарынға салды, «Нысанадағы» жігіттер әйелдердің киімін киіп арсыз әңгімелер айтып, жұртты күлдіргісі келді. Оларынан бірақ түк шықпады. Сол жігіттердің үйлерінде бала-шағалары соны көреді ғой. Сонда әлгі балақандар «әкемнің жүрісі мынау» демей ме екен?..  

 «Шаншардағы» Уәлидікі тіпті ұят болды, екі қызбен Жүсіпті ит секілді үрдірді, біреуінің шашынан тартып жұлқылады, Жүсіп келіп газетпен басынан  ұрды, Уәлидің ағасы келіп әлгі келіншекке екі мейрамхана мен бір дүкенімді беремін деп еді, әлгі келіншек «шутка» деп ыржалаңдады. Сонда бүкіл қазақ байлықтың ұшын көрсетсе, ар-намысты жыйыстырып, сатылып кетеді дегісі келді ма? Бұл қойылымның бағыт-бағдары нені меңзейді, мақсаты не? Түсіне алмадым.

 

   «Атың шықпаса, жер өрте» дегендей, осы телеарнадан не әнші, не жыршы, не биші деуге келмейтін әйтеуір бір экраннан көрініп, танымал болғысы келетін біреулер қолдарына бокалды алып, «Жаңа жыл құтты болсын», «С новым годом, друзья» деп әнге ұқсамайтын бірдеңе айтып жатқанын естігенде, әскерде басынан соққы алған ба деп қаласың. «Хабар» телеарнасынан орыстанған Баян Есентаева «Новый год отмечают весь мир» деп қояды. Қайдағы бүкіл әлем...

   Төрткүл дүниеде қытай мен үндінің, араб пен жапонның, парсы мен кәрістің өз Жаңа жылы бар екендігін көкірек көзі ашық адамның бәрі біледі. Христиан дініндегі бүкіл Еуропа католик, Оңтүстік пен Солтүстік Америка протестант тармағына жататын кейбір солтүстік Африка елдері бәрін қоссаң, бір миллардтан асатын христиандар жаңа жылды Иисус Христостың туған күнін «Рождество» деп 25 желтоқсанда дүрілдетіп тойлайды.

    Тек Ресейде ғана 1720 жылы Петр Алексеевич (I-Петр) 25 желтоқсанды 31-желтоқсанға ауыстырып, жарлыққа қол қойғанын Баян Есентаева қайдан білсін. Содан бері бұл тек Ресейде тойланып келеді. 300-жылға таяу бодан болған қазақ ұлтына әсері қатты болғандығы соншалықты, орыс не айтса, соны қағып алып қайталай беретін тоты құсқа ұқсап қалдық.

   

Содан биыл да жылдағыдай 31-желтоқсан күні түнгі сағат 12-де біздің үйдің ауласы 1945 жылдың 9 мамырындағы Берлин қаласын көз алдыма елестеткендей болды. Несіне жетісіп от шашып жатқандары белгісіз. Соғыс аяқталғандай қуанып от шашылды, аулаға орыстар мен орыстілділер бота-тайлағымен түгел шықты, барлық көліктер қоңырауларын шалып жатты. Көлігім қайта-қайта шырылдай берген соң, отырып алып түнгі Астана қаласының көшелерін аралап көргім келді. Жеңіс даңғылына шыға беріп едім, Ауди-100 көлігі бағдаршамды жұлып бір үйдің қабырғасына соғылып тұр екен. МАЙ-қызметкерлері әлі келіп үлгермепті.

    «Когресс-холдың» алдында концерт болып жатыр. «Қазақстан» спорт кешенінің алдында мұз айдынын көріп тоқтадым. Бірде-бір өзге ұлт өкілдері  көзіме көрінбеді, бәрі дерлік өзіміздің қаракөздер. Шаңғы тепкен жас балалардың санында есеп жоқ, жүре алмайтын кішкентай сәбилерімен бірге шуласып, сырғанақ теуіп жатқан қыз-келіншектер. Көлігінің алдына арақтарын ашып қойып кеселерін соғыстырып, «С новым годом, брат, ты меня уважаешь, я тебя уважаю»деп орыстың тілінде сандырақтап, ұйқысұрап тентек суды сіміріп жатқан көкелерді көзім шалып қалды. Көшедегі қазақтың Жаңа жылды күтіп алу сиқы осындай.

   Осының орнына 21-Наурызды осылай дүркіретсе ғой, шіркін! 21-Наурыз күні күн мен түн теңесіп, Жер-дүние жаңа түскен келіншектей құлпырып, табиғат ана қыстан құтылып, көкорай шалғын көк майса шөптің иісі аңқып, жан-жануар қайта түлеп, ірі қара мал шөпке тойып, құстар қайта оралып, туған-туыс бірін-бірі наурыз көжеге шақырып, мәре-сәре болып төс қағыстырып жататын нағыз қазақтың мерекесіне біздің билік неге немқұрайлы қарайды? Осыны түсіне алмадым.

 

Жұмамұрат  Шәмші

Астана қаласы

Abai.kz   

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340