Жұма, 22 Қараша 2024
Дат 10399 0 пікір 1 Қаңтар, 2015 сағат 15:34

ЖАҢА ЖЫЛ: ҚҰДАЙДЫҢ ТУҒАН КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

...19 желтоқсанда христиандардың, оның ішінде, католиктердің астанасы саналатын Ватиканда «рождествоға» арналған шырша қойылды. Ал жетпіс пайызы мұсылман дінін ұстанатын Қазақ еліндегі қалаларда Жаңа жылдық шыршалар 1 желтоқсаннан бастап қойыла бастады. Астанадағы шыршалар саны Рим қаласындағы шыршалардан да көп көрінеді. Иусус Христостың туған күнін атап өтуде де біздер алда келеміз....

Кеңес өкіметі санамызға тек қана тоталитарлық жүйені, коммунистік иделогияны сіңдіріп қойған жоқ, сонымен қатар, Ресей империясының метрополиялық (отаршылдық) саясатын жалғастырушы болды. Бұл – сан түрлі айла-тәсілдер арқылы жүзеге асты, солардың бірі – қазақтың ұлттық, діни құндылықтарын, салт-дәстүрлерін орыстық (христиандық) құндылықтармен алмастыру болып табылады. Айт пен наурызға тыйым салыну, адамдардың аты-жөніне «-ов», «-оваларды» қосу, т.б.  осы саясаттың нақты «жемісі». Ең қорқыныштысы, егемен ел болғанымызға ширек ғасыр болса да, кейбіреулеріміздің әлі де ұлттық дәстүрімізге қайтып оралғымыз келмейтін сияқты. Біреулер «онда тұрған не бар» деп қашқақтаса, енді біреулеріміз «үйреніп кеттік қой...» деп күмілжиді.

Осындай қолдан жасалған, біздің салтымызға жатпайтын, бірақ 80 жылдың ішінде қанымызға сіңіп, ата салты сияқтанып кеткен дәстүрлердің бірі – жаңа жыл. Әрине, жаңа жылды тойлау не мойындамау  – әр адамның өзіндік таңдауы, дегенмен жылына екі рет «жыл келді!» деп бір бірімізді құттықтаудың оғаш көрінетіні де анық. Айта кету керек, жыл сайын «ескі жаңа жылдың»  қадірі кетіп бара жатқан сияқты. Алайда, «Кеңестік жаңа жылды» тойлаушылардың да бірнеше уәждері бар: оның біріншісі – «барлық елдер жаңа жылды қарсы алып, тойлап жатқанда, біздер неге олардан бөлінуіміз керек» деген дәлел. 

Шынында да, бала кезімізде бәріміз де солай ойлайтынбыз. Аяз ата, міндетті түрде, Мәскеуден келетін (Бұл дәстүр әлі күнге дейін сақталған. Осыдан екі-үш жыл бұрын Лермонтов театрінде болған жаңа жылдық шыршада да Аяз ата мен Ақшақар сөздерін: «Біз жаңа ғана Мәскеуден ұшып келдік» деп бастады). Есейгенде Аяз атаның Лапландияда тұратынын, басқа елдерде оны «Санта Клаус» леп атайтынын білдік. Ал саяси-қоғамдық өмірімде басқа елдерге іс сапарға шыға бастағанымда Жаңа жылды ...Кеңес одағынан басқа ешқандай елдердің қарсы алмайтынын, тойламайтын көріп, таң қалдым. Европа елдері, солардың діндерін қабылдаған басқа да ұлттар мен ұлыстар Иса пайғамбардың дүниеге келгенін ғана үлкен мейрам есебінде атап өтеді де, күнтізбелік жаңа жылға пәлендей көңіл бөлмейді екен. Сөзім дәлелді болу үшін мынадай бір оқиғаны да айта кеткім келеді. Бірде жолым түсіп, желтоқсанның  28 – жұлдызында бұрын Алматыда тұрған, кейін Францияның азаматтығын алған қазақтың үйінде қонақ болдым.  Төрде тұрған тамаша шыршаны көріп, «осындай шырша бұл жерде қанша тұрады» деп сұрадым. Досым: «Сенен несін жасырайын, оны сатып алған жоқпын, француздар «крисмосты» (Христостың туған күнін) 25 желтоқсанда тойлайды да, 26 күні шыршаларын есіктің алдына шығарып тастайды. Мен соның біреуін таңдап алып үйге алып келемін» деп күле жауап берді. Сәтін салып, сол жылы 31 желтоқсанда Парижде болдым. 25 желтоқсандағы тойдан кейін аптығы басылған қаланың ішінде мерекелік тыныс-тіршілік көзіме түспеді. Қарапайым күндердің бірі ғана. Тек қана Эйфель мұнарасының маңында туристерді қызықтыру үшін кішігірім іс-шара болып жатыр екен.

Дәл осындай жағдайды Германиядан да, Италиядан да көрдім. Желтоқсанның басынан бастап, көшелерде жеңіл шарап сатылып, азаматтар бір біріне сыйлықтар алып, той-думанның неше түрі болады да, олардың барлығы 25 желтоқсаннан соң, сап басылады. Көбісі сол уақытта демалысқа кетеді. Айта кету керек, сол сыйлықтарды бір біріне ұсынғанда тек қана құдайдың туған күнімен құттықтайды. Жаңа жыл құтты болсын деген сөз атымен жоқ! Қысқасы, христиандардың құдайдың туған күнін құттықтау мейрамын біздерге «Жаңа жыл» мерекесі деп түсіндіріп келген сияқты.

Жаңа жылдың көктеммен, табиғаттың оянуымен келетінін барлық халық баяғыда-ақ мойындаған. 1 қаңтарды – күнтізбелік жаңа жыл ретінде бекіткен Рим империясында да бірінші ай – жыл басы – наурыз болатын. Егер сенбейтін болсаңыздар, солардан келген ай аттарына көңіл бөлсеңіздер, жетіп жатыр. (Егер «декабрь» - оныншы ай («декада» деген сөзді түсінетін болармыз) деген сөз болса, январь – он бірінші ай да, февраль – он екінші ай болады). Тарихшылардың айтуынша Рим императоры Юлий Цезарь Рим Сенатының жұмыс бастайтын күні – бірінші қаңтарды  күнтізбелік жыл басы ретінде бекіткенге ұқсайды. Қазан төңкерісінен кейін коммунистік билік Жаңа жыл мерекесін «буржуазиялық дәстүр» деп тауып, тойлауға тыйым салғаны да белгілі. Тек 1937 жылы Сталиннің билігі тұсында жаңа жылды тойлау мемлекеттік деңгейдегі мейрамға айналды. Ол да түсінікті; миллиондаған адамдарды халық жауы ретінде атып, түрмеге қамап жатқанда, халықтың көңілін аулап, жыл сайын той-думандату -  саяси қажеттілік болатын.

Қысқасы, қазір біздің елде екі Жаңа жыл бар. Қайсысы шын, ал қайсысы өтірік Жаңа жыл екендігін өздерің айрып алыңыздар. Әрине, тойдың көп болғаны дұрыс... Балалар да екі мәртебе сыйлық алып, жетісіп қалады. Біздер де ...150-160 жас жасаймыз.

Дос КӨШІМ.

Абай.kz 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3224
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279