Сенбі, 28 Наурыз 2020
Қоғам 4414 0 пікір 28 Желтоқсан, 2014 сағат 23:11

Ресей: «ӘЛЕМДІК ТӘРТІПТІҢ АУЫСУЫ ӘСКЕРИ ҰСТАНЫМДЫ ӨЗГЕРТТІ»

Қазақ жұрты есепті жылды екшеп, ескі – құсқысын қағып сілкіп жатқанда орыс елі «Ресей федерациясының жаңа әскери доктринасын» қабылдады. Ресей Президенті Владимир Путин жаңа редакцияда жазылған елдің бас әскери құжатын көпке созбай-ақ бекітті. 
Жалпы, көрші елдің ішкі шаруасы ғой деп қоя салатын-ақ ақпарат бұл. Бірақ, қаңтардың бірінші жұлдызынан бастап ең жақын экономикалық одақтасымыз болып табылатын Ресейге қатысты қандай да бір хабарға бей-жай қарауға болмайды. Бұл тек елдік мүддені қорғау тұрғысынан алғандағы ұлттық қауіпсіздік мәселесі ғана емес, даму үрдісі талабынан қарағандағы бәсекеге қабілеттілік талабы болып отыр. Мұның сыртында отандық ақпарат кеңістігіндегі орыс еліне деген тәуелділіктің туы желбіреп тұрғанда тіптен ойландыратын-ақ жайт…

Жә, сонымен жаңа редакцияда жазылған Ресейдің бас әскери құжатында не қамтылған? Бастан-аяқ оқыған сарапшылардың пікірінше, Ресей әлем санасатын әскери держава болып табылады. Жалпы дүниелік тәртіптің өзгеруі Ресейдің де әскери ұстанымдарын қайта қарауға мәжбүр еткен. Бұл доктринада ішкі және сыртқы қатерлерден қорғау мен алдын-алу жолдары қаралады. Тіпті, әскери құжаттың қабылдануын тездетуге «әскери қауіп-қатерлердің Ресей Федерациясының ішкі сферасы мен ақпарат кеңістігіне ойысу тенденциясы байқалғаны» қамшы болған. Бұл орыс мемлекетінің ішкі қауіптен сақтану жолдарын айшықтап беретін бағыт болмақшы. Мысалға, ішкі қауіп ретінде сыртқы күштер тарапынан «патриоттық, рухани, тарихи дәстүрлерді бұзу мақсатында халыққа, әсіресе жастарға ақпараттық тұрғыда әсер етуге тырысу» тенденциясы байқалғаны айтылған және одан қорғану жолдары қарастырылған.

Ал, сырттан төнетін негізгі қауіп-қатерге НАТО-ның құрылымдық қуатының артуы, осы одаққа халықаралық құқықты бұза отырып, ерекше жаһандық функциялардың берілуі, солтүстік әскери альянс инфрақұрылымының Ресей шекарасына жақындауы, көрші елдер аумағында шетелдік әскери контингенттер мен зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің орналасуы жатқызылған. Сондай-ақ әлемдік державаларда Ресейдің және оның одақтастарының ішкі ісіне араласу мен территорияларын тартып алу ниеті пайда болып отырғаны да мемлекеттің әскери ұстанымдарына сақ болу керектігін туығызған.

Айтпақшы, бұған дейін биік мінберлерден айтылып жүрген Владимир Путиннің ескертпе сөзі ресми заң тұрғысынан бекіді. Енді Ресей жаңа әскери доктринасы бойынша «ел аумағынан тыс аймақтарда тұрып жатқан азаматтарды (сырт мемлекеттерде өмір сүріп отырған орыстарды деп қабылдауға болады – Абай.kz ) қорғау үшін әскери қарулы күшін қолдана алады...»

Абай.kz

0 пікір