Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 7646 0 пікір 24 Желтоқсан, 2014 сағат 10:00

СОФЫЯН (Софы Сматаев).«ҚАЗАҚ СӨНСЕ, КҮН СӨНЕР!»

 

Тау, далаңа жүрсін, Алаш, әмірің.

 

1.

Жанымды қинап,

Қанымды өртеп,

Толғантып жетсе азабым,

Санамда сергіп,

Сезімді тербеп,

Кеудеме енер таза мұң.

Арылам сол сәт

Жүректі жыртқан

Күйік пен күйкі тірліктен

Аялап сипап,

Әлдилеп құшар

Ғажабым – анам, қазағым!

 

Жеңбейді Күнді

Төбемнен төніп

Тұқыртар құлдық түнегі.

Сөнбейді елдің

Азаттық аңсар

Асқақ та асыл тілегі.

Өнбейді қастың,

Өңешті үзіп

Өкпені тілер өктемі,

Қасқайып шығар

Көшімді бастап,

Қазақтың қайсар түлегі.

2.

«Қазақ сөнсе, Күн сөнер!»

Дегеніме кім сенер.

Мазақтаумен ұлтымды

Кім көрінген күлсе егер:

 

«Жатырқамай жат үнін

Базарға айдап қатынын,

Кірмелерге кіріптар

Үйде ғана батылың.

 

Одан-бұдан қуылып,

Іштегі өрттің буы ұлып,

Күрсінеді оңаша

Көз жасымен жуынып.

Дәм тамбаса таңдайға,

Әуелетер ән қайда.

Төрелердің тоқпағы

Сарт-сұрт тиген маңдайға.

 

Жұдырық боп бүрілмей,

Шала жансар,

Тірілмей,

Төрге көзін сүзеді,

Тізелері дірілдей.

 

Құрсау күндер мүжіген,

Қан ақса да ізінен,

Көнбістіктен басқаны

Көре алмайсың жүзінен.

 

Таяғы жоқ жемеген,

Мәңгүрт еді не деген.

Басты имейтін ешкімге

Қайда, қазақ, өнегең?

 

Жатқа берген кезегін,

Өксік өртеп өзегін.

Өзгеге өтіп байлығы

Өгейси ме өз Елін?

 

Іздемейді Құдайын,

Кенін,

Газын,

Мұнайын.

Сатса біреу мыңқ етпес,

Жерін,

Көрін,

Күн, Айын!

 

Суық қаны жылынбай,

Тікен кірген жұлындай,

Қыбырлайды әзірше,

Сүрінсе де жығылмай.

 

Ағаң, қазақ, кім бүгін,

Көзін ашар мұңдының?

Өлетінін білмей ме,

Жерден үзсе кіндігін?»

 

Жоғы жақсы ағалар бар

(Түкіргем).

Іші-жылан, сырты-абыз

Түгі де жоқ бітірген.

«Осыларды қайтіп қана құртамыз?»

 

Деймін кейде қапаланып тірлікке.

Күйігі көп, түйіні жоқ дүние –

Ноқаттай да бола алмайтын құр нүкте.

Көз алдымда ағып бара жатады

Адам ба оған,

Тәңір ме әлде,

Кім ие?

 

Тәңір қайда ағаларды көрмейтін

Жағалықтан баз кешкен.

Кішірейтіп құдіретті – Ел дейтін

Ел-ерсілеу есекмасы сазды ескен.

 

3.

Жоғы жақсы ағалардың барынан.

Күйкілерден жерінем.

Тәкаппарлық,

Кісәпірлік дарыған

Сонау шыққан төрінен.

 

Қазағы оған –

Алдап ойнар мазағы,

Қасиетін түсінбес.

Өз төбесін көкке тіреу – азабы,

Көкірек жоқ ісінбес.

 

Қайтемін мен көрмәдікті,

(Жек көрем).

Іші – түтін, сырты – сау.

Көтке басып, аз-азырақ ептер ем,

Шырылдатып матап,

Байлап қояр ем,

Табылса егер ұры аяққа бір тұсау.

 

Аға деуге ауызымды аяймын,

Аярынан безініп.

Жымысқы үні жанға шер мен

Жаяр мұң,

Қысастығы қыр астынан сезіліп.

Әу, ағалар! Бағаларын ұрлатқан

Тірлігіңе түкірдім!

Ел мен жерге кесірлігің мың батпан

Сонымен... не бітірдің?

 

4.

Неге керек босқа еңіреу,

Меңіреуді түрмесе.

Табылмаса досқа біреу,

Жылағанға «күл!» десе.

 

(Ит тірлігін ақтай алмас,

Шабаланып үрмесе).

 

Сәуле еткізер жүрегінің

Отын үрлеп өшіріп,

Таптап ұлттың мың өлігін

Еліреді-ау есіріп.

 

(Өз қазағы өзін атса,

Бұл тірліктің несі үміт?)

 

Ауыстырдың әнді зарға,

Арғымақты – шобырға.

Сақтап жүрміз жанды зорға,

Жем етуге обырға.

 

(Қол сүйеміз жылап жатып,

Айналған соң тобырға).

 

Болдық па шын құл мен күңі,

Кердең төр мен төренің.

Шықпай ма іштен бір соңғы үні,

Іштік пе атаукерені?

 

(Кең даласы – көр боп құшып,

Өшер ме Алаш өрені?).

 

Тонап жатқан ой-миыңды

Заманға жоқ амалың.

Қия алмайсың қай күйіңді

Құнсызданса бағалың?

 

(Естілмейді жер астынан

Оқпен өшкен зар-әнің!)

Ақымақ кім, ақылдым кім,

Кімге қолды жаярмын?

Күліп тұрып, аһ ұрдым мың

Әуенімен аярдың.

 

(Жан сырымды айта алмаған

Жанды ауыртып жаяр мұң).

 

Қалжыраған қазағының

Табыла алмай қасынан.

Келеке етіп азалы үнін,

Жан жарасын қасыған.

 

(Кеткені ме қайта оралмай

Желтоқсандық жас ұлан?..).

 

5.

Інілер бар ірілерін ұсақтар

Үрейленіп бүтіннен.

Жанын жалдап жалғандықпен пышақтар

Сыртын сырлап шіренеді шелтиіп

Ібілістік бітіммен.

 

Ызбарланған інілерден қорқамын

Сырты – жалын, іші – мұз.

Оларда жоқ Еліменен ортақ үн

Құлындай боп құлдық ұрсақ,

Мәз олар,

Үлкеніміз, кішіміз.

 

Кекірейіп төбемізден төнеді,

Құдайымсып, Тәңірсіп.

Ешкімге де жоқ емесін керегі.

Сезбес мүлде сасып кеткен көкірек,

Білмейді іші көңірсік.

 

Талтаяды тау тұлғамсып бәкене

Бітік көзге май бітіп.

«Танытам – деп – танымасаң, әкеңе!»

Екі езуден қан мен жынын төгеді,

Алғандай-ақ Айды ұтып.

 

Көкке қарап, қол шошайтып, күпініп,

Зор боп жерді тепкілеп.

Ішкен сайын қанға тоймас, жұтынып,

Толған сайын шарабына көз жастың

Алған сайын көп тілеп.

 

Жан шырыны – ән-күйіндей естілер

Өз еліне ол – өгей ұл!

Көңіліңді, өміріңді кескілер,

Өксігіңді көмейіңнен суырып

Көмейлейтін көмейі-ін!

 

Адамдығын надандығы құлатқан

Белі шықпай-ақ бесіктен.

Анасының ана тілін жылатқан

Тас маңдайдан таспен ұрып талтүсте,

Сығалатқан есіктен.

 

Тонап алған, талап алған өз ұлтын

Хайуандай ғып айдайды.

Елемейді жұрт ыңғайын, сөз ырқын,

Оята алар керең,

Соқыр

Бітеуді,

Қай қасірет, қай қайғы?

 

Құлап өлген,

Оққа ұшқан шерменде

Түрткілемес сезігін.

Қалтылдаған қара алашты көргенде,

Құдіретін құлшынып кеп сезінер –

Өзі – Тәңір, өзі – Күн!

 

О бәкелтек, ергежейлі, құлғана!

Іші-сасық, сырты – лаң.

Мөлдірімді, тұнығымды былғама.

Көр етермін анау лас төріңді,

Аулақ, Алаш жұртынан!

 

Қайдан табам сендер азып біткен соң

Жақсылыққа мықтыны.

Өз қазағын озбырлықпен үккен соң

Шырылдатса,

Шырайлана түсетін

О, түкті аға! Күпті іні!

 

 

Тойынан да, күлкіден де, мақтаннан

Жалықпайтын шіркіндер.

Бір мықтысын мадақтаумен жақ талған.

Өзгелерді қырып кете жаздаса,

Ал... анаған бүлкілдер.

 

6.

Жасық сүйек, буыны бос

Қорлап, зорлап ұлтымды

Төгіп жатыр уын өңеш

Әулие ғып қыртымды.

 

(Тірі де емес, өлі де емес

Кім жарылқар жұртымды?).

 

Мұңдасарлық көңіл қайда

Төмен түсер биіктен?

Жалғар ма әлде өлімге айдап

Сұмын

Басты үйіткен?

 

(Өңменіңнен теуіп ойнар

Өліп кетсең күйіктен).

 

Мұң мен шерге көмілер ме,

Хас Алаштың ертеңі?

Жас боп ару төгілер ме,

Құл боп қаусап еркегі?

 

(Төрдің елді алдап, арбар

Қашан құрыр ертегі?).

 

Қошеметке жерік кеуде

Аулап мадақ, мақтанды,

Күнді түн ғып желіккенде,

Атқызбайды ақ таңды.

 

(Оқ қадайды от жүрекке,

Қылмыс көрмей атқанды).

 

Ұлы мақсат, ұсақ тілек –

Бар-жоғыңның безбені.

Арамдығы тұсап, іреп,

Айуан етер кезбені.

 

 

(Төрден өрген бүйілер көп,

Түйсігімнің сезгені).

 

Шықсам деумен биік төрге,

Құрсам деумен билікті,

Үйіп-төгіп күйікті елге

Кіл арамдар килікті.

 

(Арын, жанын саудалаған

Ібілістерде күй мықты).

 

Сиынарын, сүйенерін

Іздеп «пәлі, пәлілеп!»

Жағады ерге күйелерін

Итеріп сап әрірек.

 

(Ең жауыз жан – сатқын пенде

Айтар болсам дәлірек).

 

Дәмдіден де дәмдіні іздер

Шер мен зарды ән етіп.

Келімсекке

Жанды біздер

Бердік, нені дәметіп?

 

(Кеудемізден теуіп жатыр

Нәлді, зілді нән етік).

7.

Ескермейді естілердің ақылын

Бақа кеуде, паң дене.

Бір босатпас қысастықтан тақымын

Дәндеп алған дәмдісінен айрылмас

Атқылаған қанды еме.

 

Есіл өмір ескерусіз өтуде,

Асыл көңіл сенімсіз.

Көкіректен сәуле қашып кетуде.

Сұсты қолда шақылдайды автомат

Түк бітпестей өлімсіз.

 

Өңшең мықтым өл-өтірік күледі,

Бояп бетін шындықтың.

Қара тастай қанға жерік жүрегі.

Құшып тұрып, қысып жанды ытқытар

Әуенімен сұмдықтың.

Кеудені шер, көкіректі қапты.

Сыймас жерге тығылдық.

Оқ боратып жылаулы елді дерт тапты.

Елді ойрандар қылмыскерлер тайраңдап,

Төр, төреден түңілдік.

 

Ақ табаннан қызыл қанды ағызып,

«Елім-айлап!» зарладық.

Мөлт-мөлт еткен жасын тамызып,

Жаңаөзенге жанын қосты аһ ұрып,

Әлемдегі бар халық.

 

Жазықты қып жазықсызды соттады

Бұйрығынан бұлжымай.

Бұлт бүркенді әділеттің ақ таңы.

Бар алашты өкініші өксітті

Еңіреп зар, мұң жылай.

 

Салыстырмай есер мекен естіні,

Күнім кеш боп ұзарды.

Тазарта алмай сасық, пасық ескіні,

Шұлғауына шұбатылсақ мықтының

Табармыз ба біз арды?

 

«Мен – жалғыз!» деп,

Өзгелерді надан ғып,

Сенсек, желік жеңгенге,

Жақсылықты бүктеп алған жамандық

Аузыңды ашсаң, көмейіңе құм құйып,

Семсер сілтер өңменге.

 

8.

«Қыдыр қонып, бақ дарыса!»

Дейтін жалқау қазақпыз.

Тисе де ішке жарыса,

Селт етпейді мазақ жүз.

 

(«Аттан!» түгіл «ойбайға!» да

Дауыс қосар аз-ақпыз).

 

Қалғыттырмас ар-ұятты

Болмаған соң намысың.

Елемейтін шариятты

Көк бөрі емес,

Тағысың!

(Сатар елді, сатар ерді

Қорқау, марғау жаны үшін).

 

Серттес пен серіктестің

Ант бұзбастай бірі жоқ.

Арасынан еріктестің

Елді ертерлік ірі жоқ.

 

(Дәл солардан шығар әлі

Ататындар тіріге оқ).

 

Сырласарлық серік қалмай

Мұңдас көңіл жоғалып.

Тұсау түскен ерікті алдай,

Отыр қазақ омалып.

 

(Даласындай – моласындай

Естен-түстен тоналып).

 

Ізгілік пен зұлымдықтың

Айқасы өтіп кеудеде,

Әлсіздерді кілең мықтың

Дайын тұрар жеуге де.

 

(Қалмай ма деп қорқам мүлде

Сау тілекті сау дене).

 

Арқалаумен ауыр ойды

Ел еңсесі езіліп,

Таптатқызды абыройды

Кісіліктен безініп.

 

(Кісінеткен қысастықтың

Тістен шығар сөзі іріп).

 

Қиянатшыл дүниенің

Қанды үркітсе қастығы,

Төрде отырған мың иенің

Қазақ қана – қашқыны!

 

(Қара көзден қан тамса да,

Қарсы атылмай қашты үні).

 

Күңгірт ойдың бейуағына

Жол таба алмай қамалып,

Айналды өмір бейбағына,

Жан берді де жан алып.

 

(«Жұмағына» сүйреп әлек

«Хабардағы» жаңалық).

 

Алса өксікті, жылау менен

Уәдешіл басшыдан.

Не болар ед мынау Әлем

Бұрқ атылса тас шыдам?

 

(Қазағы үшін кесіп берер

Табылар ма басты жан?)

9.

Күншілдігі күш сынатқан заманның

Азу тісі сақылдап.

Билік үшін небір түрін амалдың

Жұлқыласқан төрелерге қолдантар

Бірін-бірі тақымдап.

 

Шыға келер аш бөрідей өшігіп,

Жік-жік болып бөлініп.

«Мен – ендігің!»

Деп қол жинап, төс ұрып,

Ойламастан опасыздық өртінен

Кететінін ел іріп.

 

Жұрт меңгермек оңай емес ұққанға.

Тақтың үсті – киелі!

Мәртебелі биік төрге шыққанға

Қаны, жаны – ұлтпен бірге,

Сырқырар

«Халқым!» деумен сүйегі.

 

Жоққа сенбей, шынды іздеген азамат

Көрінсе анау биіктен,

«Қазақ!» дейтін – әлемдегі ғажап ат

Бақастықтың тұтқынында қор болып,

Күнде өлмес ед күйіктен.

 

Иланбайтын сынық көңіл пендемін

«Халқым!» дерді таппаймын...

...Тектім шықса – кеңітердей ел демін,

Сол мықтыма жүрегімді ашар ем,

Көкіректен атпай мұң.

«Ел!» деп өрлеп, сермеп жетсе текті інім

Бар мен жоқты теңгеріп.

Тау қопарар мүмкін сонда екпінім,

Азат үнім қазағыма естілер

Үкіметім өң беріп.

 

Әй, сенім аз, сергектігім жоғалды,

Қазақ қазақты атқанда.

Кім түзейді мынау кекшіл қоғамды,

Бүлігім қылғындырған уақыттың

Былығына батқанда.

 

Рушыл да, арғыншыл да емеспін,

Әз халқыммен тегім бір.

Болған емес ұлтты ірітер көмескім.

Қоштасар ем, жұртым маған сенбесе

Көкжиекпен көгілдір.

 

Алаңым көп алдан күткен үреймен

Аларым аз үшін қып.

Оқ кезенген өңшең ойсыз дүлейден

Адам түгіл шеңберінен ауытқып,

Кете ме деп Күн ытқып.

 

Иығыңнан қайғы басып тұрғызбай,

Тосса ажалың құрығын.

Ақиланып, қоқиланып құр қызбай

Таба алсақ қой алды-артыңды екшейтін

Ылайлы ойдың тұнығын.

 

10.

Ғұмыр шіркін ғұмыр емес,

Бет қоймасаң тереңге.

Оралмайды шымыр егес

Мылқау менен кереңге.

 

(Көз жасына көміледі,

Құйып ішсе зеренге).

 

Елден мынау қызық қашқан

Ел бағар ер шығар ма?

Ұлт ұйтқысын бұзып, шашқан

Зорды торға тығар ма?

 

(Сіңіп, құрып кете ме әлде

Болашағы мұнарға?).

 

        Масқарапаз « маңғыстаулық”

Жек көрсе өз адайын,

Жүрер жолын қарғыс тау ғып,

Өштік жайлар маңайын.

 

( Адалдықты – арам тұтсаң,

 Адаса бер, ағайын.)

 

Іздері көп көңілімнің

Табары аз бірақ та.

Желкелеумен жебірім тым,

Жеткізбес-ау мұратқа.

(Нені бақтым? Нені таптым?

Қамалдым сан сұраққа).

 

Қайғы орнады тұл кеудеге

Жалғандықпен ұшындық.

«Аттан!» қайда

Үндеуге де

Жетпей сесті түсірдік.

 

(Килігу жоқ, құр кіжіну,

От басында ісіндік).

 

Көңілге шәк келтірерлік

Шүбәлі ойдан арылмай,

Таппай халді ел тілерлік

Қалай жүрміз жарылмай?

 

(Меңіреу боп өтеміз бе,

Мәңгүрттіктен арылмай?)

11.

 

Алашымның іші өлгендей, сырты сау,

Тырбаңдатқан күйбеңі.

Қазағыма сақалды – өне,

Мұрты – жау.

Қадай салар қолын жайып келсе алға,

Қорғасыннан түймені.

 

Көкірегің өлгеннен соң не пайда

Тірлігінен тәніңнің.

Тығылғанын көрген сайын бақайға

Ұғысу мен жұғысуды таба алмай

Жан сауғалап жаныңның.

 

«Пайдам!» демей, арды ойлайтын кімім бар

Шешер қиын түйінді?

Әлде өеңшті өксігіммен тығындар

Қаптап, таптап жендеттерім жетер ме,

Көтертпестен иінді?

 

Кім жылытар тас кеудеңе от құйып,

Жалыны өшкен денеңді.

Ашылар ма жол бөгеген көп тұйық.

Кім босатар қылмойынды қылғынтқан

Үзіп тастап көгенді?

Амалың жоқ, тонап жатыр сұм заман

Теспей, сормай нәріңді.

Тағдырдан да, Тәңірден де, мырзадан

Қалды көңіл,

Жүрек әбден суыды

Жеткізе алмай зарыңды.

 

12.

 

Оқ қадалды төсімізге,

Тыңдамады тілекті.

Ойранын сап есімізге,

Мұң талады жүректі.

 

(Жаңаөзен қырғынынан

Бүкіл әлем дір етті).

 

Керемет қып кердеңдерді,

Жарамайтын керекке.

Таба бердік төрден көрді,

Қан көмейлер қорекке.

 

(Мына заман тым қатыгез

Ойлы, милы, зерекке).

 

Зар атқызып көп өңештен,

Үн шықпады тілімнен.

Көк бөріден кем емес пең,

Шықсайшы, Алаш, ініңнен.

 

(Табармысың ертеңіңді

Қорқақ, үркек бүгіннен?

 

Сұмдық кездің кездігіне

Тос кеудеңді тағы да.

Еңсеңді езген ездігіңе,

Ес жиғызбай бағына.

 

(Шықсын шырқап өктем зорлық

Сонау биік тағына).

 

Кең далаңда тағыдай боп,

Айтшы қайда беттедің?

Атылатын «А, Құдайлап!»

Сөніп қап пед от демің?

(Көне берсең, өле берсең,

Білінбейді өткенің).

 

13.

 

Мен бүгінгі адамдардан шошимын

Бірін-бірі аңдыған.

Қосқызбайтын түтінін де қос үйдің

Тірегіндей тілеуінен айрылып,

Ойы қажып қаңғыған.

 

Кімнің досын, кімнің қасын біле алмай,

Жалтақтаумен күн кешкен.

Кемсеңдеген ерні ыржиып күле алмай,

Әркімге бір бұлғаңдатқан құйрығын

Күшік құрлы үрместен.

 

Шошысам да мен соларға қосылам,

Ажыраман көбімнен.

Кеудемдегі зар боп шықса тосын ән:

«Зарыңды әнге алмастыр – деп – қазағым!»

Тілек етем көгімнен.

 

Тілеп өтем тағдырдан да, аспаннан

Жер мен төрдің бірлігін.

«Жылап туып, күліп өл!» деп басталған

Уай, Алашым! Мынау пәни жалғанда

Жарылқайтын тірлігің.

 

Жарылқасын, жерің, төрің, Тәңірің!

Сілкініп тұр! Қамықпа!

Тау, Далаңа жүрер сенің әмірің

Кеудеңді кер!

Жайнат көзді!

Шық аттап

Түн түнектен жарыққа!

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3534